Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері суару каналдарын механикалық тазалау қарқыны үш еседен астам артты.

Мәселен, 2023 жылы «Қазсушар» РМК филиалдары 562 шақырым канал тазаласа, 2024 жылы – 1148 шақырым, 2025 жылы – 1840 шақырым канал тазартылды. Биыл жыл басынан бері 700 шақырым канал механикалық тәсілмен тазартылды. Жыл соңына дейін 2211 шақырым канал тазалау жоспарланып отыр.

Бұл шаралар каналдардың су өткізу қуатын арттырып, суармалы жерлерге су жеткізуді жақсартуға бағытталған.
«Қазсушар» РМК техника паркін ауқымды жаңарту каналдарды тазалау қарқынын жеделдетуге мүмкіндік берді. Бүгінде кәсіпорын теңгерімінде 2100-ден астам арнайы техника бар. Былтыр Өнеркәсіпті дамыту қорының қаражаты есебінен 576 техника сатып алынды. Ал тарифтік қаражат есебінен 135 техника алынды. Биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр»,
– деді «Қазсушар» РМК бас директорының міндетін атқарушы Ануар Өскенбаев.
ҚР Су ресурстары және ирригация
министрлігінің баспасөз қызметі















