Бала күнгі наурыз көженің дәмі әлі есімде

Бала күнгі наурыз көженің дәмі әлі есімде

Ауылдағы алғашқы Наурыз – менің бала кезімнен ең ыстық естеліктердің бірі. Көктем келіп, жер бусанып, күн жылығанымен, халықтың ежелгі мейрамы сырттай  үнсіз қалғандай көрінетін. Сталин басқарған коммунистік жүйе Наурызды «ескіліктің белгісі», «көненің қалдығы»  деп таңба басып, қазақтың санасынан өшіргісі келген.  Себебі, Наурыз жай ғана көктемнің келуі емес, бұл  ұлттың жаңғыруы, халықтың рухани тамырына қайта қан жүгіртіп еркіндікке жетелейтін мереке болатын. Наурыз мейрамы Кеңес адамын жаңадан қалыптастыруда идеологиялық қауіпті деп, 1926 жылы Кеңес үкіметінің шешімімен ашық тойлауға тыйым салған. Алайда  қазақтың жүрегінен Наурызды ешкім өшіре алмады. 

Ол ресми билікпен шеттетілгенімен,   қарапайым қазақтың шаңырағында, ошақ басында өмір сүруін жалғастырып, әр қарияның жүрегінің түпкірінде сақталды. Наурыз – қаулымен бекітілген емес, жүрекпен қайтарылған ұлы мереке. Осындай үнсіз қарсылық болуы 1980 жылдарда Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданы көпұлтты Бөгетсай ауылындағы қариялардың  ұлттық дәстүрді  жалғап ұмыт қалдырмауынан көрініс табады. Ауыл тіршілігі баяу ғана жалғасып жатқан кезі болатын. Мен ойын баласымын, көрші балалармен ойнап жүрген шағым. Ауылдас Бөлеков Қази ағайдың анасы Ақыл әже наурыздың 19-ы күні «Самарқанның көк тасы еріген күні» деп, наурыз көжені жаңа жылдың қарсаңында пісіруді ұмытпаған. Сол шаңыраққа сәлем беріп барған барлық жандар, «құттың дәмін» – көжені ауыз тиіп, ерекше әсерде қалатын. Бала көңіл үшін сол бір күндердің әсері ерекше. Анам Гауһар Ақыл әженің үйінен келіп «ауыз ти, балам» деп,  кеседегі буы бұрқыраған ботқаны ұсынғаны есімде. Наурыз көженің ерекше иісі аңқып, алғаш рет сол дәмді татып, әлі күнге дейін балалық шақтың дәмі есімнен кетпейді. Уақыт өте, ол жай ғана тағам емес екенін, ол дәстүрдің, халықтың жадында ұмытылмай сақталған рухтың дәмі болғанына көзім жетті. Сол жылдары коммунистік үкіметтің дәуірі шарықтап тұрса да  Наурыз көже пісірген ауылдастар бір-біріне ақ тілектер айтып, жаңа жылдың келгенін «үнсіз» қарсы алғаны есімде. Бұл – халықтың өз дәстүрі мен тарихына деген құрметінің айғағы. 

Ұлттық құндылықтарды сақтауда діннің де орны ерекше болатын. Ауыл қариялары бес мезгіл намазын қаза етпей, Аллаға тәубе етіп өмір сүрді. Олар үшін дәстүр мен дін ажырамас ұғым еді. Уақыт өте ұлттың рухы қайта жаңғыра бастады. Бұл жолда елдің азаматы Өзбекәлі Жәнібековтың «ұрланған» наурызды қайтаруда  еңбегі айрықша.  1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін ұлттық сананы көтеру қажеттігі айқын сезілді. Осы тұста ақын Мұхтар Шахановтың  Наурыз мейрамы туралы ой-пікірлері халық арасында кең қолдау тапты. 1988 жылы Өзбекәлі Жәнібеков өзінің Қазақ КСР-нің мәдениет министрі болған шенін пайдалана отырып, Наурызды «халықтың талабы» деп Кремльде қорғап шығып, Наурыз мейрамын ресми жоғары деңгейде, елдің қолдауымен алғаш ашық тойладық. Бұл халықтың рухын жаңғыртқан маңызды кезеңдер болатын.

Бүгінде Наурыз – еркіндіктің, бірліктің, жаңарудың ерекше белгісі. Еліміздің алаңдарында киіз үйлер тігіліп, ұлттық әндер шырқалып, ұлттық ойындар өткізіліп, ақ дастарқан жайылады. Бірақ осы сән-салтанаттың астарында талай жылдар бойы үзілмей келген үнсіз дәстүр, өшпеген сенім, болашаққа жарқын үміт жатыр. Осындай сәттерде Бөгетсай ауылындағы Наурыз көженің алғашқы ерекше дәмін еске аламын. Наурыздың шынай мәні тек мерекеде емес, ол қарияның жүрегінде, балалықтың естелігінде, ананың алақанындағы бір кесе Наурыз көже мен халық санасында  сақталған. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген халық даналығы. Осы уақыт арасында адам мен қоғам жаңғырып, жаңа буын ұрпақ келгенімен, тамыры тереңде жатқан құндылықтар жоғалмайды. Наурыз мейрамы – соның айқын дәлелі. Бүгінде ұрпақ үшін Наурыз мейрамы – тек дәстүр емес, ол өткен мен қазіргіні жалғаған алтын көпір.   

Ұлыс оң, ақ мол болсын, Қазақ елі!  

 

Сырым БАЙДРАХМАНОВ,

№13 орта мектептің тарих пәні мұғалімі, 

педагог-зерттеуші,

 Ақтөбе қаласы

26.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24229
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23894
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41359
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37275
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41585