ӘУЕЗОВ АМАНАТЫНА АДАЛ ҚАЛАМГЕР (Қазақстанның Халық жазушысы Ахметжан Ашири хақында эссе)

ӘУЕЗОВ АМАНАТЫНА АДАЛ ҚАЛАМГЕР (Қазақстанның Халық жазушысы Ахметжан Ашири хақында эссе)

Кішілік пен кісілік –  ұлылықтың белгісі!

Махмұд ҚАШҚАРИ

 

Әдебиет – уақытпен бірге жасарып, адам ғұмырымен бірге тереңдей түсетін ұлы өнер. Кейбір қаламгерлер өз дәуірінің шындығын суреттеп қана қоймай, кейінгі ұрпаққа ойы мен сөзі, азаматтық болмысы мен шығармашылық өнегесі арқылы жол сілтеп кетеді. Олардың қаламынан туған дүниелер уақыт озған сайын жаңа қырынан танылып, оқырманын өткен мен бүгіннің арасындағы рухани сабақтастықты сезінуге жетелейді. Нағыз суреткердің қадірі де осында болса керек. Оның ғұмыры – өз алдына бір тарих, шығармалары – сол тарихтың көркем шежіресі. Ал әдебиетке адалдық дегеніміз – бір сәттік шабытпен шектелмей, ғұмыр бойы сөз өнерінің жауапкершілігін арқалау. Осындай ұзақ шығармашылық жолды жүріп өтіп, өзіне тән қолтаңбасын қалыптастырған қаламгерлердің бірі – Қазақстанның Халық жазушысы Ахметжан Ашири.

Қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі, бір өзі бір кітапханаға татитын, артында тұтас дәуірдің рухани жүгін көтерер мол мұра қалдырған Мұхтар  Әуезов – жазушы ғана емес, әдебиетке келген талай жасқа жол көрсеткен ұлы ұстаз. Оның ғұмырының тағы бір үлкен қыры – өзінен кейінгі қаламгерлерге қалдырған өнегесі. Әуезов шәкірттеріне күндіз-түні дәріс оқып, әрқайсысының қолынан жетектеп жүрмесе де, бір ауыз сөзімен, бір ғана кеңесімен олардың бүкіл шығармашылық жолына бағыт сілтей білді. Кейде ұстаздың айтқан бір ауыз сөзі жас қаламгердің санасында ұзақ жылдар бойы жаңғырып, өмірлік темірқазыққа айналады. Әуезовтің әдебиеттегі ұстаздық болмысының қадірі де осында.

Сол ұлы тұлғаның ақыл-кеңесін алған қаламгерлердің қатарында Қазақстанның Халық жазушылары Қабдеш Жұмаділов пен Ахметжан Ашири де бар. Екеуінің де шығармашылық тағдырында Мұхтар Әуезовтің ықпалы мен өнегесі айрықша із қалдырған. Қабдеш Жұмаділовтің Әуезовпен кездесуі, ұлы жазушының жас қаламгерге айтқан ақыл-кеңесі туралы өз алдына арнайы жазған едім, бұл жерде оған тоқталмай-ақ қояйын. Менің айтқым келетіні – Әуезовтің ұйғырдың жас қаламгері Ахметжан Ашириға берген батасы іспетті тағылымды кездесуі.

Ол кезде жас Ахметжан университет қабырғасында жүрген студент еді. Бір күні аяқ астынан «Сені Әуезов шақырып жатыр» деген хабарды естиді. Мұндай сөздің жас қаламгер жүрегіне қалай әсер еткенін сөзбен айтып жеткізу қиын. Қазақ әдебиетінің заңғар тұлғасы, аты аңызға айналған Мұхтар Әуезовтің өзі шақырып жатса, жүректің алып-ұшуы да заңды. Ахметжан асыға жетіп барса, кафедрада Әуезов екі қолын ауада қимылдатып, әлдебір мәтінді хатшысына диктовка жасап отыр екен. Жас жігітті көрген соң әңгімеге көшеді.

