АБАЙДЫ ОҚЫ, ТАНЫ, ҮЛГІ АЛ!

АБАЙДЫ ОҚЫ,   ТАНЫ, ҮЛГІ АЛ!

Алматы қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №32 кітапханада ұйымдастырылған «Абайды оқы, таны, үлгі ал!» атты әдеби-сазды кешті ҚазМҰУ-дің журналистика факультетінің 3-курс студенті Жалын Сейдіғалымова кіріспе сөзбен бастады. 

– Абай – қазақ даласын надандықтың айсыз қараңғы түні бүркеп, тұншықтырып тұрған кезде, еліне дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға ағып түскен жарық жұлдыз. Ол мың қырлы, мың тәлімі бар ұлы ақын. Абай Құнанбайұлы өлеңді 14 жасынан жаза бастады, бірақ ол өлеңдері қалжың, сықақ өлеңдер болды. Ол ақындыққа ұзақ мойын бұрған жоқ. Ақын атануды намыс та көрді. Өйткені ол заман ақындарының беделі, қадірі болмады. Абай өзі де олар туралы былай дейді:

«Қазаққа өлең деген бір қадірсіз,

Былжырақ ақындары түк ақылсыз. 

Ескі бише отырман бос мақалдап,

Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап». 

Тек 80 жылдары 35 жастан асқаннан кейін, өлең туралы көзқарасын өзгерте бастайды.  Осы уақытқа  дейін оның өлеңдері өз замандасы  «Көкпай» атынан танылып жүрді. Бір отырыста ол Көкбайға «Сен соғымыңа бір ту бие ал, мен енді өлеңімді өзіме алайын», – деген екен. Осыдан бастап бастап Абай ақындыққа біржола бет бұрады.

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, 

Қиыннан қиыстырар ер данасы. 

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, 

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», – деп өлең сөзге жоғары баға беріп, төрге шығармақ түгілі, таққа отырғызды. Ақындық мақсатын айқындап, өлең сөз арқылы халыққа қызмет етуге бел байлады.     

   Абай өлеңдерінің тілі көркемдіктің ең жоғарғы дәрежесіне айналды. Сөзі аз, мағынасы терең Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың жаза алмағанынан емес, тыңдаушылардың түсінерлік дәрежесінің төмендігінен. Өз уақытында тыңдаушы таппаған  Абай Құнанбайұлы талай қүйінді де. Бүгінгі таңда біз – Абай арман еткен көзі ашық, көкірегі ояу қазақпыз. Ендеше Абай өлеңдерінен өз дәрежесінде қабылдай білуге міндеттіміз. Осы уақытқа дейін хәкім Абай туралы айтылған сөз, зерттелген еңбектер мен жазылған жыр-дастандар аз болған жоқ, десе де Абай әлі талай жылдар қазақты тануға тырысқан қаламгерлер мен ғалымдардың тың жұмыстарына негіз болмақ. Абайды сан зерттеген М.Әуезовтің өзі: «Абай – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын, оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек, сүңги беруің керек, ал мен оның бетін ғана қалқыдым», – деген екен. М.Әуезовтен бастап қазақ ақын-жазушыларының кейінгі ұрпағында Абайға соқпай өткені жоқ. 

Қытайдан көшіп келген қаламгер қандасымыз, Абайдың жүз өлеңін қытай тіліне аударған Күләшхан Мұхамедханқызы, дінтанушы, Абай атындағы университеттің магистр-оқытушысы және ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Дидар Мамырбаев,  «Томирис патшайым» ордені иегері, академик, мәдениет және өнер саласының белсенді қайраткері, қазақтың кимешегі мен ұлттық киімін әлемге насихаттап жүрген Ботан Керейқұлова,  ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Шәмшия Жұбатова, Әлем халықтары жазушылары одағының төрайымы Гүлхан Айтақынқызы, тарихшы, әнші Мұратхан Шерияздан, ҚР мәдениет қайраткері, кинорежиисер Ғазизхан Әділханов, Алтайдың ар жағынан келген ақын қыз Гүлнұр Зұлқаршын, ҚР Журналистер одағының мүшесі Гүлжанат Шонабай Абайдың өшпес мұрасы жайлы ойларын өрбітіп, ақын әндерін шырқады. 

Әлия Өтеулина, 

кітапханашы,

Алматы қаласы

 

12.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26897
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26339
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43712
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39499
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44095