МАҢҒЫСТАУДА ЕЖЕЛГІ АКУЛАЛАРДЫҢ ТІСТЕРІ ТАБЫЛДЫ

МАҢҒЫСТАУДА ЕЖЕЛГІ АКУЛАЛАРДЫҢ ТІСТЕРІ ТАБЫЛДЫ

Yessenov University ғалымдары мен Швецияның Табиғат мұражайы мамандары Маңғыстау өңірінде жүргізген бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында ежелгі Тетис мұхитында тіршілік еткен акулалардың тістерін тапты. Бұл жаңалық өңірдің палеонтологиялық әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Экспедиция жұмыстарына университет ғалымдары, докторанттар, магистранттар және швед геолог-палеонтологы, PhD докторы Штефан Киль қатысты. Ғылыми зерттеулер Ұзынбас, Кендірлісор және Құланды геологиялық қималарында жүргізілген. Мамандардың айтуынша, табылған қазба қалдықтарының жасы шамамен 30-40 млн жылды құрайды және олар эоцен мен олигоцен дәуірлеріне жатады.

Палеонтолог Штефан Киль эоцен мен олигоцен дәуіріндегі Тетис мұхитының алып жатқан аумағы ерекше қызығушылық тудырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Маңғыстау өңірі ежелгі Тетис мұхитының шеткі бөліктерінің бірі саналады. Осы мұхиттың ежелгі қоректену көздерін зерттеу арқылы палеогеографиялық және палеоэкологиялық жағдайларды қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Ғалым бұл мәселенің халықаралық деңгейдегі өзекті ғылыми бағыттардың бірі екенін айтты.

Штефан Киль Қазақстанға алғаш рет келгенін және қазақ ғалымдарымен ғылыми байланыс бір апта бұрын басталғанын жеткізді. Оның айтуынша, көптеген ғылыми мәліметтерді мақалалар мен әдебиеттерден толық табу қиын болған. Алайда Yessenov University ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеу барысында туындаған ғылыми мәселелердің шешімі табылған.

Ғалым сондай-ақ Yessenov University ұжымының ғылыми әлеуетіне жоғары баға берді. Әсіресе «Геология және мұнай-химиялық инжиниринг» кафедрасының меңгерушісі Мустапаева Сезим Нурахметовна мен профессорлық-оқытушылық құрамының кәсіби қолдауын ерекше атап өтті. Сонымен қатар далалық жұмыстар кезінде студенттер, магистранттар мен докторанттардың белсенділігі мен ғылымға қызығушылығы жақсы әсер қалдырғанын айтты. Алынған сынамаларды даярлау кезінде жас геологтардың көмегі зор болған.

Экспедиция академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, Yessenov University мен Швецияның Табиғат мұражайы қолдауымен жүзеге асқан. Далалық геологиялық зерттеу жұмыстары тоғыз күнге созылып, нәтижелі аяқталған.

Зерттеу барысында геологиялық далалық әдістер қолданылып, координаталар анықталған, тасқа айналған фоссилдер коллекцияланған және геологиялық қималардың литологиялық сипаттамалары жасалған. Табылған акула тістері қазіргі ақ акула тұқымдасына жақын түрге тиесілі болуы мүмкін. Ғалымдардың бағалауынша, ежелгі жыртқыштың ұзындығы шамамен төрт метрге жеткен.

Экспедиция кезінде тек акула тістері ғана емес, кит қабырғасының фрагменттері, теңіз жұлдыздарының қалдықтары және әртүрлі моллюскалардың тасқа айналған іздері де анықталған. Мамандар бұл олжаларды ежелгі теңіз экожүйесінің маңызды дәлелі ретінде бағалап отыр.

Палеонтологтардың пікірінше, Маңғыстау өңірінің палеонтологиялық әлеуеті әлі толық зерттеліп болған жоқ. Кеңестік кезеңде көмірсутек кен орындарының геологиясы кеңінен зерттелгенімен, кайнозой эрасының палеонтологиялық зерттеулері негізінен өткен ғасырдың 70-жылдарында жүргізілген. Қазіргі заманғы зертханалық құрылғылар мен жаңа ғылыми әдістер бұл салаға тың мәліметтер әкелуі мүмкін.

Штефан Кильдің айтуынша, зертханалық зерттеулер нәтижесінде бұрын белгісіз болған жаңа теңіз жануарларының түрлерін анықтауға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта ғалымдар палеонтологиялық, геохимиялық, палеоокеанологиялық және палеоэкологиялық бағыттар бойынша кешенді ғылыми жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Фарида НҰРБАЕВА, 

Yessenov University, Инжиниринг факультеті, «Экология және тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының т.ғ.к., қауымдастырылған профессоры 

 

21.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25252
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24759
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42191
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38042
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42525