Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов: Су ресурстарын тиімді басқару мәселелері күн тәртібінен түспейді

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов: Су ресурстарын тиімді басқару  мәселелері күн тәртібінен түспейді

Әлем үшін, оның ішінде өзіміздің Қазақстан үшін су ресурстары тек табиғи байлық қана емес, ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың стратегиялық негізі екені барған сайын айқындала түсуде. Климаттың өзгеруі, трансшекаралық өзендерге тәуелділік және су тапшылығы қаупі бұл саланың маңызын бұрынғыдан да арттырып отыр. Осындай күрделі кезеңде су саясатының жаңа бағытын айқындау, ирригация жүйесін жаңғырту және су ресурстарын тиімді басқару мәселелері күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырыптардың бірі болып қала бермек.

Бұл маңызды мәселені Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газеті де үнемі көтеріп келеді. Басылым су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытында жүйелі түрде мақалалар жариялап, қоғам назарын осы өзекті мәселеге аударып келеді.

Жуырда газетіміздің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы су мәселесінің әлі де алаңдатарлық күйде екенін атап өтіп, Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітовтің қабылдауында болды. Кездесу барысында су саласындағы қордаланған мәселелер, олардың себеп-салдары және шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, осы жүздесу аясында газет тілшісі Елқуат Елтөре министрмен арнайы сұхбат жүргізіп, саладағы өзекті сұрақтарға жауап алды.

Әңгіме барысында тек проблемалар ғана емес, оларды шешудің нақты тетіктері де сөз болды. Су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдері, халықаралық ынтымақтастықты күшейту, ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану және халық арасында су мәдениетін қалыптастыру секілді маңызды бағыттар қамтылды. Жалпы алғанда, сұхбат елдегі су саясатының болашағына қатысты маңызды мәселелерді қамтып, оқырманға толыққанды әрі жүйелі ақпарат ұсынады.

 

Бұл саланы дамытудағы қос маңызды құжат

 

– Құрметті Нұржан Молдиярұлы Қазақстанда су тапшылығы мәселесі алдағы 10-20 жылда қаншалықты күрделене түседі?

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 5 ақпандағы №66 қаулысымен бекітілген Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, елімізде су тапшылығы тәуекелі орта және ұзақ мерзімді перспективада сақталып қана қоймай, күшеюі мүмкін.

Бұл, ең алдымен, климаттың өзгеруі, трансшекаралық су көздеріне тәуелділік, халық саны мен экономиканың өсуі жағдайында су ресурстарына түсетін жүктеменің артуымен байланысты. Iргелес елдер аумағынан келетін су ағыны 50,8 км³-ден 46,4 км³-ге дейін қысқарады деп күтілуде. Соның салдарынан өзен ағынының жалпы ресурстары 106 км³-ден 104 км³-ге дейін төмендейді. Бұл ретте жергілікті қалыптасатын су ресурстарының белгілі бір өсімі болжанғанымен, ол сырттан келетін ағын көлемінің азаюын толық өтей алмайды. Осыған байланысты су тапшылығы мәселесі ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі маңызды фактор ретінде қарастырылып, оны жүйелі түрде шешу бойынша кешенді шаралар қабылдануда.

– Ендеше, елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай нақты жоспарлар бар? 

– Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бүгінде жүйелі әрі кешенді жоспарлар қабылданып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, Министрлік тарапынан су саласын дамытудың стратегиялық негізін айқындайтын екі маңызды құжат бекітілді. Олар: Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 5 ақпандағы №66 қаулысы) және 2024-2028 жылдарға арналған Су саласын дамытудың кешенді жоспары (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 28 тамыздағы №694 қаулысы).

Бірінші құжат – Тұжырымдама су ресурстарын басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған стратегиялық көзқарасты қалыптастырады. Онда су ресурстарын тиімді пайдалану, сақтау және молайту, сондай-ақ климаттың өзгеруінің теріс әсерлерін азайту бойынша негізгі басымдықтар айқындалған. Бұл құжат ұзақ мерзімді перспективада су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің институционалдық әрі басқарушылық негізін қалайды.

Ал екінші құжат – Кешенді жоспар су ресурстарының болжамды тапшылығы жағдайында су саласындағы өзекті мәселелерді жедел шешуге бағытталған. Ол су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту арқылы су ресурстарын тиімді басқаруды қамтамасыз етуді көздейді.

Жоспар аясында су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылған. 

