Шындықтың шырағы, ғасыр ақыны еді...

Шындықтың шырағы,  ғасыр ақыны еді...

Мұхтар аға – ғасырдың ең талантты перзенттерінің бірі, қазақтың біз өмір сүрген дәуіріндегі ең даңқты ақыны һәм қайраткері еді ғой… Оның еңбегі аңызға айналып, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берері хақ.

Өмірдің келте екенін адам біреу кеткенде ғана ұғынады екен-ау… Кеше ғана арамызда жүрген, Алатаудай алып жүрек иесі Мұхтар Шахановтың дүниеден озғаны күллі қазақтың қабырғасын қайыстырып кетті. Қара бұлттай қайғы қаптап, көңілдің төрін мұң басқандай күй кештік…

«Келіп жатыр, кетіп жатыр дарындар,

Қара бұлттай қайғы жапты бөлмені…» – деп өзі жырлағандай, оның кеткеніне сене алмай, расында да қазақтың аспанын қара бұлт торлағандай күй кешкеніміз анық…

Иә, Алаш жұрты «Ғайша жеңгей сүйген жарын аттандырды майданға» деп жырлап, қанына қара өлең, сүйегіне сөз сіңген аяулы ұлын өзі де келмес сапарға аттандырды…

«Қорлан берген алтын жүзік жарқырап,

Елу бір жыл сәуле шашты қолымда» деп өзі айтпақшы, қайран ақынның өзі де қаншама жыл бойы қазақтың алақанында жарқырап, елінің қалаулысы болып нұр шашып тұрды. Енді, міне, мәңгіліктің аспанына жұлдыз болып көтерілді…

Шығыстың шыншыл шынарына айналған ақын – алып десе алып, ұлы десе ұлы еді-ау… Ол өз биігін, өнерін, өлеңін халықтың жүрегінде мәңгі қалдырды. Аңызға айналып, атағы алысқа кеткен дара тұлға болды. Оның жырлары қараңғыда адасқанға жарық болса, әндері мұңайған жүрекке жылу берді…

Қазақ поэзиясының қара нары соңғы демін Алматыда алғанымен, оның аманаты ақыры туған жерінің топырағына барып шөкті. Бірақ оның рухы өлген жоқ… Оның шын екінші ғұмыры енді басталды. Өйткені Мұхтар Шаханов дегенде әр қазақтың көз алдына айдаһардың азуына ат байлаған, лапылдаған от сынды ақын елестейтіні анық. Өйткені ол – Желтоқсанның куәгері ғана емес, оның ақиқатын әлемге жария еткен жампоз еді. Ешкім айта алмаған сөзді айтты, айтқысы келгендерді қорғады, тарихи әділдікке жол ашты. Мәскеудің төрінде шырқырап тұрып шындықты жеткізген алып жүрек иесі енді, міне, өз шындығында, өз биігінде, аласармай өз аспанында қалды…

Сол секілді Мұхтар аға Аралдың қасіретін де жүрегімен сезініп, оған араша түскен санаулы ерлердің бірі еді… Ол кезде Арал теңізінің қасіреті енді ғана ашық айтыла бастаған шақ. Көп адам үнсіз қалған тұста, Мұхтар аға тайсалмай сөйлеп, теңіздің тартылуы тек табиғаттың емес, адамзаттың қателігі екенін ашық айтты. Ол Арал мәселесін тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл адамзаттың қасіреті деп көтерді. Халықаралық мінберлерде сөз сөйлеп, әлемнің назарын осы қасіретке аударуға күш салды. Аралды құтқару жолында өткен жиындарда, қозғалыстарда алдыңғы қатарда жүрді. Экологияны, табиғатты қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы аманат екенін үнемі айтып отырды. Оның жанайқайы, шын жүректен шыққан сөздері талай адамның санасын оятып, Арал мәселесіне бейжай қарамауға себеп болды. Көпшілік үнсіз қалған кезде, ол теңіздің тартылуын бүкіл адамзатқа ортақ қасірет деп ашық айтып, биік мінберлерден үн қатты. Оның жанайқайы елдің жүрегіне жетті, әлемді өзіне қаратты. Мұхтар аға үшін Арал – жай ғана теңіз емес еді, ол – халықтың тағдыры, ұлттың қасіреті, болашақтың аманаты болатын.

