Абай күнінде «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Семейге келді

Абай күнінде «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Семейге келді

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай бастаған республикалық сайлауалды штаб мүшелері Абай облысына келді. Жұмыс бағдарламасы Семей қаласындағы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Айта кетерлігі, өңірге сапар ұлы қазақ ағартушысының туған күні – 10 тамызға сәйкес келіп отыр.

Партия төрағасы Айбек Дәдебай Абай облысының еліміздің рухани және мәдени өміріндегі айрықша маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының облысты құру туралы тарихи шешімі өңірдің дамуы жолындағы жаңа кезеңнің басталуына жол ашты.

«Бүгін ұлы Абайдың қасиетті мекені Семейге арнайы келіп, өздеріңізбен жүздесіп отырғанымызға өте қуаныштымыз. Биылғы сапарымыз Абай күнімен тұспа-тұс келіп отыр екен. Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өз құттықтауында да «Біз қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеяларды дәріптеу барысында әрдайым Абайға жүгінеміз», - деді. Оның білім, еңбек, жауапкершілік, бірлік пен келісім туралы идеяларының бүгінгі мәні ерекше. «Әділет» партиясы Президенттің басты бағыттарын қолдау үшін арнайы құрылған. Сондықтан біз Президенттің барлық бастамаларын қолдаймыз және оны күшейтеміз. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы үйлесімді қоғамның негізі деп атаған «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттары біздің сайлауалды бағдарламамыздың да негізіне алынған. Біздің міндетіміз – бұл бағытты нақты шешімдермен бекітіп, өзгерістердің нәтижесін әрбір азамат сезінетіндей ету. Әділеттілік, заң мен тәртіп, адал еңбек, жауапкершілік және ұлттық бірлік арқылы Әділетті, Күшті және Прогрессивті Қазақстанды құрамыз», - деді Айбек Дәдебай.

Гүл қою рәсімінен кейін республикалық сайлауалды штабтың мүшелері облыс жұртшылығымен кездесіп, «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды және тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Құрылтай депутаттығына кандидаттар партияның әлеуметтік және экономикалық бастамаларына жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, Дихан Қамзабек тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды дамыту, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қолдау жүйесін нығайту, сапалы жұмыс орындарын құру және еңбек адамының құқықтарын қорғау жөніндегі ұсыныстарды таныстырды.

Кандидат Ерлан Саиров қазіргі таңда негізгі мәселелердің бірі инфляция екенін атап өтті. Оның айтуынша, оған кей азық-түлік түрлері бойынша импортқа тәуелділік те әсер етеді. Ол отандық өндірісті ұлғайтып, елді өз өнімімізбен қамтамасыз ету сыртқы баға факторларына тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ партия бағдарламасында көзделген шаралардың түпкі мақсаты азаматтардың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Бағдарламаның арнайы бір бағыты елдің технологиялық дамуына арналған. Құрылтай депутаттығына кандидат Унзила Шапақ 5 млн қазақстандықты жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеу дағдыларына үйрету, ЖИ және deeptech саласында 100 мың маман даярлау, жаңа технологияларды түрлі салаларда қолдану аясын кеңейту жоспарлары туралы айтты. Партия азаматтарды цифрлық алаяқтықтан қорғауға және балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ерекше мән беруді ұсынады.

Ашық диалог барысында облыс тұрғындары өңір үшін өзекті бірқатар мәселені көтерді. Қалалық ардагерлер кеңесінің патриоттық тәрбие жөніндегі комиссиясының төрағасы Зейнолла Тоқаев жылдар бойы тозығы жеткен жылу және су желілерінің мәселесіне назар аударды. Журналист Эльмира Жүрсінбекқызы Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселесін көтерді. Әлихан Бөкейхан атындағы университеттің деканы Лилия Мүслімқызы отандық ғылымды дамытуға бағытталған шараларға қызығушылық танытты. Ақын Мерей Карт пен М. Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева партияның сайлауалды бағдарламасында ұсынылған бастамалардың өзектілігін атап өтті.

Тұрғындардың сұрақтарына жауап берген кандидаттар жылу және электр желілерін жаңғырту, Алакөл жағалауын одан әрі дамыту және Үржар ауылындағы әуежайды қайта жаңғырту жөніндегі партия ұсыныстарын таныстырды.

Кездесуді қорытындылаған Айбек Дәдебай «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасы азаматтардың нақты сұраныстары негізінде әзірленгенін және Мемлекет басшысының жалпыұлттық бағытымен үндесетінін атап өтті. Бағдарлама негізіне «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттары және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын одан әрі дамыту идеясы алынған.

«Біз үшін заң мен тәртіп – ең алдымен әр азаматтың құқығын қорғаудың кепілі. Саясат адамнан және оның нақты қажеттіліктерінен басталуы керек. Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Бұл – азаматтардың үні жай ғана естіліп қоймай, нақты шешімдер қабылдаудың негізіне айналатын деңгей. Ол үшін заманауи цифрлық құралдарды, жасанды интеллект пен Big Data-ны пайдалану қажет. Біздің бағдарламамыз – нақты мерзімдері мен нәтижеге жауапкершілігі айқын нақты іс-қимыл жоспары. Мемлекет пен қоғам арасындағы сенім де осылай нығайып, Әділетті Қазақстан осылай құрылады», - деп түйіндеді Айбек Дәдебай.

Кездесу соңында тұрғындар Абайдың музыкалық мұрасының символына айналған әйгілі «Көзімнің қарасы» әнін бірге орындады. Бұдан кейін партияның жаңа мүшелеріне партия билеттері табысталды.

«Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабының Абай облысындағы жұмыс сапары жалғасады.

10.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Маңызды жобалар басталды
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 06.08.2026 192
Бұл құрылтайда кәсібилік  болмаса, бәрі бекер...
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 06.08.2026 262
Талғарда   тоғызқұмалақтың   үздіктері анықталды
Ә.ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы - 06.08.2026 184

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26855
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26297
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43676
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39456
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44059