Бұгін Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Әділбеков «Жасөспірім» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы жайлы түсіндіріп өтті. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайтынд ахабарланды.
Нақтырақ айтар болсақ 2025 жылғы 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында елорда аумағында «Жасөспірім» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Аталған іс-шараның мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдер қылмысының деңгейін төмендету, балалардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу, сондай-ақ ата-аналар мен заңды өкілдердің жауапкершілігін арттыру.
Алдын алу жұмысының негізгі міндеттері мыналар:
* Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу;
* Кәмелетке толмағандардың қатысуымен және оларға қатысты жасалған әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау;
* Білім беру мекемелерінде, көшелерде және қоғамдық орындарда бұзақылық пен қоғамға қарсы әрекеттердің жолын кесу;
* Балаларға қатысты қылмыстық әрекеттердің алдын алу.
Сондай-ақ, жедел-алдын алу іс-шарасының бір бағыты – мопедтер мен өзге де екі дөңгелекті көлік құралдарын жүргізушілер тарапынан Жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау, оның ішінде құқық бұзушылықтарды анықтап, көлік құралдарын айыппұл тұрағына қою.
-«Іс-шара аясында 1667 полиция қызметкері, білім беру саласының өкілдері және қоғам белсенділері жұмылдырылған. 2025 жылғы 18 сәуірдегі жағдай бойынша 604 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде шамамен 500 құқық бұзушылық – кәмелетке толмағандардың түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүруі. 550-ден астам профилактикалық дәріс ұйымдастырылды», - дейді Ержан Әділбеков.