Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелден қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыру жөнінде ұдайы айтып, тиісті тапсырмалар беріп келеді.
Күні кеше Астана қаласындағы Ақордада 18 наурыз күні Мемлекет басшысы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті қабылдады. Президент сауда саласының қазіргі жай-күйі мен алдағы даму бағыттары туралы есепті тыңдады.
Мемлекет басшысына 2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің 19 пайызға жуығы сауда-саттыққа тиесілі екені баяндалды. Қазақстан экономикасының маңызды секторларының бірі саналатын салаға 1,2 трлн теңге инвестиция құйылған. Ал тауар айналымы 8,9 пайызға ұлғайып, 80,3 трлн теңгеге жеткен.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа электронды сауданың дамуы жөнінде мәлімет берілді. Былтыр оның көлемі 3,9 трлн теңгені құраған. Бұл – бөлшек сауданың 15 пайызына тең. Елімізде 10 логистика орталығынан тұратын желі қалыптасты. Астана мен Алматы қалаларында екі ірі фулфилмент-орталық салынып жатыр.
Сауда және интеграция министрлігі еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтуға айрықша мән беруде. Жаһандағы экономикалық сын-қатерлерге қарамастан, сыртқы нарыққа шығарылатын шикізаттық емес тауар түрлері мен қызметтер көлемі 41 млрд долларға жетті. Экспорттаушыларды қаржылай қолдау тетіктері айтарлықтай кеңейді. Атап айтқанда, сақтандыру сомасының максималды мөлшері 1,2 трлн теңгеге дейін көбейіп, қолдау шаралары екі есе артты.
Мемлекет басшысына Еуразиялық экономикалық одақ аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтылды. ЕАЭО құрылғаннан бері 70 сауда кедергісінің 69-ы жойылды. Келіссөздер нәтижесінде еліміздің бірқатар мәселеге қатысты ұстанымы ескерілді. Оның қатарында Қазақстан кәсіпорындарына демпингке қарсы баж салығын төлемей, кейбір тауар түрлерін кіргізуге квота беру секілді маңызды мәмілелер бар.
Президент ведомствоға заманауи сауда экожүйесін қалыптастыру, отандық өндірістің өсуіне қолайлы жағдай жасау, тұтынушылардың құқықтарын жан-жақты қорғау, экспорттық әлеуетті нығайту, сондай-ақ елдің экономикалық мүдделерін ілгерілету жөнінде бірқатар міндет жүктеді.
Екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елдің экономикалық дамуы үшін инвестиция тартудың аса маңызды екенін атап өткен еді. Президент «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасын алға тартып, әлемдік деңгейде капитал үшін бәсеке күшейіп тұрғанын, мұндай жағдайда Қазақстан батыл әрі жедел шешімдер қабылдауға тиіс екенін қадап айтты. Содан бері қандай нәтижеге жеттік?
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтың айтуынша, 2025 жылғы қаңтар-шілдеде сауда көлемі 8,6%-ға, инвестиция көлемі әдепкі 6 айда 37%-ға өсіп, 438 млрд теңгеге көтерілген.
«Сауда саласында 800 мыңнан астам бизнес субъектісі 1,5 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр» дейді министр. Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, Үкімет жанынан құрылған Инвестициялық штаб ірі жобалардың іске асуына кедергі болатын бюрократиялық әрі жүйелік тосқауылдарды жоюда маңызды рөл атқарады. «Қағазбастылықты» азайту, жұмысты жеңілдету, уақытты үнемдеу тұрғысынан инвесторларға нақты қолдау көрсетіледі.
«Мемлекет басшысы Астанада өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында инвесторлардың мәселесін «осы жерде және дәл қазір» қағидаты негізінде жедел шешуге бағытталған Инвестициялық штаб мәселесін көтерді. Бұл штаб 70 млрд долларды құрайтын 137 инвестициялық жобаға қолдау жасап келеді. Бұдан бөлек, заңнамаға инвесторлардың мәселесін кешенді түрде шешуді көздейтін 140 түзету енгізуге бастамашы болған екен», – дейді сарапшы.
Осы уақыт ішінде Штаб аясында бірқатар түйткіл шешімін тапты. Мәселен, жалпы құны 50 млрд доллардан асатын жобалар бойынша 115 түрлі мәселе реттелген. Нәтижесінде, құны 2,3 млрд доллар болатын 6 ірі инвестициялық жобаға келісім жасалған. Инвестиция тарту ісіндегі тағы бір маңызды жаңалық – Ұлттық цифрлық платформаның іске қосылуы. Бұл жүйе инвесторлардың жобаларын қадағалап, олардың мәселесін дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Бұрын мұндай үдерістер айлап, тіпті жылдап шешілсе, енді цифрлық бақылаудың арқасында инвестордың өтініші мен мәселесі жедел қаралады.