Әуезов Ахметжанның шығармашылығынан да хабардар болып шыққан. Оның ұйғыр тілінде жазылған «Ақ көйлекті әйел» және «Солмас гүл» атты әңгімелерін оқып шыққанын айтып, жас қаламгердің алғашқы ізденістеріне назар аударған. Әңгіме барысында ұлы жазушының: «Ә дегенде не жазсаң да, әуелі өз ана тіліңде жаз» деген мағынадағы кеңесі айтылады. Бір қарағанда қарапайым көрінетін осы сөздің астарында тұтас бір әдеби-философиялық ұстаным жатыр. Бұл – өзге тілді жоққа шығару емес, ең алдымен суреткердің өз халқының жан дүниесін, дүниетанымын, тілдік бояуын, ұлттық жадын өз ана тілінің табиғи қуаты арқылы таныта алатынын меңзеген сөз.

Әуезовтің осы кеңесін Ахметжан Ашири кейінгі шығармашылық ғұмырының өзегіне айналдырғаны аңғарылады. Себебі қаламгердің шығармашылық болмысында ана тілінің тағдыры, ұлттық рух, тарихи жады мен адамдық құндылықтар үнемі қатар өріліп отырады. Жазушы өз ұлтының сөз өнерін қазақ әдебиетімен, жалпы әлемдік әдеби үдерістің озық үлгілерімен сабақтастыра отырып, өзіндік көркемдік кеңістігін қалыптастырды. Демек, Әуезовтің әлгі бір ауыз сөзі жас қаламгердің құлағында қалып қойған жай кеңес емес, оның қаламгерлік жолына бағдар болған үлкен аманат деуге болады.

Осы кездесудің тағы бір есте қаларлық тұсы – диплом алар кездегі сынақ кітапшасына байланысты оқиға. Әуезов жас Ахметжанға: «Мына зачеткаңды Амандосовтарға берме, тығып қой. Олар архивке өткізіп тастайды да, солай жоғалады», – деп, сынақ кітапшасына шиырып тұрып қолын қойған екен. Ұстаздың бұл сөзін Ахметжан да ұмытпайды. Оқу орны қайта-қайта сұраған сайын «жоғалтып алдым», «киім ілгіште сырт киіміммен бірге ұрлап кетті» деген секілді түрлі сылтау айтып жүріп, әлгі сынақ кітапшасын оқу орнына өткізбейді. Сөйтіп, ұлы жазушының өз қолымен қойған қолтаңбасы бар сол шағын ғана кітапша бүгінге дейін жазушының үйінде сақтаулы.

Бүгінде ол – жай ғана студенттік сынақ кітапшасы емес. Жас қаламгердің ұстазбен жүздескен шағын ғана сәтін, ұлы жазушының ықыласын, бір дәуірдің әдеби рухын сақтап тұрған қымбат жәдігер. Ахметжан Ашири оны көзінің қарашығындай сақтап келеді. Өйткені кейде адамның ғұмырындағы ең қымбат дүниелердің сыртқы өлшемі шағын болғанымен, рухани салмағы аса үлкен болады. Сол зачетка да – Әуезовтен қалған көзге көрінерлік белгі, ұлы ұстаздың шәкіртіне берген үнсіз батасы, қаламгерлік жолдың алғашқы белесінен жеткен естелік-бойтұмар.

Ал Әуезовтің «шығармаларыңды негізінен өз ана тіліңде жаз» деген кеңесіне қайта үңілсек, оның астарынан ұлы жазушының ұлт пен әдебиет мәселесіне деген терең көзқарасын танимыз. Мұнда тар ұлтшылдық емес, қайта ұлттың рухани болмысын құрметтеген гуманистік ұстаным бар. Өз ана тілінде жазған қаламгер ғана белгілі бір халықтың ішкі әлемін, ұлттық мінезін, ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымын барынша табиғи жеткізе алады. Әуезовтің өзі де қазақтың сөз өнерін әлемдік деңгейге көтере отырып, ұлттық әдебиеттің мүмкіндігі қаншалықты кең екенін дәлелдеп кеткен еді.

