Ымырт ерте үйірілетін өлке

Ымырт ерте үйірілетін өлке

«Qazaqstan dauiri» газетінің «AMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Шығыс Қазақстан облысында

 

Дәстүрлі экспедициямыз 11-12 қараша күндері Шығыс Қазақстан облысына барып қайтқан болатын. Бұл туралы газетіміздің №47 санында «Ымырт ерте үйірілетін өлке» атты көлемді материалды оқырманға ұсынған едік. Кезекте сол сапардың екінші күні көрген-білгенімізді айта кетуді жөн көрдік. 

12 қараша күні «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы, журналист Ерқазы Сейтқали ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев мырзаның бастауымен Өскемендегі Жастар орталығына келіп жеттік. Мұнда қаланың белсенді жастарымен кездесу ұйымдастырылған екен.

 

«Jastar Oskemen» жастар ресурстық орталығындағы кездесу

Бізді «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Бақытжан Ерболқызы қарсы алып, жастарға арналған заманауи комьюнити-орталық – «Jastar Oskemen» кешенімен таныстырып шықты.

Комьюнити орталық деген сөз ағылшынның community деген сөзінен келіп шыққан атау. Қазақшадағы тікелей мағынасы – қауымдастық, жұртшылық бір ортаға біріккен топ деген сөзге жақын келеді. Ал комьюнити-орталық дегеніміз – қауымдастыққа арналған орталық, яғни халыққа қызмет көрсететін, көпфункционалды әлеуметтік кеңістік. Адамдар еркін келіп, білім алып, кездесетін, түрлі қызметтерге қол жеткізе алатын ашық қоғамдық кеңістікті меңзейді. Еліміздің бірнеше аймағында осындай орталықтар пайдалануға берілгелі бұл термин де құлаққа үйір бола бастады.

– Бұл орталық өскемендік жастардың қалауы бойынша құрылды: қала жастары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде би студиясы, дыбыс жазу, подкаст-зона, волонтёрлік және бизнес-инициативаларды қолдау сұранысқа ие болды. Бұл орталықтың шығармашыл әрі белсенді жастардың қызығушылықтарын тиімді қанағаттандыруына мүмкіндік береді. Негізі 14-35 жас аралығындағы жастардың келуіне арналған, – дейді орталықтың директоры Бақытжан Ерболқызы.

Орталық екі корпустан тұрады. Бірінші корпус – жастар жобаларын, кәсіпкерлікті, жұмыспен қамтуды және мемлекеттік бағдарламаларға қатысуды қолдайтын командаға арналған жұмыс алаңы болса, екінші корпус – қоғамдық комьюнити-орталық. Мұнда 9 функционалды аймақ бар: коворкинг-орталығы, хореография студиясы, дыбыс жазу студиясы, волонтёрлік офис, медиа-бөлме (подкаст-зона), шығармашылық залы, үлкен және кіші конференц-залдар, сондай-ақ дебат пен Жайдарманға дайындық бөлмелері бар екен.

Бақытжан Ерболқызы мұндағы мұқият дайындалған әр бөлмені таныстырып шықты. Айтуынша, жастарға арналған осы тектес комьюнити-орталықтар елімізде бірнеше қалада ғана бар екен.

– Бұл орталықта дарынды жастар (әуесқой орындаушылар) тректер жазып, орталық концерттеріне қатысады. Олар үшін арнайы концерттер ұйымдастырылады. Дыбыс жазу студиясы, би студиясы және медиа-орталық – музыка, бейнероликтер мен подкаст жазу алаңдары бар. Медиа-орталық/подкаст-зона – роликтер, сұхбаттар мен авторлық подкасттар өндірісі («КРАШ Jastar» айдары – белсенді жастар туралы) болып табылады. Ал коворкинг-орталық – жас кәсіпкерлер мен стартап иелері үшін бірлескен жұмыс және идеялармен алмасу алаңы. Жайдарман мен дебаттар: 10 жылдан кейін алғаш рет қаламыздың командасы жоғары лигаға шықты. Орталық Жайдарман ойындарына, республикалық және облыстық дебаттарға дайындыққа жағдай жасайды.

