Ұлы ақын рухымен қауышу

Ұлы ақын рухымен қауышу

Ұлы Абайдың рухани әлемін халқына танытып, оның мұрасын ұрпақ жадына сіңірген тұлға  Мұхтар Әуезов екені сөзсіз. Ол Абайдың шығармаларын терең зерттеп, «Абай жолы» арқылы ақынның болмысын көркем бейнеге айналдырды. Бүгінде сол Әуезов салған жолмен жүріп, Абайды сахна арқылы қайта тірілтіп жүрген жандар – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының өнерпаздары.

Кешіміздің қадірлі қонақтары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Әбділманов пен Ерлан Біләл – сахнада Абайды ғана емес, Мұхтар Әуезовтің де идеясын, рухани жалғастығын алып жүрген ұлы мұрагерлер десек, артық айтпаймыз. Олардың келуі – тек қонақтық емес, Абай мен Әуезов рухына тағзым, ұрпаққа өнеге.

  Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №32 кітапхана бөлімшесі төрінде ұлы той болды. Ол – Абайдың тойы, қазақ руханиятының, сөз өнерінің мерекесі. Мұндай тойға Абайды сүйетін, Абайды таныған, Абаймен тыныстайтын жанның бәрі қатысуы заңдылық. Біз үшін бұл – тек ұлы ақынды ұлықтау ғана емес, кітапханамыздың рухани орда ретінде өмірдің жарығын жағып тұрғанын көрсету еді. 

Кеш шымылдығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының және кино актері, «Құрмет» орденінің иегері – Болат Әбділмановтың сөз алуымен түрілді.

 Ол сөз бастаған сәттен-ақ кітапхана ішіне үлкен сахнаның тынысы келді,  кітапханадағы тыныштық өзгеше бір толқынға ұласты. Қарапайым үстел басында отырып-ақ, ол сахнаның биігін сездірді. Қоңыр үнді актер сөзінің тереңдігі Абайдың даналық тынысын алып келгендей болды. Сөз арасында көзін төмен салып, сосын кенет залға тіке қарағанда, Абайдың өзі келгендей күй кештік.

Міне, осынау сахнада – қазақ өнерінің қара шаңырағында – Әбділманов жиырма жылдан аса уақыт бойы Абайды сомдап келеді. Ол үшін бұл рөл жай ғана кейіпкер емес, жан әлемінің бір бөлігі, өмірлік серігі. М.Әуезов театрының маңдайшасында Абайдың рухы тұрса, соның сахнадағы дауысы мен жүзін Болат Әбділманов алып жүр деуге болады.

Абаймен оның байланысы 30 жасында басталып, Райымбек Сейтметов қойған «Қалың елім, қазағым» спектаклінде өлеңдері мен қара сөздерін оқуынан өрбіді. Кейін Әзірбайжан Мәмбетовтың «Абай» трагедиясында басты рөлді сомдап, бұл бейнені жан әлемінің бір бөлшегіне айналдырды. 2020 жылы жазушы-драматург Мәдина Омаровамен бірге «Абайдың жұмбағы» пьесасын жазып, Әуезов театрының 95-маусымын осы қойылыммен ашты. Кітапханадағы кеште де актер Абайдың: «Қазақ сонда өзінің сол табиғатынан қашан айырылды, өз болмысын қашан жоғалтты?» – деген сауалын еске салды. Ол бұл сөздердің астарында ұлтқа деген шексіз махаббат жатқанын айтты. Абайдың қара сөздерін оқу барысында зал үнсіз тыңдап, әр сөзін жүрекпен қабылдады.

Кештің келесі қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры – Ерлан Біләл.

М.Әуезов театрының сахнасында ол сомдаған Абай – сабырлы, бірақ ішкі дауылы бар, ойы мен сезімі терең бейне. Ерлан Біләлдің айтуынша, Абайды сахнада жеткізу – тек сөзбен емес, үнсіздікпен де сөйлей білу. Оның Абайы – өмір сүрген, күрескен, қайғы мен қуанышты қатар сезінген тұлға.

