Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен Есіл контрреттегішін салу жобасын іске асыруға арналған көшпелі кеңес өткізді.

Былтыр қазан айында Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғауға бағытталған жоба мемлекеттік сараптамадан өткен болатын. Контрреттегіштің жалпы сыйымдылығы - 873,41 млн текше метр. Бөгеттің ұзындығы - 3443 метр. Құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр.

Контрреттегіш тасқын суды жинақтап, реттеуге мүмкіндік береді. Бұл Есіл өзенінің төменгі ағысында судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және Петропавл су қоймаларының тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар өзен жайылмасындағы экологиялық ахуалды жақсартады. Бұдан бөлек, нысан Ақмола облысындағы 25 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Нұржан Нұржігітов Есіл контрреттегішін салу жоспарланған аумаққа барып, дайындық жұмыстарының барысымен танысты.
«Бұл – Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан стратегиялық маңызы зор жоба. Оның ауқымы мен Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын ескере отырып, барлық жоспарланған жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажет. Есіл контрреттегіші Мемлекет басшысының тасқын суды жинақтау және тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмасын іске асырудағы маңызды қадам болмақ», – деді Су ресурстары және ирригация министрі.

Ақмола облысына жұмыс сапары кезінде Нұржан Нұржігітов Целиноград ауданындағы Покровка жерасты су кен орнынан Талапкер және Қажымұқан ауылдарына дейін тартылып жатқан су құбырының құрылысымен де танысты. Қазіргі уақытта мердігер ұйым жоба бойынша қарастырылған 19 ұңғыманың барлығын бұрғылау жұмыстарын аяқтады. Жоспарланған 86,5 шақырымның 83,5 шақырымына құбыр төселіп, электрмен жабдықтауға арналған 597 темірбетон тіректің 437-сі орнатылды.
Бүгінде нысанда бірінші және екінші көтергіш сорғы станцияларының, су тазарту станциясының, сондай-ақ бастапқы және таза су резервуарларының құрылысы жүргізіліп жатыр. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жоба жүзеге асқаннан кейін Талапкер, Қажымұқан және Төңкеріс ауылдары орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, Арайлы ауылындағы сумен жабдықтау жүйесі жақсарады.

Одан кейін министр Сандықтау ауданына барып, Красная Поляна, Петриковка және Арбузинка ауылдарын сумен қамту жүйесінің құрылысы қалай жүріп жатқанымен танысты. Қазіргі таңда жоба аясында 22,1 шақырым құбыр желісі толық тартылып, су алу құрылғысы мен су құбыры нысандарының екі алаңы салынған. Қосымша екі ұңғыманы бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Жобаны биыл аяқтау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов Жабай өзеніндегі жұмыстардың барысымен танысты. Бүгінде ұзындығы 7,3 шақырым болатын учаскеде өзен арнасын 120 метрге дейін кеңейту және түбін 3 метрге дейін тереңдету жұмыстары толық аяқталған. Алдағы уақытта өзен жағалауларының еңістерін тегістеу және жерсорғыш техниканың көмегімен өзен түбін қосымша 1,5 метрге тереңдету жұмыстары жүргізіледі.
Жоба Жабай өзенінің су өткізу қуатын арттыруға бағытталған. Нәтижесінде Ақмола облысында көктемгі су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуі қамтамасыз етіледі.
ҚР Су ресурстары және ирригация
министрлігінің баспасөз қызметі














