Оралдағы №37 жалпы орта білім беретін мектебі 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздегі үздік 100 мектептің қатарына енді. Бұл – білім ордасының оқу сапасы мен тәрбие ісіндегі жоғары көрсеткішінің, ұстаздар қауымының тынымсыз еңбегі мен оқушылардың жетістіктерінің жарқын көрінісі. Біз осы мектептің директоры Алтын Жұмағалиевамен сұхбаттасып, оқу жылы барысында қол жеткізген жетістіктері туралы сұрап білдік.
– Алтын Ғинаятқызы, алдымен өзіңіз басшылық ететін №37 орта мектептің бүгінгі тынысымен қысқаша таныстырсаңыз.
– Біздің мектебіміздің ғимараты 2012 жылы 1200 орынға есептеліп салынған. Білім ошағында 67 оқу кабинеті бар, оның 14-і – интерактивті тақтамен, ал физика, информатика, биология кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, барлығы да интернетке қосылған. Кітапханамыз 30 орындық оқу залымен жасақталған. Мәжіліс залы 340 көрерменге лайықталса, асханамыз 420 адамға арналған. 2024-2025 оқу жылында «Абай» және «Ахмет» кабинеттері жасақталып, іске қосылды. Мектептің барлық дәліздері пәндік бағыттар бойынша заманауи үлгімен жабдықталды.
Биылғы оқу жылында мектебімізде 0-11 сынып аралығында барлығы 2524 оқушы білім алды. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 1-11-сыныптарда оқушы саны 533-ке артып отыр. Білім сапасы – 68%. Сынып құрамы – 100 сынып. Биыл жаратылыстану-математика бағытындағы 11-сыныпты 61 түлек тамамдады. Оның төртеуі – «Үздік аттестат» иегері. Сонымен қатар 184 оқушы 9-сыныпты бітіріп, қолдарына негізгі орта мектеп туралы аттестаттарын алды. Бұлардың қатарында 14 шәкіртіміз «Үздік аттестат» иеленді.
«Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі» демекші, білім ордасында 187 педагог жұмыс жасайды. Оның ішінде төрт педагог – қоса атқарушы қызметінде. 166 (89 %) жоғары білімді, 21 (11,2%) арнаулы кәсіби орта білімді маман дипломдарында көрсетілген мамандықтары мен кәсіби біліктіліктері бойынша қызмет атқарады. Алдыңғы оқу жылымен салыстырсақ, жоғары білімді мамандардың саны биыл 33-ке көбейіп отыр, 2023-2024 оқу жылында 133 болған еді. Ал арнаулы орта білімді мамандар саны 2023-2024 оқу жылында 16 болса, 2024-2025 оқу жылында бес педагог қосылып, 21-ге артты. Арнаулы орта білімді мамандар жалпы педагогтардың 10%-ын құрап отыр.
– 2024-2025 жылындағы мектебіңіздің білім, тәрбие, өнер бағытындағы басты жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз?
– Бұл оқу жылында мектеп оқушыларының қалалық пәндік олимпиада бойынша жетістіктер көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5%-ға артып отыр. Шәкірттеріміз математика, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі, ағылшын тілі, биология, химия пәндерінен жоғары нәтижеге қол жеткізгенін мақтанышпен айтуға болады. Оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ғылыми жобалар байқауының республикалық кезеңінде 9-сынып оқушысы Мәдина Камешова химия пәнінен ІІ орын иеленді, жетекшісі – Г.Е.Орынова. Химия, биология, информатика пәндерінен облыстық ғылыми жобалар байқауынан 3 оқушымыз жүлделі орындарды иеленсе, қалалық ғылыми жобалар байқауында тағы 3 шәкіртіміз биология, тарих және экономика пәндерінен жүлделі орындарды иеленіп, облысқа жолдама алды. Сондай-ақ түрлі деңгейдегі интеллектуалдық-зияткерлік пәндік бағыттағы байқауларға да балаларымыз жүйелі қатысады. Осы оқу жылында 9-сынып оқушысы Темірлан Нариман физикадан «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» байқауының нәтижесі бойынша республика деңгейінде топ жарып, І орынды иеленді. Жетекшілері – А.Зекешова мен Е.Ж.Нәбиев. Бастауыш сыныптар бойынша «Алтын сақа» зияткерлік пәндік олимпиадасында 4-сынып оқушысы Нұраддин Ғаділжанұлы облыстық кезеңде ІІ орынға ие болды, мұғалімі – Б.Т.Нұрбайрова. Облыстық «Абай оқулары» байқауында 8-сынып оқушысы Інжу Максим І орынды жеңіп алып, Семей қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды. Жетекшісі – Д.М.Төлегенова.
