Үстіміздегі жылғы 8 қыркүйекте Парламенттің қос палатасының отырысында еліміздің Президенті «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деген тақырыптағы Қазақстан халқына кезекті Жолдауымен танысып шықтық. Бірден байқадық, жеті тараудан тұратын бұл Жолдауда болашаққа батыл қадам жасалған көп жаңалық бар. Негізгі басты мақсат – еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, сонымен қатар, жаппай жаһандану кезеңі қарқын алып отырған қазіргі шақта еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сол үшін де Мемлекет басшысы ел алдына жаңа міндеттер қойып отыр.
Бүгінде дүние жүзі жаңа тарихи кезеңге қадам басып, әлемдегі дамыған бірқатар елдер жаппай цифрландыру мәселесіне үлкен ден қойып, жасанды интеллект арқылы өркендеуге бағыт алуда. Ал, бұл үрдістен Қазақстан шет қалса, дамыған көп елдерден кенжелейтініміз анық. Бірте-бірте қарқын алып, жасанды интеллектінің жедел дами түсуі қазірдің өзінде бүкіл халықтың, әсіресе, жастардың өміріне қатты әсер етіп жатқанын күнделікті өмірден байқауға болады. Мәселен, бүгінде көптеген жастың мінез-құлқы, болмыс-бітімі, ойлау жүйесі бұрынғыдай емес, мүлдем өзгере бастағанын аңғару қиын емес. Мемлекет басшысы бүкіл әлемде саяси және экономикалық, мемлекетаралық қатынас тұрғысындағы мәселелерді айтпағанның өзінде, адамдардың өмір сүру салтының мүлдем өзгере бастағанын айтты. Сөйтіп, Қазақстанның барлық жағынан өсіп, өркендеп, жан-жақты дамуы үшін Үкімет алдына маңызды стратегиялық мақсат қойған ауқымды жаңа міндеттер жүктеді.
Алға қойған басты міндеттердің бірі – Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрландырылған ел қатарында болуы керек. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Елімізді жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын өндіріс пен өмірімізге барынша тездетіп енгізсек қана дамудың даңғыл жолына түсіп, экономикамызды жаңғырта аламыз. Ол үшін алдымен Цифрлық кодексті тезірек қабылдауымыз керек екен. Содан кейін барып екінші шаруа тиісті құзырлы министрліктің негізінде Жаңа интеллект және цифрлық даму министрлігін құру міндетін жүктеді ел Президенті.
Еліміздің әрбір азаматы тапсырылған әр іске, өзінің атқаратын жұмысына зор жауапкершілікпен қарап, өзінің салмақты ойлау жүйесімен, адал еңбек, сындарлы ой-пайым, пікірімен әлеуметтік-экономикалық дамуымызға үлесін қосса ғана Президент қойып отырған мақсат-мүдде үдесінен шыға аламыз.
Бұл тұрғыда айтпай келетін табиғат апаты – жер сілкінісі қатерлі қаупінен Қазақстан халқын сақтандыруда тиісті құзырлы министрлікке қарасты сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық орталығы үлкен ұжымының сейсмологиялық стансаларды, басқа да құрал-жабдықтарды жаңғырту, жаңалау арқылы соңғы жылдары бірқатар ауқымды жұмыстар атқарып жатқанынан жұртшылық жақсы хабардар. Айталық, осыдан үш-төрт жыл бұрын еліміз бойынша небәрі 63 сейсмологиялық станса бар еді. Бірқатар елді мекендеріміз сейсмологиялық қауіпті аймақта тұрғандықтан, бұл мүлдем аз еді. Қазір оның саны 98-ге жетті. Ресей, Жапония елдерімен салыстырғанда бұл да әлі жеткіліксіз.
Сейсмология институты 2026 жылы өзінің құрылғанына 50 жыл толатын мерекесіне қазірдің өзінде дайындық жұмыстарына кірісіп кетті десек те болады. Президент Жолдауынан туындайтын жаңа міндеттерді жүзеге асыру жолында ұжымның алдында жаңа белестердің күтіп тұрғаны анық. Мәселен, үстіміздегі жылғы маусым айында Қытай Халық Республикасы Төрағасының ІІ «Орта Азия – Қытай» Саммитіне сапары барысында қол қойылған Меморандум негізінде ҚХР Жер сілкінісі жөніндегі әкімшілігінің төрағасы бастаған 6 адамнан тұратын делегациясының Қазақстанға сапары және ынтымақтастық туралы сол Меморандумды жүзеге асыру мәселелері бойынша осы қыркүйек айының соңында күтілуде. Сейсмология мәселесіне қатысты осындай ынтымақтық байланыс табиғат апаты – зілзаладан халықты сақтандыруда өзінің игі нәтижесін беретіні сөзсіз. Бүгіндері Алматы, Жамбыл, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында тағы бес станса пилоттық режимде жұмыс істеуде. Мұның бәрі халықтың қауіпсіздігі үшін жасалынып жатқан үлкен шаруа. Өйткені, сақтық, қауіпсіздік баршамызға ортақ.
Абдулазиз АБДУЛЛАЕВ,
ҚР ТЖМ СБЗҰҒО зертхана меңгерушісі,
г.-м.ғ.д., ХЭАА академигі,
Болжау комиссиясының төрағасы, еңбек ардагері