Атап айтқанда, жоспарға сәйкес:

- республика аумағында 42 жаңа су қоймасын салу көзделген, бұл су ресурстарын жинақтау мүмкіндігін арттырып, тапшылық тәуекелдерін төмендетеді;

- 37 гидротехникалық құрылысты реконструкциялау жоспарланған, бұл қолданыстағы нысандардың қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді;

- жалпы ұзындығы шамамен 14 мың шақырым ирригациялық каналдарды салу және қайта жаңғырту қарастырылған, бұл ауылшаруашылығын сумен қамтамасыз ету деңгейін айтарлықтай жақсартады;

- су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жоспарланып отыр: жыл сайын кемінде 150 мың гектар суармалы алқапта заманауи әдістер қолданылатын болады.

Осы шараларды іске асырғанда 2,6 млрд м³ еріген және тасқын суларын қосымша жинақтауға, 2,2 млрд м³-ге дейін су үнемдеуге, елдің су ресурстары бойынша көршілес мемлекеттерге тәуелділігін 15 пайызға азайтуға және ирригациялық каналдардағы су шығындарын 50 %-дан 25 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік туады.

Жалпы алғанда, қабылданған бастамалар су ресурстарын тиімді басқаруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, су шығындарын қысқартуға және климаттық өзгерістерге бейімделуге бағытталған. Нәтижесінде, бұл жұмыстар елдің су қауіпсіздігін нығайтып, су тапшылығының алдын алуға берік негіз қалайды.

 

Ауылшаруашылығында заманауи технологияларды пайдаланамыз

 

– Ал ауылшаруашылығында суды үнемдеу технологиялары қаншалықты енгізіліп жатыр? 

– Қазіргі жағдайда су ресурстарын ұтымды пайдалану және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мәселелері экономиканың барлық салалары үшін ерекше маңызға ие. Су пайдалану тиімділігін арттыру тек басымдық қана емес, сонымен қатар тұрақты дамудың қажетті шартына айналуда.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі қызметінің стратегиялық бағыттары Мемлекет басшысының 2023 жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында айқындалды. Аталған құжат тиімділікке, тұрақтылыққа және технологиялық дамуға бағытталған су ресурстарын басқарудың жаңа моделіне көшуге негіз қалады.

Саланың ұзақ мерзімді дамуы су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында көрініс тапқан.

Мемлекеттік саясатты іске асыру Министрліктің жүйелі құжаттары – су саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары, 2026 жылға дейінгі су үнемдеу жөніндегі жол картасы арқылы қамтамасыз етіледі.

Саланың негізгі құжаты – су ресурстарын тиімді пайдалануды арттыруға бағытталған шараларды көздейтін жаңа Су кодексі. Қазіргі кезеңде басты назар көзделген шараларды сапалы және уақытылы іске асыруға аударылған.

Суармалы егіншілікте заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлінуде (Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы алқаптарды жыл сайын 150,0 мың гектарға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыруда).

Қазіргі уақытта ауылшаруашылығы судың ең ірі тұтынушысы болып қала береді – жалпы су тұтынудың шамамен 65% осы салаға тиесілі.

Су үнемдеу технологияларын кешенді енгізу мақсатында Министрлікке Ауыл шаруашылығы министрлігінен ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге суармалы су қызметтерінің құнын субсидиялау, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеу функциялары берілді. 2024 жылдан бастап ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандырудың негізі қаланды.

Атап айтқанда, инфрақұрылымды жүргізу кезінде ұңғымаларды бұрғылауға, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға жұмсалған фермерлердің шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды.

Сонымен қатар, тариф құнына байланысты субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді (Су үнемдеу технологияларын қолданған жағдайда субсидия мөлшері 60%-дан 85%-ға дейін ұлғаяды, қолданылмаған жағдайда жыл сайын 10%-ға төмендейді – 2024 жылғы 50%-75%-дан 2026 жылға қарай 30%–55%-ға дейін). Қабылданған шаралар нақты нәтижелер беруде.

Егер бұрын жыл сайын қамту көлемі 30-35 мың гектарды құраса, 2024-2025 жылдары бұл көрсеткіш жылына шамамен 150 мың гектарға жетті (2024 жылы – 153 мың гектар, 2025 жылы – 154 мың гектар).

2025 жылдың қорытындысы бойынша су үнемдеу технологиялары қолданылған алқаптар 543,5 мың гектарды құрап, нәтижесінде 874 млн м³ суару суын үнемдеуге мүмкіндік берді.

