Сыр – Алаштың анасы, еңбекпен дүбірлеген даласы

Сыр – Алаштың анасы, еңбекпен дүбірлеген даласы

«Qazaqstan dauiri» газетінің  «AMANAT» партиясы,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі,  ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі,  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ,  «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Қызылорда облысында

 

Шиелі ауданында

Жібек Баймұратова, «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрайымы:

Партия әрқашанда белсенді

«AMANAT» партиясының Шиелі аудандық филиалы биыл да қоғамдық-саяси өмірде жоғары белсенділік танытып, жоспарланған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Қазіргі таңда аудандық филиал құрамында 25 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді (2024 жылы 24 болған). Оның ішінде 2 ірі бастауыш партия ұйымы бар.

Сайлауалды бағдарламаның орындалуына келер болсақ, 2025 жылға арналған аудандық Жол картасында 54 іс-шара қарастырылған. Есепті кезеңде оның 36-сы толық орындалып (67%), қалған 18 шара орындалу үстінде. Ешбір көрсеткіш бойынша жоспардан қалу немесе орындалмау қаупі тіркелмеген. Ағымдағы жылы партия филиалы 2 кезектен тыс конференция, Саяси кеңес Бюросының 4 отырысын, сондай-ақ фракцияның 5 жиынын өткізді.

Партиялық бақылау және қоғамдық қабылдаулар

Жыл басынан бері 3 нысанға партиялық бақылау бекеттері қойылды: Бестам ауылындағы 150 орындық клуб, Шиелі кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 30 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасы. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде фракция мүшелері мен мекеме басшылары тұрақты қабылдау ұйымдастырып келеді. Сонымен қатар аудан көлемінде 1 республикалық, 10 ауылдық округте және 9 бастауыш ұйымында көшпелі мобильді қабылдаулар өткізіліп, 115 тұрғынның 100 өтініші қанағаттандырылды, қалған 15-іне заң аясында түсіндірме берілді. 

Сайлау науқаны кезеңінде тұрғындардан түскен 126 талап-тілектің 124-і орындалған.

Жобалардың жүзеге асуына шолу жасап көрелік. Мысалы, «Жер аманаты» жобасы аясында жоспардағы 4 мың гектар жер орнына 6600 гектар жер мемлекетке қайтарылды. «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 17 ақпан – 30 мамыр аралығындағы 15 аптада 732 адам офлайн (жоспар – 717, орындалуы – 102%) және 2000-ға жуық адам онлайн оқытылды. Ақпараттық бағыт бойынша филиалдың жұмысы да қарқынды болды: жылдан бері 136 материал БАҚ-та, оның ішінде республикалық «Жібек жолы», «Астана», облыстық «Qyzylorda» телеарналарында 12 рет, сондай-ақ әлеуметтік желілерде 785 материал жарияланды.

Ауыл әкімдері сайлауы жайлы айтар болсақ, аудан бойынша өткен 4 ауыл әкімі сайлауында «AMANAT» партиясы ұсынған 2 кандидат жеңіске жетті, ал қалған 2 жеңімпаз – өзін-өзі ұсынған партия мүшелері. Партияның ұйымдастырушылық жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жыл ішінде 5 бастауыш партия ұйымына жаңа төрағалар сайланды. «Жаңатұрмыс» БПҰ «Иіркөл» БПҰ-мен біріктірілді. Сонымен қатар «Ортақшыл» және «Бала би» атты жаңа бастауыш партия ұйымдары құрылды. Әлеуметтік жобалар аясында қыруар жұмыстар атқарылуда. Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау мақсатында 31 нысанға мониторинг жүргізілді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, дәрі-дәрмек және жанар-жағармай бағалары да тұрақты бақылауда. «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзивті спорттық сайысы өткізіліп, «Жаншуақ» республикалық байқауына бір үміткер қатысуда. Филиал қызметкерлері мен партия мүшелері «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына белсенді қатысып, 829 адам қамтылды.

Жалпы есепті кезеңде партиялық жобалар аясында 415 іс-шара ұйымдастырылып, 8438 адам қатысты. Оның ішінде 49 іс-шара трансферт арқылы 2 645 550 теңгеге қаржыландырылды.