Осындай зерек те талапты шәкірттерге білім беріп жүрген ұстаздарымыз да өз іс-тәжірибелерін әріптестерімен бөлісіп, үздік педагогикалық әдіс-тәсілдерді тәжірибеге енгізуден жалықпайды. Бұл – мектеп ұжымының кәсіби дамуға ұмтылысы мен бірлесе атқарған еңбегінің жемісі. Атап айтқанда, мектеп мұғалімдері 2024-2025 оқу жылында қала және облыс көлемінде 35 семинар өткізсе, республика көлеміндегі 45 шығармашылық-әдістемелік конференцияға қатысты. Қала мен облыс көлемінде 66 ашық сабақ беріп, іс-тәжірибелерін ортаға салды. Осы оқу жылында 11 оқытушы – облыс көлемінде, сегізі қала көлемінде өздерінің авторлық бағдарлама, әдістемелік құралдар жинақтарын шығарып, озат тәжірибелерін таратты. Кәсіби байқауларда қалалық деңгейде – 41, облыстық деңгейде 11 әріптесіміз жүлдегер атанды. Республикалық деңгейде қашықтықтан өткен кәсіби байқауларда 45 педагог жүлделі орындарды иеленді. Тағы бір ерекше атап өтерлік жетістігіміз – №37 мектептің Батыс Қазақстан облысы бойынша «Шахмат негіздері» курсын енгізу бағытында республикалық тірек мектеп мәртебесін иеленуі. Бұл – біздің оқушылардың логикалық ойлауын дамытуға бағытталған игі бастамалардың алдыңғы қатарында екеніміздің дәлелі. Сәйкесінше, ойы ұшқыр, зейіні зерек шәкірттеріміз шахматтан Астанада өткен олимпиадаға қатысып, түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болды. Қалалық деңгейдегі сайыстарда да оқушыларымыз үнемі жүлделі орындардан көрініп келеді. Өзім шахматтан республикалық жарысқа қатысып, 2-орынды иелендім. Ал бастауыш сынып мұғалімі Жансая Болатова 99 үміткер бақ сынаған республикалық кезеңде үздік ондықтың қатарынан табылып, мектебіміздің мерейін үстем етті.
– Ұжымыңыз кезекті оқу жылын жақсы нәтижемен қорытындылаған екен. Сол туралы кеңірек айтып өтсеңіз.
– 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша жалпы орта білім беретін мектептер арасындағы рейтинг кезінде біздің №37 мектеп І орынды иеленді. Мектеп оқушылары биыл қалалық деңгейде 144, облыстық деңгейде 21, республикалық деңгейде 5 доданың жүлдегері атанды. Сонымен қатар еліміздің Оқу-ағарту министрлігінің «Білім саласында сапаны қамтамасыз ету» комитеті орта білім беру ұйымдарының қызметіне кешенді талдау жүргізіп, еліміздегі ең үздік 100 мектепті анықтады. Нәтижесінде №37 ЖОББМ республика бойынша үздік мектептер қатарына енді.
– Кейінгі кездері білім ошақтарында қолға алынған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы туралы жиі естіп жүрміз. Осы бағдарламаны сіз басқаратын педагогикалық ұжым қалай жүзеге асыруда?
– Оқу жылы барысында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылып, бағдарлама мақсаты «Адал азамат» тұжырымдамасының идеясына сай, па-триоттық рухта тәрбиеленген, білімді әрі жасампаз ұрпақ қалыптастыруды көздеді. Оқу жылында мектеп ұжымы негізгі алты құндылық – тәуелсіздік және отаншылдық; бірлік және ынтымақ; әділдік және жауапкершілік; заң және тәртіп; еңбекқорлық және кәсіби біліктілік; жа¬сампаздық және жаңашылдық аясында оқу-тәрбие бағытындағы жұмыстарды іске асырып, әр пән мұғалімі күнделікті сабағын сол құндылықтарға негіздеп өткізді. Бағдарлама аясында сынып сағаттары, әлеуметтік жобалар және алдын алу шаралары бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Әр аптаның басында алғашқы сабақта білім алушылар мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, еліміздің әнұраны – «Менің Қазақстанымды» бірге орындайды. Сондай-ақ оқушылардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне мән беру мақсатында мектептегі ақпараттық стендтерге, Led-экранға, әр қабаттағы бағдаршам тақталарына апталық дәйексөздер ілінеді. Бұл қанатты сөздерді бүкіл мектеп ұжымы мен оқушылар бірлесе жаттап, күнделікті өмірде қолдануға тырысады. Сонымен қатар «Қауіпсіздік сабағы» өткізіліп, онда жол қозғалысы ережелерін, өмір қауіпсіздігі негіздерін, білім алушылардың жеке қауіпсіздігін, қауіпсіз мінез-құлқын және басқа да қауіпсіздік шараларын сақтау туралы сынып сағаты шеңберінде 10 минут ақпарат беру, қауіпсіздік ережелерін ұғындыру көзделді. Жалпы алғанда, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы арқылы біз тәрбиені оқыту процесінің ажырамас бөлігіне айналдыруды мақсат тұтып, тек мұғалімдер ғана емес, бүкіл мектеп қауымдастығы – оқушы, ата-ана, педагог болып, бірігіп жүзеге асырудамыз.