 

Актер сахнада ғана емес, біздің шағын кітапханамызда да Абайдың ішкі әлемін көрерменге дәл жеткізе алды. Баянмен Абайдың  «Сегіз аяғын» орындағанда еріксіз көздер жасқа шыланды. Одан бөлек қазақ пен қырғыздың халық әндерін орындап, кешті шынайы ұлттық бояумен әрледі. «Мен сомдаған Абай – сурет емес, ол өмірдегі Абай. Оның басынан өткен қасіреті, балалары мен шәкіртінен айырылуы – бүкіл тағдырын шайқаған ауыр сынақтар. Сол мұңды жеткізу – актер үшін ең үлкен жауапкершілік», – деді.

 

 Абайдың рухани мұрасы әр дәуірде жаңаша оқылып, қайта түсіндіріліп келеді. Сол асыл қазынаны бүгінгі ұрпаққа тереңнен жеткізіп жүрген қаламгерлердің бірі – жазушы, аудармашы, абайтанушы Абай Мауқараұлы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі – Абай Мауқараұлы. Ол – хакім Абайдың «38-қара сөзіне» исламдық-философиялық тұрғыдан терең талдау жасап қана қоймай, оны өлең өрнегіне түсірген сирек қаламгердің бірі. Бұл еңбегінде Абайдың діни-философиялық көзқарасын жыр жолдарымен жеткізіп, Алланың есім-сипаттары, иманның алты шарты, исламның бес парызы, ғылым мен білімнің діндегі орны сынды қастерлі ұғымдарды поэзия тілімен өрнектеген. Кеш барысында автор осы еңбегінің рухани мәнін тарқатып, келген көрерменге өз кітабын сыйлады. Бұл – тек әдеби туынды емес, Абайдың аманатын жырға қосқан жүректің үніндей қымбат тарту еді.

Абай рухының мәңгілік жаңғырығын поэзия тілімен сөйлеткен замана ақындарының бірі – Әлібек Шегебай. Ол – ақын, Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығының және Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, Халықаралық «Ататүрік» медалінің иегері.

Әлібек мырзаның соңғы көлемді шығармашылық жұмысы – «Қара сөз қара өлеңге айналғанда...» атты қомақты еңбегі. Бұл туындыда Абайдың 45 қара сөзі жыр тілімен қайта түлеген. Бес жылдық ізденіс пен рухани еңбектің нәтижесінде дүниеге келген кітапта әр қара сөздің поэзиялық нұсқасы түпнұсқамен қатар беріліп, оқырманға салыстыра оқу мүмкіндігі жасалған. Бұл жобаға әдебиетіміздің ірі өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Байбота Қошым-Ноғай алғы сөз жазса, руханият жанашыры Үсіпбаев Дайрабай Мамашұлы демеушілік еткен. Әлібек Шегебай – Абай сөзін жалаң қайталаушы емес, оны жүректен өткізіп, бүгінгі оқырманға жаңа тыныспен ұсынушы. Оның жырларында – Абайдың үні, бірақ қазіргі заманның жүрек соғысы бар.

Екеуі де – Абай әлемін бір-бір қырынан ашқан, бірі – терең зерттеумен, бірі – көркем жырмен, хакім мұрасының биігін бүгінгі ұрпаққа жеткізген тұлғалар. Гүлім Әскербекқызы – сәулетші, рецитатор. Ол тек ғимарат тұрғызбайды, сөздің де сәулетін, өлеңнің де өрнегін салады. Әлеуметтік желіде мыңдаған тыңдарманын поэзиямен тербетіп жүрген нәзік жүрек иесі. Кеш барысында ол Абайдың әйгілі «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңін жүрекпен оқып, залды терең ойға жетеледі. Сондай-ақ, шығармашылығын ерекше бағалайтын ақын Әлібек Шегебайдың «Таба нан» атты өлеңін де мәнерлеп оқып, тыңдарманын тамсандырды. Оның дауыс ырғағы мен сезімге толы интонациясы кештің көркемдік шырайын аша түсті.

