«Тілім үшін жүрегім тілім-тілім дейтін қазағым қайда?»

«Тілім үшін  жүрегім  тілім-тілім дейтін  қазағым қайда?»

– Рыскен Рахымқызы, сіз Алматы педагогикалық шет тілдер институтын бітірген соң, туған жеріңіз  Жамбыл облысы Меркі ауданы Қостоған ауылындағы орта   мектепте   алғашқы   еңбек  жолыңызды бастапсыз. Қазір ардагер ұстазсыз. Негізінде,  ұстаздық қызмет инемен құдық қазғанмен бірдей дейді.  Қиындығымен қатар  қызығы да жүреді ғой, осы жайлы айтып берсеңіз?

– Иә, 1973 жыл десем, желкілдеген жастық шағым еске түседі. Менің еңбек жолым ұшқан ұям – мектепте мұғалім болып басталды. Арман-қиялымызды арқалап Алматыға үш жыл қатарынан абитуриент болып бағымды сынадым. Ол кезде күндізгі бөлімге оқуға түсу аспандағы айға қол жеткізгендей қиын еді. Сол қиындықтың кермек дәмін төрт жыл қатарынан тартқан жанмын. Ол күндерді еске алсам, екі том тарих жазуға болады. Өтті дәурен! Тағдыр солай болды. Арқасүйер ағам, жетелейтін жеңге жоқ. Демеушім – анам. Қорғаушым – бір Алла. «Шешінген судан тайынбас» деген тәмсіл тура маған айтылғандай, тағдырымның ауыр салмағын көтере жүріп, үш жыл бойғы еңбек өтіліммен институт жанындағы жаңадан ашылған Дайындық факультетіне құжат тапсырып, сол кездегі «собеседование» делінетін тексеруден сүрінбей өтіп, төртінші жылы студент атандым. Өзімнің кешегі оқушыларыммен сабақтас болдым. Осы жылдар аралығындағы көз жасымның қарымтасын Алла Тағала қуанышпен қайтарған сәт те есте. Ол – 1976 жыл. Сол жылы Алматы шетел тілдері педагогикалық институтының күндізгі бөліміне оқуға қабылдандым. Ұлылардан қалған мына бір ғибратты сөз ойға оралады: 

«Ерінбей етсең еңбек шыдап егер, 

Тікен де гүлге айналып шыға келер».

Өміріңді гүл ету де, жүн ету де әркімнің өз қолында дегім келеді. Кеш те болса мақсатыма жетіп, арманым орындалып, қалаған оқу орнын бітіріп шықтым. Қай мамандықтың болсын қиындығымен қатар қызығы да бірге жүреді ғой. Туған жеріме барып, ұстаздық қызмет жасап келдім. 1981-1995 жылдары Алматы облысы Қаскелең ауданы Л.Н.Толстой атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқардым. Одан кейін жоғарғы оқу орындарында студенттерге сабақ бердім. 2000-2003 жылдары Алматы қаласындағы №40 орта мектепте орыс сыныптарында қазақ тілі пәнінің мұғалімі, Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс Академиясының қазақ тілі кафедрасында оқытушы болып қызмет атқардым. 2003-2015 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінің (қазіргі Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті) оралмандар аудиториясында қазақ тілінен дәріс бердім. Осы жылдар ішінде 50-ге жуық ғылыми-зерттеу мақалаларым ғылыми баспа беттерінде жарияланды. «Фонетика саласы бойынша жаттығулар жинағы» оқу құралының авторымын.

Одан соң 2016-2020 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Шетелдік азаматтарға арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінде аға оқытушы болып қызмет атқардым. 2010 жылы Қазақ филологиясы кафедрасында «Оралмандардың ауызекі сөйлеу тіл ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертациясын қорғап шықтым. 2016-2020 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Шетелдік азаматтарға арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінде аға оқытушы болып қызмет атқарды. 2012 жылдың қараша айында «Түркі халықтары мен мемлекеттерінің тарихи­мәдени мұрасы және интеграциялық үдерістер» бағдарламасы аясындағы «Еуразиялық полиэтникалық кеңістіктегі қазіргі түркі тілдерінің даму үдерістері» ғылыми жобасын сәтті орындап, Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласына ғылыми іссапармен барып қайттым.

– Сіз ұстаздықпен қатар қолыңыздан қаламыңыз түспей, біздің басылымымыздың жанашыры болып,  біраз жылдан бері  әртүрлі мәселелерді қозғап,  құнды дүниелеріңізді жариялаумен келесіз. Қоғам қайраткерісіз. Әсіресе тіл мәселесіне қатты көңіл бөліп, алаңдаушылық білдіріп отырасыз...

– Хакім Абай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деуінің мағынасы белгілі бір мөлшерде ғана қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан соң тоқтатуы керек деген ұғым емес. Ғұмырымның қырық жылдан аса уақытын бала тәрбиесіне арнаған ұстазбын. Негізгі мамандығымнан қол босап, уақыт көбейді. Мол уақыттан уақыт «ұрлап», қаламгерлік жолды ұстандым. БАҚ беттерінде мақалаларым жарияланды, оның 80 пайызы өз газеттеріңізде жарық көрді. Тіл мәселесіне ерекше мән беруімнің аса құпиясы жоқ. Қаным қазақ болғасын, жаным неге қазақ болмасқа деген ішкі жанайқай мазалайды. Қоғамдағы әрқандай жағдайды көріп-біліп отырып, бей-жай қарағанымыз адами арымызға сын емес пе?!

Дәл қазіргі таңда өз ана тілін менсінбейтін, өз ана тілінде сөйлеуді ар санайтын, бірін-бірі терең түсіне қоймайтын, бір-біріне жатырқай қарайтын жат қылықты өгей ұлдар мен қылықсыз қыздардан құралған «ерекше» қоғам қалыптасуда. Батысқа еліктеу, ерекшелену басым, мынау менің қазақы болмысыма жат нәрсе, ұят деуден қалып барамыз. Бір сөзбен айтқанда, бәрі бар, бірақ ешнәрсе қалмай барады (құндылық атаулыдан). Бақытсыздықтың бастауы деген – осы. 

Кейбір шырттай киініп шіренген қазақ жігіттерімен сырласа қалсаң, бет-бейнесін көріп, кейде қарның ашады. Жақын тартып, шер тарқатысуға да жарамайтын, жарамсыз бір пенде екенін білгенде, жаның жүдеп сала береді. Қуыршақтай киінген қаракөз бойжеткендермен де тіл қатыса қалсаң, көңілің құлазып қалады (бәрі емес, әрине).

Әр ұлттың өзіне тән ұлттық болмысы, тілі, ділі, дәстүрі бар. Ұлтты ұлт етіп ерекшелендіріп тұратын – ұлттық құндылығы, ұлттық код делінетін, яғни қазақы тілмен айтқанда, ұлттың өз қоржыны. Ол қоржында сақталған ұлттың тілі, төл тарихы, әуезді әдебиеті. Ендеше, атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық құндылығымыздың бүгінде халі, тыныс-тіршілігі қандай? Сол құндылықты жастар бойына сіңіріп өссе, ол ертең Отанының ұлы болып қалыптасады. Бүгінгі жаһандану жағдайында әр қазақтың бойында да, ойында да тіліне, дәстүр-салтына деген жанашырлық сезімі, ыстық ықыласы, бір сөзбен айтқанда, уайымы болу керек. Жүрек түкпірінде жанашырлық жанайқайы болуы шарт, ол – бұлжымас заңдылық.

Қорыта айтсам, елдің елдігін сақтайтын екі тұғыр болса, бірі – тілі, екіншісі – діні. Тіл – қаруымыз, дін – қамалымыз. Мұсылмандық ұстаным мықты болса, тіл тазалығын көзіңнің қарашығындай сақтай білсең, толық егеменді тәуелсіз, жасампаз Қазақ елі болып өмір сүреміз. Қай ұлтты, қай халықты алсақ та – бәрінің өзіне тиесілі, өзіне ұғынықты, өзіне лайық, сүйікті тілі бар. Ана тілің анаңның ақ сүтімен бойыңа дарығандықтан, оны көзіңнің қарашығындай сақтап, ардақтап өту міндетің. Білесің бе, міндетің!