– Қоғамда «мектеп – оқушы – ата-ана» үштік одағының маңызы жоғары. Ата-аналармен байланысты күшейту мақсатында сіздің мектебіңізде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Иә, қазіргі қоғамда «мектеп – оқушы – ата-ана» үштік одағы тәрбиенің негізі болып есептеледі. Бұл байланыстың берік болуы оқушының тұлғалық дамуына, оқу үлгеріміне және мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына тікелей әсер етеді. Осы бағытта біздің мектебімізде жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда. Мысалы, ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жүйелі жұмысы. Яғни, дәстүрлі ата-аналар жиналыстарынан бөлек ата-аналар балалардың жас ерекшелігіне сай оқыту мен тәрбиелеудегі нақты тақырыптар аясында бас қосып, ойталқы, тренингтер, пікірталас алаңдарын, ашық диалог форматындағы кездесулер ұйымдастырылады. Психолог, әлеуметтік педагог, құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен ата-аналарға арналған шараларда жасөспірім психологиясы, олардың мінез-құлқы, интернет қауіпсіздігі, отбасылық тәрбие мәселелері талқыланады, кеңестер беріледі. Бұл ата-аналармен тиімді қарым-қатынас орнатуға, оларды тыңдауға мүмкіндік береді. «Ашық есік күндері» және тәрбие орынбасарлары, мектеп психологы, әлеуметтік педагогы тарапынан «Сенім жәшігі», «Сенім телефоны» хаттары, сұрақ-жауап, ашық сөйлесу, талқылау алаңы жиі өткізіледі. Жеке қарым-қатынас орнату мен кері байланыс жүйесі үнемі назарға алынып, ата-аналар мектепке келіп сабақтарға, тәрбие сағаттарына қатысып, мектеп өміріне араласуға мүмкіндік жасалған. Ата-аналар үнемі балаларының оқу үлгерімі, тәртібі жөнінде ашық диалог, қарым-қатынас арқылы мектеп әкімшілігімен, психологпен, әлеуметтік педагогпен, сынып жетекшісімен, пән мұғалімдерімен жеке сөйлеседі. Сынып жетекшілері мен пән мұғалімдері олармен тұрақты байланыс орнатып, әр оқушының дамуына қатысты жеке кездесулер өткізеді. Сонымен қатар электронды күнделік пен WhatsApp топтары арқылы да жедел ақпарат алмасу қамтамасыз етілген. Бұл – ашықтық пен сенімділік қалыптастыратын тиімді тәжірибеміз. Біздің мақсат – ата-ананы тек бақылаушы емес, білім мен тәрбие процесінің белсенді серіктесіне айналдыру. Осы бағыттағы жұмыстар арқылы мектеп пен ата-ананың ынтымағы нығайып, оқушының жан-жақты дамуына берік негіз қалануда.
– Оқушылардың жазғы демалыстарын тиімді өткізуге мектеп тарапынан қандай шаралар атқарылуда?
– Оқушылардың жазғы демалысы – олардың денсаулығын нығайтып, шығармашылық қабілеттерін арттыратын, демалып, жаңа нәрселерді үйренуге мүмкіндік беретін маңызды кезең. Біз бұл уақытты тиімді пайдалану үшін мектеп тарапынан биылғы оқу жылында да мектеп жанынан (тамақтану ұйымдастырылған) «Айгөлек» және «Эрудит», «Жас өлкетанушы», «Жас спортшылар», «Жас экологтар», «Шабыт», «Еріктілер» профильді лагерь кезеңдерін ұйымдастырдық. Ондағы әртүрлі шараларда мектеп оқушылары өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, театрға, хайуанаттар бағына, мұражайларға саяхаттап, әртүрлі ойындарда, спорттық жарыстарда, кітап талқылауда, шығармашылық алаңдар мен табиғатта серуендеу іс-шараларында белсенділік танытты. Ал дарынды және жекелеген санаттағы ұл-қыздарымызға қалалық стационарлық «Атамекен» лагеріне, қала сыртындағы «Мирас» шатырлы лагеріне, «Қайсар» ерлік лагеріне және «Бурабай» сауықтыру лагеріне, сондай-ақ Астана, Шымкент, Алматы қалаларына топсаяхаттарға жолдама бұйырып, олардың жазғы демалыстарын қызықты әрі пайдалы етіп өткізуге ықпал етудеміз.
