«Адамның жақсы болуы – тәрбиеден, тәрбиесізден білімді адам шықпайды» деп Абай атамыз дәл айтқан екен. Бұл ұғым Алматы облысы Талғар ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт шебері, Талғар аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, биылғы жылы 75 жылдық мерейлі жасқа толып отырған Бекбосынов Матан Рахымбергенұлына арналғандай.
Өмірге келген әр пенденің өмірі өзіне тарих, әрине, бұл дұрыс та шығар. Балалық шағың, бозбалалық уақытың әрмен қарай өмір ағысына ілесіп, ғұмырың тізбектеліп жалғаса береді. Әркім өз өмірін, тарихын жеке өзі жасайтыны белгілі. Өмір жолы қиын бұралаң мен қалтарысы бар, қызығы мен шыжығы қатар жүретін кезең. Өмір адамның қателігін кешірмейді. Тек сол сәтте түзеп, қайтадан әр қадамыңды дұрыс, нық аттасаң, бақыт та, қуаныш та бәрі алдыңнан шығатыны анық. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деп хакім Абай айтқандай, бұл ақылды, нақылды ұғатын да, құлағына ілмейтін де пенделер бар. Аласапыран өмірде жақсыны да, жаманды да көзбен көріп, құлақпен естіп, баға беріп, саралап ой түйесің. Қоғамдағы, айналаңдағы болып жатқан өзгерістерге қуанып, көңіліңнен шыққанды құптап, дәтке қуат етіп, үмітпен өмір сүресің. Бүгінгі дамыған заманда әлеуметтік желі бүкіл қазақтың бетке ұстар азамат, азаматшаларының, өнер адамдарының, ел алдында жүрген, халық сыйлайтын ұл-қыздарымыздың өмір тарихы, еңбектегі өсу жолы, атақ-дәрежесі тайға таңба басқандай ел құлағына құйылып, таныстырылатын болды.
«Халық айтса, қалт айтпайды» дейді дана халқымыз. Кімнің кім екенін, жетістікке қалай жеткенін білетін болды. Сондықтан кімге болса да, халық берген атақ, елдің құрметі мемлекеттен алған марапаттардан артық деп түсінгені абзал. Елдің көңілінен шығып, сыйлайтын, қадірлейтін ұл-қызы халқына еңбегі сіңген, тілін, дінін жақсы білетіндер көп болса, мемлекеттің көсегесі көгерер еді.
Халық өкілі ретінде әркім өз еліндегі, ауданындағы көпшілік алдында жүрген азаматтардың еңбек жолын бір кісідей біледі. Ес біліп, өмірді ұғына бастағаннан бастап, алдыңғы толқын ағаларды, артындағы інілерді байқап, бағамдап келеміз. Тіршіліктегі қатар құрбы, аға буындар сараланып, салиқалы ата-әже болса, кейінгілері солардың ізін басып келеді. Сондай ел ағасы, аудан ақсақалы дәрежесіне көтерілген Талғар аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Матан Рахымбергенұлы. Матан ағамыз адал еңбекпен тіршілік еткен Рахымберген атамыздың алғашқы перзенті болатын. Ежелгі салтымыз бойынша атасы Бекбосынның, апасы Рәуияның немересі болып, еркелеп өсті. Ауыл тіршілігінің бел ортасында ғұмыр кешкен, еңбекпен көзін ашқан әке-шешесі ұлдары Матан, Құдайберген, Тұрсынғалидан зор үміт күтіп, ел сыйлайтын, адал еңбекпен бақытын табатын азамат етіп тәрбиелеуді басты назарда ұстады. Оларды кішкентай кезінен еңбекке баулып, отбасындағы жұмыстарға малды бағу, қора жайды тазалау, жаз кезінде шөп шабу, жеміс-жидек, бау-бақша