Кіші конференц-зал – тренингтер, семинарлар, психологтар және қаржылық кеңесшілердің қатысуымен soft skills, қаржылық сауаттылықты дамытуға арналған іс-шаралар өтеді. Волонтёрлік аймақ (фронт-офис) – еріктілер қызметін үйлестіру, жазда және қыста қарт адамдарға көмек, экологиялық қозғалыстар мен әлеуметтік акцияларға жағдай жасайды. Тұрақты жобалар мен жетістіктеріміз де жоқ емес. «Таза ойындар» – экологиялық субботник-ойын. Өскеменде үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. 2025 жылы жаңа формат енгізілді: тек қоқыс жинау емес, оны сұрыптау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Біздің тәжірибемізді басқа өңірлер де қабылдап отыр.

Жастарға арналған көлемді шараларымыз да бар. Бұнда Жастар күніне арналған концерттер мен фестивальдер, қалалық кештер мен тақырыптық бағдарламаларды атап өтуге болады.

«Студенттік көктем» – бірінші курс студенттері мен жастардың таланттарын көрсететін ірі фестиваль. Республикалық және облыстық Жайдарман – орталық ойындарды, соның ішінде қала әкімі Кубогын ұйымдастырады. «КРАШ Jastar» – қаланың ең үлгілі, жігерлі жастары туралы айдар: олардың өмір жолдары, табыстары. Зияткерлік ойындар, квиздер, форумдар, экологиялық жобалар, дебаттар – орталықта тұрақты түрде өткізіледі. Қалада 14 жастар ұйымы белсенді жұмыс істейді.

Біз жұмысшы жастармен жүйелі түрде жұмыс істейміз. Қаланың алты ірі зауытында Жастар істері жөніндегі кеңестер бар. Орталық олармен бірлесіп жобалар жүргізеді. Мұнда кәсіптік бағыт беру, өндірістік экскурсиялар, мамандар дәрістері, жұмысшы кәсіптері бойынша байқаулар, волонтёрлік акциялар қарастырылған. 2025 жылы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ерекше назар аударылды: «PRO MAMAN» медиа-айдары еңбек адамдары туралы, жас мамандармен кездесулер өтті», – дейді Бақытжан Ерболқызы.

Жастармен сырласқан сәттер 

Заманға сай жақсы жабдықталған орталықта жастардың қиялына қанат бітіріп, арманын жүзеге асыруына септігін тигізетін жағдайлардың барлығы жасалған екен. Біз орталықты аралап болғасын жиналыс бөлмесіне кірдік. Кездесуге қаладағы оқу орындарының студенттері, зауыттағы жас жұмысшылардың өкілдері жиналған екен. Алғашқы болып сөз алған Айдар Садырбаев мырза бүгінгі кездесудің мақсаты мен мәнін ұғындыра келіп, қазіргі қоғам мен заман талабы, жастардың жағдайы, олардың болашағы мен маңызды мәртебесі жайлы әдемі ойларын ортаға сала отырып жиналысты бастап, сөз кезегін құрметті қонақ Сәуле Мешітбайқызына берді.

– Негізінде ұстаз болған адам едім, сондықтан балалардың алдында тұрып сөйлегенді ұнатамын, – деп сөзін ілтипатпен бастаған Сәуле Мешітбайқызы ары қарай шығысқа келу сапарымызды, «Qazaqstan dauiri» газетінің дәстүрлі экспедициясының мақсатын айта келіп, газет көтеріп жүрген өзекті тақырыптардың бірі – ұлттық тәрбие, қазақы құндылықтар мен жастардың білімге, кітап оқуға деген талпыныстарының сұйылып бара жатқандығына алаңдайтындығын айтып өтті.