Сондықтан Ахметжан Ашири мен Мұхтар Әуезовтің сол бір кездесуін екі қаламгердің жай ғана жүздесуі деп қарау аздық етеді. Бұл – қазақ әдебиетінің ұлы ұстазы мен ұйғыр әдебиетінің болашағынан үміт күттірген жас қаламгердің арасындағы рухани сабақтастықтың бір көрінісі. Әуезовтің бір ауыз сөзі жылдар өте келе өз мәнін тереңдете түскен. Ал сол сөзді жүрегіне сақтап, шығармашылық жолына бағдар еткен Ахметжан Ашири де өзінің әдеби мұрасымен сол аманатқа адалдығын көрсете білді.

Бүгінде 90 жасқа таяған Ахметжан Ашири – әдебиеттегі өз биігін әлдеқашан белгілеп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, соңынан әдеби мектебі мен мол шығармашылық мұра қалдырған Халық жазушысы. Жас кезінде Мұхтар Әуезовтен естіген «әуелі өз ана тіліңде жаз» деген аманатқа қаламгер ғұмырының соңына дейін адалдық танытып келеді. Оның шығармаларының басым бөлігі ұйғыр тілінде дүниеге келуі – осы ұстанымының нақты көрінісі. Бұл ретте оның шығармашылығы бір ғана ұлттың әдеби шеңберімен шектелмей, қазақ әдебиетімен де етене сабақтасып, екі халықтың рухани жақындығын танытатын құбылысқа айналды.

Қазақ пен ұйғыр тілдерінің туыстығы мен өзара жақындығын әдеби ортада талай қаламгер айтып жүргені белгілі. Осыған байланысты қазақ әдебиетінің классигі Қалихан Ысқақтың Ахметжан Аширидің бір кітабын сұрап алып, ұйғыр тілінде оқып шыққаннан кейін: «Ақа, ұйғыр мен қазақ тілі ұқсас екен ғой. Мен аудармасыз-ақ бәрін түсіндім», – деген сөзі бар екен. Бұл – екі тілдің жақындығын ғана білдіретін қарапайым пікір емес, түбі бір туыс халықтардың рухани дүниесінің жақындығын аңғартатын сөз. Әдебиет үшін тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, халықтың жадын, мінезін, дүниетанымын бойына сіңірген тірі әлем. Сондықтан қазақ пен ұйғыр әдебиетінің бір-біріне жақын тұстарының болуы да заңды.

Ахметжан Аширидің қазақ әдеби ортасымен аралас-құраластығы да осы рухани жақындықтың табиғи жалғасы іспетті. Ол ұзақ жылдар Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарып, қазақ қаламгерлерімен қатар жүріп, қанаттасып еңбек етті. Әдеби ортадағы қарым-қатынасты қызметтік байланыс деңгейінде қалдырмай, талай жазушымен шынайы достық орнатты. Оның адаммен тіл табыса білетін қарапайым болмысы, үлкенге құрметі, кішіге ізеті, әдебиетке деген адалдығы айналасындағылардың жүрегінен орын тапты.

Сондықтан бүгінгі күні кез келген қаламгердің Ахметжан Ашири туралы сөзін тыңдасаңыз, әңгіме көбіне оның шығармашылығынан бұрын адамдық қасиетінен басталатыны байқалады. Бірі оның азаматтығын айтса, бірі сыйластығын еске алады, енді бірі шығармаларының көркемдік қуатына тоқталады. Мұның өзі – қаламгердің әдебиеттегі ғана емес, адамдық ғұмырдағы да өз орнын тапқанын көрсететін үлкен өлшем. Өйткені жазушының артында қалатын ең қымбат мұра тек кітап емес, оның адамдардың жүрегінде қалдырған іздері болса керек.