өсіру тәрізді жұмыстарға жегіп, еңбектің дәмін бала кезден үйретумен болды. Қолдары қалт ете қалса, доп қуалап кететін Матан мен Құдайбергенге жоғары білім беріп, ауылшаруашылығы мамандары болуларын армандады. Ұлдары есейе келе әркімнің өз қалауы жеке-жеке қызығушылығы болатыны байқалды. Әсіресе, Матанның спортқа деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Ертелі-кеш жұмыстан қолы босай қалса, үйді айналып барып, әртүрлі спорт жаттығуларын жасап, ертемен жүгіруді әдетке айналдырды. Кеңес кезінде спорт үйірмелері шектеулі еді. Солардың ішіндегі көп насихатталатыны, балалардың қызығатыны грек-рим күресі еді. Матанда бір топ сыныптасымен грек рим күресінен жаттықтырушысы Никифорев Анатолий Федоровичтің алдына барды. Бірінші күннен білікті жаттықтырушы әр баланың қабілетін байқап, жеке-жеке тапсырмалар беріп, жаттықтыра бастады. Спортты ойын деп қабылдаған кейбір жеткіншектер арада біраз өткенде іріктеле бастады. Біреулер жаттығуға шыдамай, басқалары еріншектікпен қашып, әртүрлі сылтаулар айтып, табанын жалтыратты. Көзі қырағы жаттықтырушысы Матанды көп баланың ішінен денесі шымыр, қарсыласынан қайтпайтын, дене бітімі палуанға келісті екенін біліп, ерекше назарға алды. Тәжірибелі маман қателеспепті. Үзбей жаттығудың арқасында аз уақыттың ішінде Матан шаршы алаңға атойлап шабатын, қарсыласын қапы қалдыратын боз кілемде ерекше қимылдайтын палуанға айналды. Облыс, аудан көлеміндегі жарыстарда топ жарып, жауырыны жер иіскемей өз салмағындағыларды бірінен соң бірін сан соқтырып жатты. Үзбей жаттыққанның арқасында грек-рим күресінен «Спорт шебері» нормасын орындады. Алдағы уақытта мектеп бітіріп, аттестат алған кезде мамандық таңдау кім боламын деген сұрақ көкейде тұрды. Әкесі Рахымберген малмен көзін ашқандықтан, Матанды да, Құдайбергенді де сол кезде сұранысқа ие болған мамандықтарды оқуын қалады. Дастарқан басында кейбір әңгімелерде әкесі «ата-бабамызда батыр болса да, палуан шыққан жоқ» деген кейіс әңгілемелер айтып жүрді. Бірақ, дегенінен қайтпайтын ұлы Матан спортты, күресті жаны қалады. Сол жылы Матан бұрынғы Дене шынықтыру институты, қазіргі Спорт Академиясына қабылданды, інісі Құдайберген Мал дәрігерлік институтының студенті атанды. Студенттік өмірдің алғашқы айларында Омбыдағы оқу орны мен Алматыдағы академияның арасындағы келісімшартқа байланысты бірнеше студент Омбыға оқуға аттанды, солардың ішінде Матан Бекбосынов та бар еді. Бұл хабарды естіген атасы, әжесі, әке-шешесі шошығандай болды. Бұрын сыртқа шықпаған жас бала қалай болады деген күдік пен үрей басым болды. Ақыры атасы Бекбосынның батасын алып, Омбыға оқуға кетті. Ежелден қазақ жері Шоқан Шыңғысұлының білім алған, табаны тиген құт мекенде өзі сияқты қазақтың ұл-қыздарын көріп, бір марқайып қалды. Осылай, еті үйреніп, азамат болып, мамандық алып, төрт жыл оқып, елге оралды. Осы аралықта азаматтық борышы әскерлік міндетінде атқарып шықты.