 

Гүлдана Жақыпова, Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры: 

Кітап оқуға бар мүмкіндік жасалған

Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты 32 кітапхана бүгінде 86 мыңға жуық аудан халқына мәдени-ағартушылық қызмет көрсетіп келеді. Құрамында аудандық орталық кітапхана, балалар кітапханасы, 4 қалалық және 26 ауылдық кітапхана бар. Сонымен қатар 1 модельдік кітапхана мен 3 ауылдық онлайн орталығы жұмыс істейді. Заманауи білім кеңістігіне сай ауданның 16 кітапханасында «Коворкинг» Білім орталықтары ашылып, ауылдық кітапханаларда ұлттық рухты жаңғырту мақсатында «Қазақ» бұрыштары ұйымдастырылған.

Жүйенің кітап қоры жеткілікті әрі оқырмандар белсенді. Кітапхана жүйесінің жалпы қоры – 541 522 дана, оның ішінде 359 778 данасы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Жүйе бойынша тіркелген оқырман – 29 332, келушілер саны – 185 279, ал кітап берілімі – 484 920 дананы құрады.

Шиелі аудандық кітапханасы туған өлкенің тарихы мен тұлғаларын насихаттауда белсенді жұмыс атқаруда. Өңір шежіресін арқау еткен «Асылдар туған, шежіре тұнған құт мекен» атты тұрақты көрме, «Туған жер – тұнған тарих», «Менің өлкем – менің мақтанышым» атты танымдық кештер және «Бір ауыл – бір тарих» жобасы ерекше қызығушылыққа ие.

2025 жыл аясында бірнеше ауқымды кездесулер өтті: Қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері Алтыншаш Жағановамен «Әйел әлемі» атты сыр-сұхбат;

Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның құрметті жазушысы Қуандық Түменбайдың 70 жылдығына арналған «Қаламы – жүректің сөзі, сөзі – елдің үні» атты кеш;

Жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрмахан Елтаймен өткен «Жаны шуақты, ойы қуатты қаламгер» атты кездесу. Бұл жобаға жүйедегі 32 кітапхананың барлығы қатысып, өз ауылдарына қатысты тың деректер жинақтап, оқырмандар назарына ұсынып келеді.

Кітапханалардың цифрлық кеңістігі ауқымды. Оқырман талабын жедел қанағаттандыру мақсатында барлық кітапханаларда «РАБИС» республикалық автоматтандырылған жүйесі енгізілген. 2004 жылдан бері электронды каталогқа 191 791 кітап және 1 673 мақала енгізілді.

2016 жылдан өлкетану әдебиеттерін сандық форматқа көшіру басталып, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында авторлар мен олардың туыстарының рұқсатымен 333 кітап цифрландырылды.

Биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылына» арналған іс-шаралар да өткізілді. Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында қаңтар айында Руханият орталығында «Әлемнің әміршісі – еңбек» атты облыстық әйелдер форумы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Форумда Шиелінің еңбек майталмандары – Жадыра Таспамбетова, Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Закира Ержановалардың өмір жолын насихаттайтын көрме жұртшылық назарына ұсынылды.

Кітапты кеңінен насихаттау мақсатында «Кітап оқиық» ұранымен түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылып келеді. Ерекше бастамалардың бірі – «Кітапхана такси». Бұл жоба аясында жолаушылар межелі жерге тегін жеткізіліп, оларға кітапхана қызметтері туралы ақпарат беріледі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Көшпелі кітапхана» жобасы да тұрақты түрде жұмыс істейді. Аудандағы 120-дан астам зағип және көзі нашар көретін тұрғынға бағытталған 3 млн 100 мың теңгелік жоба нәтижесінде аудандық орталық кітапхана жанынан «Жанарсызға жарық әлем» клубы ашылды.

