Еліміз бойынша басталған «Құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік» акциясы қазір ел көлемінде етек алып, адамдар санасына орныға бастады. Бұл ең ұсақ құқық бұзушылықтарға, яғни белгіленбеген орындарға қоқыс тастау, қоғамдық орындарда темекі шегу немесе ұсақ бұзақылық әрекеттеріне үнсіз қалмай, оларды тоқтату немесе алдын алуға тырысу, және кез келген заңсыздыққа теріс реакция білдіруін талап ететін қағидат. Мұның басты мақсаты – ірі қылмыстардың алдын алу. Бұл ең алғаш 1980-1990 жылдары Нью-Йорк қаласындағы қылмыспен күресте (Сынған терезелер теориясы) қолданыла бастаған екен. Осыдан барып әлемде жаппай қалаласудың аяқ алысына ілесе, жер-жаһанға тәжірибе ретінде таралған. Қазақстан қоғамында ресми түрде 2012 жылдары айтыла бастаған бұл үрдіс, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің тікелей бастамасымен соңғы жылдары жалпыхалықтық сипат алған акцияға айналып кетті.
Кешеден бері Астана қаласында болған «полицейдің жас жігітті әскерге ұстап әкету» оқиғасы түсірілген бейнежазба жұрттың талқысына түсіп жатыр. Видеода скамейкада отырған жас жігіттің артынан полиция формасындағы адам келіп, оның көзін жауып тұрып: «Ұсталдың» дейді. Кейін полиция қызметкері өзін таныстырып, «военкоматтанмын» деген кезде, жас жігіт сытылып шығып тұра қашқан. Ол темір қоршаудан асып түсіп, Ақбұлақ өзеніне секіріп кеткен. Алайда дереу судан шығады.
Белгілі болғанындай, бұл әзіл ретінде түсірілген пранк видео болып шықты. Дегенмен видео ғаламтор желісіне таралған бойда көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. Көп өтпей құқық қорғау органдарының назарына ілініп, пранкті түсіруші адам анықталып, оны полиция бөлімшесіне жеткізді.
Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, видеодағы екінші тұлға, кәмелетке толмаған жасөспірім видеоны түсірушімен алдын ала келіскен болып шықты. Оған мұндай әрекеттерге қатысуға болмайтындығы туралы профилактикалық әңгіме жүргізілген. Ал, пранк жасаушы азаматқа ұсақ бұзақылық фактісі бойынша, сондай-ақ арнайы нысанды киім мен айырым белгілері бар форманы заңсыз кигені үшін 27 жастағы ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен құқық бұзушы азамат 10 тәулікке қамалды.














