⚡️ Әлеуметтік желілерде аулаларда және саябақтарда құстарды, тиіндерді, қаңғыбас иттер мен мысықтарды тамақтандыру үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгені, сондай-ақ көршілердің «полицияға шағымдана алатыны» және содан кейін азаматтарға айыппұл салынатыны туралы ақпарат таралуда. Бұл шындыққа сәйкес келмейді.
Осыған байланысты ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төмендегіні түсіндіреді: Қазақстан Республикасының заңнамасында иесіз жануарларды тамақтандыру фактісінің өзі үшін әкімшілік жауапкершілік көзделмеген.
Таратылып жатқан жарияланымдарда құқықтық ұғымдарды әдейі ауыстыру орын алып отыр. Әкімшілік жауапкершілік тамақтандыру әрекетінің өзі үшін емес, тек нақты іс-әрекеттердің салдары болған жағдайда туындауы мүмкін. Атап айтқанда:
• егер тамақтандырудан кейін тағам қалдықтары қалса;
• егер аулалар, саябақтар, скверлер және өзге де ортақ пайдаланылатын орындар ластанса;
• егер азамат іс жүзінде рұқсат етілмеген қоқыс тастауды жүзеге асырса.
Аталған жағдайларда ҚР ӘҚБтК-нің 432-2-бабы қолданылады және 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 40 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға әкеп соғады. Қайтадан құқық бұзушылық жасалған жағдайда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту көзделген.
‼️ Осыған байланысты азаматтарды құқық нормаларын бұрмалайтын ақпаратты таратпауға, эмоционалды пікірлерге ермеуге және тек қолданыстағы заңнама мен уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми түсіндірмелері негізінде қорытынды жасауға шақырамыз.













