«Qazaqstan dauiri» газетінің «AMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Жамбыл облысында
Әулиеаталықтармен кездескен Сәуле Мешітбайқызы аймақтың әлеуетіне оң бағасын берді.
Қадаған шыбығың тал болатын киелі Әулиеата өңірі соңғы жылдары серпінді даму жолына түсіп, өңір экономикасы қарқын алып келеді. Бұрын датациялық деп бағаланатын Жамбыл облысы бүгінде инвестиция тарту бойынша республика көлемінде алдыңғы қатарға шығып отыр. Бұл – жүйелі жұмыстың, нақты жоспар мен бірлікпен жасалған іс-әрекеттің жемісі.
Осындай серпінді сәттерде өңірге арнайы ат басын бұрған – «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист Сәуле Мешітбайқызы. Ол «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты республикалық экспедиция аясында Әулиеатаға келіп, бірқатар мекеме басшыларымен кездесті.
Экспедицияның басты мақсаты – елдегі цифрлық трансформация, жасанды интеллект, адами капитал сапасын арттыру, мемлекеттік басқаруды жаңғырту мен ақпараттандыру бағытындағы жұмыстарды халықпен талқылап, қоғамдық пікір қалыптастыру.

Сапар барысында Сәуле Мешітбайқызы «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловпен кездесіп, аймақтағы ақпараттық-идеологиялық жұмыстардың қарқыны мен мазмұны туралы пікір алмасты. Кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған негізгі реформалар – білім мен мәдениет, адам капиталын дамыту, цифрлық дәуірге бейімделу және жастар тәрбиесі кеңінен сөз болды.

– «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясы аясында Жамбыл облысына арнайы сапармен келіп, өңірдегі оң өзгерістерге куә болуы үшін арнайы ат басын бұрып отырмыз. Әулиеата – тамыры терең тарихы бар, талай тұлғаларды түлеткен киелі мекен. Бүгінгі таңда бұл өңірде тың бастамалар жүзеге асырылып, цифрлық дәуірдің талаптарына бейімделу бағытында нақты қадамдар жасалып жатқаны қуантады.
Бұл орайда, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының аймақтағы идеологиялық жұмыстардың мазмұнын арттыру, жас ұрпақ тәрбиесі, білім мен мәдениеттегі реформалар және адам капиталын дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарып келе жатқанынан хабардармыз. Сонымен қатар, Президентіміз Жолдауында айтып өткен жасанды интеллект, цифрлық басқару, ақпараттық саясат сынды маңызды бағыттардың жүзеге асырылуына да партия ықпал ете беретініне сенімдіміз, – деді Сәуле Мешітбайқызы.
Ал, өз кезегінде «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов партияның Сайлауалды бағдарламасының орындалуын бақылау, партиялық жобаларды жүзеге асыру және тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне дер кезінде жауап беру филиал жұмысының негізгі басымдықтары екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол облыстық филиалдың бастамасымен түрлі салада маңызды жобалар іске асырылып жатқанын, соның нәтижесінде партия мен халық арасындағы кері байланыс нығая түскенін жеткізді.
– Біз үшін ең маңызды міндет – партияның Сайлауалды бағдарламасында көрсетілген басым бағыттардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету. Бұл ретте әрбір бастама, әрбір жобамыз нақты нәтиже беріп, тұрғындардың әл- ауқатын жақсартуға бағытталуы тиіс.
Сонымен қатар, партия халықпен кері байланысты күшейтіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірін ескеруге ерекше мән беріп келеді. Бүгінде Жамбыл облысында партияның бастамасымен әлеуметтік, инфрақұрылымдық, білім және мәдениет салаларында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Біз бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырып, ел сенімін ақтауға бар күш-жігерімізді саламыз. Бұл орайда, біздің жұмысымызды қалың бұқараға жеткізуде басылымдардың жұмысын айтпай кетпеске бола қоймас. Сіздер арқылы біздің бастамаларымыз бен жобаларымызды көпшілік хабардар болуда. Алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс атқара беретінімізге сенімдімін, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.
Ашығын айтқанда, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов пен «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист Сәуле Мешітбайқызының кездесуі – ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтар мен елдік мүддені көздеген ұйымдардың өзара үнқатысуының жарқын үлгісі болды. Бұл кездесудің маңыздылығы – ақпараттық майдан мен рухани жаңғыру жолында партия мен бұқаралық ақпарат құралдарының бірлесе отырып жұмыс істеуінде. Елді жаңғырту мен қоғамдық пікір қалыптастыруда осындай әріптестік аса маңызды рөл атқарады.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы суицид пен ерте жүктілік көрсеткіштері алаңдаушылық тудыруда. Осы мәселеге орай «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековпен кездесті.
Кездесуден соң іле-шала аудандық білім бөлімінің басшыларымен онлайн дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстел барысында тараптар жасөспірімдердің психологиялық күйінің нашарлауы көбіне смартфонға тәуелділіктен, басқа да келеңсіз жайттардан, олармен әлі де тәрбиелік жұмыстарды дұрыс жүргізбеудің әсерінен туындайтынын атап өтіп, оны жою жөнінде өзара келелі пікірлермен алмасты. Сонымен бірге бұл жиында өзек болған мәселелер қоғамдағы құндылықтар жүйесінің өзгеруі, жас ұрпақтың ақпараттық кеңістікте дұрыс бағдар алу қажеттілігі, медиа сауаттылықты арттыру, ұлттық болмыс пен адамгершілік тәрбиесін күшейту жолдары кеңінен талқыланды.

Президент Жолдауында айтылған адами капиталды дамыту міндеті аясында мектептер мен колледждердің, жоғары оқу орындарының тәрбиелік жұмысының маңыздылығы ерекше атап өтілді.
– Бүгінгі қоғамда ең үлкен қауіп – балалардың рухани жалғыздығы. Олар өз уақытының көбін смартфонға телміріп өткізіп, шынайы өмірден алыстап барады. Бұл – тек психологиялық емес, әлеуметтік мәселе. Жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жайттардың орын алуы, тәрбие дағдарысы – осы рухани бос кеңістіктің нәтижесі. Біз ата-ана, ұстаз, мемлекет, ақпарат құралдары болып бірігіп, осы олқылықтың орнын толтыруға тиіспіз, – деді Сәуле Мешітбайқызы.
Ал, облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков Сәуле Мешітбайқызының сөзін толық қолдайтынын жеткізіп, басқарма тиісті органдармен бірлесіп жұмыс жасап жатқанын жеткізді.
Осылайша, Сәуле Мешітбайқызы Әулиеата өңіріне жасаған сапары барысында қоғамда өзекті болып отырған бірқатар мәселелерді талқылап, оларды ақпараттық тұрғыдан қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізді. Айта кету керек, алдағы уақытта ол облыстың бірнеше ауданына барып, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді жергілікті мамандармен бірге талқылап, шешу жолдарын қарастыратын болады.
Сондай-ақ бүгін Жамбыл облысы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Салимов Серік Жақсылықұлымен бірге аудандармен әлеуметтік сала бойынша орынбасарларымен онлайн дөңгелек үстел өтеді де, әрі қарай аудандарды аралауға шығады.
Экспедициямыздың Жамбыл облысындағы сапары жайлы толық ақпаратты газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.