– Рыскен Рахымқызы, есіңізде болар, біздің басылым 2021 жылы «Жарымжан жарнамалар, мүгедек маңдайшалармен күрес» атты газет оқырмандарының рейдін ұйымдастырған болатын. Сол кезде сіз ең алғашқы болып «Тілі үшін жаға жыртыспаған қазақ қазақ емес!», «Тілім үшін жүрегім тілім-тілім дейтін қазағым қайда?» т. б. өткір материалдар беріп отырдыңыз. Осының өзі сіздің тіл тазалығы үшін жанын беретін күрескер екеніңізді айқын аңғартады. 

– Иә, есімде. Шынымды айтсам, маған мақаланы жазуға қолыма қалам алдырған – қала көшелеріндегі адым аштырмайтын жарнамалар мен ондағы қате жазылған сөздер, сонымен қатар тілдегі ауытқушылық, тіл заңдылығының бұрмалануы. Негізгі тақырып – жарнама. Енді сол жөнінде сөз қозғайын. Көне астана саналатын Алматыға алғаш рет келген шетел азаматы, я болмаса өзге ұлт өкілі болсын, қай мемлекетте жүргенін айыра да алмауы мүмкін. Себебі, орыс тілін ойрандатып болып, енді ағылшынды ардақтап, аспанға шығарып жатырмыз. Осы екі тілдің ортасында қазақ тілі жетім қыздың тойындай күй кешіп, қысылып тұрғаны жасырын емес. 

Сөзім құрғақ болмасын, жаңадан ашылғалы жатқан дүкен, дәріхана, сән салондары болсын, ғимараттардың қабырғаларына «Біз ашылдық!» деп айшықтап іліп қояды. Бұл «Мы открылись»-тің тікелей аудармасы екені анық. Осы ретте, нең ашылды, қандай құпияң, сырың әшкере болды деген сыңайлы сұрақ тіленіп-ақ тұр. Өзімізге ұғынықты тіл заңдылығы аясында «Жаңа дүкен ашылады», я болмаса «Жаңа дәріхана ашамыз» түрінде жазылса түсінікті ғой. Әр тілдің өзінің қисынға келетін, тілдік жағынан мағынасы ашылған, тартымды тәсілдері бар. Дүкен, сән салондары және т.б. сауда орындарының иелері – қазақ ағайындар. Айтайын дегенім, түсініксіз тілде жазылған жарнамадан гөрі, әдемі тәрбиелік мәні бар тәмсілдер, мағыналы мақал-мәтелдер, насихат үлгісіндегі нақыл сөздер, ақын-жазушылардың өлеңдерінен үзінділер, тұрақты сөз тіркестері мен көсем сөздерден мысалдар келтіріп, неге іліп тастамасқа?! «Тамшы да тас теседі», «Тамшыдан теңіз құралады» деген сөз бар халық даналығында. Бұлай деу себебім, өзіңізге белгілі қалада көлік кептелісінен байланып, көшенің екі жақ қапталына сағаттап қарап отыратынымыз шындық. Күнде-күнде жүрген жол болғасын, көзің шалмай қоймайды, жол бойы жазылғанды жаттап та алатын уақыт жетеді. Тіпті, ең болмағанда осылай да көрейік дегім келеді, жақсы нәрсені қабылдаудың жолдары ғой, амалың таусылғанда не дерің бар?!