Бақытхан Дархан Еркебұланұлы – Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылындағы гимназияның 6 «ә» сынып оқушысы. Өнерге деген ынтасы кішкентайынан оянып, 3 жасынан бастап өлең жаттауға баулынған. Домбыра тартып, поэзия, проза, тіпті сатира оқуда да шебер. Дархан түрлі байқауларда биік жетістіктерге жетіп жүр: 2019-2020 оқу жылында өткен «Ұлы дала ұрпағы» байқауында бас жүлде иегері атанып, Астана қаласындағы Өнер мектебіне жолдама алған. 2022 жылы небәрі 8 жасында «Мен де жұлдыз боламын» байқауында да бас жүлде алып, Түркия мемлекетінде өнер көрсетіп қайтты. Бүгінгі кеште Дархан Абайдың «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» атты өлеңін мәнерлеп оқып, көрермен жүрегін тебірентті. Қарындасы Бақытхан Алуа Еркебұланқызы – Шелек ауылындағы гимназияның 3 «в» сынып оқушысы. Ән айту, би билеу, сурет салу – оның сүйікті ісі. Жас болса да сахнаға батыл қадам басып, өнерін еркін көрсетеді. Кеште Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын» әнін шынайы сезіммен орындап, көрермендерді баурап алды.

Бұл талантты бауырлар – қарапайым отбасынан шыққан өнерлі өрендер. Олардың анасы, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірген Оршыбекова Кенже Саутовна, балаларын кішкентайынан өнерге баулып келеді. Өзі мүмкіндігі шектеулі үлкен қызы Айдананы бағып-қағып, бала тәрбиесіне уақытын арнаса да, ұл-қыздарының бойындағы өнерін ұштауға күш салып келеді.

Кештің тағы бір жарқын сәті Алатау ауданының «Ардагерлер» оркестрінің өнері болды. Көкей Қилымхан Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін, ал Рыспаев Сарқытбай «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындады. Оларды баянмен ҚР Мәдениет саласының үздігі Нысанбек Ерманов сүйемелдеді.

Алатау аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағатулла Таубалды бастаған бұл ұжым 1985 жылы Жастар сыйлығының лауреаты атанған. Олар Америка мен Еуропаның бірнеше елінде, сондай-ақ Ташкент пен Қырғызстан сахналарында өнер көрсетіп, қазақ өнерінің абыройын асқақтатып жүр. Кеш барысында оркестр Абайдың әндерін орындап, тыңдарманға ерекше әсер сыйлады.

Кешке кітапханамыздағы «Поэзия» клубының мүшелері ақын Жолдыбай Мұзаппаров, ақын, сыншы Ажар Сламова, кітапхана оқырманы, филолог, Тұран университетінің оқытушысы Айнагүл Мазенова, сондай-ақ ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Арнаулы мақсаттағы басқармасының қызметкерлері қатысты.

Аядай ғана кітапханамыздың төрінде бүгін алып тұлғалар отырды. Әдетте оларды үлкен сахналардан, биік мінберлерден көреміз. Ал бүгін сол асқақ өнер иелері қарапайым оқырманмен бір бөлмеде, дәл қасында отыр. Оларды жақыннан көріп, емен-жарқын әңгімелескен халықтың қуанышы жүздерінен көрініп тұрды. Бұл – біз үшін мәртебе ғана емес, жүрекке жететін үлкен қуаныш. Себебі өнер де, тұлға да – халықтан биік емес, керісінше халықпен бірге биіктейді.

Бұл – біздің кітапхананың тарихындағы ең ерекше кештердің бірі! Бүгін біз тек өлең тыңдап, қара сөз оқыған жоқпыз. Біз Абаймен тағы бір мәрте қауыштық. Көлемі  шағын болса да, жүрегі кең кітапханамызда сіздердің өнерлеріңіз – біз үшін баға жетпес қазына.

Бұл іс-шараға қаладағы 15 кітапхана өз үлесін қосты. Кеш қонақтарының барлығы Алматы ОҚЖ директоры М.Е.Бектембаевтың атынан арнайы Алғыс хатпен марапатталды.

Айжамал ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

қаламгер, кітапханашы,

Алматы қаласы

 

15.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16486
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16339
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31512
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30133
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33722