Жалпы, 2030 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр, бұл 2,2 млрд м³ суару суын немесе шамамен 30% үнемдеуге мүмкіндік береді.

Аграрлық секторды мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру және су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында Министрлік суармалы суды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде:

1. Лазерлік тегістегішті жоғарыда аталған Қағидалар шеңберінде субсидиялауға жататын тізбеге енгізу.

Лазерлік тегістегішті қолдана отырып, күріш дақылдарын суару кезінде жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу қарастырылған.

2. Жерасты суларын көтеру үшін пайдаланылатын электр энергиясы шығындарын өтеу.

Жерасты суларын көтеру кезінде жұмсалатын электр энергиясына ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарының бір бөлігін өтеу ұсынылады. Шара су үнемдеу технологияларын енгізу кезінде сумен жабдықтаудың баламалы көздерін пайдаланатын шаруашылықтарды қолдауға бағытталған.

3. Субсидияланатын бағыттар тізбесіне ылғал жинақтау суаруы және тұзданған топырақты шаюды енгізу.

Су үнемдеу технологияларын қолданатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарын инвестициялық субсидиялау қағидаларында тарихи суармалы жерлер үшін басым мемлекеттік қолдауды белгілеу көзделеді.

Бұл тәсіл су ресурстарына түсетін жүктемені азайтуға және қолданыстағы суармалы алқаптарды тиімді пайдалануды ынталандыруға бағытталған. Яғни, мемлекеттік саясат суды үнемдейтін шешімдерді басым түрде қолдауға бағытталып отыр.

Сонымен қатар, фермерлердің су үнемдейтін жабдыққа қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде Түркістан облысында (ЖШС «BNK Group LTD», ЖШС «TURAN SU», ЖШС «KAZ KIOTI»), Астана қаласында (ЖШС «ADAM MANUFACTURING»), Алматы қаласында (ЖШС «Ирригатор Казахстан») жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жабдықтарын өндіретін бес отандық зауыт жұмыс істейді.

Сондай-ақ, 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру шеңберінде суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған инвестициялық шығындарды субсидиялау көлемі 214,6 млрд теңге (тиісінше жылдар бойынша: 58,5 млрд теңге, 74,6 млрд теңге және 81,5 млрд теңге) көлемінде жеке бағыт ретінде қарастырылған, бұл алдыңғы үшжылдықтағы көлемнен 4 есе артық.

Ал ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру қызметтерінің құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге қарастырылған (тиісінше жылдар бойынша: 4,0 млрд теңге, 4,7 млрд теңге және 4,8 млрд теңге).

Сонымен қатар, жергілікті бюджет бағдарламаларының әкімшілері инвестициялық субсидияларды қаржыландыру үшін бюджеттік бағдарламалардың жеке кодтарын ашты 

(Ауыл шаруашылығы басқармалары (ББӘ 255) – ББ 023, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармалары (ББӘ 741) – ББ 043). 

Өз кезегінде, Министрлік тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы жүзеге асырылып жатқан жобалардың іске асырылуына жыл сайын мониторинг жүргізу жалғастырылатын болады.

Жалпы, суды үнемдеу мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында.

Осы мақсатта су тапшылығы тәуекелдері жоғары сақталып отырған оңтүстік өңірлерге (Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарына) көшпелі кеңестер өткізілді. Аталған өңірлерде су тапшылығы тәуекелдері жоғары болып отыр, және суарудың тиімді әдістеріне уақы тылы көшу  аграрлық сектордың тұрақтылығына әрі елдің су ресурстарын сақтауға тікелей әсер етеді.

 

Су шығынын азайту үшін жасалған кешенді жоспар

 

– Осы орайда Ирригациялық жүйелердің тозу деңгейі қандай екендігіне тоқталсаңыз.  Оларды жаңарту жоспарда бар ма?

– Бүгінгі таңда елімізде жалпы ұзындығы 45 мың км құрайтын 8577 суару каналдары бар. Олардың шамамен 80 пайызына  жуығы жер арнада болса,  қалған 20 пайызы бетонмен қапталған (лотоктар, Г-блоктар және т.б.). 

Каналдардың шамамен 60-70 %-дан астамы 40-50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеуден өтпей пайдаланылып келген. Соның салдарынан каналдардың техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз. Су тасымалдау барысында су шығыны 50%-ға дейін жетіп отыр. 

Аталған мәселелерді шешу мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған су шаруашылығы саласын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Кешенді жоспарға сәйкес, 2028 жылға дейін каналдарда су шығынын 50%-дан 35%-ға дейін төмендету үшін бірінші кезекте 14,4 мың км каналдарды реконструкциялау  жоспарланған. 