Бұрынғыдай газет-жорнал қаптап тұрмайды, дүңгіршектер жоқтың қасы. Теледидардың құлағын бұрауға жүрексінетін болдық. Көретінің атыс-шабыс, дүрбелең, бір арнада жылап-сықтаған әйел азаматтар, бірінде қымбат көлігі мен көйлегін, зәулім үйін, іші толы дүниесін көрсетсе, қала берді кейбіреулері қанша рет үйленіп-ажырасқанын айтып мәре-сәре. Күлеріңді, не жыларыңды білмей дал боласың. Біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіріп жүр демеске лажың жоқ. Сол пендесі Жаратушымыздың берген байлығын көрсетерде, жан-жағына неге қарамайды? Аш адамның жанында тоқтығыңды, қайғыдан қиналып отырған жанның жанында қуанышыңды, сіңірі шыққан кедейдің көзінше байлығыңды айтып мақтанбау керектігін неге ескермейді бұл адамдар? Осынау қарапайым тұжырымды білу үшін де арнайы институт бітірудің қажеті жоқ шығар? Күрмеуі қиын кезеңде байлығын айтып паңданғандарға теледидар арқылы мүмкіндік неге беріледі, уақыт неге бөлінеді? Одан да көпбалалы, жағдайы төмен кейбір отбасыларына демеу боларлық, пайдасы тиетін, рухани азық болатын, жұбататын салиқалы сұхбат, тегеурінді текті сөз айтатын адамдар бар ғой! Халық ішінде небір ел, тіл жанашырлары бар. Абыз ақсақалдардың ақылын тыңдайтындай жағдай жасалынып, оларға көбірек көңіл бөліп, теледидар хабарларына шақырып тұрса, ел кәдесіне жарар еді-ау! Бұрындары: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» десек, бүгінгі күні осы қағиданы «Ұят болмас үшін экраныңды түземен» алмастыру керек-ақ!

– Иә, осыған дейін 3 кітап шығарыпсыз. «Тірі жүріп көргеннің бәрі қызық» деген алғашқы кітабыңызда қоңыр күзде дүниеге келген қоңыр қызбын дегендей, аяңдап жүріп 70 жасқа да келіп қапсыз. Шын жүректен құттықтаймыз!  Сізді баспасөз беттерінен, әсіресе көгілдір экранның арғы жағынан  жиі көреміз. Енді әңгімемізді кітаптарыңыз бен шығармашылығыңыздың  төңірегінде өрбітсек... 

– Рақмет құттықтауларыңызға! Иә, жоғары оқу орындары, мектеп, колледж, кітапханалар кездесуге шақырып жатады. Қолымнан келгенше қатысып, келер ұрпаққа өзімнің іс-тәжірибеммен бөлісіп, өмірде  көрген-білгендерімді айтып, сыр-сұхбат беріп отырамын. Енді осы 70 жасыма дейін шығарған үш кітабым жайлы айта кетсем. Әрине, бұның бәрі ойдан шығарылған немесе көктен алынған нәрселер емес, олар  менің осы уақытқа дейін бастан кешкен оқиғаларым, өмірден көрген-түйгендерім. Қуанышым, мұңым, табысым, өкінішім – бәрі-бәрі осы шығармаларыма арқау болады десем, артық айтқандық емес.   

1) Тірі жүріп көргенімнің бәрі қызық

Хакім Абай айтады: «Адами қарызыңды өтеу үшін еңбек ет, басқаға пайдаң тисін, Алланың сүйген құлы боласың». Демек, адам өмірге келудегі міндеті – басқадан пайда көру емес, айналаңа қызмет ету, алғысын алу, адамға қуаныш сыйлау, қарнын тойдыру, мұқтаж адамға көмектесу, қоғамға, жүрген ортаңа қол ұшын беру т.т. Сол ұстанымды жадымыздан шығармау – адами борышымыз. Әңгіме басында айтқанымдай, алпыстан асқан соң артыңа қарайсың, не бітірдім, қоғамға, жүрген ортама, мына дүниеге пайдалы бір нәрсе жасай алдым ба деген түйткілді мәселелерге мән беріп, мазаң кететін шақ екен. Тәуелсіздіктің таңы атып, еңсемізді көтердік, тәуба! Алайда, бір «бірақ» бар. Мына жалған дүние сұлу мен сұмнан, білімді мен наданнан, мейірімді мен қатігезден, жомарт пен сараңнан, жайсаң мен жаманнан, ақкөңіл мен тәкаппардан және т.б. мен зерделеп болмаған түрлерінен тұратын көрінеді. Онсыз өмірде парық болмайды. Алпыс асу артта қалды, қырық жылғы қия-шыңға да шығып, қызығы мен қиыны қатар жүретін өмір белестері бастан өтті. Алыстан актер іздеп әуре болма, айналаң толы әртіс. Әрқилы мінезді адамдармен араласасың, көресің, саралайсың дегендей. Бұл ғұмырымда жақсының шапағатын да көрдік, жаманның кесапаты да тиді. Өмір ғой! Көреалмаушылық, опасыздық, сатқындық, мансапқорлық, күншілдік сияқты жағымсыз қылықты жандармен үзеңгілес, сапарлас, ұжымдас та болдық. Жақсының жағасынан алып, адымын аштырмай жүретін «жансыздармен» жақын араластық. Қыран шығатын қияға жылан шыққан өмір соқпақтарынан соққы жеген тұстар да болды. Осы қайшылықтар мен қайырымдылықты екшей, парықтай келе, «Тірі жүріп көргенімнің бәрі қызық» деген атпен алғашқы туындым жарық көрді.

