Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың назарына
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар санының артуы бір ғана факторға емес, медициналық, әлеуметтік, экологиялық және демографиялық кешенді себептерге байланысты туындайтын жаһандық және аймақтық үрдіске айналуда. Ондай адамдар үшін өмірде кездесетін қиыншылықты жеңіп шығу оңай емес. Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек деген Президентіміз өз Жолдауларында мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолайлы кедергісіз орта қалыптастыру, оларды инклюзивті қоғамға бейімдеу және қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды ерекше мемлекеттік қамқорлықпен қамтамасыз ету басты міндет ретінде бекітілген. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын шешу үшін әкімдікпен және министрліктермен тығыз жұмыс істеу, үкіметтік емес ұйымдарды ортақ іске жұмылдыруға тапсырма берді. Сондықтан да мемлекет тарапынан олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру мақсатында және қоғамдық ортаға бейімделуіне жағдай жасау бағытында арнайы шаралар жүзеге асырылуда.

Осы тұста ерен еңбектерін ескеріп Түркістан қаласының құрметті азаматы Орманова Дана Садыққызының жанайқайын жазуды жөн көрдім. Мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарас қоғамның мәдениеті мен даму деңгейінің басты көрсеткіші болып табылады қазіргі заманымызда. Бүгінгі таңда бұл көзқарас ескірген аяушылық сезімнен тең құқылы серіктестікке қарай бағыт алуда. Президент Жолдауынан кейін Түркістан облысының білім басқармасы тарапынан Айгүл Қасымбекова білікті маман Орманова Дана Садыққызына, сол саланың тәжірибелі маманы ретінде рухани астанамыз Түркістан қаласынан «Психологиялық-педагогикалық түзету орталығын ашыңыз» деп өтініш жасап, өз тарапынан қолдау болатынына кәміл сендіріп талай шақыртты. Сол сөзіне сенген тәжірибелі маман маған қоңырау шалып, қуанышымен де бөлісіп үлгерді. Зейнет жасында болса да бар өмірін ерекше қажеттілігі бар балалар мен мүгедектерге арнаған, осы саланың білікті маманы болған соң, білегін сыбанып жүктеген жауапкершілікті арқалауға бел буды. Дүние жинамай, өмірде сауап жинағысы келген тұлғаның арманы балаларды ерте жастан түзету және бейімдеу мақсатында «ДANA-bаlа» психологиялық-педагогикалық түзету орталығын ашқысы келіп, соған барлық күшін жұмсады. Аутизмі және басқа да психикалық бұзылыстары бар балаларға туындайтын әлеуметтік проблемаларды шешуге және олардың басқа азаматтармен тең дәрежеде қоғам өміріне қатысуына мүмкіндіктер жасауға бағытталған қызметтер кешенін ұсынам деп, жалпы алаңы 428,5 ш.м. құрайтын екі қабатты ғимаратты жалға алып, материалдық қамтамасыз ету жұмыстарын бастап жіберді.

Бұл орталықта оңалту мен бейімдеудің толық жүйесін құрып, оларды қоғамға әлеуметтендіру, жан-жақты әлеуметтік-медициналық, психологиялық және еңбекке баулу арқылы кешенді оңалту көмектері заманауи оңалту құрылғылары арқылы көрсетілу жоспарланған болатын. Мекемеде емдік денешынықтыру нұсқаушыларынан, педагог-тәрбиешілерден, психологтан, музыка, еңбек жетекшілерінен, логопедтен және дефектологтан, білікті дәрігерлерден тұратын мамандар тобы әр баланың қабілеттері мен қажеттіліктерін ескере отырып, Дана Садыққызының өзі әзірлеген жеке бағдарлама аясында жұмыс істеуге бірікті. Болашақ мекеменің жылдық жоспарында мерекелік іс-шаралар мен спорттық ойын-сауық кештері өткізілу жоспарланған. Ашылған жағдайда келешекте балаларды оңалту үшін емдік денешынықтыру мен массаждан басқа, ортопедиялық үстелдерде, вертикализатор-тренажерларда, үлкен құрғақ бассейнде, физиотерапиялық жабдықтар алу көзделген болатын. «ДANA-bаlа» психологиялық-педагогикалық түзету орталығында заманауи әдістерге негізделуші мамандандырылған көмек алуға болатындығына қуанып, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халық- аралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы ақ батасын да беріп кетті. Кедергі адамда емес, оған жағдай жасамаған ортада деп ойлаймын. Өкінішке орай Түркістан облысының Білім Басқармасының жаңа басшысы Ғалымжан Орынов пен орынбасары Айгүл Қасымбекова тарапынан қолдау таппады. Сауапқа бөленудің орнына уәдесінен тайып, қазіргі таңда бұл кісіні қыруар шығынға батырып отыр. Лауазымды тұлғаның сендірген сөзіне құлақ асып, осы жасында талай есіктерді қағып үміттенді.

