Қазақстанның Премьер-министрі мен орынбасарларының 15 шілдедегі брифингі көпшілік күтпеген жаңалық болды. Бір жарым жыл бойы журналистермен бетпе-бет кездеспеген Олжас Бектеновтың бұл жиынының саяси астары бар ма?
2024 жылдың ақпанынан бері Олжас Бектенов Премьер-министр қызметін атқаруда. Алайда осы уақытқа дейін журналистермен бетпе-бет кездеспегендіктен, БАҚ оны «жабық премьер-министр» деп атап кетті. Бірақ 15 шілдеде күтпеген жерден ашық баспасөз-конференциясын өткізгені жайлы хабар тарады. Ол 4 орынбасарымен бірге (Р. Скляр, С. Жұманғарин, Е. Көшербаев және Қ. Бозымбаев) журналистердің сұрақтарына жауап берген.
Журналистердің алдына шығуына не әсер етуі мүмкін? Әлде «Алакөл кейсі» әсер етті ме екен? Президент Алакөлдегі жағдай бойынша Үкіметке қысқа мерзім ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіріп, олқылық жіберген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырған еді. 11 шілдеде О. Бектенов туризм саласы бойынша Үкімет отырысын өткізді. Ал 15 шілдедегі тікелей эфирдегі брифинг Президенттің сынынан кейін қабылданған шешім болуы мүмкін. Қалай болғанда да «Алакөл кейсі» мен оған Президенттің реакциясы Үкіметтің жаңа әдіспен жұмыс істеуіне түрткі болғандай.
Тілшілер қандай мәселе көтерді? Жиынға 50 БАҚ пен 100-ге жуық журналист қатысқан. Қойылған сұрақтар әралуан және сыни бағытта да болды. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік-экономикалық сипатта деп есептеуге келеді. Дегенмен Қаңтар оқиғасы, Ескі Қазақстан, активтерді қайтару, ірі бизнестің жауапкершілігі секілді саяси мәселелер де көтерілді. Сұрақтардың басым көпшілігіне Премьердің өзі жауап берді.
Қазақстан үшін осындай форматтағы билік пен қоғамның диалогын орнату өте маңызды. Әсіресе орталық және жергілікті атқарушы органдар халықпен тікелей диалог форматына өтуі тиіс. Бектенов брифингінде журналистердің аузын ешкім жапқан жоқ. «Ашық айқас» болды. Демократия деген осы. Ешқандай «заказной сұрақ» болмады. Осыдан-ақ брифингтің ашық әрі әділ өткенін аңғаруға болады.
Бектенов Үкіметіне сенім оянды. Ол Үкіметке келгелі экономика рекордтық көрсеткішке жетті. Биылғы жылды 6 пайыздық өсіммен жапқалы отырмыз. Бұндай жағдай қазақ Үкіметі тарихында бұрын-соңды болмаған.
Өз тілшімізден
Мақсат – экономиканы көтеріп, әртараптандыру
Премьер-министр Олжас Бектенов орынбасарларымен 50 тілшінің алдында мүдірмей, ең бастысы қағазға үңілмей еркін, сенімді түрде жауап берді. Әр сұраққа нақты жауап естідік. Бұрынғы Президенттің отбасына қатысты сауалға заң аясында жауап бергені ұнады. Ең жас Премьер-министрдің өзгелерден ерекше ұнағаны – ешқандай уәде бермеді.
Енді экономикаға келсек. Ел Үкіметі былтыр жалпы ішкі өнімді 286 млрд доллар жеткізді, биыл ЖІӨ 300 млрд доллар нысанаға алыпты. Мақсат – экономиканың тамырына қан жүгіртіп, әртараптандыру.
«Алдағы жылдары қарқынды экономикалық өсуді қамтамасыз ету арқылы 450 млрд долларға қол жеткізе аламыз. Ол үшін еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту, экономиканы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша көлемді бағдарлама іске қосылды, ол экономикаға қосымша 8 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жоспарда – 1,5 трлн теңгеге 190 өнеркәсіптік жобаны іске қосу. Егер біз осы бағытта жұмыс істейтін болсақ, онда алға қойған мақсаттарға жете аламыз», – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Әлеуметтік желі қолданушылардың бірі «Бектеновтың Үкіметі 30 жылдан бері шикізатқа сеніп келген жамау экономиканы қабылдады. Жағдай күрделі, бұдан абыроймен шыға алса, үлкен алғыс» деп жазыпты.
Не де болса, дәл осылай журналистермен кездесіп, ашық сұхбаттасуы дәстүрге айналар деген үміт бар.
Жазира БЕГАЛЫ