Тығырықтан шығар жол бар ма?
Әлемде болып жатқан түрлі саяси текетірестер мен сағыздай созылып келе жатқан соғыстардың зардабы ғаламдық экономикалық проблемаға айналып отыр. Соғыс болған жерде тұрақтылық пен тыныштық жоқ. Себебі ғалам қазір тұтас бір дене секілді. Қай түкпірде жанжал шықса, ол жарақат бүкіл денеге тарайды. Уытын жаяды. Соның салдарынан дүйім жұрт қымбатшылық құрсауына түскен. Одан шығудың жолдарын іздеп, бас қатырып жатқан елдер жетерлік. Соның бірі – өз еліміз – Қазақстан.
Өткен жұма күні Үкімет үйінде Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің инфляцияны төмендету және халықтың нақты табысын арттыру бағытында қабылдап жатқан шаралары туралы айтылды.
Бұған дейін де бұл мәселе сөз болған. Үкімет ең төменгі жалақыны көтеру мүмкіндігін қарастыруды қолға алған. Себеп – қымбатшылық. Оны бүркемелеп, елден жасырып отыру мүмкін емес. Оған мемлекеттің бюджетінің қауқары да жетпейді. Қауқары жеткен күннің өзінде жасандылық, қолдан жасалған «коммунизм» күндердің күнінде елге бәрібір жария болмақ.
Қазақстанда ең төменгі жалақы – 85 мың теңге. Оны (ЕТЖ) көтеру мәселесі күн тәртібінде тұр. Басқа шара жоқ. Күнкөріс қиындаса, халық кедейленеді. Оның арты жақсылыққа апармасы тағы белгілі.
Осы ретте Ұлттық экономика министрлігі ең төменгі жалақы мөлшерін медианалық жалақының 50 пайызы деңгейіне дейін жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Егер бұл ұсыныс жүзеге асса, бүгінде 85 мың теңгені құрайтын ең төменгі жалақы алдағы жылдары 150 мың теңгеге дейін өсуі ықтимал. Алайда бұл бастама халықтың нақты табысын арттыра ма, әлде инфляция мен бизнеске түсетін жүктемені күшейте ме? Бұған жауапты мамандар бере жатар!
Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім халықтың табысын арттырғанымен, инфляция мен бизнеске түсетін жүктеме мәселесін де қатар күн тәртібіне шығарады.
Соңғы бес жылда ең төменгі жалақы қалай өзгерді? Соған көз жүгіртіп өтейік.
2021 жыл – 42 500 теңге;
2022 жыл – 60 000 теңге;
2023 жыл – 70 000 теңге;
2024 жыл – 85 000 теңге;
2025 жыл – 85 000 теңге;
2026 жыл – 85 000 теңге.
Осылайша бес жыл ішінде ЕТЖ екі есеге жуық өсіпті. Дегенмен сарапшылар бұл өсім азаматтардың сатып алу қабілетінің дәл сондай қарқынмен артуына алып келмегенін айтады. Себебі осы кезеңде азық-түлік, коммуналдық қызмет, тұрғын үй және көлік шығындары да қымбаттады. Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі осылайша тек әлеуметтік емес, экономикалық сипаттағы күрделі шешімдердің біріне айналып отыр. Бір жағынан, бұл жүздеген мың адамның табысын арттыруға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, инфляция, бизнес шығындары және еңбек нарығындағы өзгерістер сияқты факторлар да қатар ескерілуі тиіс. Сондықтан Үкіметтің тамыздан кейін қабылдайтын шешімі еңбек нарығы үшін де, қарапайым азаматтар үшін де маңызды болмақ.
Экономист Бауыржан Ысқақ халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, ең төменгі жалақыны медианалық жалақының 45-60 пайызы деңгейінде белгілеу тиімді екенін айтады. Оның бағалауынша, алдағы жылдары медианалық жалақы 350 мың теңгеге жақындаса, онда 125-180 мың теңге аралығындағы ең төменгі жалақы экономикалық тұрғыдан негізделген көрсеткіш болуы мүмкін. Ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру әлеуметтік тұрғыдан орынды қадам. Бірақ ол өздігінен халықты байытпайды. Нақты нәтиже еңбек өнімділігінің өсуіне, инфляцияның бақылауда болуына және бизнестің бұл жүктемені көтере алуына байланысты. Әйтпесе жалақының номиналды өсуі азаматтардың нақты сатып алу қабілетінің артуына толықтай айналмауы мүмкін, – дейді Бауыржан Ысқақ.
ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРУ ҮШІН НЕ ІСТЕМЕК КЕРЕК?
Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов экономикалық өсімнің басты мақсат емес, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың құралы екеніне ерекше тоқталды.
«Экономикалық өсімді біз өз алдына мақсат ретінде қарастырмаймыз. Бұл – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға жетелейтін маңызды құрал. Пандемиядан кейінгі кезеңнен бері Қазақстан экономикасы жыл сайын шамамен 5 пайыздық қарқынмен өсіп келеді. Біз бұл көрсеткішті жақсы нәтиже деп есептейміз және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету арқылы басқа да негізгі көрсеткіштердің жақсаруына қол жеткізуіміз керек», – деді ол. Сонымен қатар Премьер-министр өткен жылы экономикалық өсіммен қатар инфляциялық қысымның да күшейгеніне назар аударды.
Оның сөзінше, 2025 жылдың қыркүйегінде инфляция 12,9 пайызға дейін жеткен. Алайда Үкіметтің, Ұлттық банктің және өзге де мемлекеттік органдардың бірлескен шараларының нәтижесінде биылғы бес айдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 10,4 пайызға дейін төмендеген.
«Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жақын арада инфляцияны 10 пайыздан төмен деңгейге түсіруді жоспарлап отырмыз», – деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ ол өткен жылғы инфляциялық үдерістер халықтың нақты табысына әсер еткенін де жасырмады. Дегенмен жекелеген салаларда оң өсім сақталғанын атап өтті. Мәселен, ауылшаруашылығында еңбеккерлердің нақты табысы 9,3 пайызға артқан. Сауда, байланыс, сумен жабдықтау және энергетика салаларында орташа өсім 4 пайызды құраса, көлік саласында табыс бағытына қарай 5-10 пайыз аралығында өскен.
Премьер-министрдің айтуынша, биыл Үкімет халықтың нақты табысын экономиканың барлық секторында арттыру үшін кешенді шараларды іске асырады.
Осы мақсатта Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлескен инфляцияны төмендету жөніндегі іс-қимыл жоспарын қабылдаған. Бұдан бөлек, халықтың табысын арттыруға арналған жеке жоспар да бекітілген.
«Жоспарда нақты табыстың өсуіне ықпал ететін барлық шара қамтылған. Оның ішінде бүгінде импортталатын тауарларды ел ішінде өндіру арқылы импорттық инфляцияны төмендету, сондай-ақ мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындардың қызметкерлерінің жалақысын көтеру жөніндегі қарсы міндеттемелерді енгізу секілді кешенді шаралар бар. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз», – деді Олжас Бектенов.
Қаржы министрі Мәди Такиев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің «2025 жылғы республикалық бюджет туралы» есебін таныстырып, өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталды. Министрдің айтуынша, Үкіметтің негізгі басымдықтары өзгеріссіз қалды. Олар – сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету, халықтың табысын арттыру, мемлекеттік қаржының тұрақтылығын сақтау және әлеуметтік міндеттемелерді толық орындау.
Мәди Такиевтің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнімнің құндық көлемі 14,7 млрд АҚШ долларына артқан. Салыстырмалы түрде алғанда, 2024 жылы экономикалық өсім 5 пайыз болған. Сонымен қатар 2025 жылы инфляция 12,3 пайызды құрады. Орташа айлық жалақы 442 мың теңгеге жетсе, жұмыссыздық деңгейі жыл бойы 4,6 пайыз деңгейінде сақталды.
Қаржы министрі еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 30 пайыздан асқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Ал Үкіметтің мақсаты – бұл көрсеткішті әлемдік орташа деңгейге, яғни 40 пайызға жеткізу. Осы мақсатта Үкімет халықтың табысын арттыруға арналған кешенді шаралар әзірлеп жатыр.
«Бағдарлама аясында қаржылық, салықтық және өзге де ынталандыру тетіктері қарастырылған. Олар еңбекақыны арттыруға, лайықты жалақы төленетін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған», – деді Мәди Такиев.
АШЫНҒАН ДЕПУТАТТАР АШЫҒЫН АЙТТЫ
PS: Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің былтырғы есебі тыңдалды. Депутаттар, әрине, басты сұрақты қойды: былтыр экономика 6,5 пайызға өсті. Жақсы. Бірақ халықтың табысы айтарлықтай төмендеп, инфляция 12 пайыздан асып кетті. Экономика өссе, елдің кірісі неге азаяды?
Премьер-министр О. Бектенов 2025 жылдың қыркүйегінде инфляция 12,9 пайызға дейін жеткенін мойындады. «Алайда Үкіметтің, Ұлттық банктің және өзге де мемлекеттік органдардың бірлескен шараларының нәтижесінде биылғы бес айдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 10,4 пайызға дейін төмендеді», – деді. Одан да түсіру жоспары бар.
Дегенмен Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бюджетті жоспарлау және оны жұмсау саясатын қатаң сынады. Бюджеттің жыл ішінде 8 рет өзгеруі, кіріс жоспарының орындалмауы, инфляцияны тежей алмау, тұтынушылық несиенің бақылаусыз өсуі және мемлекет қаржысының шашылуын атады.
Ал бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану көлемі 648 млрд теңгеге жеткен. «Кез келген болашағын ойлаған жауапты отбасы өз мүмкіндігін есептеп өмір сүреді. Егер отбасы жыл басында жасаған жоспарын жыл ішінде қайта-қайта өзгертіп, бір қарызын екінші қарызбен жауып, жинақтағы қаражатын күнделікті қажеттілікке жұмсай бастаса, оның қаржылық жағдайын тұрақты деп айта аламыз ба?» – деді Айдос Сарым. Соңында: «Сынды сын айту үшін емес, нәтиже шығару үшін айтып отырмыз. Өйткені мемлекеттік басқаруда эмоция емес, нақты көрсеткіш пен нәтижелер шешуші рөл атқарады. Қорытынды біреу – Қазақстанға жаңа сападағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі қажет», – деп түйіндеп, әріптестерін Үкімет есебін бекітуге шақырды.
«Қазақтар жалақысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсап отыр», – дейді депутат Асхат Рахимжанов. Оның айтуынша, қазақстандықтар табысының шамамен 52 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Оның сөзінше, бұл елдегі тұрақтылықтың емес, халықтың күнкөріс қамының көрсеткіші.
Рахимжанов номиналды жалақы өскенімен, инфляцияны есепке алғанда халықтың нақты табысы 3,2 пайызға төмендегенін айтты. Сондай-ақ ол кейбір мемлекеттік органдардың жұмысы нақты нәтижеге емес, бюджет қаражатын игеруге бағытталғанын сынға алды.














