Соңғы жылдары еліміз аумағында «Қарасора – 2026» акциясы дәстүрге айналды. Оның мақсаты Қазақстан аумағында есірткі өнімдерінің заңсыз айналымына тосқауыл қою және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді табуға бағытталған. Бұл ауқымды қимыл әр жылы 1 маусым мен 31 қазан аралығында өтеді. Яғни елімізде егіншілік науқаны мезгілі таңдалып алынған. Арнайы акцияда есірткі өсімдіктерін (каннабис, сора) заңсыз егу, дайындау, сақтау және тасымалдау фактілерін әшкерелеу, жасырын фитозертханалар мен есірткі алқаптарын анықтау көзделеді. Оған полиция, арнайы жасақтар, қызметтік иттер және есірткіге қарсы күрес қызметкерлері қатысады.
Жақында Ұлытау облысында «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тоғыз есірткі қылмысы анықталғандығы белгілі болды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Онда «Қарасора – 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы бері, полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде есірткіге қатысты 9 қылмыс анықталғандығы айтылған. Олардың қатарында есірткі құралдарын заңсыз сақтау, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактілері бар.
– Жедел уәкілдердің жүргізген жұмыстарының нәтижесінде заңсыз айналымнан 200-ден астам қарасора түбі тәркіленіп, олардың заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді. Қазіргі уақытта барлық тіркелген деректер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, – деді Ұлытау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ербол Қайрбеков.
Полиция қызметкерлері есірткі қылмыстарының жолын кесумен қатар, нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға да ерекше мән беріп келеді. Осы мақсатта өңірде 50-ге жуық профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, оған 3 мыңға жуық адам қатысты. Профилактикалық жұмыстар аясында форумдар, жастармен кездесулер, спорттық жарыстар және шығармашылық байқаулар өткізіліп, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастардың есірткіге қарсы көзқарасын қалыптастыруға басымдық берілді, – делінген таратылған хабарда.
Ерқазы Сейтқали














