Патшалар мен ақшалар мұраларға иелік ете алмайды

Патшалар   мен ақшалар   мұраларға   иелік ете   алмайды

Ойдан ой туады. Әлемді тамсандырған Мысырдағы зәулім пирамидаларды Перғауындар миллиондаған құлдардың қаны мен терін ағызып салдырған деседі. Солай бола тұра адамзат бір көруге құмар. Неге? Өнердің құдіреті ме?

Тәж Махал. 1632 жылы Тәж махалдың іргетасы қаланып, күніне 20 мың адам жұмыс істеп, кесене 22 жыл дегенде тамамдалады. Жұмсалған қаржыда есеп жоқ... Байлықтың қандай жолмен келгені жайлы тіпті айтылмайды. Зәулім мешіт ел игілігіне айналды!

Ағылшын суретшісі әрі ақыны Эдвард Лир «Адамдар екі түрге бөлінеді: Тәж Махалды көргендер және көрмегендер» деген екен. Тәж Махал – Үндістан билеушісі Хуррем Шах Жаһанның қатты жақсы көрген жұбайы Әржуменд Бану-Бегум Мұмтаз Махал үшін Агра қаласында салдырған кесенесі. Дүние жүзіндегі ғашығына арнап салынған ең үлкен және ең көрнекті ескерткіш. Әлемнің жеті кереметінің де артында билеушілердің байлығы мен сан мыңдаған шеберлердің аққан қаны мен сіңген тері жатыр... 

Жақында Стамбулға жолым түсті.  Осман империясынан қалған көне жәдігерлер көздің жауын алады!  Сан ғасырлық мешіттер, көне қамалдар, әлемге әйгілі Ая София  асқақтап тұр…

Осман империясының ұлы сұлтандары Ахмет, Сүлеймен сұлтандардың салдырған сарайлары, олардың атақ-даңқтарын одан сайын сан тарапқа жаюда…

Өзімізге оралайық. Тараздағы «Қарахан», «Айша бибі», Маңғыстаудағы пір Бекет, жер асты мешіттері, т.б еліміздің әр өңіріндегі тарихи жәдігерлер біздің асыл қазыналарымыз.

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қандай, шіркін! Жарты әлемді жаулап алған Ақсақ Темір салдырған оны. «Қылышынан қан тамған», «төңірегін қан сасытқан» деп тарихи жазбаларда суреттелетін Темірдің де тарихта атын қалдырған осы кесене! 

Бүгінгі ұрпақ үшін кесенеге жұмсаған қаржы қалай келгені жұмбақ! Мұндай мысалдың жүзін келтіруге болады.

Айтайын дегенім, жақсы дүние, сапалы мұра ел игілігіне айналады әрқашан. Оған өткен  дәуірлер дәлел. Қай заманда да тарихи тұлғалардың бағасы уақыт өте айшықталады, зерттеле келе сараланады!

Жылдар жылжып ғасырлар өте бәрі ұмытылады. Жетістігің мен кемшілігің таразыға тең тартылады.  Игі істердің Иесі тарихи тұлға болып тұғырға қонады сонда. 

Алла Тағала кешірімді.  Шын ниетпен тілесе, соңғы сәттегі тәубені де қабыл етуі әбден мүмкін.

Біздің елде бір қария «Артыма мал емес, тал қалдырдым. Мал – бір жұттық, талым терекке айналса, талайға сая болар» деп дүниеден өтіпті. Айтқаны келді.  Терек әлі жайқалып тұр…

 Талай мыңғырған байларды ел ұмытты, еккен талы терекке айналған қарияның есімі әлі күнге жұрттың аузында.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

20.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27073
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26541
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43872
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39664
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44223