Ахметжан Аширидің әдеби мұрасында «Идиқут», «Тататунга» секілді бірқатар ірі шығармалар айрықша аталады. Бұл туындылар қаламгердің тарихи тақырыпқа, ұлт тағдырына, адам болмысына терең бойлай алатын суреткер екенін танытты. Оның шығармаларынан өткен дәуірдің елесі ғана емес, бүгінгі күнмен тілдесетін ойлар да табылады. Тарихты көркем шығармаға арқау еткенде өткенді жай баяндап шығу оңай. Ал сол тарихтың ішінен бүгінгі адамға қажетті сауалдарды табу – нағыз суреткердің міндеті. Ахметжан Ашири шығармашылығының бағалы тұстарының бірі де осында.

Қаламгердің шығармашылық қуатын оның жасы да айқын аңғартады. Сексеннен асқан шағында жазушының қаламын суытып, шығармашылық тынысын тоқтатпауының өзі құрметке лайық.

Ахметжан Ашири 87 жасында «Түркінаме» атты романын аяқтап, оны кітап етіп оқырманға ұсынды. Тоқсанға таяған қаламгердің осындай көлемді шығарма жазып, жарыққа шығаруы – сирек кездесетін шығармашылық құбылыс. Мұндайда адамның жасы емес, рухының сергектігі мен ойының қуаты алдыңғы орынға шығады.

Бірде Ахметжан атаның өзінен осы жайында естіген бір сөзі есімде қалыпты. Ол: «Махмұд Қашқари бабамыз 87 жасында өзінің кітабын аяқтаған екен. Жаратушы маған да сондай бақытты сыйлағанына шүкір деймін», – деген еді. Осы бір ауыз сөздің өзінен қаламгердің әдебиетке деген ықыласын, тарихи сабақтастықты сезінуін және өз еңбегін ұлы бабаның рухани мұрасымен байланыстыра бағалайтын парасатын аңғаруға болады.

Махмұд Қашқари түркі дүниесінің тілін хатқа түсіріп, «Диуани лұғат ат-түрік» арқылы ұланғайыр рухани кеңістіктің сөздік қазынасын кейінгі ұрпаққа аманат етсе, Ахметжан Ашири де өз дәуірінде ұйғыр халқының тарихи жадын, ұлттық болмысын, рухани ізденістерін көркем сөзбен өрнектеуге ғұмырын арнады. Сондықтан оның 87 жасында роман аяқтауын жай ғана жас ерекшелігіне байланысты таңғаларлық дерек ретінде емес, қаламгердің әдебиет алдындағы жауапкершілігінің, шығармашылық ғұмырға деген адалдығының белгісі ретінде қабылдаған жөн.

Кейде қаламгердің жасы ұлғайған сайын оның қаламы баяулайтын шығар деп ойлаймыз. Ал Ахметжан Аширидің шығармашылық жолы бұл түсінікті жоққа шығарады. Керісінше, жылдар оған көркемдік тәжірибе, өмірлік байып, тарихи таным, адам мінезін таразылайтын тереңдік берген. «Түркінаменің» дүниеге келуі – соның бір айғағы. Сексен жеті жаста роман аяқтау – жастықтың екпінімен емес, ғұмыр бойы жинаған рухани тәжірибенің қуатымен келген еңбек.

Әуезовтен алған аманат, Қалихан Ысқақ секілді қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерімен болған рухани байланыс, Қазақстан Жазушылар одағындағы ұзақ жылғы қызметі, қазақ қаламгерлерімен етене араласқан жылдары және ұйғыр әдебиетіне сіңірген өлшеусіз еңбегі – осының бәрі Ахметжан Аширидің шығармашылық тұлғасын біртұтас арнаға тоғыстырады. Оның өмір жолына үңілгенде қазақ пен ұйғыр әдебиетінің арасындағы рухани көпірді де көреміз. Ал сол көпірдің екі жағында екі халықтың әдебиеті ғана емес, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық пен бауырластықтың терең тамыры жатыр.