Жалпы каналдарды реконструкциялау жұмыстары Республикалық бюджет, жергілікті бюджет, халықаралық қаржы ұйымдарының қарыз қаражаттары (ЕҚДБ, ИДБ, Дүниежүзілік банк), инвестициялық бағдарлама есебінен жүзеге асырылуда. 

Жалпы, 2021-2024 жылдар аралығында 884 арнаға (жалпы ұзындығы 5 406 км) күрделі жөндеу мен реконструкция жүргізілді.

2025 жылы Дүниежүзілік, Исламдық және Еуропалық банктерінің несиелері есебінен, сондай-ақ республикалық бюджет және инвестициялық бағдарлама арқылы 680,0 км каналға реконструкциялау жұмыстары жүргізілді.

2026 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес, реконструкциялауға жататын каналдардың жалпы ұзындығы 913,6 км құрайды, оның ішінде:

Жаңа ИДБ (1 транш) жобасы шеңберінде – 263,79 км;

ЕҚДБ жобалары бойынша – 68,64 км;

Қолданыстағы ИДБ – 88 км;

Республикалық бюджет (КВХ) – 61,9 км;

ИИДЖЖ-2 жобасы бойынша – 217,455 км;

«Қазсушар» РМК тарифтік қаражаты есебінен – 53,77 км;

Нысаналы трансферртер қаражаты есебінен – 125 км;

ЕҚДБ 14-канал шеңберінде үнемделген қаражат есебінен – 35 км.

– Ал, диқандар үшін су тарифтері қалай реттеледі? 

– Министрлік суармалы су бойынша тарифтік реттеуші болып табылады.

Осыған сәйкес, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2025 жылғы 14 сәуірдегі №66-НҚ бұйрығымен бекітілген Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес, Министрлік каналдар арқылы су беру, суармалы су беру және тірек гидротехникалық құрылыстар арқылы жерүсті ағынын реттеу жөніндегі реттелетін көрсетілетін қызметтерге тарифтерді бекітеді.

Осылайша, аталған Қағидаларға сәйкес көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын табиғи монополия субъектілері белгіленген тәртіппен тарифтерді бекітуге өтінімді «Монополист» базасының электрондық порталы арқылы ұсынуға міндетті.

Өз кезегінде, суармалы суға арналған тарифтің мөлшері әрбір табиғи монополия субъектісі үшін оның тарифті бекітуге берген өтінімі негізінде Су ресурстары және ирригация министрлігімен жеке-жеке бекітіледі.

Бұл ретте өңірлер арасындағы тарифтердің айырмашылығы бірқатар объективті факторлармен түсіндіріледі:

- тұтыну көлемінің және шаруалар санының (тұтынушылар санының) айырмашылығы;

- кәсіпорын қызметкерлерінің саны, оның ішінде олардың жалақысына жұмсалатын шығындар;

- ирригациялық желілердің ұзындығы;

- баланстағы активтердің құрылымы, инвестициялық бағдарламалар және салынатын инвестициялар көлемі.

Осындай жағдайлар мен шығындардағы айырмашылықтар белгілі бір өңірдегі субъект үшін бекітілетін тариф деңгейіне сөзсіз әсер етеді.

–  Су жоғалтуды азайту үшін қандай технологиялар енгізілуде? 

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі суды үнемдеу мақсатында су үнемдеу технологияларына ғылыми зерттеулер жүргізілді. Практикалық зерттеулердің нәтижесінде су үнемдеудің химиялық дәрумендері суды 30%-ға дейін үнемдеп қана қоймай, өнімділікті артық алуға мүмкіндік беретіндегі анықталды.

Бүгінге аталған дәрумендерді еліміздің оңтүстік өңірлерінде кеңінен қолданған шаруа қожалықтарына ғылыми сүйемелдеу жоспарлануда.

– Жалпы бұл бағытта істеліп жатқан жұмыстар аз емес екендігіне көзіміз жетіп отыр. Енді өзіңіз бастамашы болып қолдау көрсеткен «Мөлдір бұлақ» акциясы нақты қандай нәтижелер бергені турасында және соның аясында қанша су көзі тазартылғаны немесе қалпына келтірілгені турасында айтып берсеңіз... 

– «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында Министрлік тарапынан бұлақтарды, жағалау аумақтарын тазартуға және суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Мөлдір бұлақ» ауқымды экологиялық акциясы өткізілуде.

