Бұлбұл құстай сайраған...

Бұлбұл құстай сайраған...

   Алаш рухты ағартушы-қайраткер, әнші-композитор Қапез Байғабылұлының туғанына130 жыл толуына орай оның шығармашылық айналасын таныстыруға арналған «Бұлбұл құстай сайраған..» атты дәріс-концерт «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында кең көлемде аталып өтті. Зиялы қауым өкілдері, ұрпақтары мен өнерсүйер қауым бас қосқан бұл жиын ұлттық музыка өнерінің мәртебесін асқақтатып, көнеден жеткен асыл мұраны бүгінгі ұрпақ санасында қайта жаңғыртты.

   Кештің шымылдығын ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Кенжехан Матыжанов ашты. Өз сөзінде ол Қапез мұрасының қазақ руханиятындағы орнына тоқталып:

«Қапез Байғабылұлы – қазақтың ән өнеріндегі дара тұлғалардың бірі. Оның әрбір әні – халықтың жан дүниесінен өрілген шежіре, ұлттың ішкі үні. Бұл тек еске алу емес, бұл – рухпен тілдесу, өткенмен үндесу», — деп атап өтті.

Сондай-ақ, филология ғылымдарының кандидаты, халық өнерін зерттеуші, қапезтанушы Сағатбек Медеубекұлы Қапез өнерінің тамырына терең бойлап, ән мен дәстүр сабақтастығы туралы келелі ой қозғай келе: «Қапездің халық жүрегінде қалған, яғни бізге жеткен төрт әні ғана бар, мүмкін әртүрлі тақырыпта басқа да әндері болған шығар, алмағайып заман болды... Соның өзін кезінде көздері тірі қариялардан қайта‑қайта барып сұрап жүріп жарыққа шығарған едік» - деді.

Қапез Байғабылұлының шығармашылығын қайта жаңғыртқан тағылымды басқосу оның мұрасына тағы бір көпшілікке паш етті.

Кештің көркін қыздырған сәттер сахна төрінде орындалған әндермен жалғасты. Қапездің «Дүние-ау», «Меркі», «Айхай», «Қоштасу» сияқты жүрек қылын шертетін туындылары орындалды. Белгілі әнші Рамазан Стамғазының орындауындағы «Дүние-ау» әні көрерменді уақыт пен кеңістік шеңберінен асырып, ерекше әсерге бөледі. «Айхай» әнімен Тілеулес Құрманғалиев ашаршылық кезіндегі тұтас бір дәуірдің қасіретін жеткізе білді.

Рухани кеште қазақтың дәстүрлі әншілік мектебінің сабақтастығы сөз болып, Сағатбек Медеубекұлы ұлттық мұраны зерттеу мен насихаттаудың маңызына тоқталды. Халықтың жүрегінен жол тапқан Көдек ақын, Сәдіғожа Мошанұлы, Шарғын Алғазыұлы, Күләй Бектайқызының әндері шырқалды. Соның ішінде Тілеулес Құрманғалиев Құланаян Құлманбеттің «Шабданға айтқаны» мен Бөлтірік Атыханұлының «Ел жарыла көшкенде» әндерін шеберлікпен жеткізді. Жақыпберді Солтанбекұлының «Жақыпбердінің әні» Рамазан Стамғазының орындауында шырқалды.

Ербақ Құрметжанұлы Шалтабай Алпарұлының «Шалтабайдың әнін» жаңаша тыныспен орындады. Барлыбай Нұралы Асан ақын Барманбекұлының «Заманның түрі» шығармасын жаңғыртты. Салтанат Амантұр Рыскелді Сауданұлының «Күлімханға» әнін нәзік иірімдермен паш етті.

   Кеш соңында Кенжехан Матыжанов іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық өнерпаздарға ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады. Бұл іс-шара ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың, өткенге құрмет көрсетудің жарқын үлгісі болды.

                                                                                  Салтанат Бакеева

                                                                         Алматы қаласы.

 

21.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24534
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24195
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41643
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37541
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41917