Мен Мұхтар Шахановпен алғаш рет сексенінші жылдардың ортасында Ахмет Жұбанов атындағы арнаулы қазақ орта музыкалық мектеп-интернатында  жақын таныстым. Ол кезде мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары едім. Мектепте Наурыз тойын жасағанбыз. Тойға ақын ағамызды арнайы шақырдық. Мұхтар аға Моңғолияның түңғыш ғарышкері Гуракшаны алып келді. Біздің мектептің домбыра класында оның ұлы Рауан  оқитын. Сол сәттен бастап біз алаштың айбоз ұлымен жақын таныстық…

Сондай-ақ ағаның Арал туралы жанайқайын өзім басшы болып, мектеп ұжымы да қолдап, Республика сарайында «Аралға араша» атты өнерлі балалардың концертін өткіздік. Мұхаң келіп қатысып, сөз сөйледі. Концерттен түскен қаржыны «Арал» қорына аудардық. Мектепте бір ай бойы «Аралға араша» атты акция жүргіздік, бәрі есімде. Осылай ақын аға мектеппен араласып тұрды.   Ол біздің мектепке тек баласын ғана әкелген жоқ – ол қазақы рухты, қазақы лепті, қазақ тілін бірге алып келді. Сондай жұмысбасты болса да мектепке, оқушыларға деген ықыласы ерекше болды, уақыт тапты, немқұрайлы қарамады. 

Соның ықпалымен бір ауыз қазақша білмейтін мектеп директорының қызметтен кетуі де сол кезеңнің шындығы еді… Менің де рухымды көтерген – сол кісінің жалыны, қазаққа деген шексіз жанашырлығы болатын… 

Қазақтың белгілі журналисі Ринат  Кертаев әріптес баламның төмендегі пікіріне толық қосыламын:

«Мұхтар Шаханов ешқашан ыңғайлы адам болған жоқ, ол билікке де, қоғамға да жағымпазданған жоқ. Ол әрдайым қазақ тілі үшін, ұлттық мәдениет үшін, тарихи әділеттілік үшін күресті. Оның басты қағидасы – шындықтан биік шың жоқ.

Енді жас ұрпаққа Шаханов неге керек деген сауал туады? 

Керек, өйткені адамзат әлі де күрделі кезеңде тұр. Ақпарат көп, бірақ шындық аз. 

Дауыс көп, бірақ ар-ождан аз. Ал Шаханов сол жоғалып бара жатқан қасиеттің символындай көрінеді.

«Ауыстырмайтын адам жоқ» деген тәмсіл бар, бірақ өмірдің шындығы басқа. Кейбір адамдар кеткенде, олардың орны бос қалмайды. Ол орын тарихқа айналады. Мұхтар Шаханов дәл сондай тұлға.

Бір нәрсе айқын: Шаханов өткеннің адамы емес, ол – біздің бүгінгі ар-ожданымыз. Егер біз оны ұмытсақ, біз өзімізді ұмытқанымыз. Қош бол, қазақтың Мұхтары, азаттықтың жырауы. Сіздің сөзіңіз әлі талай ұрпақты оятады.»... Осындай Алатау жүрек тұлғамен бір заманда өмір сүрген біз де бақыттымыз. Алла алдынан жарылқасын!

Иә, ақынның артына қалдырған бай рухани қазынасымен том-том кітаптарымен, жырларымен, өр сөздерімен ел жұрты әлі де қауыша береді. Мұхаңның жарқын бейнесі мен тағылымды ғұмыры туралы алдағы уақытта да талай естеліктер жазылары сөзсіз. Оның рухани мұрасы негізінде том-том еңбектер мен дастандар дүниеге келері анық. Ақынның асқақ тұлғасы ұрпақ жадында мәңгі сақталып, жаңа шығармаларға арқау бола береді. 

Міне, осындай елі үшін еңіреген, ақиқатшыл, шыншыл ақынымызды Алаш жұртының жүрегі – Алматы шаһарынан туған жеріне жер қойнауына тапсырдық…

«Ұлт дарабозының арты қайырлы болсын!» деп Түркі әлеміне көңіл айтамын…

Тұран жұртына, Алаш анасына, қазақ даласына – барша адамзат баласына қайғырып көңіл айта отырып, ағамыздың жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын деп жүрекжарды тілегімді жеткіземін…

Қош бол, аяулы аға… Артыңда қалған сөзің мен сәулең халқыңның жүрегінде мәңгі жаңғырып тұра берері хақ. 

Жаның жәннатта шалқып, рухың көк аспанда еркін самғасын. Елің барда сенің есімің ешқашан өшпейді…

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,

ҚР Еңбек сіңірген

 қайраткері

 

22.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24557
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24220
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41672
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37563
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41942