2025 жылдың қыркүйек айында акция еліміздің барлық өңірлерін қамтыды: 4,0 мыңнан астам адам қатысып, шамамен 300 тонна қоқыс жиналды, ондаған шақырым жағалау аумақтары тазартылды. Акцияға Министрлік және оның барлық ведомстволық бағынысты ұйымдары қатысты («Қазсушар» РМК және оның филиалдары мен өндірістік учаскелері, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің бассейндік су инспекциялары, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы, «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі, Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, 3 гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедиция).

Акция Қазақстанның су объектілерінің экологиялық жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосты.

2026 жылдың наурыз айында «Мөлдір бұлақ» акциясы жалғасын тапты: ауа райына байланысты акция бірінші кезеңде Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарын, Жетісу облысын және Шымкент қаласын қамтыды. 9 мыңнан астам адамның қатысуымен 30 бұлақ тазартылды, бұлақтардың табиғи көздерін ашу және қалпына келтіру, жақын маңдағы аумақтарды тазарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді, оның ішінде қоқыс жинау мен көшет отырғызу шаралары жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, Министрліктің бастамасымен Жамбыл облысында су саласындағы алғашқы еріктілер қозғалысы – «Болашақтың қайнары» (Тараз қ. ҚазҰСШИУ студенттері) құрылды, ол жастардың су үнемдеуі мен экологиялық санасын дамытуға бағытталған.

Бастама кең қоғамдық қолдауға ие болды, акцияға мыңдаған азаматтар қосылды. Еліміздің барлық өңірлерінде бейжай қарамайтын азаматтар Министрліктің үндеуін күтпей-ақ, өз бастамаларымен сенбілікке шығып, елді мекендеріндегі бұлақтарды тазалау жұмыстарын жүргізіп, іргелес аумақтарды абаттандыруда. Атап айтқанда, «Мөлдір бұлақ» акциясына «Самұрық-Қазына» және «Қазцинк» қызметкерлері, «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсенділері және басқа да азаматтар қосылды.

Сонымен қатар, 2026 жылғы сәуір айында еліміздің қалған 12 облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын одан әрі өткізу жоспарлануда.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын жыл сайынғы жүйелі негізде өткізу жоспарлануда.

– Жалпы, Су инфрақұрылымына қанша инвестиция қажет және ол қайдан тартылады? 

– 2030 жылға дейін су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасына сәйкес 42 жаңа су қоймасын салу, 37 су қоймасын реконструкциялау, 14,5 мың км каналдарды жаңғырту, сондай-ақ 557 гидротехникалық құрылысты көпфакторлы тексеруден өткізу көзделген. Жалпы алғанда, су инфрақұрылымы құрылысжайларын жаңғырту үшін 415 жобаны іске асыру қажет. Қаржыландыруды Ислам даму банкі, Азия даму банкі, Халықаралық қайта құру және даму банкі және нысаналы трансферттер есебінен тарту жоспарлануда.

– Барлық ойға алған жоспарларыңыздың сәтімен жүзеге асырылуына тілектеспіз. Дегенмен, осы Су ресурстарын есепке алу жүйесі қаншалықты цифрландырылған?

– Бүгінгі таңда ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің барлық аумағында су шаруашылығы құрылыстарын цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.

Оңтүстік бес облыста (Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстары) 2026 жылдың қаңтарында 103 суару каналында автоматтандыруды енгізе отырып, реконструкция жұмыстары басталды.

Сонымен қатар, «Қазсушар» РМК-ның 2026-2028 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы есебінен Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарының бұрын қайта жаңартудан өткен 270 ирригациялық каналдарын автоматтандыру жоспарланған.

Сондай-ақ, 264 суару каналын реконструкциялауға және автоматтандыруға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

Жоғарыда аталған барлық гидротехникалық құрылыстарда суды есепке алудың заманауи жүйелері орнатылатын болады.

– Дәл қазір Қазақстандағы ең үлкен су мәселелері қандай және оларды шешудің нақты жолдары қандай? 

– Аталған тұжырымдамада Қазақстандағы су саласының негізгі проблемалары ретінде су ресурстарының тапшылығы және олардың аумақ бойынша біркелкі бөлінбеуі, трансшекаралық тәуелділіктің жоғары деңгейі, су шаруашылығы инфрақұрылымының тозуы, сондай-ақ суды пайдалану тиімділігінің төмендігі атап өтілген.

