Кез келген өлкенің тарихы мен танымы сол кеңістік пен кезеңдегі кезекті тұлғалардың ғұмыр баянымен тығыз байланысты. Бала күнімізден есімі мен шарапаты ой-санамыз бен жан-жүйемізге берік орныққан Пір Бекет ата – аса дарынды ғұламаның ғибратты ғұмыры әулиелі әз мекенмен тұстасып, тұғырлы тұлғасы киелі Маңғыстаудың күрделі тарихи кезеңдеріне ерек ықпал еткені айқын. Бұл бүгінде бізге жеткен тарихи дәйектерді талдап, шежіре-дастандар мен аңыз-әпсаналарды індетіп зерттеп жүрген Пір атаның көрнекті тұлғасын, рухани кемелдігін тануды көксеген ілкі буынның тұжырымы екеніне дау жоқ. Әуелі Алла, содан соң Пір Бекеттен медет тілеген Маңғыстау елінің жүрегінен ерек орын алған, иісі мұсылманның рухани ұстынына алған әулие атаның 275 жылдығы биыл айрықша сән-салтанатпен өткелі жатыр. Оған дәлел бірнеше күнге жоспарланған тұщымды пікір, аталы сөз айтылатын алқалы жиындар, Бекет ата Мырзағұлұлы мен Шопан ата рухына арналған ас, дүбірлі додалар деуге саяды.
Өмірі аңыз-әпсанаға толы Бекет ата
Өткен бейсенбідегі «Бекет ата Мырзағұлұлы – руханиятымыздың тірегі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Өлке тарихы – мыңжылдыққа татитын мұра. Алдымен өңір тарихының терең қатпарларын ұлт руханиятының темірқазығына айналған тұлғалар ғұмырымен қатар зерттеуге бағытталған бұл жиын батыл ұсыныстар мен байыпты шешімнің, парасатты пікір мен парықты пайымның алаңына айналғанын атап өткен жөн. Әсерлі әрі мазмұнды жиынның әлқиссасы да жақсы жаңалықпен басталған-ды.
«Жуырда шетелден келген мамандар Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата мен Сұлтан үпі басына арнайы барып, тарихын зерделеп, толымды ақпарат жинақтап алып кетті. Келер жылы барлық ұсыныстарды ескеріп, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізу жоспарланып отыр», – деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбек қажы Тағанұлы тағылымды жиынның мәніне тоқталды.
«Маңғыстау – киелі мекен. Мұнда Алланың хақ дінін насихаттаған әулиелер жатыр. Ясауи бабамыздың атақты төрт шәкіртінің бірі Хәкім атаның ұлы Үпі сұлтанға да осы өлкеден топырақ бұйырған. Бір кездері ұлы Ұлыс – Жошы ұлысына дін тарату мақсатымен келген аталар қазақ жұртының, өзбек, ноғай, татар, башқұрт секілді тағы да басқа да мұсылман жұртының рухани тұтастығын көздеді. Нәтижесінде Дешті Қыпшақ баурайында және Хорасан өлкесінде ортақ рухани кеңістік қалыптасты. Шариғатта Әбу Ханифа жолы, имани сенімде имам Матуриди ілімі нық орнады. Сопылықтан сыр шертетін әулиелер әспеттелді. Олардың даналық сөздері ел жадында нақыл ретінде сақталды. Ғибратты ғұмырлары өнегелі өмірдің шамшырағына айналды. Осындай киелі мекенде Бекет Мырзағұлұлы дүниеге келді. Ол аталар аманатына берік болып, Алланың хақ дінін кеңінен насихаттағандықтан, жұрт оны Бекет ата деп құрметтеп, қастерледі. Оның терең білімі мен рухани іліміне тәнті болған жұрт «Мәдинеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деп, дұғаларына қосты. Ихсан ілімінде «пір» мен «ата» – егіз ұғым. Екеуі де рухани ұстазға қолданылады. Бекет Мырзағұлұлы жасынан білімге құштар болып өседі. Расында да Бекет атаның ғибратты ғұмыры аңыз-әпсанаға толы. Аңыздардың басым бөлігі бізге аманатнама, ангиографиялық туындылар арқылы жеткен. Бабалар мұрасына ғылыми тұрғыдан жанасып, осы мәселеге ерекше назар аудару қажет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әр жылдары қазақ топырағынан шыққан дін ғұламалары мен қайраткерлерін дәріптеп, бабалар мұрасы арқылы ел бірлігін сақтауды, жас буынның санасына сіңіруде мақсат етіп келеді», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Конференция ғылыми пікір алмасу алаңы ғана емес, ортақ рухани байлығымызды келер ұрпаққа насихаттаудағы берік ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналғаны шүбәсіз. Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова да алғы сөз арнап, Қазақстан ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра комитетіне мүше болып сайлануын ұтымды пайдалану қажеттігін ескерді. Ел аумағындағы қайталанбас мәдени-тарихи нысандарды әлемдік қауымдастыққа танытып, ұлттық және халықаралық деңгейде қорғау шараларын іске асырудың салмағына тоқталды. Тарихи тамыры терең Маңғыстау өлкесінің өткен мен болашақты жалғайтын берік көпір ретіндегі рөлін бекемдеген бұл іс-шарада бауырлас елдердің бас ғалымдары, тарихшылары, реставраторларының бас қосуы – түркі өркениетінің мәңгілік мұрасын терең зерделеуге шынайы ниет пен талпыныстың тамаша көрінісі деп тұжырымдады.
