Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы қоғамдық көлікке, соның ішінде LRT жүйесіне мониторинг жүргізіп, жұмысын реттейтін Бірыңғай диспетчерлік орталықтың қызметімен танысты.
Мемлекет басшысы жеңіл рельсті көліктің пайдалануға берілуі Астана мен еліміз үшін ерекше маңызды оқиға екенін атап өтті. Мемлекет басшысы LRT құрылысын жүргізіп жатқан қытайлық компания өкілдері мен CTS Transportation, Astana LRT жұмысшыларына сәттілік тілеп, жобаны одан әрі жалғастыруды тапсырды.
Содан кейін Президент Astana LRT жұмысын іске қосты.
Мемлекет басшысы LRT жүйесінің алғашқы жолаушысы ретінде «Әуежай» станциясынан «Ұлттық музей» станциясына дейін жүрді.
LRT жүйесінің әр құрамы 600-ден астам жолаушы тасымалдауға арналған.
LRT инфрақұрылымында 18 станция мен заманауи депо бар. Бағыт бойынша жолдың ұзақтығы шамамен 40 минутты құрайды.
Алдағы уақытта «Астана-1» вокзалы, «Жағалау» шағын ауданы, Қосшы қаласы бағыты бойынша жаңа желінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.