Осы мәселе бойынша бірнеше айдан бері Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің арнайы қабылдауына жазылып, кезекке тұрып, кірді. Сол кездегі «Аманат» партиясының Түркістан облысы бойынша төрағасы Алтынсары Үмбеталиев Дана Садыққызын қолдады. Облыс әкімі Ғалымжан Орыновқа «Орында» деп тапсырма берді. Облыс әкімі мен қала әкімі қолдаған бұл арман қазіргі таңда өз ашылу салтанатын күтуден шаршады. Ғимараты жалға алынып, заманауи үлгіде жабдықталған орталық 1900-ден астам мүмкіндігі шектеулі мұқтаж жандары бар Түркістан қаласына көптік қылды ма? Түркістан облысының Білім Басқармасы, бұл лабиринтке Дана Орманованы кіргізіп жіберген өздеріңіз. Ол кісі алдарыңызға тіленіп барған жоқ осындай зейнет жасында. Сол себепті басқарманың жауапты мамандарына бірнеше сауалым бар. Айгүл Қасымбекова, сіз инклюзиядан тәжірибесі мол адам Дана Садыққызын Президент Жолдауынан кейін облыстық басқармаға талап қоюда деп, «конкурсқа түсіңіз де, түсіңіз» деп өзіңіз өтініш жасадыңыз. Оған куәгер алдыңызға бірге барған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызы болатын. «Не деген энергия, дикция ой-өрісіне қызықтым» деп, бір мақтап алдыңыз. Бірінші конкурстан «СЭС дайын емес» деп шеттетуіңіз басталды, неге?
Екінші сұрағым Ғалымжан Орынов мырзаға.
Сіз жаңадан тағайындалғанда Дана Садыққызы шешімін таппай жүрген мәселе бойынша қабылдауыңызда болды. «Показательный» қылып ашамыз деп, аузыңызды толтырып уәде бердіңіз анаңызбен замандас тұлғаға. Сол қуанышты да мен көзінен көрдім.

Себебі, Дана Садыққызының арнайы шақыруымен жалға алынған ғимаратта әдістемелік көрнекілік жұмыстарын жүргізген болатынмын. Уәделеріңізде тұрмасаңыздар, аналарыңызбен замандас адамға осы әурешілікті неге жүктедіңіздер? Қалай ойлайсыздар, зейнет жасындағы ана еріккенінен жүр ме, әлде қалған өмірінде сауап арқалағысы келді ме екен мүмкіндігі шектеулі жандарды қатарға қосамын деп? Ескертпе: 2011 жылы Түркістан облысы бойынша осындай мемлекеттік орталықты алғаш ашқан Дана Садыққызына құрметтеріңіз қайда? Қазір сносқа кетіп, 16 мектептің бір бұрышын паналап отыр. Бұл кісінің осындай ерлігі сіздерге берілген мүмкіншілік емес пе, әлде қолдағы бардың қадірі кеткен бе?
Үшінші сұрағым Ғалия Жанаеваға.
«Қажеттілік жоқ, одан да сіз балабақша қыла салыңыз. Балабақшаға ақша тез бөлінеді» деп жұбатыпсыз. Әлі ашылмаған ғимараттың ішінде мен сол қорланған көз жасты да көрдім. Балабақшаға табылған ақша неге ең қажетті орталыққа табылмады, сол күмәнді?
