Алматы қаласы Вейптердің заңсыз айналымын бақылауды күшейтті

Алматы қаласы Вейптердің заңсыз айналымын бақылауды күшейтті

Өңірлік коммуникациялар қызметінде  вейптердің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мен азаматтардың денсаулығына келтіретін зиянның алдын алу жағы талқыланды. Құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласының өкілдері қолданыстағы тыйымға қарамастан, электронды темекілерді заңсыз сату тоқтамай отырғанын, жастардың оларға әуес болуы халықтың денсаулығына әжептәуір қауіп төндіріп отырғанын атап өтті.

Алматыдағы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Жақсылық Құттықов вейптердің заңсыз айналымымен күрес мекеменің жұмысының басым бағытының бірі екеніне тоқталды. 

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында темекі өніміне қатысты заңсыз жүйенің жолын кесуге бағытталған профилактикалық және жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары вейптер жасөспірімдердің арасында көп тарап, бұл үлкен алаңдаушылық туғызып отыр», – дейді ол. Бастапқыда вейптерді темекіге қауіпсіз балама ретінде ұсынғанымен, іс жүзінде ол никотинге тәуелділіктің жаңа түріне айналған. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1-бабына сәйкес айыппұл, қоғамдық жұмыс, қамауға алу, ұйымдасып істеп, ірі көлеммен ұсталса бес жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын еске салды. Мәселенің медициналық қырын Алматы қалалық Психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев түсіндірді. Ол вейптердің адам ағзасына әсер ету механизмін жан-жақты баяндады. Маманның айтуынша, вейптердің қауіпсіздігі ғылыми түрде расталмаған.

«Тіпті никотинсіз вейптің өзі денсаулыққа қауіпті. Құрамында канцерогендер бар бу тыныс алу мүшелері мен жүрек-қан тамыры жүйесіне кері әсер етеді. Оның әсері жинақталып, уақыт өте келе бронх демікпесіне, созылмалы бронхит пен жүрек ауруына алып келуі мүмкін», – деп сақтандырды. Оның сөзінше, балалар мен жасөспірімдердің вейп қолдануы ерекше алаңдаушылық туғызады.

«Хош иістендіргіш пен ауыр металдар ағзаның жетілуіне атсалысатын  эндокриндік жүйеге әсер етеді. Жасөспірім кезде бұл аса қауіпті. Қазірдің өзінде басы жиі ауырып, есте сақтау қабілеті төмендеп, ашушаң болып, депрессияға ұшырағандардан біраз шағым түсті», – деді орталық директоры.

2024 жылғы 19 сәуірде Қазақстанда электронды темекі мен вейпті сатуға, өндіруге және таратуға толық тыйым салатын заңға қол қойылғанын айтты.

«Психикалық денсаулық орталығы тұрақты түрде профилактикалық жұмыс жүргізеді. 2025 жылдың өзінде біздің мамандар білім беру ұйымдарында 220-дан астам семинар өткізіп, 30 мыңнан астам адамды қамтыды. Мақсатымыз – «зияны жоқ» шылым болмайтынын түсіндіру», – деп түйіндеді Рахменшеев.

Баспасөз конференциясына қатысушылар тұрғындарды, әсіресе жастарды өз денсаулығына жауапты қарап, вейп қолданудан бас тартып, электронды темекіні заңсыз сатқандар болса тиісті органдарға хабарлауға шақырды.

Г. ТҰРЛЫБЕКОВА

 

26.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23623
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23277
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39826
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36761
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40932