Бүгін, 25 мамыр – әр мектеп үшін, әр оқушы мен әр отбасы үшін ерекше әрі толғанысты сәт – «Соңғы қоңырау» сыңғырлайтын күн. Бұл, әсіресе 11-сынып бітіргелі отырған түлектер үшін қуанышқа, үмітке, жаңа мақсаттарға толы, балалықпен қоштасатын маңызды кезең.
Алайда мерекелік көңіл-күймен қатар, баршаңызды балалар мен жастардың қауіпсіздігін басты назарда ұстауға шақырамыз.
Өкінішке қарай, жыл сайын мектеп бітіру іс-шаралары кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу, автокортеждер ұйымдастыру, жолдағы қауіпті әрекеттер мен кәмелетке толмағандардың бақылаусыз жүруі салдарынан қайғылы жағдайлар орын алуда. Бір сәттік эмоция, «әсерлі» атап өтуді қалау және қауіпсіздік талаптарын елемеу жол-көлік оқиғаларына, жарақаттарға және адам шығынына алып келуі мүмкін.

Құрметті түлектер!
Алдарыңызда жаңа өмір кезеңі тұр. Дәл қазір жауапкершілік танытып, өз өмірлеріңізге және айналаңыздағы адамдарға құрметпен қарау өте маңызды. Ешқандай видео, фото немесе қысқа уақыттық әсер адам өмірінен қымбат емес.
Қауіпті автокортеждерден, жол қозғалысы ережелерін бұзудан, көлік құралдарын заңсыз басқарудан және өзге де ойланбай жасалатын әрекеттерден бас тартыңыздар. Мерекелеріңіз қуанышты сәттермен есте қалып, қайғылы оқиғаларға ұласпасын.
Құрметті ата-аналар!
Балалардың қауіпсіздігі ең алдымен сіздердің назарларыңыз бен қамқорлықтарыңызға байланысты. Балаларыңыздың қайда жүргеніне, кіммен араласатынына және мерекелік іс-шараларды қалай өткізетініне ерекше көңіл бөлулеріңізді сұраймыз. Кәмелетке толмағандарға көлік құралдарын басқаруға жол бермеңіздер және ересектердің бақылауынсыз іс-шаралар өткізуге жол қоймаңыздар.
Құрметті ұстаздар!
Сіздер түлектер үшін тек мұғалім ғана емес, пікіріне құлақ асатын тәлімгерсіздер. Осы маңызды кезеңде оқушылар мен ата-аналар арасында қауіпсіздік шараларын сақтау, заң талаптарын орындау және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында түсіндіру жұмыстарын күшейтулеріңізді сұраймыз.
Соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештері қарсаңында құқық қорғау органдары тарапынан қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерінің орындалуын бақылау, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтіледі. Әсіресе заңсыз автокортеждер ұйымдастыру, кәмелетке толмағандардың көлік басқаруы және балалардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру фактілеріне ерекше назар аударылады.
Қымбатты түлектер!
Бұл күн естеріңізде тек жақсы естеліктермен, жарқын әсерлермен және бақытты болашаққа бастар қадам ретінде қалсын. Өздеріңізді, достарыңызды және жақындарыңызды бағалаңыздар.
Қауіпсіз мереке – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Алматы облысы Полиция департаментінің
Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының
бастығы, полиция полковнигі
Кунтунов Нұржан Сайлауұлы