Ұлт руханиятының бағдаршамы
Басқосуда философия ғылымдарының докторы, профессор, ясауитанушы Досай Кенжетай қазақ мұсылмандығы тұғырлары, ислам теологиясы төңірегіндегі басты түйткілдер турасында ой өрбітті.
«Бекет ата – бұл үлкен аксиологиялық платформа. Біз Бекет атаның тұлғасын аңызбен көмкерілген ақиқаттың ішінен өзімізге жақындатуымыз керек. Бекет атаның тарихилығы – өте өзекті мәселе. Адамды қоршаған танымдар шексіз, ғылыми, діни, философиялық таным бар. Тарихи танымдағы деректерді жойып баққан кеңестік саясат, Қазақ мемлекеттілігі мен болмысын бөлшектеу мақсатында Бекет ата мұрасы туралы да өз ұстанымын таңып келді. Тарихшылар көптеген деректі «аңыз» деп ғылыми айналымға енгізуден алшақ ұстаған. Аңыздағы Бекеттің Сыр бойынан Аралға қарай ойысуының астарындағы саяси қабаттар жабық күйінде жатыр. Аңыз ретінде халық санасынан өшпестей орын алған деректер тарих қойнауын түгендеуге септігін тигізері сөзсіз.
Үшінші басты мәселе – Бекет ата тұлғасын саяси да рухани орталықтан бөлек таныту туралы болмақ. Аңыздағы «Сауран атырабында туған» деген аңыздың өзі бөгде мақсатты көздеген миф екеніне дау жоқ. Себебі Бекет ата тұлғасы арқылы қазақ даласын бөлшектеуді мақсат еткен ориенталистік тенденция көрініс береді. Сондықтан Бекет ата аңыздары ертеңгі тарихи сананы жаңғыртуда, болашақ ұрпаққа рухани құндылықтарды ғылыми танымдық тұрғыдан дәріптеп, танытуда ең басты орталық болып қала бермек.
Аңыз түбі ақиқат демекші, әрбір діни аңыздың өз тілі мен қалыптары болады. Аңыздарда «Бекет атаның үш рет ұшқандығы» туралы айтылады. Бұл – оның шариғат, тариқат және ақиқат танымдық рухани сатыларда тәжірибесі болғандығын білдіретін символдық-бейнелік танымның тілі. Бекет ата мұрасы қазіргі ғылыми танымдық, культурологиялық және эпистемиологиялық талаптар негізінде зерттеуді талап етеді. Менің ұсынысым – Ақтауда «Бекет ата мұрасы» ғылыми зерттеу және мәдени институтын ашу қажет», – деп сөзін қорытындылады ғалым Досай Кенжетай.
Танымал сәулетші-реставратор Сәдуақас Ағытаев конференцияда мәдени мұраларды сақтаудың қазіргі заманғы үрдістері және «Орын рухы» концепциясының теориялық негіздері туралы ой өрбітті. Құндылығы жүзжылдықтармен қастерленетін ескерткіштерді сақтау және қамқорлық танытудың да бірқатар құқықтық тетіктері бар екені мәлім.
«Мәдени мұраны сақтау заңнамасы оның қалыптасу тарихы мен теориялық негіздеріне тікелей байланысты. Қазіргі қолданыстағы мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңымыз, ескерткіштеріміздің әлемдік мәдени мұра тізіміне кіруімен ЮНЕСКО талаптарына сай және де халықаралық нормалармен астарлас болғаны дұрыс, яғни толықтырылып отыруы керек.
