Тамыз басталғалы халықаралық жағдайларда үлкен өзгерістер орын ала бастады. Қазірге дейін Әзербайжан мен Армения басшылары Таулы Қарабақ жанжалына біржолата нүкте қойғанына күллі дүниенің көзі жеткен еді. Енді халықаралық логистикада аса маңызды орын алатын Зәңгезүр дәлізінің тағдыры шешілді. Сөйтіп, Қап тауының оңтүстігін енді орыстар емес, АҚШ «бақылайтын» уақыт заман келгендей...
8 тамыз күні АҚШ астанасында Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян кездесіп, Бейбітшілік декларациясына қол қойды. Бұл кездесуде Зәңгезүр дәлізін ашып пайдалану және оның бақылау құқығын АҚШ-қа өткізу мәселесі де қаралғаны белгілі болды.
Әзербайжан мен Армения қол қойған бейбітшілік декларациясына сәйкес, екі ел 35 жылға созылған қақтығысты тоқтатуға, бизнес, саяхат және дипломатиялық қарым-қатынастарды ашуға және бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге келісім берді.
Осы жерде АҚШ тарапының Зәңгезүр дәлізін ашып, оны 99 жыл АҚШ-тың басқаруына беру туралы ұсынысы екі жақтан да қолдау тапқандай болды. Ұсыныс бойынша АҚШ компаниясы басқару жүргізетін болады. Онда 1000-ға жуық америкалық персонал болмақ. Тағы бір ақпаратқа қарағанда, бұл дәліз арқылы өтетін барлық қатынас саласынан түсетін пайданың 30 пайызы Арменияға, 40 пайызы АҚШ-қа қалатын көрінеді.
Осылайша оңтүстік Кавказ аймағына енді АҚШ ықпалы артайын деп тұр. Алайда бұл шешімдер аймақтың геосаяси қайшылығын онан ары асқындырып жіберуі мүмкін деп санайтын сарапшылар да бар. Бұл жаңалық тарала салысымен Иран тарапы ресми түрде қарсылықтарын жасырған жоқ. Иранның рухани жетекшісінің аға кеңесшісі Әли Акбар Велаяти сенбі күні Иранның бұл бастамаға тосқауыл қоятынын мәлімдеді. Велаяти Tasnim мемлекеттік ақпарат агенттігіне берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбіт келісімге енгізілген транзиттік дәлізге сілтеме жасай отырып, «Кавказды 99 жылға жалға берілетін жылжымайтын мүлік ретінде көретінін» айтты.
Велаяти өз сөзін: «Бұл дәліз Трамптың жалдамалылары үшін қақпа болмайды, бұл олардың моласы болады», – деп толықтырды. Ол бұл жоспарды Арменияның аумақтық тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған «саяси сатқындық» деп бағалады.
Жұма күні Ақүйде қол қою рәсімінде жарияланған келісімшарттары Әзербайжан мен Бакудің одақтасы Түркиямен шектесетін Әзербайжан эксклавы Нахчыванды байланыстыратын Армения арқылы өтетін бағытты АҚШ-тың эксклюзивті игеру құқығын қамтиды. «Трамптың Бейбітшілік пен өркендеу үшін халықаралық маршруты» деп аталатын дәліз Иран шекарасына жақын жерден өтеді және Армения заңы бойынша жұмыс істейді. Велаяти бұл НАТО-ға Иран мен Ресей арасында жылан тәрізді көпір салуға жол ашады деп санайды.
Вашингтондағы бұл шешімдерді көптеген мемлекеттердің басшылары мен саяси қайраткерлері жоғары бағалап, Әзербайжан мен Армения арасындағы қайшылықтарды толық реттеп, аймақта бейбітшіліктің орнауына жасалған үлкен қадам деп бағалап жатыр. Жылы лебіз білдіргендердің қатарында Ресей де бар.
Әлемдік сарапшылар осылайша Оңтүстік Кавказ өңірінде Ресей ықпалы мүлде әлсіреп қалғандығын мойындағандай. Қазірге ашық қарсылық көрсетіп отырған Иран ғана болып отыр. Ресейдің алдағы уақытта қандай қадамдарға баратыны әзірше белгісіз. Ресми Мәскеу бұл шешімдерді құптайтындықтарын жасырған жоқ.
11 тамыз күні армян тарапының бастамасымен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мен Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинянның телефон арқылы сөйлескендігі белгілі болды. Ресми баспасөз беттеріндегі ақпарға қарағанда, Пашинян 8 тамызда Вашингтонда АҚШ Президенті Дональд Трамп және Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен өткен кездесудің нәтижелері туралы егжей-тегжейлі хабарлаған. Владимир Путин Ереван мен Баку арасындағы тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған қадамдардың маңыздылығын атап өтіп, Ресей тарапының 2020-2022 жылдардағы белгілі жоғары деңгейдегі үшжақты келісімдер аясында армян-әзербайжан қатынастарын жан-жақты қалыпқа келтіруге, соның ішінде өңірдегі көлік коммуникацияларын қайта ашуға жәрдемдесуге дайын екендігін растаған.