Бүгінде Ахметжан Ашири – сол тамырдан нәр алған, өз дәуірінің әдеби шежіресіне айналған қаламгер. Ең бастысы, ол әдебиетке өз сөзін қосты, өз ұлтының сөз өнеріне қызмет етті және сол арқылы қазақтың әдеби кеңістігін де байыта түсті. Ал 87 жасында аяқтаған «Түркінаме» – оның шығармашылық ғұмырының соңғы нүктесі емес, қайта қаламгерлік қуаттың жасқа бағынбайтынын дәлелдейтін тағы бір жарқын белесі.

Өз қатарластары Қабдеш Жұмаділов, Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақ, Оразақын Асқар, Аманжан Жақыпов, Марфуға Айтқожиналармен жақын араласып, тату болған Ахмет Ақсопыұлы туралы да олардың сыйластықтары өте жоғары болған. 

 Ахметжан Аширидің «Түркінаме» романы бүгінгі әдеби айналымға еніп, оқырман қауымның назарын аудара бастаған шығармалардың бірі деуге болады. Мен бұл туындыны түпнұсқадан, яғни ұйғыр тілінде оқып шықтым. Осы орайда қазақ пен ұйғыр тілдерінің өзара жақындығына тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдым. Кей тұстарда сөз саптауы мен сөйлем құрылымынан, ұғымдар мен бейнелі тіркестерден екі тілдің туыстығы анық аңғарылады. Бұл жақындық шығарманы түпнұсқада қабылдауға да айрықша мүмкіндік береді.

Дегенмен «Түркінамені» қызықты еткені тілдік жақындығымен ғана шектелмейді. Романнан алған әсерімнің ерекше болуына ең алдымен шығарма өзегіне алынған тарихи тұлға мен автордың оны көркем игеру шеберлігі себеп болды. Махмұд Қашқари – бір ғана халықтың емес, күллі түркі дүниесіне ортақ ұлы баба. Оның есімі түркі халықтарының ортақ рухани тарихымен, тілімен, мәдениетімен сабақтасып жатыр. Осындай алып тұлғаның өмірі мен идеяларын көркем шығармаға арқау ету – жазушыдан терең тарихи біліммен бірге үлкен суреткерлік жауапкершілікті талап етеді. Ахметжан Ашири осы міндетті өзіндік көркемдік шешімімен игеруге ұмтылған.

Романды оқи отырып, жазушының тарихи деректі құрғақ баяндап қана қоймай, оны адам тағдырымен, заман тынысымен, кейіпкерлердің ішкі әлемімен астастыруға тырысқанын аңғаруға болады. Махмұд Қашқари тұлғасы арқылы белгілі бір кезеңнің саяси-әлеуметтік ахуалы ғана емес, түркі жұртының рухани ізденісі, тілге деген құрметі, елдік сана мен ұрпақ алдындағы жауапкершілігі де көрініс табады. Осы тұрғыдан алғанда «Түркінаме» – өткенді сөз ететін шығарма ғана емес, бүгінгі оқырманға да ой салатын туынды.

Романның тағы бір ұнаған ерекшелігі – композициялық құрылымы. Шығарма шағын тараушаларға бөлініп жазылған. Бұл тәсіл оқырманды көлемді мәтіннің салмағымен қажытып жібермей, бір оқиғадан екіншісіне табиғи жетелейді. Әр тарауша өз алдына белгілі бір ойды, оқиғаны немесе тарихи кезеңді қамти отырып, келесі беттерге қызығушылық оятады. Бір тарауды аяқтаған соң, «әрі қарай не болады?» деген сауалдың туындауы – автордың оқырман назарын ұстай алғанын көрсететін белгі. Осы арқылы жазушы тарихтың қалың қатпарларына оқырманды біртіндеп енгізеді.

Меніңше, тарихи романның құндылығы – оқырманды өткен дәуірге апарып қана қоймай, сол дәуірдің адамын бүгінгі адамға түсіндіре алуында. «Түркінаме» осы бағытта ойлануға мүмкіндік береді. Өйткені тарих – мұражайдағы үнсіз жәдігер емес, бүгінгі санамызбен тілдесетін тірі құбылыс. Ахметжан Ашири де өткен ғасырлардың оқиғаларын қазіргі оқырманның қабылдауына жақындатуға ұмтылады.