Көне дәуір өнер туындыларын реставрациялау барысында нені сақтау керек деген түсінікке ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында әлемдік деңгейде елеулі түзетулер енді. Кесененің заттық, материалдық негізін емес, оның рухын сақтап қалу мәселесі бас көтерді. Қайта қалпына келтіру жұмыстарында ескерткіштердің діни-мифологиялық негіздерін зерделеу маңызды. Мәселен Бекет ата мешіттерінің еденіне ағаш төсеу туралы ұсыныс түскен сәтте, бұл жерде атаның табанының табы мен киесі қалған, осы қалпымен сақтайық, бұдан асқан керемет жоқ деген ұстанымды қолдадық. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында 50-жылдарға дейін Ата ұрпақтарының үй-жайы тұрды. Қазір олардың бірі де жоқ. Әлемдік мұралар тізіміне кесене есебінде ғана енді. Ал шындығында монша да, қылует те, жан-жағында жатқан үй-жайлар да кешен құрамына кіруі керек еді. Сондықтан Маңғыстау жеріндегі мәдени нысандарға қатысты осы мәселеде абай болуыңызды қаперіңізге саламын. Ерекше мәселе – көне тарихи ескерткіштер аумағында диссонанс тудыратын деректер бар. Бұл мәселені кезінде Әбіш ағамыз да көтерген еді. Көне ескерткіштер мен кешендердің аумағына бүгінгі құрылыс материалдарын кіргізу мәдени нысанның құндылығына нұқсан келтіреді. Сондықтан мұндай әрекеттерге тыйым салынуы тиіс», – деген пікір білдірді сәулетші-реставратор Сәдуақас Ағытаев.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Бекет ата Мырзағұлұлының рухани мұрасының тағылымдық, ғибраттық өнегесіне пәлсапалық талдау арқылы сараптама жасаған сүбелі еңбектер жарық көрді. Олардың қатарында тарих көшінен там-тұмдап жәдігер жинаған, ел ішіндегі ескілікті әңгімелерді електен өткізіп қана қоймай, ТМД елдерін түгел аралап, ата жайлы деректі жіпке тізген, «ел иесі, жер киесі» атанған пір Атаның адамзат баласын тура жолға бастайтын ақиқат пен жалғанның, арам мен адалдың парқын айқындайтын ілімін бірнеше кітапқа арқау еткен жазушы-өлкетанушы Ислам қаржы Мырзабекұлы да бар. Ғылыми-практикалық конференцияда Ислам қажы былай деп ой толғады:
«Шығыстың зерттеушілері В.Радлов, Б.Григорьев, К.Иностранцев, Маңғыстау өлкесін зерттеген Э.Эверсман, А.Дюгамель, Д.Алексеев экспедициялары және жергілікті халық санасында жатталып, бүгінгі күнге жеткен аңыз-әңгімелер Бекет атамыздың өмірі мен елдегі атқарған істерін толық растайды. Ол – руханият абызы, ағартушы-ұстаз, сәруар көреген, сәулетші-шебер, сопылық ілімнің сардары, батыр-баһадүр, қасиетті Қожа Ахмет Иасауи бабаның жолын жалғаушы, Бақыржан бабаның шәкірті, дәргейлі дінпаз, әулие-астролог, шешен-би, атақты емші, ғұлама. Еліміз егемендік алған дәуірден есептегенде, бүгінгі таңға дейін Бекет ата жайлы 20-ға тарта кітап, 15 шақты журнал, күнтізбе, күнпарақ, 30 шақты ән-жыр-термелер, 100-ден аса арнау өлеңдер, 4-5 күйге өмірге келді. Ондаған деректі фильмдер түсірілді».
Ал танымал ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Өмірзақ Озғанбаев мұндай конференциялардың халықты ізгілікке, мейірбандыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеуде маңызы зор екенін мәлімдеді.
«Бабаның өзбек, түрік, парсы елдерінде бар еңбектерін зерделеп, жұртшылық назарына ұсыну келер күннің еншісінде. Қай кезеңде де рухани тоқырау экономикалық дағдарыстан әлдеқайда ауыр, иманы әлсіреп, ізгіліктен жырақтап кеткендер үшін Атаның рухани мол мұрасы, кемел тұлғасы үлгі болуы тиіс», – дейді Өмірзақ Озғанбаев.
Осылайша, Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өз мәресіне жетті. Тәуелсіздігіміз тұғырланып, елдігіміздің іргесі бекіген тұста ұрпақты ізгілікке баулып, биік мұратқа жетелейтін данагөйлердің ғибратын дәріптеу, сан ғасырлық тағылымнан сабақ алу арқылы ұлттың тарихи жадын жаңғырту аса маңызды. Себебі елдің келешегі жастардың алған бағытының дұрыстығына байланысты екендігі белгілі.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