– Жалпы бүгінде білім саласының сапасын арттыру жолға қойылып келеді. Осы саланың тәжірибелі маманы ретінде жас ұрпаққа сол сапалы білімді игерту үшін қандай басымдықтарға көңіл бөлу қажет деп ойлайсыз?
– Жас ұрпаққа сапалы білім игерту үшін бірқатар басымдықтарға көңіл бөлу қажет. Біріншіден, оқушы тұлғасына бағытталған білім: әр баланың қабілетін, қызығушылығын ескеріп, жекелеп және саралап оқыту. Екіншіден, сабақтағы практикалық бағыттылық: теорияны өмірмен байланыстырып, қолданбалы білім беру. Үшіншіден, цифрлық сауаттылықты арттыру: оқушыларды заманауи технологиямен еркін жұмыс істеуге үйрету. Төртіншіден, оқыту әдістерін жаңғырту: ойын технологиясы, жобалау әдісі, зерттеушілік тәсіл сияқты белсенді әдістерді енгізу. Бесіншіден, тәрбиемен ұштастыра оқыту: біліммен қатар ұлттық құндылықтарды, адамгершілік пен жауапкершілікті сіңіру. Алтыншыдан, мұғалімнің кәсіби даму мүмкіндіктері: ұстаздың біліктілігін арттыру арқылы білім сапасын көтеру. Жетіншіден, ата-анамен серіктестік: бала тәрбиесінде мектеп пен ата-ана арасында тығыз байланыс орнату. Сегізіншіден, қауіпсіз және жайлы мектеп ортасын құру: оқушының еркін ойлауына, өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдай жасау. Осы басым бағыттар кешенді түрде іске асқанда ғана сапалы білім мен тәрбиенің негізі қаланады деген ойдамын.
– Алдағы оқу жылына қандай тың жобалар мен жаңашылдықтар жоспарлануда?
– Алдағы оқу жылына да жоспарланған тың жобалар мен жаңашылдықтарымыз баршылық. Жекелеп тоқталсам, цифрлық білім беру ортақ алаңын дамыту: мектепішілік білім беру платформасын жетілдіру, Google Classroom, Kundelik.kz мүмкіндіктерін тиімді пайдалану. STEAM бағытындағы үйірмелер ашу: оқушылардың логикалық ойлауын, шығармашылығын арттыру мақсатында робототехника, 3D модельдеу, ғылыми жобалар үйірмелерін ұйымдастыру. «Оқушы үні» жобасы: балалардың ұсыныс-пікірін тыңдау арқылы мектеп өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Пән апталықтарын жаңа форматта өткізу: дәстүрлі апталықтарды тренинг, дебат, шеберлік сағаттары форматында ұйымдастырып, оқушы белсенділігін арттыру. Мұғалімдерге арналған «коучинг+ тәжірибе» бағдарламасы: әр пән мұғаліміне арналған шеберлік сабағы мен тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастыру. Мектепішілік «Жас көшбасшы» жобасы: үздік шәкірттер мен белсенділерден көшбасшы топ құрып, түрлі іс-шараларға тарту. Оқу жетістігін диагностикалау жүйесін жетілдіру: саралау, қалыптастырушы бағалау, мониторинг негізінде нақты мәліметтер арқылы жұмыс жүргізу. Осы аталған жобалар оқу процесін жаңғыртып, оқушы мен мұғалімнің даму мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
– Сіз үшін педагогикалық қызмет пен басшылықтың басты қағидасы қандай?
– Педагогикалық қызмет пен басшылықтың басты қағидасы – адамгершілік пен әділдікке негізделген бала дамуына бағытталған жауапкершілік пен үздіксіз кәсіби даму. Яғни, мен үшін басты қағида:
- оқушы тұлғасын құрметтеу, оның жеке қабілеті мен ерекшелігін ескере отырып білім беру;
- әділ және ашық басқару, ұжыммен сенім мен серіктестікке негізделген қарым-қатынас орнату;
- мақсатқа бағытталған жүйелі жұмыс пен нәтижеге жетуге ұмтылу;
- өзіңмен және ұжыммен үнемі даму, жаңашылдық пен педагогикалық инновацияны қолдау.
Мінекей, осы қағидалар ар-қылы білім сапасын арттырып, оқушының жан-жақты дамуына жағдай жасау – менің басшылықтағы және педагогикалық қызметтегі басты ұстанымым.
Сұхбаттасқан –
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
БҚО Орал қаласы