Қазір жазушының «Жалғыз жалбыз» атты кітабын түпнұсқадан оқу үстіндемін. Бұл шығармамен танысуымның мен үшін тағы бір ерекше мәні бар. Болашақта аталған кітапты аударуды Ахметжан атамыздың өзі маған сенім артып тапсырды. Мұндай сенімнің мен үшін жауапкершілігі де, рухани салмағы да зор. Бір жағынан, бұл – үлкен қаламгердің шығармасын өзге тілге жеткізу міндеті болса, екінші жағынан, ұйғыр әдебиетінің біртуар өкілінің сөз әлемін қазақ оқырманына таныстыру мүмкіндігі. Аудармашы үшін автордың ойын ғана емес, оның көркемдік тынысын, сөзінің бояуын, ұлттық дүниетанымын жеткізу маңызды. Сондықтан «Жалғыз жалбызды» аудару мен үшін шығармашылық тұрғыдан да, азаматтық тұрғыдан да үлкен жауапкершілік болмақ.

Ахметжан Аширидің шығармашылық мұрасын қазақ оқырманына жақындатқан тағы бір маңызды арна – оның туындыларының қазақ тіліне аударылып, көрнекті қаламгерлер тарапынан жоғары бағалануы. Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақ, Дүкенбай Досжан,  Дидахмет Әшімханұлы сынды қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлері Ахметжан Аширидің бірқатар шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап қана қоймай, оның суреткерлік болмысы мен шығармашылық ерекшелігі туралы жылы лебіздерін баспасөз беттерінде білдірді. Бұл – жазушы шығармашылығының өзге әдеби ортада да лайықты бағасын алғанын көрсететін елеулі құбылыс.

Әдебиетте мұндай рухани көпірдің орны бөлек. Бір халықтың қаламгерін екінші халықтың көркем сөзіне аудару – жай ғана тіл алмастыру емес, екі әдебиеттің арасындағы терезені кеңейту. Аудармашы өзге ұлттың қаламгерін оқырманына таныстыра отырып, оның шығармашылық әлемін, ұлттық дүниетанымын, тарихи жадын бірге алып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, қазақтың көрнекті жазушыларының Ахметжан Ашири шығармашылығына ден қойып, оны қазақ оқырманына жеткізуі тамыры бір,  қос әдебиеттің өзара ықпалдастығының жарқын мысалы.

Ахметжан атаның өзі де әдебиетті біржақты қабылдамайтын, кейінгі буынға назар аударып отыратын қаламгер. Жасы ұлғайғанына қарамастан, жас жазушылардың шығармаларын назардан тыс қалдырмайды. Олардың туындыларын үстірт шолып қана қоймай, тұтас оқып шығып, өз пікірін білдіріп отырады. Бұл – қаламгердің әдебиетке деген шынайы жанашырлығын аңғартатын қасиет. Өйткені үлкен жазушының кейінгі буынға жасаған ең үлкен жақсылығының бірі – оның шығармашылығына назар аударып, бағыт-бағдар беруі, өзінен кейін келе жатқан қаламгерлерге сенім білдіруі.

Осындай ықыластың арасында өзімнің де болғаныма қуаныштымын. Ахметжан атаның менің шығармаларымды оқып, пікір білдіруі мен үшін жай ғана үлкен қаламгердің бағасы емес, шығармашылық жолымдағы жауапкершілікті арттыратын рухани қолдау. Ұстаздан шәкіртке, аға буыннан кейінгі буынға жалғасатын осындай байланыс әдебиеттің үзілмейтін табиғи арнасын қалыптастырады. Өйткені әдебиетте ұрпақ сабақтастығы болған жерде ғана көркем ойдың жалғастығы да баянды болмақ.