Рухани іс-шаралар мен ұлттық мерекелер де кітапхана қызметкерлері назарынан тыс қалған емес. Наурыз мерекесі қарсаңында «Руханият» орталығында «Төрлет – Наурыз төріме» атты ауқымды шара өтті. Онда халықтық әндер шырқалып, спорт сайыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Рамазан айында аудан тұрғындарына ауызашар беріліп, игі дәстүр жалғасын тапты.

Дәстүрге айналған кітап мерекелері де жиі өткізіліп тұрады. Биыл 24 қыркүйекте Ұлттық академиялық кітапхананың бастамасымен өткізілетін жыл сайынғы «Kitap Time – 2025» кітап фестивалі аудан орталығында кең көлемде аталып өтті.

Сонымен бірге кітапханашы мамандығының беделін арттыру мақсатында «Жыл кітапханашысы – 2025» аудандық байқауы ұйымдастырылып, сала мамандарының кәсіби шеберлігі бағаланды.

 

 

Жаңақорған ауданында

Қожакенттің патриот азаматы

 

Еңбек адамы

Кейіпкеріміздің толғанысы

  Изотулланың қолы қалт етсе баратын киелі жері – Қорасан бабасының жатқан қорымы. Бұл қорымда Қорасан бабамыздан басқа небір батырлар, әулиелер жатыр. «Әруақ риза болмай, тірі байымайды» дегендей, Изотулла қолынан келгенінше осы қорымға келіп, әлбетте алдымен Құран бағыштайды, содан соң тілек тілейді. Негізі әулие-әнбиелердің жатқан жеріне Алланың нұры түсіп тұрады дейді ғой. Яғни, тілеген тілегің қабыл болып, батаның қайырын береді деген сөз. Бабалар қорымына келгенде кез келген адам тәубесіне келеді. Себебі жер басып тірі жүрген пенделердің барлығының соңғы келетін, мәңгілік ұйқыға шоматын орны – осы. Қорасан баба қорымында шырақшы отырады. Арнаулы үй бар. Кезінде үй салуға мұның да себі тиген. Мұны Изотулла жұртқа жария етуге қарсы. Дегенмен ол Қорасан бабасының басына барған сайын түлеп қайтады, рухтанады.

Жақында бір журналист келді. Сона-ау Алматыдан ат арытып келген соң, сол ағасымен бірге дүйім жұрт болып ас ішті. Содан соң сан түрлі сауалдар қойып, мұның басын ауыртты. Сол сұрақтардың ішінде: «Жұртқа қайырымдылық жасайсыз ба?» – деген сауал да болды. «Қолдан келгенше…» деп бұл қысқаша жауап берді. Әрі-бері осы мәселе төңірегінде қаузай бергенмен де түк шықпасын білген соң, журналист ағасы әңгімені басқаға бұрды.

Журналисті Әбілғазы ағасы ертіп келіпті. Әбілғазы ағасы қазір аудан әкімшілігінде Қоғамдық даму бөлімінің басшысы. Көпті көрген ағасы талай лауазымды қызметтерде жұмыс істеген. Бір қызығы, осы ауылдың Қожакент болып аталуына оның әкесі Берденнің тікелей қатысы бар. Тоқсаныншы жылдардағы ауыр кезеңде осы Қожакент ауылының әкімі болып тағайындалып, табан аудармай 15 жыл жұмыс істеді. Сол кезде Әбекең бар болғаны 29 жаста екен. Рахмет, ағаның игі ниеті – осы ауылдың және ауылдастарының аттарын шығарып, абыройын асқақтату.

Биылғы күз жылы болды. Егін түсімі де жаман емес. Ең бастысы – тыныштық болса екен деп, Изотулла Аллаға үнемі сыйынып жүреді. Аллаға шүкіршілік етеді. Ауылдастары сыйлайды. Өзің жақсы болсаң, халқыңа қалтқысыз қызмет жасасаң, әрине, адамдар құрмет тұтады. Асып бара жатқан оның байлығы да жоқ. Бірақ ат жалын тартып, еңбек майданына жеңін түрініп шыққалы береке-ырыздығы үзілген емес. Артылып жатса – ағайын-бауырларына көмектеседі. Одан артылса – ауылының жыртық-жамауын жамауға, сондай-ақ жетпей жатқан тұстарын көтеріп, жаңаша ауыл жасауға тырысады. Ауылы үшін аянып қалған жері жоқ.

