Аңыз адам – Ерванд Ильинский

Аңыз адам – Ерванд Ильинский

27 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийді қабылдап, оған  «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын салтанатты түрде табыстады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

 

Мемлекет басшысы Қазақстан мен әлем альпинизмінде аты аңызға айналған тұлғамен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.

– Өзіңіздің зор қажыр-қайратыңыз бен аса жоғары кәсібилігіңіздің арқасында Қазақстан Республикасының көк Туы Жер шарының асу бермес асқарларында желбіреді. Әлемнің ең биік нүктелерін бағындырған тәжірибелі шыңға өрмелеуші, халықаралық турнирлердің жеңімпазы ретінде дүние жүзіне даңқыңыз жайылды. Эверестке шығып, беделді «Жеті шың» клубына мүше болған алғашқы қазақстандық атандыңыз. Сізді елімізде альпинизм мектебінің негізін қалаушы ретінде құрметтейді. Отандық мектеп Қазақстанның жаһандық брендіне айналды. Талап мен тәртіпті қатар қоятын талантты бапкерден бір шоғыр альпинист-спортшылар тәлім алды. Олардың қатарында әлем рекордын жаңартқан, чемпион атанған, халықаралық альпинизм қозғалысының элитасына кірген мықтылар баршылық. Бапкерлікпен шұғылданған уақыт ішінде жүзден астам спорт шеберін даярладыңыз. Шәкірттеріңіздің арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, тіпті еңбек сіңірген спорт шеберлері де бар. Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақстан құрамасы әлемде бірінші болып биіктігі 8 мың метрден асатын барлық 14 шыңға шықты. Мұның өзі бірегей жетістік саналады. Спортшыларымыз альпинизмнің сіз қалыптастырған даңқты дәстүрін жалғастырып, көптеген халықаралық сайыстан табысты оралып жүр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Тихоновичтің асыл қасиеттері мен адамдарға, әсіресе альпинистерге деген шынайы қамқорлығын жоғары бағалады.

– «Адам өмірі ең жоғары спорттық жетістіктерден құнды» деген теңеуіңіз альпинистер арасында қанатты сөзге айналып кетті. «Альпинизм – адам мен табиғат арасындағы шахмат ойыны» деп дәл айтқансыз. К2 (Чогори) шыңын бетке алған командаңыздың алай-дүлей боранға тап болғаны мәлім. Сол сәтте шыңның ұшар басына қол созым жер қалғанына қарамастан, кері қайттыңыз. Мұндай шешім қабылдау оңай емес. Осыдан-ақ дана, мейірбан жан екеніңізді аңғарамыз. Жетістік пен жеңіске ешқашан масаттанған емессіз. Бәріне белгілі, үйреншікті бағыттармен жүргенде де сақтықты ұмытпадыңыз. Кез келген жорыққа осылай тыңғылықты дайындалу даңқты альпинист, спортшы, тәлімгер ретінде сіздің «төлқұжатыңызға» айналды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде альпинизмді насихаттауда Ерванд Ильинскийдің орасан жұмыс атқарғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Тихоновичтің ғұмыр жолын жасампаз патриотизмнің, айрықша жанқиярлық пен аса жоғары кәсібиліктің жарқын үлгісі деп санайды.

– Жастар табанды әрі өнімді еңбек әрдайым лайықты бағасын алатынын көруге тиіс. Табыстың оңай келмейтінін түсінген жөн. Еңбек – бәрін жеңбек. Мейлі, спортта, бизнесте, білімде, ғылымда, далалық жұмыста не зауытта болсын, өз ісіне шын берілген, көздеген мақсаты айқын адамдар өмірлік мұратына жетеді. Құрметті Ерванд Тихонович Ильинский сияқты азаматтар – қоғамның тірегі, ерлік пен еңбекқорлықтың, төзімділіктің жарқын үлгісі. Сондықтан мен сізге альпинизмдегі аса үздік жетістіктеріңіз, сондай-ақ ел спортының дамуына қосқан елеулі үлесіңіз және белсенді қоғамдық қызметіңіз үшін жоғары ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Бүгін осы награданы өзіңізге зор құрметпен тапсырамын. Ерванд Тихонович, сізге мықты денсаулық, бақ-береке, мол табыс тілеймін! Альпинистер арасында «Өзіңізді сақтаңыз!» деген сөз жиі айтылады. Сізге және жаныңызда жүріп, серік болған шәкірттеріңізге осы тілекті арнағым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ерванд Ильинский атқарған қызметіне жоғары баға беріп, отандық альпинизмге айрықша көңіл бөлгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Мұны Қазақстан альпинистер қауымы жеткен жетістіктердің мемлекет деңгейінде танылуы деп түсінемін. Шын мәнінде, біздің табысымызды шетелдік альпинистер де мойындайды. Осыған куә болғаныма қуаныштымын, – деді ұлттық құраманың тәлімгері.

Ерванд Ильинский 1940 жылы Ресейдің Воронеж қаласында дүниеге келген. «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «КСРО спорт шебері» атағын еншілеген танымал альпинист. Болашақ альпинистің ата-анасы 1949 жылы Алматыға көшіп келеді. Ол 1968 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын автоматика және телемеханика мамандығы бойынша бітіреді. Институтқа дейін ол семсерлесу және бессайыспен айналысты, бірақ бір күні журналист және тауға шығушы Сарым Кудерин Ервандқа таулар туралы өлеңдер жинағын және мұз балтасын сыйға тартады. Бұл кітап оның тағдырын күрт өзгертеді. Кудерин институттың альпинизм секциясында Ильинскийдің алғашқы жаттықтырушысы болды, бірақ 1963 жылы Сванетидегі альпинизм кезінде қаза табады. Ильинский оның орнын басып, «Буревестник» студенттік командасының жаттықтырушысы болады. Содан бері ол 40 жылға жуық уақыт бойы ЦСКА мен Қазақстан ұлттық альпинизм құрамасының тұрақты бас жаттықтырушысы болды.

Ерванд Ильинскийдің есте қаларлық оқиғаларының ішіндегі ең атақты сапары 1982 жылғы Гималай экспедициясы болыпты. Ол қатысқан топтың жартысына жуығы қазақстандықтар екен. Олардың арасында Қазбек Уәлиев, Валерий Хрищатый, Юрий Голодов, Сергей Чепчев қатарлы танымал альпинистер болған. Уәлиев пен Хрищатый 8 мамырдан 9 мамырға қараған түні Эверестке көтерілмек болады. Бірақ орта жолда қатты аяздан ары қарай қозғала алмай қалады. Сол кезде Ильинский мен Чепчев әлгі екі альпинисті 8500 метр биіктіктен төмен аман-есен алып түседі. Бұл көзсіз ерлік альпинизм тарихында қазірге дейін кездеспеген екен.

Дайындаған – 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

01.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24202
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23875
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41339
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37255
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41564