Біздің мемлекеттік рәміздеріміз – тәуелсіздігіміздің белгісі, елдіктің символы болып саналады. ҚР Конституциясы күні мерекесі халқымыздың патриоттық сезімін оятып, Отанымызды сүюге және мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге бағытталған. Мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтауды біз тек мерекеде ғана емес жыл бойы жүргізуіміз қажет. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үшін оны барынша құрметтеп, ұқыпты қарау, мән-мағынасын білдіріп отыру аса маңызды. Еліміздегі азаматтардың патриоттық сезімін, Отанына деген сүйіспеншілігін айқындайтын маңызды нышандар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері — Ту, Елтаңба және Әнұран болып есептеледі.
Қазақстан Республикасының Туы — еліміздің азаттығын, бірлігін және егемендігін білдіреді. Тудың көк түсі аспанның ашықтығын, бейбітшілікті білдіріп, ертеңгі күнге, болашаққа деген үмітке жетелейді. Әр азамат туды көтергенде олардың патриоттық рухы көтеріледі. Және ережелерге сәйкес ерекше құрмет көрсетілуі тиіс. Тек мемлекеттік мерекелерде, маңызды іс-шараларда ғана емес, күнделікті өмірде де көк Туымыздың маңызды орны бар.
Елтаңба — Қазақстанның ұлттық құндылықтары - тарихын, мәдениетін ұлықтайтын рәміз. Елтаңбаның ортасындағы шаңырақ, оның айналасындағы ұлттық ою-өрнектер, арыстан мен жылқы бейнелері елдің рухын көтереді. Қоғамдық орындарда, мемлекеттік мекемелерде Елтаңба әрдайым көрнекті жерде тұруы керек. Сонымен бірге оны ілгенде, тазалығына, сақталуына, дұрыс орналасуына көңіл бөлгеніміз жөн.
Әнұран — еліміздің рухын көтеріп, азаматтардың патриоттық сезімін оятып, еліміздің рухын көтеретін сазды рәміз. Кез келген азаматардың жүрегінде мақтаныш сезімін тербететін «Менің Қазақстаным» әнұраны осындай құрметке лайық. Әнұранды мемлекеттік шараларда, ресми жерлерде Қазақстанның әр азаматы орындауға міндетті. Әнұран ойналғанда орындарынан тұрып, айрықша құрметпен тыңдалуы тиіс.
Мемлекеттік рәміздер тарихы
Қазақстан секілді тәуелсіздік таңы енді ғана атқан жас мемлекетке мемлекеттік рәміздерді қабылдау әрине оңай болмады. Оған тиісті мемлекеттік орындар мен мекемелер жауапкершілікпен қарап, жұмысты аса күш жұмсап ізденіспен істеген. 1992 жылы қаулы қабылдап, Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құрған еді. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия жасақталды. Сонымен 600-ден астам адам қатысып, елтаңба, ту, гимн жобаларын әзірлеуге конкурс жарияланды. Бұдан 30 жыл бұрын яғни 1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері қабылданған еді.
Мемлекеттік рәміздерді дұрыс қолдана білу керек. Мемлекеттік рәміздердің орналасуына байланысты өзінің шарты бар екенін көбісі біле бермейді. Айталық, мемлекеттік мекемелердің кіреберісінде тұрған мемлекеттік туға жарық түнгі уақытта да айқын түсіп тұруы керек. Сонымен қатар ту үнемі оң жаққа қарай желбіреуі тиіс. Мемлекеттік ту мен мемлекеттік елтаңбаның орналасу реті мекеме басшыларының жұмыс бөлмесінде арнайы талаптарға сай тұрғаны жөн.
2020 жылдың қазан айында ел Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың қазан айында мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы заңнаманы қайта қарау керектігін айтқан болатын. Патриоттық сезімді оятып, ұлттық болмысымызды таныту үшін Қазақстан мен ел азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында туды балконға ілуге ресми түрде рұқсат етілді. Ел басшысы мемлекеттік рәміздерді халықтың қалай қолдануына байланысты қабылданған шектеулерді алып, енді тұрғындардың мемлекеттік туды өздері тұратын үйлерінің балкондарына немесе қабырғасына ілуіне заңды түрде рұқсат берген еді.
Негізінде осындай жағдай шетелдерде кездеседі. Айталық, түрік елдерінде көпқабатты үйлердің қабырғалары, балкондары және маңызды ғимараттардың сыртқы қасбеттерінде қызыл байрақтың ілініп тұрғанын аңғаруға болады. Президентіміздің тапсырмасы бойынша, қазіргі таңда азаматтардың мемлекеттік туды патриоттық мақсатта пайдалануына мүмкіндік беріп жатыр. Міне осыған орай қазақ елінің азаматтары өзі тұратын үйдің балконына, терезесіне, сондай-ақ көлігіне көк байрағымызды орната алмақ. Бірақ бір шарт - мемлекеттік рәміз таза болып, дұрыс ілінуі қажет. Сонымен қатар ол заңнамада көрсетілген стандарттарға сай болуы тиіс. Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне ұқыпты да құрметпен қарау біздің парызымыз. Яғни осыдан біздің еліміздің мәдениеті мен ұлттық бірлігіміз байқалады. Осы қоғамда өмір сүріп отырған кез келген азамат мемлекеттік рәміздерді бағалап, олардың мәнін түсініп, құрметпен қарап, еліміздің тарихының, мәдениетінің дамып өркендеуіне өзінің үлесін қоспақ.
Шаргүл Қасымханқызы