Қарап, бағамдап отырса, ауыл – қазақтың түп-тамыры, рухы, тарихы, шежіресі, қарашаңырағы. Иә, әркімнің жүрегіне, жанына жақын туған ауылы болады. Қай жерде жүрсең де, осы ауылыңа бүйрегің бұрып сағынасың. Өйткені ол қасиетті жерде сен дүние есігін ашып, кіндік қаның тамды. Топырағын жалаңаяғыңмен басып, балалық шағың өтті. Мектебінде оқып, білім есігін аштың. Ең бір шуақты шаққа толы балаң шақтарың әкең мен анаңның мейіріміне бөленіп, сол қарапайым ауылда өтті. Қалайша сағынбайсың, қалайша тебіренбейсің!

Сол қасиетті де киелі ауылға тоқсаныншы жылдары зор қауіп төнді. Осы алмағайып заманда көптеген ауылдардың іргесі сөгілді. Оның тұрғындары жұмыс іздеп қалаға ағылды. Қожакент ауылы да мұндай қиындықтарды бастан кешті. Бірақ түгелдей қопарылып көшкен жоқ. Мысалға, сол кездері ауылда 3600 тұрғын болса, қазір 3700 тұрғын, 410-дай отбасы өмір сүріп жатыр. Осы цифрлар қанша дегенмен көңілге қуаныш ұялатады. Ауылды көркейтуге деген құлшыныс пайда болады. Изотулланың ойынша, әрбір ауыл тұрғыны – мейлі ол қарт, жас болсын – өзінің тұрғылықты жерін сүйіп, құрметтеуі керек. Әрине, жай құрметтеп қана қоймай, туған ауылына қол-қадерінше бір нәрсе жасауға ұмтылса, нұр үстіне нұр.

Кезінде Изотулла мектеп бітірген соң жастықтың таудай құлшынысымен Ресейге кетіп, біраз жұмыс істеп қайтқаны бар. Орынбор қаласы оның естуінше бұрын қазақ елінің астанасы болыпты. Яғни ол жер – Қазақстан жері. Онда қазақтар көп. Көбі орыстана бастаған. Себебі онда қазақ мектебі жоқ. Кеңес өкіметінің кезі. Тәуелсіздігімізден үш-төрт жыл бұрын сол жерде әскери борышын өтеді. Қарап жүрмей, ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп алды. Машина құрастыратын зауытта жұмыс істеді. Ең тамашасы – сол жерде өзінің өмірлік жары Нұрсұлумен танысып, шаңырақ көтерді. Бәлкім, Орынборда тұрақтап, қалып қоюы да мүмкін еді. Бірақ Изотулланың көкейінен, ойынан ауылы кетпей қойды. Үнемі ауылы түсіне кіретін. Үйі, көшесі, әке-шешесі, бауырлары…

Иә, иә, әкесі Ергеш пен анасы Хадишаның сол ауылға көп еңбектері сіңген. Совхоз болып тұрғанда, яғни ауыл құрылғаннан әкесі әрқилы жұмыстар істеді: бригадир, басқарма меңгерушісі, қойма бастығы. Қандай жұмыста жүрсін, тындырымды жұмыс істеп, ел құрметіне бөленді. Қазір ауылда әкесінің атында көше бар. Елге ақыры Изотулла қайта оралды. 1993 жылдан бері өзінің ауылында біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей өмір сүріп келеді. Ауылға келген соң механизатор болды. Қырманда меңгеруші болып, астықты да сапырды. Үш-төрт жыл Тұрлыбек Үсенов ағасының шаруашылығында жұмыс істеп, өзіндік тәжірибе жинады. 2006 жылы ағасынан бөлек шаруашылық құруға рұқсат сұрады. Өзіне тірек болған іскер інісін ағасы қимай біраз толқыды. «Ағатай, өзімше өмір сүріп, бағымды сынайын» деп еді, амал жоқ келісті.