Ахметжан Аширидің бүгінгі жасы – қаламды қолға алмауға себеп емес, керісінше, ұзақ жылдар бойы жинаған өмірлік тәжірибені көркем сөзге айналдыратын кемел шақ. Тоқсанға таяған шағында да қаламгердің жаңа шығармаларға ой жүгіртіп, тың идеялармен өмір сүріп отырғаны сүйсіндіреді. Бірде атамен сұхбаттасып отырып, оның алма бағының бағбаны туралы тамаша бір шығармашылық идеясы бар екенін естіген едім. Қарапайым ғана көрінетін алма бағы мен оның бағбаны арқылы қаншама өмірлік мағынаны, адам тағдырын, уақыт пен ұрпақ сабақтастығын суреттеуге болатынын ойлағанда, бұл идеяның өзінен-ақ жазушының көркем ойының әлі де сергек екенін аңғаруға болады.

Бәлкім, алма бағының әр ағашы – адамның ғұмыры секілді шығар. Бірі көктейді, бірі жеміс береді, бірі тамырымен тереңге бойлайды. Ал бағбан болса, сол бақтың тынысын сезініп, әр ағаштың тілін білетін адам. Бұл тұрғыдан қарағанда, Ахметжан Аширидің өзі де әдебиет атты үлкен бақтың ұзақ жылдар бойы жемісін баптаған бағбаны іспетті. Оның шығармалары – сол бақтан оқырманға ұсынылған жемістер. Ал әлі қағазға түспеген идеялары бар екені – бұл бақтың әлі де жеміс береріне деген үмітімізді күшейте түседі.

Тоқсанға таяған қарт қаламгерден біз әлі де талай шығарма күтеміз. Себебі шығармашылықтың ғұмыры адамның жасымен өлшенбейді. Нағыз қаламгердің ойы сергек, жүрегі әдебиетпен бірге соғып тұрса, оның жазар дүниесі де таусылмайды. Ахметжан Аширидің «Идиқут», «Тататунга»,  «Түркінаме» секілді шығармалары оның тарихи тақырыпты терең игергенін көрсетсе, жаңа идеялары оның қаламгерлік әлемінің әлі де жабылмағанын аңғартады.

Бізге керегі де – осы. Өткенін таразылап, бүгінін бағамдап, ертеңге ой тастайтын ақсақал қаламгердің жаңа туындыларын күту. Жаратушы Ахметжан атамыздың деніне саулық, ғұмырына береке беріп, көңіліндегі көркем ойларын қағазға түсіріп, оқырманымен қайта қауышуына мүмкіндік берсін деп тілейміз. Өйткені тоқсанға таяған қаламгердің әрбір жаңа шығармасы – бір адамның ғана емес, тұтас бір әдеби дәуірдің рухани жалғасы.

Ахметжан Ашири – өз ұлтының әдебиетіне ғана емес, Қазақстанның ортақ рухани кеңістігіне еңбек сіңірген қаламгер. Оның өмір жолына көз салғанда, қазақ пен ұйғыр әдебиетінің өзара сабақтастығын, аға буын мен жас қаламгер арасындағы рухани байланысты, әдебиеттің ұлт пен ұлысты жақындастыратын қуатын көреміз. Мұндай қаламгерлердің қадірі де осында. Олар өз халқына қызмет ете отырып, өзге жұрттың рухани әлеміне де жол ашады. Сондықтан Ахметжан Ашири туралы сөз – бір жазушының шығармашылығы жайлы ғана сөз емес. Бұл – ұстаздан шәкіртке жеткен аманат, ана тілге деген адалдық, екі әдебиетті жалғаған рухани көпір, бірнеше буын қаламгерді тоғыстырған әдеби орта туралы сөз. Ең бастысы, бұл – әдебиеттің адамды жақындастыратын, халықтарды табыстыратын, уақыттан биік тұратын ұлы қасиетіне деген құрмет!

 

Қанат АЛТЫНБЕК,

жазушы, зерттеуші,

Қазақстан Жазушылар

 одағының мүшесі,

ҚР Ұлттық кітапханасының 

Ғалым хатшысы

 

20.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27078
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26547
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43876
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39668
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44227