Былтыр елімізде сутегі энергетикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілген болатын. Соның нәтижесі болар, 2026 жылы еліміз сутекті энергетиканы пайдалана бастайды. Бұл туралы Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінде «Қазақстан Республикасының сутегі энергетикасын дамыту перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстелінде айтылды.
Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжанның айтуынша, Қазақстанда сутекті энергетиканы дамыту үшін институционалдық база қалыптастырылып жатқанға ұқсайды. Энергетика министрлігі 2030 жылға дейінгі сутекті энергетиканы дамыту тұжырымдамасын белсенді түрде ілгерілетіп жатқан көрінеді. Бұл құжат технологияны сынақтан өткізуге, инвестиция тартуға, сондай-ақ саланың нормативтік және техникалық базасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін бірқатар пилоттық жобаны іске қосуды көздейді.
– 2026 жылы бу-газ қондырғыларында сутекті пайдалана бастауды, 2027 жылы қоғамдық көлікте сутекті қолдану, ал 2028 жылы алғашқы сутек құю станцияларын салуды жоспарлап отырмыз, – деді Ілияс Бақытжан.
Сондай-ақ министр орынбасары сутекті энергетика саласындағы алғашқы ірі жоба Маңғыстау облысында немістің Svevind Energy Group компаниясының қолдауымен іске асырылып жатқан Hyrasia One жобасы туралы айтты.
– Жоба жалпы қуаттылығы 40 ГВт болатын жаңартылатын энергия көзін салуды және жылына 2 миллион тоннаға дейін жасыл сутек немесе 11 миллион тонна аммиак өндіруді көздейді, – деп толықтырды вице-министр.
Оның мәлімдеуінше, алдын ала инженерлік әзірлеме кезеңі аяқталып, екі жылдық экологиялық сараптама жүріп жатыр. Болашақта бұл жоба 1800-ге дейін жұмыс орнын қамтамасыз етуі мүмкін.
Сондай-ақ министрлік халықаралық серіктестермен де жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, Астанадағы сутекті дипломатия кеңсесімен диалог жолға қойылған. Сонымен қатар сумен қамтамасыз ету, су бұру, тасымалдау және сутекті Еуропалық одаққа экспорттау әлеуетіне қатысты зерттеулер жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, техникалық мәселелер сарапшылар деңгейінде де талқыланды.
Осы орайда вице-министр Қытаймен ынтымақтастықты ерекше атап өтті. Қазақстан China Energy корпорациясымен жұмыс істеп жатыр. Компания республикада сутек өндірісін жергіліктендіруге, EPC-келісімшарттарға және сутек кластерін құруға мүдделі. Сутекті энергетика бойынша бірлескен зертхананы құру жөнінде меморандумға қол қойылған.
Дөңгелек үстелге қатысқан депутат Еділ Жаңбыршин сутекті энергетиканы дамыту тұжырымдамасы шикі дайындалған сын тезіне алды.
– Энергетика министрлігі 2030 жылға дейінгі сутекті энергетиканы дамыту тұжырымдамасын әзірледі. Біріншіден, тұжырымдама шикі дайындалған, индикаторларын орындау мүмкін емес. Себебі 2026 жылы кейбір жобаларды пилоттық режимде бастау жоспарланған, бірақ экономика, өндіріс не министрлік дайын емес. Сутегіні өндіру жаңа технологияны қажет етеді, ол бізде шықпайды. Екіншіден, жасыл сутегі болғандықтан, жасыл энергияны қолдануымыз керек. Үшіншіден, біз өндіргеннің өзінде оны қайда пайдаланамыз? Кім тұтынады? Көлік десек, сутегімен жүретін көлік жоқ, ал өндірісте қолданамыз десек, арнайы инфрақұрылым жоқ. Себебі сутегі өте қауіпті газ, – деді Еділ Жаңбыршин Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде.
Мәжіліс депутатының мәлімдеуінше, әзірге сутекті энергетиканы дамыту қағаз, жоба жүзінде қалып отыр.
– Ғылыми зерттеу жұмыстары жүріп жатыр, бірақ ол пилоттық режимде. Қуаты, көлемі төмен, ауқымды жобалар әлі іске асқан жоқ. Маңғыстау облысында Hyrasia One компаниясы жобаны қолға алды. Бірақ, көптеген мәселе бар, оның ішінде экология, экспорт, логистика тағы сол сияқты шешілмеген сұрақтар бар. Біздің пайымдауымызша, біріншіден, мемлекетте бір саясат, бірізділік болу керек. Бұнымен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі айналысуы қажет деп санаймыз. Екіншіден, ғылыми зерттеу жұмыстарын дамытқан жөн. Үшіншіден, маман даярлауды қолға алуымыз керек, ол үшін стандарт, оқу бағдарламасын әзірлеу тиіс, – дейді депутат.
Кімді дұрыс, кімдікі бұрыс? Оны уақыт көрсетеді.