Еңбек жолындағы алғашқы қадамында жолы болып, айы оңынан туып, атасының батасы ма, кім білсін, ақыл тоқтатқан, алды-артын аңғаратын маман болып, спорт мектебіне жаттықтырушы болып орналасты. Бұрынғы жаттықтырушысы Анатолий Федорович шәкіртін жылы қабылдап, сәт сапар тіледі. Күресті жанына серік еткен Матанның жаттықтыруындағы Айваз Качиев деген палуаны өз салмағында республикада жүлделі болып, Матан Бекбосыновқа Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді. Ол кезде Ресейде оқыған маман тапшы болғандықтан, Матан Рахымбергенұлын Талғар аудандық спорт бөлімін басқаруды сеніп тапсырды. Мойынға артылған парызды ақтау жігіттік намыс деп түсінген Матан аудан спортын дамытуға елеулі еңбек сіңірді. Талғар жерінде дүниеге келген қоғам қайраткері Т.Рысқұловқа арналған грек-рим күресті республика көлемінде жыл сайын өткізіп тұрды, басы-қасында ұйымдастырушы өзі болды. Талғар ауданының спортшылары сол жылдары әртүрлі спорт түрлерінен жүлделі орындарды еншілеп жүрді. Еңбек жолын өткен ғасырдың 70-жылдары бастаған Мәкең әлі еңбектен қол үзген жоқ. Сол уақыттан бері Талғар аудандық Спорт мектебін, №16 орта мектепте басшы болып, соңғы жылдары Талғар аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы. Бүкіл саналы ғұмырында Талғар ауданында өтетін іс-шаралардың бел ортасында болып, басшылық жасап, ақыл кеңесін беріп келеді. Бірнеше рет Аудандық Мәслихаттың депутаты болып сайланды. Қазіргі кезде Талғар ауданының Құрметті азаматы, мерейлі мерекелерге байланысты берілген марапаттары баршылық. Бүгінгі күндері аудандағы ардагерлерді ұйымдастырып, оларды айтулы даталарда құттықтау, облыс көлемінде өтетін әртүрлі шараларға қатыстыру Матан Рахымбергенұлының еншісінде. Матанның жетекшілігімен аудан ардагерлері қасиетті орындарға Түркістан, Тараз тағы басқа қалаларға, облыс аудандарында өтетін ақын-жазушылардың мерейлі мерекелеріне, Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында болатын жыл сайынғы «Қымызмұрындық» тойының қонағы болады.
Қазақ «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп айтқандай, тәрбиенің бастауы тектілік ұғымы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Әкесі Рахымберген қажы – сонау Кеңес дәуірінде бес уақыт намазын қаза қылмай, Құранды жаттап өткен сақа қария. Өткен ғасырда бүкіл жамағат исламға бет бұрған кезде алғаш рет қаладағы
балабақшаны имандылық үйіне, яғни мешітке
айналдыруға себеп болған қажылардың бірі еді.
Талғардағы түрік ағайындардың демеушілігімен салынған, өзі іргетасын қаласқан, алғашқы имамы болған мешіт «Рахымберген қажы мешіті» деп аталады. Сол кездегі жатталған Құран, оқылған намаз, тәрбиелеген шәкірттері еңбегін ақтады. Қажының ұлдары Құдайберген Бекбосынов ғылым кандидаты, Алматы облыстық ауылшаруашылығы бөлімінде басшы қызметінде болып, зейнетке шықты. Сүт кенжесі Тұрсынғали Ішкі Істер бөлімінде қызмет атқарып, зейнетке шыққан соң, №16 орта мектепте әскери дайындық мұғалімі. Міне, шағын ғана қазақ отбасынан шыққан, өнегелі тәрбие, білім алған ұрпақтың жеткен нәтижесі осындай.
Биылғы жылы 75 жылдық мерейлі жасқа толған Матан Рахымбергенұлы аудан, ауыл сыйлайтын, ел қадірлейтін ақсақалға айналды. Мұның бәрі менің көз алдымда өткен нәтижелі еңбекпен, ата-анадан алған тәрбиенің көрінісі деп білеміз. Матан ағамыз өзінен тараған ұлы Сағындық пен келіні Анар және 5 қыздан немере-шөбере сүйіп, Шайымхан жеңгеміз екеуі бақыттың базарында, ұл-қыздарының назарында бақытты ғұмыр кешуде...
Тұрсынқожа Тұрлыбеков