Осы мәселелерді шешу мақсатында бірқатар нақты шаралар көзделген. Атап айтқанда, су инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту, оның ішінде жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағыларын реконструкциялау, суару арналарының тозған учаскелерін қалпына келтіру жоспарланған.

Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су ресурстарын есепке алу мен басқаруды цифрландыру, сондай-ақ су саласындағы институционалдық реформаларды жүзеге асыру қарастырылған.

Бұдан бөлек, трансшекаралық өзендер бойынша көрші мемлекеттермен өзара іс-қимылды күшейту және су ресурстарын тиімді бөлу тетіктерін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы алғанда, қабылданып жатқан шаралар су ресурстарын тиімді басқаруға, су тапшылығы тәуекелдерін төмендетуге және елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді және ұзақ мерзімді басқаруды қамтамасыз ету мақсатында стратегиялық жоспарлау құралдары енгізілуде.

Атап айтқанда, су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу шаралары су шаруашылығы бассейндері деңгейінде бассейндік жоспарлар арқылы, ал ұлттық деңгейде Су ресурстарын интеграцияланған басқарудың Бас жоспары шеңберінде жүзеге асырылады.

Бұл құжаттар су ресурстарын басқарудың жаңа жүйелі тәсілінің негізін қалайды. Егер бұрын шешімдер көбінесе салалық тұрғыда жеке қабылданса, енді су ресурстарының нақты қолжетімділігіне негізделген бірыңғай жоспарлау логикасы қалыптасуда.

Бассейндік жоспарлар әрбір су шаруашылығы бассейні бойынша әзірленіп, өңірлік деңгейдегі нақты жағдайды көрсетеді. Олар:

• су ресурстарының нақты балансын;

• әртүрлі салалардың суға деген қажеттіліктерін;

• су тасқыны, құрғақшылық және су тапшылығы тәуекелдерін;

• сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғырту және су үнемдеу шараларын айқындайды.

Ал Бас жоспар осы мәліметтердің барлығын ұлттық деңгейде біріктіріп, су ресурстарын басқарудың стратегиялық бағыттарын айқындайды. Оның негізінде инвестициялық саясат, тарифтік реттеу және өңірлік даму басымдықтары бойынша негізгі шешімдер қабылданатын болады.

Ең бастысы, бұл жоспарлау құжаттары экономиканың және өңірлердің дамуын нақты су ресурстарының қолжетімділігімен тікелей байланыстыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тәуекелдерді алдын ала бағалап, уақытылы әрі негізделген шешімдер қабылдауға жағдай жасайды.

Осылайша, Бас және бассейндік жоспарлар су ресурстарын басқарудың тұрақты, болжамды және тиімді жүйесін қалыптастырудың негізгі құралдарына айналады және су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың іргетасы болып табылады.

– Ал, Су саласы үшін мамандарды даярлау жүйесі қазіргі талаптарға сай ма?

– Су саласына қажетті мамандарды дайындаудың сапасын арттыру мақсатында 2023 ж. Министрлікте Кәсіптік біліктілік жөнінде Салалық кеңес құрылды. Салалақ кеңестің мақсаты су саласына қажетті мамандардың біліктілігі мен білімдеріне қойылатын талаптарды қалыптастырып,  Кәсіптік стандарттарды реттеу. Кәсіптік стандарттар негізінде жоғары оқу орындары мен колледждер мамандарды оқыту бойынша оқу бағдарламаларын әзірлейтін болады.

Кәсіптік біліктілік жөнінде Салалық кеңес құрамында орталық мемлекеттік орган қызметкерлерінен бөлек су шаруашылығының ардагер мамандары, ғылыми-зерттеу орталықтарының ғалымдары және жоғары оқу орындары мен колледждердің мұғалімдері бар.

 – Сіз, өзіңіз айтып отырған осы университеттердегі гидрология, ирригация мамандықтарының сапасын қалай бағалайсыз?

– Бүгінде су саласына қажетті мамандарды еліміздің 13 жоғары оқы орындары мен 10 колледждері дайындайды. Білім ордаларында алатын теориялық білімдерін өндірісте шыңдау мақсатында министрлік барлық оқу орындарымен меморандумдарға қол қойды. Мақсаты, білім алып жүрген студенттерге өндіріс орындары тікелей барып практикалық білімді алу. Нәтижесінде студенттер ерте бастап саланың маңыздылығы мен пайдасын бірге көріп білім алуда.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Елқуат ЕЛТӨРЕ

15.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24425
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24085
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41534
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37440
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41795