Енді білім басқармасының Фейсбук парақшасындағы жалтару мәліметтеріне назар аударайық. Облыста 1939 бала қажеттілігі қамтамасыз етілген. Содан мәліметтеріңізде көрсетілген 398-407-307-114-270-134 баланы алдым, артылып отырған 309 баланың қайда қамтылғаны көрсетілмеген. Енді Д.Орманова 154 балаға тапсырыс берген екен. Cіздердің талқылау деректеріңізге сүйеніп, 54+24+3+6+47 қостым. Басқарма әкімшілігі, 20 баласы қайда? Бас ұстаз Жұлдыз Сүлейменова, бұл жалтарушылық па, әлде инклюзия біреулердің қолындағы көзбояушылық жеке табыс көзі ме? Берілген мәліметтердегі сандық ауытқулар күмән келтіруде. Бұл кісінің бар арманы мүмкіндігі шектеулі жандардың сауабына бөлену болатын. Аяғында етегі жасқа толған тұлғаның сыбайлас жүйеге шарасыздығының куәгері болдым. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп қазақ бекерге айтпапты. Білікті мамандар өз ортамызда жүргенін осы орталық ашылғанда көрер едіңіздер. Білсеңіз, Айгүл Қасымбекова, Дана Садыққызы сіз сендіргендіктен осындай нәтижеге қол жеткізді. Ғимарат заманауи жабдықталып болғанда, бұл Түркістан облысы білім басқармасы тарапынан көрсетілген тосынсый болды. Жүрегіме ең ауыр батқаны – орталықты жабдықтап бітіргенде ашылмайтынын айтып, «Серік-ау еңбегіміз зая кетті ғой» деп үлкен кісінің көз жасына ерік беріп еңкілдеп жылағаны.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров және қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, сіздердің қабылдауларыңызға бұл мәселе жөнінде ол кісі бірнеше рет барды. Сіздер құрметтеген Түркістан қаласының құрметті азаматы «Несі бар мені сонша үміттендіріп» деп қатты налығаны жандарыңызға батпады ма? «Мен қанша жасаймын, осы мүмкіндікті пайдаланып, 2011 жылдағыдай жылдан-жылға көбейіп келе жатқан мүмкіндігі шектеулі жандарға білікті мамандардың басын қосып, сауап үшін және бір орталық ашып кетейін деген ойым еді» деп қатты күрсінді.
«Жобаңыз жақсы, бірақ қаржы тапшылығы және жеке секторға тапсырыс беруге қажеттілікті дәлелдей алмағанымызға байланысты қолдау таппады. Облыстық мәслихат сессиясына ұсына алмадық. Басқа да мүмкіндіктерді қарастырыңдар» депсіз Ғалымжан Орынов мырза. Бұл кісінің жазығы не? Бұл жүйелік проблемаларды кімдер тудыруда? «ПМПК, ППТК мен есептегі балалардың барлығы дерлік қамтылған, қажеттілік жоқ» депсіздер. Кімдерді кім алдауда? Бәсекелестік пен сапа қайда? Президентіміздің кедергісіз орта қалыптастыру, балаларды қолдау, әлеуметтік қорғауын қайда жібердіңіздер? Түркістан қаласына бар-жоғы 154 балаға мекеме ашпау ешқандай ақылға сыймайды. Қазақстанның болашағы – жас ұрпақтың қолында. Сондықтан кез келген бала мемлекет қамқорлығын сезінуі заңды. Осы орталықтың қызметін алған балалар ертең есейіп, елімізге сәл де болса үлес қосса, мемлекетіміз үшін үлкен жетістік емес пе?! Қадағалаушы құзіретті орындардан талапқа сай емес, нәтижесіз, жалған есепті орындарды қысқартып, заманауи жабдықталған мекеменің ашылуына мұрша берулеріңізді сұраймын.
Құрметті оқырмандар, Дана Садыққызы Орманова рухы биік жанашыр жандардан қолдау күтеді.
Серік МҰҚЫШЕВ