– Мен сендермен сырласайын, емен-жарқын әңгімелейін деп отырмын. Көкейлеріңде жүрген сұрақтарың болса, жасқанбай ортаға салыңдар. Жастардың жігері мен жалынын дұрыс бағалау – бізге сын. Үлкендердің ойлауы да, пайымы да басқаша болады. Дегенмен отан, туған жер, ұлт алдындағы борышымыз ортақ деп ойлаймын. Сендерді не толғандырады? Осы жердің, осы елдің ертеңгі иесі – сендерсіңдер. Ал сендердің болашақ негіздерің бүгіннен бастап қаланып жатыр. Болашаққа не дайындап жатырсыңдар? Әлде уақыттарыңның көп бөлігін ұялы телефонға телмірумен өткізіп жатырсыңдар ма? Қазір осы ұялы телефонды жасаған елдердің өзі бұдан аяқтарын тарта бастағандай. Экономикасы, технологиясы, ғылым-білімі алға озып кеткен Жапония, Корея сынды елдерде әлі де кітап оқу дәстүрі сақталып келеді. Ал бізде осындай асыл дәстүр үлкендердің еншісінде ғана қалғандай тұрады. Қандай кітап оқып жүрсіңдер?» – деді, өзі де талай жыл ұстаз болып, алдынан небір талантты шәкірттерді түлеткен ардақты ұстаз.

Ары қарай әңгіменің ауаны біртіндеп қыза түсті. Басында аздап үнсіздік сақтап, тартыншақтағандай кейіп танытқан жастар ақырындап шешіліп сала берді. Олар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын Сәуле Мешітбайқызына қоя бастады. Біреулері журналист болғысы келетіндігін айтып, қастерлі мамандықтың қыр-сырын білмекке ұмтылса, енді біреулері замандастарының бойына ұлттық тәрбие сіңірудің тиімді жолдарын қарастырғысы келетіндіктерін айтты. Әрі өздері де жоспарларымен бөлісіп отырды.

– Газет оқып өскен бала едім. Бірақ ұстамай кеткелі көп жыл болыпты. Мына газетті қолыма ұстап отырғанда балалық шағымның иісі мұрныма келгендей болып қатты толқыдым. Сіздің ұлттық тәрбие туралы айтқандарыңызбен толық қосыламын. Өзім де көпбалалы анамын. Құдай берген бес перзентім бар. Әңгімелеріңізді естіп отырып, соларға дұрыс тәрбие беріп жатырмын ба деп ойланып отырмын. Балаларым болашақта кім болады? Оларды қалай бағыттап жатырмын деп ой үнемі мазалайды. Бүгіннен бастап қолдарындағы телефондарын кітап пен газетке ауыстырсам деп бекіндім.

Өзім Мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастыру бөлімінің сарапшысы және Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша координаторы болып қызмет істеймін. Жұмысыма байланысты ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыруға қатысты тәжірибелерді үйренгім келеді, – деді Дәуітбекова Айгерім Абайқызы есімді қарындасымыз.

Осыған ұқсас сұрақты екінші бір жас маман да қойды. Үлкен кәсіпорынның баспасөз орталығында қызмет істеп жүрген қарындасымыз өте жігерлі екен. Әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған ұжымда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге ниеттеніп жүрген жалынды жастың көкейіндегі сұрақ – бір қаладағы жағдай емес, бір мемлекеттің еппен шешіп келе жатқан күрмеуі қиын түйіні еді...

Жастармен кездесудің соңы қызықты өтті деуге болады. Топ ішінен сұрақ қойған бір қарындасымыз қазіргі қазақ баспасөзінің болашағы туралы сұрады. Яғни қағаз газеттердің ғұмыры қаншалық деген өзекті сұрақ жастарды да ойландырады екен. Біз өз тарапымыздан дәстүрлі БАҚ-тың болашағы мен жаңа медианың жай-күйіне тоқтала келіп, журналист боламын деген жастарға адалдық пен жауапкершіліктің маңыздылығын түсіндіруге тырыстық.

 

«Казцинктан» көрген-білгендеріміз

Жастар орталығындағы мазмұнды кездесуден кейін, «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы төрағасының міндетін атқарушы Аманбай Нұркенов пен Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев мырзалардың серік болуында еліміздегі алпауыт кәсіпорындардың бірі, халықаралық танымал «Казцинкке» ат басын бұрдық. Бұл жерде қызметтегі тәртіп пен қауіпсіздік талаптарына байланысты қызыл жалынмен арпалысып, руда балқытып жатқан домна пештері бар өндіріс орталығына барудың реті келмеді. Сондықтан кәсіпорынның жауаптыларының ұсынысы бойынша мұражайды аралап шықтық.

