Референдум

Референдум арқылы Ата заңға құрмет көрсетілді

Референдум арқылы Ата заңға құрмет көрсетілді

Президенттің жылдың ұлттық басым бағыттарын жыл сайын айқындауға бағытталған бастамалары жетерлік. Соның ішінде ең өресі биігі биылғы конституцияға қатысты өткізіліп отырған референдум. Халық өз таңдауын жасады. Бұл жолғы референдум әлем баспасөзінің де назарынан тыс қалмады. Енді солардың кейбіріне шолу жасасақ: «Ассоушиэйтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан тұрғындары жексенбі күні референдумға барып, жаңа конституция бойынша дауыс беріп жатыр және де америкалық тілшінің материалында жаңа конституция қабылданған жағдайда, еліміздің басқару жүйесінде қандай өзгерістер болатыны да айтылған.

Ал «Рейтер» президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дауыс беріп жатқан сәті жайлы суреттер жариялап, Қазақстанды Орта Азияның ең алып экономикасы деп атап өткен. Сонымен қатар, халықаралық агенттік Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты курсанттарының референдумға қатысып жатқаны туралы бірталай фото жариялады.

Референдумға түріктің маңдайалды жаңалықтар агенттігі – «Анадолы» да материал арнады. Оның дерегінше, шетелдегі қазақстандықтар үшін әлемнің 54 елінде дауыс беру бөлімшелері ашылған және де бұл мақалада түрік парламентінің депутаты Осман Местеннің «Референдум Қазақстан халқы мен мемлекеті үшін аса маңызды» деген пікірі де берілген. 

Мемлекет басшысы өз сөзінде: "Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен егемендік тірегі" деді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халқы қолдаған, жаппай дауыс берген Конституция – еліміздің темірқазығы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ болғанын айтты. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды. Мұны еліміздің және шетелдің байқаушылары да айтып отыр. “Азаматтар жасаған таңдаудың түпкілікті қорытындысын заңға сәйкес Орталық референдум комиссиясы ресми тәртіппен шығарады. Бірақ қазірдің өзінде Қазақстан халқы ынтымақ пен бірліктің, патриотизмнің, Отан тағдырына ортақ жауапкершіліктің керемет үлгісін көрсетті деп айта аламыз. Азаматтарымыздың басым бөлігі Өркендеу, Әділет, Заң мен Тәртіп, Табиғатты аялау және Тазалық жолын таңдады. Бұл – өте жақсы жол. Жаңа Халық Конституциясы елімізді тың жетістіктер мен табыстарға бастайды. Бұған ешқандай күмән жоқ. Дауыс берушілер саны бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткіш тіркелді. Мұндай жағдай көптен бері болмап еді. Учаскеге келіп, азаматтық ұстанымын анық білдірген баршаға алғыс айтамын. Осы арқылы күллі әлемге қазақ қоғамының саяси мәдениеті жоғары екенін паш еттік. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Бірлік бар жерде өркендеу бар. Елдің қуаты – бірлікте. Бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет. Сонда ғана озық, дамыған, бәсекеге қабілетті ел боламыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халқы қолдаған, жаппай дауыс берген Конституция – еліміздің темірқазығы. “Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен егемендік тірегі. Ата заңымыз – адам құқығы мен бостандығының мызғымас кепілі. Біз бір ел болып Заң мен тәртіп сақталатын, жауапты және жасампаз азаматтары бар Әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық. Осылайша, бүгін ұлт тарихының жаңа парағын аштық. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Ең бастысы, халқымыз түбегейлі өзгерістерді барынша қолдайды. Біз ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, келер ұрпаққа Өркениетті, Озық Қазақстанды аманат етеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Осы референдум кезінде жастар белсенді түрде сайлауға қатысты. Жастарымызға мың да бір рақмет! Жастарымыздың дауысы, үні өте жақсы естілді. Әрқашан аман болыңыздар! Қазақ елінің қасиетті Тәуелсіздігі мәңгі болсын! Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін! Жаңа Конституциямыз құтты болсын!” – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Биыл 12 ақпанда Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының қорытынды жобасы жарияланды. Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды.   Республикалық референдумда берілген бюллетеньде «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылды. Орталық референдум комиссиясының мәліметіне қарағанда, Қазақстанда дауыс беру құқығы бар азаматтардың 73 пайыздан астамы өз таңдауын жасады.

Тоқтар Жақаш, тәуелсіз журналист: “Бүгінгі референдумға қатысты экзитпол нәтижелері біртіндеп жарияланып жатыр. Әдетте мұндай зерттеулерді бірнеше ірі әлеуметтік зерттеу орталығы жүргізеді. Бұл жолы да үш ұйым дауыс беру учаскелерінің шыға берісінде сауалнама алып, азаматтардың таңдауын алдын ала бағалап көрген. Қызығы, олардың жариялаған нәтижелері бір-біріне өте жақын.

Осындай зерттеулердің бірін Қоғамдық саясат институты жүргізіпті. Институт ұйымдастырған экзитполға 24 мың азамат қатысқан. Сауалнама ел бойынша 200 дауыс беру учаскесін қамтыған. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, сауалнамаға қатысушылардың 88,6 пайызы жаңа конституцияны қолдап дауыс бергенін айтқан. Ал референдумға қатысу деңгейі шамамен 72,1 пайыз болған.

Әрине, бұл – ресми қорытынды нәтиже емес, тек алдын ала өлшем ғана. Нақты қорытынды барлық сайлау учаскелері жабылып, дауыс санау толық аяқталғаннан кейін жарияланады. Дегенмен қазірдің өзінде жарияланған экзитпол деректері қоғамның жаңа конституцияға қолдау деңгейі жоғары екенін көрсетіп тұр. Демек, қорытынды нәтиже де шамамен 85 пайыздың маңайында болуы әбден мүмкін”.

16.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23906
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23575
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40810
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37001
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41247