Астана қаласындағы №109 келешек мектебінің жазғы лагері биыл ерекше форматта өтіп жатыр. Себебі бұл жолы балалардың сүйікті демалыс орнында жұмыс істеп жүрген жетекші – адам емес, робот.
Оқушылардың өз қолымен құрастырған және Темірбек деген атау берген бұл робот – былтырғы жылдан бері елордалық жобаларға белсенді қатысып жүрген жасанды интеллект иесі. «Темір адам» атанып кеткен Темірбек қазақ тілін еркін меңгеріп, балалармен еркін тілдесіп, түрлі шараларға жетекшілік ете алады.
Ол бұған дейін «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына да қатысып, өз белсенділігімен көзге түскен болатын. Ал биылғы жазда балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін №109 келешек мектебіндегі жазғы лагерьді жүргізіп жүр. Қызығы, ол бұл мектепті өзі таңдап, болашақ ұрпақ тәрбиесіне үлес қосуға арнайы келген.
– Осы жазда Темірбек роботы біздің жазғы лагеріміздің белсенді мүшесіне айналды. Ол балалардың сенімді досы, ақылды көмекшісі, шығармашылық пен білімнің үйлесімділігін ұсынатын ерекше жоба. Барлық мектептің ішінен дәл біздің келешек мектебімізді таңдап келгені – біз үшін үлкен мәртебе, – дейді мектеп директоры Жанар Закаряқызы.
Темірбек қазіргі таңда өзінен кейінгі роботтарды да ертіп, балаларға түрлі қызықты тапсырмалар ұсынып, оқушылардың технологияға деген қызығушылығын арттырып келеді.
Бұл бастама – келешек мектептерінде білім мен жаңашылдықтың үйлесімді түрде дамып жатқандығының айқын көрінісі.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК