Қазақтың күрескерлік тарихында аты алтын әріппен жазылған Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына орай кіндік қаны тамған Қызбел өңірі Бидайық ауылында қайта жаңартылған музей-үйі ашылды. Қостанай қаласында ескерткіші бой көтерді. Ақ шаңқан үйлер тігілген той қалашығында сәні мен салтанаты жарасып, мерекелік думан өтті.
Қостанай өңірі, Торғай даласы – киелі өңір. Қойнауы қазыналы тарих тұнған Торғайдың тау-тасы, сай-саласы түртіп қалса, сыр шертер ұлылар мекені. Ақын да, батыр да, би-шешен, дана туған ел, алыптар өсірген өлке. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғынбекұлы: «Торғай деген Жанкелдин, Аманкелді аудандары, Арқалық қаласы» деп ойлайтынымыз бар. Арғы құжаттарға үңілсең, осы күнгі Қостанай облысының тұтас аумағы, арғы Ресейге қарай Челябінің ормандарының ішіне еніп кетесің. Анау, Орынбор аумағы өз алдына. Мына жағы Троицкіге барып тірелесің. Осының бәрі бұрын «Торғай даласы» деп аталған. «Торғай даласының жері» деп патшалық Ресейде солай жазылған. Міне, сондай даңғайыр керемет дала «Торғай даласы» аталған. Кез келген төбенің басындағы зиратты ашып қарасаңыздар, қопарсаңыздар қазақтың сүйегі жатыр. Атаудың бәрі – қазақтың атауы. Кейін тың көтеруде өзгертіп жіберді ғой көне атауларды. Сонда «Бұл Торғай жері, Торғай даласы, қазақтың Торғай деген елі» деп дәлелдеп, осы Қостанай облысын Челябіге қосылып кетейін деп тұрған жерінен, мынау Қостанай облысының осы күнгі Тобыл өзенінің арғы бетін, соны Ленинге бедел салып аман-есен алып қалған – Ахмет Байтұрсынов. Тарихта ол кісілер бәрін анықтап, бұның бәрі Торғай даласы екенін дәлелдеп жазады. Әбілқайыр ханның сүйегі осы Торғай жерінде жатыр.
Торғай жері тұнып тұрған байлық. Менделеев кестесіндегі тіпті, оған кірмеген жаңадан табылған дүниелердің өзі бар. Соны игергенде ғана Торғай түлейді. Торғай жерінің табиғаты мал шаруашылығына аса қолайлы. Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға, орталық қорғаныс өңірлерін шоғырландырып ұстауға болады. Теміржол тартылса, тынысы кеңейеді», – дейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық-Батыс автожолын салу арқылы Торғайды түлетуді, өңірді өркендетуді стратегиялық мақсат-міндеттердің алғашқылар қатарына санап отыр.
Президент: «Жолдауымда Қостанай облысын арнайы атап өттім, Торғай жеріне баса назар аудару керек деп айттым. Арқалыққа биыл міндетті түрде барамын. Кезінде уәде бердім, оны орындайтын кез келді. Торғай өңіріне көңіл аудару керек», – деп те тәуелсіздік жылдары билік назарынан тыс қалған алаң жұрттың үмітін үкілеп қойды. Бұл жаңалық соңғы жүз жыл тарихында қилы кезеңді басынан өткерген Арқалық, Торғай жұртына жаңа серпін, жаңа үміт сыйлады. Көптен көмескілене бастаған көптің сенімін оятты.
Жалпы, Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керек деді. Яғни ел экономикасының күретамыры саналатын жолдар арқылы, аймақтардың әлеуетін көтеру мәселесін Үкіметке нақтылап тұрып тапсырды және Торғай аймағын Үкімет назардан тыс қалдырмауы керек екенін ескертті.
Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қосылуға тиіс Орталық-Батыс автожолының «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз» бағыты арқылы өтуі керек әуелгі жоспардың бұрмалануы мүмкін деген ақпараттың тарауы өңір халқының қуанышын су сепкендей басты. Әуелде Бурабайда өткен төртінші Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба. Бұдан бөлек Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн», – деп арнайы тапсырма берген болатын. Дегенмен, Орталық-Батыс жолын Ұлытау бағытына бұрады екен деген әңгіме Торғай елін толқытып жіберген еді. Бұл жаңалық Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Торғай түлейді деп, «Өлгені тіріліп, өшкені жанғандай» болып қуанған Торғай халқын есеңгіретіп кеткені де түсінікті.
Мәселенің мән-жайын білмекке Торғайдың тумасы, белгілі журналист Анар Төлеуханқызына хабарласқан едік, «Республикалық Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің бұйрығымен жұмыс тобы жасақталыпты. Ол жұмыс тобы Президенттің төртінші Құрылтайда тапсырған Орталық пен Батысты жалғайтын күрежолдың бағыттарын айқындау мақсатында құрылыпты. Бастап жүрген Жамбыл Бақтияр деген жігіт комитет төрағасының орынбасары екен. Құрамында 10-15 шақты адам бар. Ол комиссия Ұлытау облысының аудандарында халықпен кездескен, сосын Торғайға келді. Халықпен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалады, бірақ комиссия жол салынатын болса, қаражат жұмсалатындықтан, «Оны толық зерттеуіміз керек. Қай жол арзан, қай жол тиімді, сондықтан біз бірнеше нұсқаны ұсынуымыз керек» деп өздерінше жұмыс істеп жатқандықтарын айтты. Олар нақты үш нұсқа дайындапты. Президент тапсырмасы Торғай аймағын көтеру үшін, оның экономикалық әлеуетін жақсарту үшін Арқалық – Егіндікөл – Торғай – Ырғыз бағытында жол салу туралы анық жазылғанына қарамастан, комиссия ұсынған үш нұсқаның біреуінде ғана Торғай – Ырғыз жолы қарастырылған екен. Олар осы үш нұсқа бойынша жобалық-сметалық құжаттар туралы толық шешім шықпағанын айтты» деп, болған жайдың анық-қанығын айтып берді. Сондай-ақ «Адамға ауа қандай қажет болса, Торғай аймағы үшін бұл жол ауадай қажет» деп, алаң жұрттың арызын жеткізді.
Алайда 14 маусымда Президент тапсырмасына орай 14 маусымда Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен сол кездегі ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығатын «Орталық-Батыс» автожолының Астана – Егіндікөл – Бауманское – Сочинское – Шалғай – Шойындыкөл –Арқалық – Жалдама – Амангелді – Торғай – Ақшығанақ – Ырғыз бағыты құрылысының басталғанын хабарлап, лентасын қиып, жаһанға жариялаған болатын. Оны өзіміз де БАҚ-тардың және әлеуметтік желілердің жаңалықтарынан көрдік. Бұған дейін, анығы 15 мамырда Премьер-министр Олжас Бектенов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Президенттің Ұлттық құрылтай мен Қауіпсіздік Кеңесінің IV отырысында тапсырған автожол желісін дамыту, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру, энергиямен жабдықтау жүйесін жаңғырту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша тапсырмаларының орындалу барысымен танысып, Астананы Транскаспий бағытымен байланыстыратын «Орталық-Батыс» автокөлік жолы құрылысын жеделдету керек екенін айтты.
«Бұл – тікелей Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба. Бүкіл еліміз үшін, Торғай өңірі үшін маңызды жол. Сондықтан бұл іске аса жауапкершілікпен қарау маңызды. Бір ай ішінде жоба бойынша жұмысты бастап, оны жылдам әрі сапалы жүргізу керек. Жаңа жол бойында бизнеске мүмкіндіктер ашылады. Бұл – өңірге жаңаша серпін беретін жоба. Сондықтан министрлікпен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізу қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бірақ 2 қыркүйекте ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың «Орталық-Батыс жолының техникалық құжаттары экспертизада жатыр» деп айтқан видеосы әлеуметтік желілерде таралып, елді елең еткізді. Біз, «14 маусымда Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен сол кездегі ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев қатысып, Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығатын «Орталық-Батыс» автожол құрылысының жұмысын бастап берді емес пе?! Егер Мақсат Қалиақпаров айтқандай, Орталық-Батыс жолының техникалық құжаттары экспертизада жатқан болса, эскпертизадан құжаты шықпаған жол құрылысын бастауға бола ма?» деп Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиевке сауал жолдаған едік, «Заңнамаға сәйкес, кез келген жобаның, құрылыстың басталуы оның жобалау-сметалық құжаттарын дайындаудан басталады. Онсыз ешқандай құрылыс басталмайды. Ал, «Орталық Батыс» жобасы бойынша техникалық экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасы 2015 жылы дайындалған. Қазір ағымдағы бағалар бойынша жаңарту жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттары сараптамадан өтуде. Негізінде, егер бас мердігер мен қаржыландыру көздері туралы шешім қабылданса, онда қазіргі уақытта дайындық инженерлік ізденістер жұмыстарын жүргізуге болады: геология, гидрология, топография, аумақты тазалау, құрылыс алаңын және уақытша инфрақұрылымды ұйымдастыру және тағы басқа дегендей.
Өткен аптада мен Көлік министрі Н.Сауранбаев мырзамен кездесіп, жобаның түйткілді мәселелерін талқыладым. Көлік министрі жобаның сараптамадан өтіп жатқанын, бастапқы бағыттың өзгермейтінін, Мемлекет басшысының тапсырмасы міндетті түрде орындалатынын айтты.