«Казцинк» – мыс, бағалы металдар және қорғасын сияқты ілеспе металл түрлерін көптеп қоса өндіретін интеграцияланған ірі мырыш өндіруші. Компанияның негізгі кәсіпорындары Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан, Ақмола және Ұлытау облыстарында орналасқан. Қазір Жәйремде 2 000 адам, Көкшетауда 2 000 адам, Өскеменде 6 000 адам, Риддерде 8 000 адам, Алтайда 3 000 адам, Серебрянскте 200 адам жұмыс істеп жатыр. Мердігерлерді қосқанда 29 000-нан астам қызметкері бар үлкен кәсіпорында 300-ден астам мамандық бар екен. Мұражай қызметкері біраз қызықты деректерді айтып берді.

– «Мұндағы өндірістің толық циклі: ӨНДІРУ – БАЙЫТУ – МЕТАЛЛУРГИЯ болып жіктеледі. Кәсіпорында дайын өнімнің 23 түрі, алтын, күміс, мырыш, қорғасын, мыс қатарлы 5 негізгі металл өндіріледі. Кәсіпорынның тарихы да арыдан басталады. Мысалы, Риддер-Сокольный кеніші 1786 жылдан бері қазылып келеді. Мұнда ТМД-дағы ең ірі және өнімді вельцпештер бар, сондай-ақ кәсіпорын дайындаған өнімді Renault концернінің құюшылары МАМ (мырыш, алюминий, магний) қорытпасын Еуропадағы ең үздік қорытпа деп мойындады. Біздегі бағалы металдар өндіру зауытында 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы алтыны шығарылды. Қазақстанның банктік алтынының 70%-ын «Казцинк» өндірген. Мырыш зауыты алғашқы өнімін 1947 жылы берді. Әлемдегі бірінші мырыш құятын айналмашақ машина Өскеменнің қорғасын-мырыш комбинатында жасалды...» – деді мұражай қызметкері.

«Казцинк» кәсіпорны жақсы жетістіктерімен көзге түсіп келе жатқан алпауыттардың бірі. Бізбен кездесуге келген жас мамандардың бірі Илья деген жігіт қазақшаға судай екен. Сөйтсек, Ильямыз қазақтың күйеу баласы екен.

– ШҚО-ның Ұлан ауданында туып өстім. Мектепті бітіргеннен кейін Өскемендегі Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжінен металлургия мамандығын үйреніп шықтым. 2017 жылдан бастап осында қорғасын тазарту цехында балқытушы болып істеп келемін. Келіншегім қазақтың қызы, мамандығы эколог, бір ұлымыз бар, – дейді Илья.

– Өзің секілді жастарға не айтасың? Біраз жастар шетелге кетуді жоспарлап жүр ғой? – дедік Ильядан сыр тартып.

– Жұмысшы мамандықтар өте керекті мамандық. Оларсыз ешбір зауыт жұмыс істей алмайды, құрылыстар салынбайды. Сондықтан жұмысшы мамандықтарына жастар көбірек келуі керек. Біздің Қазақстанда барлығы бар, барлығын да шығаруға мүмкіндік бар. Алыстан іздеудің керегі шамалы деп ойлаймын. Мен істеп жатқан бұл кәсіпорында жұмысшыларға барлық жағдай жасалған: асханасында тамағы тегін, киім-кешекпен қамтамасыз етілген, айлығымыз уақтында түсіп тұрады, – дейді өз мамандығын қадірлейтін есті азамат.

PS: Өскеменде ымырт ерте үйірілгенімен, қарбалас тірлік қайнап жатыр. Қара Ертістің суы, қаланың дуы – барлығы да шығыстың кемел келешегіне асығатындай. Біздің екі күнге жоспарланған кезекті сапарымыз да өз мәресіне жетті. Экспедициямызға қол ұшын созып, жақыннан жәрдем көрсеткен Кеңгір-Тұрадағы ақкөңіл азаматтардың барлығына басымызды иіп алғысымызды айтамыз! Ал тұтас ШҚО-ның әрбір ауданы мен ауылдарындағы жылт еткен жаңалық пен өзекті проблемалар  «Qazaqstan dauiri» газетінің назарында болады.

 

Астана – Өскемен – Астана

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
28.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - 28.11.2025 82
Ымырт ерте үйірілетін өлке
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2025 81
Әлеуеті артып  келе жатқан аймақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 27.11.2025 78

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20395
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20221
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35328
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33893
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37747