Жеке кәсіпкерлікпен айналысып, жұрт сияқты егіншілікпен айналысты. Диірмен салды. 2012 жылы «Нұрбол И» атты шаруа қожалығын ашты. Алдымен 100 гектар жері болды. Қазір ол 500 гектарға жетті. Күріш, мақсары, бидай, жоңышқа екті. Шүкір, Алла қолдап, көл-көсір табыс та келе бастады. Оның ойынан «өз ауылын қалай көркейтемін?» деген ой ешқашанда кетпейтін. Ауылы басқа ауылдардан ерекшеленіп тұрса деген ой маза бермейтін. Мұндай толағай ойлар қайдан келді? Қандай адам болсын, әркімнің өзіндік мүмкіндігі, таланты болады. Әрине, оның бәрі ата-бабаларынан, әкеден, тектен келеді. Әкесінің айтқан ақылдары, істері оған өнеге еді. «Балам, қолыңнан келсе, жақсылықты көп жаса. Оның қайтарымын Алла береді. Өтірік айтпа. Уәде бердің бе – орында! Аманатқа ешқашан қиянат жасама!» деген асыл сөздері оның алдына қойған межесі, мақсаты, ұраны болды. Әке кіндігінен өрген 7 ұл, 3 қыздың әрқайсысы өз орындарын тауып, елге өнегелі жандар болып танылды. Әкесі көп ұрыспайтын. Бірақ қабағымен-ақ балаларын тәрбиелейтін. Отбасылық тәртіп мәңгілік өміріне үлгі-өнеге болып қалады екен. Әкесі үйге кіргенде тек шыбынның ызыңы естілетін тыныштық орнайтын. Жеңешесі (апасын осылай атайтын) үйде бір мәселе туындағанда: «Әкелеріңе айтыңдар, әкелеріңнен сұраңдар, сол біледі», – дейтін. Жігіт нағашы жұртына жақын болады дейді ғой. Изотулланың нағашылары да мықты еді. Олар нағыз еңбектің қаһармандары болатын. Мысалға, Әбділда Сыздықов ағасы партком болды. Нағыз жігіттің сұлтаны еді. Өзінің ұстазы болған ағасы Тұрлыбектің еліне жасаған еңбегі ерен. Жүгеріші ағасы Арапбек Әбиев Хрущевтің қолынан грамота алғанын ел осы күнге дейін аңыз етіп айтады. Бәлкім, елге танымал болып, еңбегі жанғаны осы ағаларынан жұққан асыл қасиеттер шығар.

                                                     

Журналист тебіренісі

«Ауылым – алтын бесігім» деп еміренген үлкен жүректі азамат Изотулла Үсенов деген азаматты осы жолдардың авторы мен бұрыннан танитынмын. «Ауыл» экспедициясымен «Қожакент» ауылына алдыңғы жылы келдім. Мен сол қарапайым ғана ауылда бой көтерген еңселіде әдемі спорт кешенін көргенде таң қалдым. Мұндай спорт кешені қаланың өзінде де сирек кездеседі. Қаумалаған ақсақалдардан сұрадым: «Е-е-е, оны салған өзіміздің кәсіпкер Изотулла Үсенов қой», – деді олар мақтанышпен. Кешен 2018 жылы салыныпты. Енді тағы бір ғажайып нәрсе – оның қатарынан «Қожакент аренасы» деген атпен биік, әсем ғимарат бой түзеп жатыр екен. Айналасында қалың жұртшылық. Аренаның соңғы құрылыс жұмыстарын құжынаған халық бір кісідей атқарып, еңбекке жұмылған. «Асар жасап жатырмыз. Осы жақында арена пайдалануға беріледі», – деді ақсақалдар. «Әнеки, Изотулланың өзі де келе жатыр», – десті олар. Денесін тіп-тік ұстаған, көздерінде от, жүзінде шуақ жүзген азаматпен таныстым. Қарбалас жұмыстар жүріп жатқандықтан, Изотулламен кеңірек әңгімелесе алмадым. Бірақ сөзінен, түр-тұлғасынан өз ісіне берік жан екенін аңғарғанмын. Сәті түссе, бір әңгімелесерміз деп ой түйгенмін сонда. Сол кездері спорт кешенінің алдына құрылысшыларға, асаршыларға арнап дастарқан жайып жатты. Біз де олармен бірге отырып, астан ауыз тидік. Халықтың Изотуллаға деген шынайы көзқарасын, сенімін, жақсы көру сезімін сонда байқадым.