Осы ретте, жауапты мемлекеттік органдар қажетті шешімдерді дереу қабылдап, кешіктірмей негізгі құрылысты бастайды деген үміттеміз» деп жуап берді. Сонымен қатар Берік Бейсенғалиев Орталық-Батыс автожолының маңыздылығына егжей-тегжейлі тоқталды.
«Еліміздің инфрақұрылымының жан-жақты дамығанын бәріміз қалаймыз. Үкімет тарапынан жаңа жобалар бастаймыз деген бастамаларын үнемі қолдаймын. Жолдар салынып ел мен ел араласуы керек. Жол – күретамыр. «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз» бағытымен автокөлік салудың басты артықшылығы орталық және батыс өңірлерінің арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл бағыттың басты стратегиялық маңызы сонда жатыр ғой. Төте жолдың аты – төте жол. Жоғарыда атап кеткенімдей, оның өңірарлық байланыстарға және бастысы соңғы жылдары шетте қалып қойып жүрген Торғай өңіріне жаңа серпін берері сөзсіз. Картаны алып қарасақ та соны көруге болады», – деді депутат.
Ал Көлік министрлігіне хабарласып, Автомобиль жолдары комитетінің бұйрығымен жұмыс тобын жасақтап, «Орталық-Батыс» көлік дәлізіне қатысты мәселе туындатып, халықпен кездесулер өткізудің және Президент тапсырмасын талқылаудың себебін сұраған болатынбыз. Сұрағымызға Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров: «Орталық-Батыс» тас жолы – еліміздегі стратегиялық маңызы жоғары инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жобаның негізгі мақсаты – елдің орталық және батыс өңірлерін тікелей байланыстырып, Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығуды қамтамасыз ету. Алғашында бұл жоба бірыңғай кешен ретінде қарастырылғанымен, іс жүзінде екі дербес бағыттан құралады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бекітілген негізгі бағыт – «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» автомобиль жолы. Жоба шеңберінде «Астана – Арқалық» және «Торғай – Ырғыз» учаскелерінде жаңа жол құрылысы жүргізіліп, Арқалық пен Торғай арасындағы қолданыстағы жолды қайта жаңарту жоспарланған. Қазіргі уақытта «Орталық-Батыс» жобасы бойынша дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, геодезиялық зерттеулер орындалуда, топырақ сынақтары жүргізілуде, жер телімдерін бөлу мәселелері қарастырылуда, жобалық есептер әзірленіп, қаржыландыру тетіктері пысықталып жатыр. Негізгі құрылыс жұмыстары жобалық-сметалық құжаттама толық дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін басталатын болады. Сонымен қатар жобаның жекелеген учаскелері ерекше қорғалатын табиғи аумақтар арқылы өтетіндіктен, тиісті жер мәселелерін шешу қажеттілігі туындап отыр. «Астана-Ұлытау» бағыты қазіргі уақытта дербес жоба ретінде қарастырылып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – елорданы Ұлытау облысымен тікелей байланыстырып, өңірдің-көліктік қолжетімділігін арттыру. Аталған бағытты іске асыру мәселесін Көлік министрлігінің жұмыс тобы жан-жақты зерделеп жатыр. Дегенмен, аталған жоба стратегиялық негізгі бағыттың орнын баспайды, яғни баламалы жол ретінде қарастырылады. Осыған сәйкес, «Орталық-Батыс» жобасының басты бағыты болып «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз» маршруты өзгеріссіз қалады. Жобаларды іске асыру шеңберінде жергілікті халықтың пікірі ескерілуде. Осы орайда Арқалық, Торғай және Жезқазған қалаларында тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, олардың ұсыныстары тыңдалды. Қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету және ашықтық қағидаттарын сақтау үшін жұмыс тобы тұрақты негізде талқылаулар жүргізіп отырады. Қорытындылай келе, қазіргі уақытта екі дербес бағыт қарастырылып отыр. Негізгі стратегиялық жоба – «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» күре жолы. Бұл бағыт Қазақстанды халықаралық көлік дәлізімен тікелей байланыстыра отырып, стратегиялық маңызын сақтап келеді», – деп жауап берді. Оның айтуынша, «Астана – Ұлытау» бағыты қосымша зерттеліп жатқан жоба ретінде қарастырылып, көлік желісінің тиімділігін арттыру тұрғысынан бағалануда. Екі жобаның да негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалғандай, еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту. Демек, «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз» күре жолы салынады, Президент тапсырмасы мүлтіксіз орындалады. «Жол салынса, Торғайдың тынысы кеңіп, өңір түлер еді» деген халықтың арманына жетер күні де алыс емес шығар. Әлі-ақ күре жолдың бойына «қан жүгірсе», бүкіл аймақты – Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғап, Торғай даласына «жан бітетін» болар...
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