 2) «Тасыған өмір, жасыған көңіл»

Тарихта таңбасы қалған тоқсанның тоқырауын еліміз бастан кешірді. Ол ұзақ әңгіме. Екі тап пайда болды. Бай мен кедей баласы қалыптасты. Айнаның екі жағы бар сияқты, бірі – жарқыраған жақсы өмір, бірі – баршылықтың байыбына бара алмай тасығандар мен кедейшіліктің қамытын киген, жоқшылықтан жасып жүрген жандарды көзім көрді. Жиған-тергенімді, өмірден көргенімді ақ қағазға сырымды айтып көсілтіп жаздым. Бірен-саран тасығандардың өмірін қайтейін, егер қара халық жасып жүрсе деп, «Тасыған өмір, жасыған көңіл» деген шығармам жарық көрді. 

3) «Дүниедегі ең үлкен байлық»

Мақалаларымда, телеарналарда жазып та, айтып та жүргенімдей, жаһандану жағдайындағы қазақ жұртының тыныс-тіршілігі, жағдайы қандай деген сауал әр қазақтың бойында да, ойында да болу керек. Қоғамда ақпарат көп, әртүрлі өзгерістер болуда. Қазақ топырағында өмір сүріп жатқанымызбен, шетелдік идеология жетегінде кету қаупі тұр. Жат қылық, бөтен болмысқа еліктеушілік басым түсуде. Бөтеннің өмір сүру салтын әспеттеп, бой алдыру дерті жайлады. Ата салтынан ажырай бастаған жат қылықты жастар қалыптасқаны жаныма батты. Елді есірткі, арақ, парақорлық, жемқорлық, азғындық секілді нәпсіқұмарлыққа айналған жаман әдет жайлады. Осындай сорақылықтан сақтайтын және арсыздықтан арылудың бірден-бір емі – имандылық. Оқыған жан халық даналығында үш байлықтан да жоғары тұрған ол қандай байлық екенін саралай жатар деп, «Дүниедегі ең үлкен байлық» деп атадым. Хакім Абайдың бесінші қара сөзімен ойымды қорытар болсам, көкейімді кернеп, жүрегімді сыздатқан сыр мен мұңым «тілден сөз боп ағады, керек жерінде жас боп ағады. Бар мақсатым – ұрпақ қамы, болашағы. 

– Рыскен Рахымқызы, бізге тұшымды сұхбат беріп, өзіңіздің емен-жарқын әңгімелеріңізді айтып жатқаныңызға көптен-көп рақмет! Сізді тағы да келе жатқан 70 жасыңызбен құттықтаймыз. Деніңіз сау болып, шығармашылығыңыз шарықтай берсін!

 

Шаргүл Қасымханқызы
02.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

БАЛА ӨЛІМІНЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАУ – БОЛАШАҚҚА ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАУ
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 26.09.2025 346
22 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖИЫН НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?
Нағашыбай Қабылбек - 25.09.2025 335
Бас жоспар   жарты млн тұрғынға арналған
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы (Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі негізінде дайындалды) - 25.09.2025 193
Пәкістаннан пана таппаған қазақтар
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 25.09.2025 489

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18249
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18109
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33298
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31849
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35566