Мінеки, Изотулламен кеңінен әңгімелесудің сәті түсті. Мақтанбайды, масаттанбайды. Салмақты, сабырлы, салиқалы азаматтың жауаптары шегедей нық. Жақсылықтарын көп айта бергенді ұнатпайды. 

«Менің істерімді ауылымның кез келген азаматтары жасайды. Бар болғаны мен Аллам берген несібеммен халқыммен, ауылдастарыммен бөлістім. Халықтан үлкен нәрсе жоқ. Ауылдастарымның батасын алсам, одан асқан сыйлықтың маған қажеті жоқ. Менің істегенім елдің игілігіне жарап жатса, одан асқан бақыт бар ма өзі?» – деп Изотулла бауырым өзінің шынайы пікірін білдірді.

Біз осы келгенде оның салған спорт кешенін де, «Қожакент аренасын» да аралап көрдік. Мұнда көптеген спорттың түрлерінен үйірмелер бар екен. Мықты спортшылар осы жерден шығатынына көңілге нық сенім ұялады. Іштегі безендірілуі де тамаша. Небір заманауи спорт жабдықтары алынған. Қысқасы, жақсы спортшының шыңдалып шығуына барлық жағдай жасалған. Ертең Қожакент ауылынан небір әлем олимпиада чемпиондары шығып жатса, таңданбаңыздар! Ауыл болып Изотулланың әкесіне ас берейін деп жатыр екен. Ол аста көптеген спорт түрлерінен республикалық турнирлер өтеді. Соған дайындық қызу жүріп жатты.

Изотулланың алға қойған арман-мақсаттары көп. Оның көбісі ауылына байланысты. Кәсіпкер, аудан мәслихатының депутаты ауылының көркеюі үшін жан-тәнін аямайды. Үнемі бір бүйірінде ауылы жүреді. Жақсысына қуанады, жаманына күйзеледі. Мәселен, ауылдағы екі мектептің біреуі апатты жағдайда. Сол мектептің жайымен бармаған жері жоқ. Тіптен облыс әкіміне де кірді. Әзірге нәтиже шамалы. Осы мектепке алаңдайды. Ауылдастары: «Изотулла өте мәрт азамат. Бірдеңеге мұқтаж болып қалсаң, қолыңды қайтармайды», – дейді ризашылықпен.

Өткен жылы осы аталмыш ғимараттың қасынан тағы бір еңселі үй бой көтерді. Аты – «Сыр моншасы». Оны да араладық. Ішінде 4 бірдей әуізі бар, тамаша монша. Сырттағы ауылдардан кеп түседі екен. «Айналайын, Изотуллажан, рақмет, саған! Абыройың биіктеп, істерің ылғи алға бассын. Армандарың орындалсын!» – деп батамызды бердік. «Елі, ауылы үшін ештеңесін аямайтын осындай Изотулла сынды кәсіпкерлер көп болса, шіркін!» – деп біз де армандап, ауылдан аттандық.

Изотулла мен Нұрсұлу 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Мейірбек Үсенов – архитектор. Нұрболы өзінің көмекшісі. Қазбегі – стоматолог. Тіршіліктерін жан-жаққа таратып, жандандырған азаматтар. Жастар ата-бабаларының, әкелерінің ақ та, текті жолдарын жалғастырып жатыр. Олар да әкелері сияқты Қожакенттің патриоттары.

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
27.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Ымырт ерте үйірілетін өлке
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2025 80
«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - 28.11.2025 82
Әлеуеті артып  келе жатқан аймақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 27.11.2025 78

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20395
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20221
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35328
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33893
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37747