Алматы облысы Райымбек ауданында үлкен тарихи іс-шара өтті. Жан-жақтан ағылған ағайындар 8 тамыз күні таң ата Отанымыздың шығыс-оңтүстік түкпірі, Тәңіртауы бөктеріндегі Нарынқолға жиналды.
Жетісу жерінде өмірге келіп, жеті жұртқа атағы жайылып «Дуан бегі Сүйіндік» атанған Албан руынан шыққан Сүйіндік Мамадайырұлы 1660-70 жылдарда өмірге келген. Шамамен осыдан үш ғасыр бұрын жасаған әйгілі би, ұлт көсемі, сүйрік тілді шешен, от ауызды, орақ тілді тапқыр, көрнекті тұлға болған кісі. Кіндігінен тараған ұрпақтары Райымбек ауданы Сүмбе және Сарыбастау өңіріне шоғырланып қоныстанған. Ұрпақтары есейіп ержетіп, білім, ғылым, қызмет бабымен Қазақстанның барлық өңіріне аяғы жеткен. Әсіресе, Алматы мен Астанада көп. Сүйіндік бидің ұрпақтарынан батыр, ақын, жазушы, қоғам қайраткері, кәсіпкер, түрлі саланың мамандары, дипломаттар көп шыққан.
Ілияс Жансүгіровтің көзіне түсіп, Мұқтар Әуезовпен сұхбаттасқан суырыпсалма ақын Көдек Байшығанұлы Маралбай, кешегі айтыскер Оразәлі Досбосынов атаның заузаты. Арғы жағын айтсақ, Құдайназар би, Балта батыр, Абақ би, Жайнақ би, Тиес балуандар елге әйгілі. Онан 1916 жылғы Мұқтар Әуезов «Қилы заман» романында жазған Қарқара-Албан көтерілісіндегі Жәмеңке-Ұзақтың жанынан табылған батырлар Тұрлықожа Жансеркеұлы, Бегдайыр Солтанқұлұлы, болыс Рақымбай Солтанқұлұлы, «Жүз атқа ішік алған Ниязбек бай» өзге де көптеген атақты адамдар шыққан. Айттың Мамадайырынан Сүйіндік пен Қалыбек туады. Қалыбек батырға Кеген ауданының Қайқы асуында ескерткіш қойылып еді.
«Сүйіндіктің сүйкемесінен сақта» деген Албан ішіндегі ескіден келе жатқан мәтелге себеп болған бабаға Райымбек ауданы, Нарынқол ауылы, Баққожа Мұқаев атындағы мәдениет үйінде 8 тамыз күні ғылыми-практикалық конференция өтті. Мамадайырұлы Сүйіндік бидің бір баласы болғандықтан, біз де сол басқосуға барып келдік.
Бұл жолғы конференцияны Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Астана қаласында орналасқан Еуразия Ұлттық Университеті бірлесіп өткізді. Ұйымдастыруға мұрындық болған – «Бабалар мен Ұрпақтар» қоғамдық қоры. Атқарушы директоры – Бақберген Дәулетұлы Желдікбаев. «Сүйіндік би және қазақ қоғамындағы билердің институты: Тарихы, тұлғалары және ұрпақтар сабақтастығы мәселелері» тақырыбында өткен конференцияға Астанадан, Алматы қаласынан, Алматы мен Жетісу облыстарынан, Райымбек ауданының ауылдарынан қонақтар келді.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және Этнология Институтының бас директоры Зиябек Қабылдинов қатынасып, баяндама жасады және төрағалық етті. Жиналысты директордың орынбасары Тілеубаев Шамек жүргізіп отырды. Ғалымдар Алпысбес Мақсат, Нұрпейісов Талдыбек, Ноғайбаев Меңдігүл (Бельгиядан онлайн қатынасты), Шашаев Әуесхан, Дәулетбекова Маржан қатарлы тарихшы ғалымдар арнайы сөз алып, Сүйіндік би мен оның заманына, билер институтына кеңінен тоқталды. Одан өзге мақала жазып, шараға атсалысқан Құрманалина Нұргүл мен Оразов Рашид бір себептермен Райымбек ауданына бара алмай қалды. Олардың баяндама тақырыбы көпшілікке таныстырылды.
Іс-шара Сүйіндік бидің атақонысы, қаймағы бұзылмаған албан елінің ортасынан басталды. Сірескен сең қозғалды... Атаның жайбасар ұрпақтары, кеш болса да, бабаның жолын тануды енді қолға алып жатыр. Өз заманының айтулы тұлғалары Шоған абыз, Әлмерек абыз, Сары би секілді арыстармен бір дәуірде қатар өмір сүрген, алты баласынан мыңдаған түтінге жеткен бабаның тарихи орны да, мәртебесі де биік. Алла қаласа, келесі конференциялар, кітап шығару, елді мекен, көшелерге бабаның атын беру істері қолға алынады.
Қытайда туған қазақ қаламгерлері Бағашар Нарынбайдың «Бір уыс топырақ», Әскер Тойғамбекұлының қазақ елінде жарық көрген «Қайран елім» трилогиясында тарихи кейіпкер ретінде суреттелген Сүйіндік би әлдеқашан әдеби кейіпкерге айналған. Міне, осы өзім білетін жағдайларды ортаға салып, конференция соңында «Сүйіндік баба» деген өлеңімді оқыдым.
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын, журналист