ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – ӨМІР СҮРУДІҢ БІР БӨЛШЕГІ

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – ӨМІР СҮРУДІҢ БІР БӨЛШЕГІ

Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру – бүгінгі заман талабы. Біле-білгенге қаржылық сауаттылық дегеніміз – қаржы өнімдері мен қызметі туралы білім. Қаржылық сауатты адам өз бюджетін жоспарлаудан, бар қаржысын көбейту жолдарынан, банк өнімдері мен салық заңнамасынан хабардар болуы керек. Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық деңгейі 2021 жылы 40%-ға жуықтаған. Жалпы сарапшылардың пайымынша, мамандығына қарамастан, қаржылық сауат негіздерін түсіну, өз бюджетін жоспарлай алу материалдық игілікке ұмтылатын әрбір адам үшін маңызды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасына ерекше назар аударды. Президент Үкіметпен бірлесіп бұл бастаманы жалпыұлттық жобаға айналдыруды және оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Бұл – үлкен жұмыс.

Қаржылық сауаттылықты арттыру үшін көптеген елдерде арнайы білім беру бағдарламалары, семинарлар, тренингтер және медиакомпаниялар өткізіледі. Қазақстанда да қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған мемлекеттік және жеке ұйымдардың бастамалары бар.

Қаржылық сауаттылықты арттыру үшін келесі қадамдар маңызды: 

Білім беру: Мектептер мен жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылықты оқыту. Бұл оқушыларды және студенттерді қаржы негіздерімен таныстырады және олардың қаржы құралдарын дұрыс қолдану дағдыларын қалыптастырады.

Ақпараттық науқандар: Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған бағдарламалар мен науқандар өткізу.

Кеңес беру қызметтері: Банктер мен қаржы институттары арқылы халыққа қаржылық кеңес беру қызметтерін ұсыну.

Өзін-өзі дамыту: Жеке тұлғалардың қаржылық сауаттылық деңгейін өздігінен арттыруға ұмтылуы. Бұл қаржы туралы кітаптар оқу, онлайн курстарға қатысу және қаржы мамандарынан кеңес алу арқылы жүзеге асады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы жылдары елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі 2,82%-ға артқанын айтады. Мәселен, 2018 жылы қаржылық сауат деңгейі 36,25% болған болса, 2020 жылы 39,07%-ды, ал 2021 жылы 4-тоқсанда жүргізілген әлеуметтік зерттеуге сәйкес, 39,52%-ға жеткен. Агенттіктің болжамынша, 2024 жылы бұл көрсеткіш 41%-ға дейін көтерілген. 

Статистикаға сай Қазақстан халқының басым бөлігінде айтарлықтай ақша жинағы жоқ және бюджетін жоспарламайды. Сонымен қатар көбінесе мұның себебі – тұрақты жұмыстың болмауы немесе аз жалақы емес, халықтың қаржылық сауаттылығының төмен деңгейі көрінеді.

Қаржылық сауаттылықтың тек ересектер үшін ғана емес, балалар үшін де жақсы өмір сүрудің маңызды шарты екеніне назар аударыңыз. Бұл дағдылар балаға болашақта ақшамен дұрыс жұмыс істеуге көмектеседі. Қаржысын қалай басқаруды білетін балалар өздеріне сенімділігі артады. Бұл – олардың болашақтағы қаржылық еркіндігінің кепілі.

Ересек адам үшін қаржылық сауаттылықты өзі үйреніп қана қоймай, сонымен бірге бұған баласын да тартуы маңызды.

Белгілі экономист Мақсат Халық былай дейді:  

«Ақша – жалпыға бірдей құн рөлін атқаратын ерекше тауар. Оның ерекшелігі кез келген тауар құндылығын бойына сыйдыра алады. Ең алдымен, ақшаға деген дұрыс қарым-қатынасты түзуіміз қажет. Бізде ақшаға көзқарас дұрыс емес. Балаға тәрбие беру кезінде «ақша – қолдың кірі», «дүниеқоңыз болып кетіпті» дегендей сөздер көп айтылады. Осы тұста ақшамен қарым-қатынас құру кезінде балаларды алшақтатып алатын секілдіміз. Сондықтан бұл процесс саналы түрде сапалы жүргізілуі керек. Адам өзінің пұлын орнымен, ақыл-парасатымен жұмсай алса, оның несі жаман?! Бауырларыңызға, достарыңызға көмектесе алсаңыз, бұл жақсы емес пе?! Сондықтан біздің азаматтарымыз бай, дәулетті болуға ұмтылуы керек», – деп атап өтті ол.

Сонымен қоса оның айтуынша, әр азамат «депозиттің қандай түрлері бар, қай банктен депозит ашқан дұрыс, ондағы кепілдендіру қоры деген не, қанша миллион теңгеге дейін кепілдік береді, қай банк сенімді?» деген сұрақтарға жауап бере алғаны дұрыс.

«Біз несиелік инструментті қолданамыз. Бүгінде несиесі жоқ адам қалмаған да шығар. Несиені де тиімді алу жолдары бар. Банк берді екен деп, әр парағына ойланбастан қол қоя бергеннен не ұтасыз? Сондықтан депозит таңдай білу, қарапайым несиені рәсімдей білу де – қаржылық сауаттылықтың белгісі», – дейді ол.

Бұдан бөлек кәсіби маман заманның өзгеруіне қарай алаяқтар да түрленіп жатқанын еске салып өтті.

«Оларға төтеп беру үшін де сұрақты сапалы қоя білу керек. Қазір қаржылық пирамидаға негізделген ұйымдар пайда болып жатыр. Олар қоңырау соғып, азаматтарды «банктен хабарласып тұрмыз» деп алдайды. «Бізге ақша салсаңыз, бір-екі айдың ішінде байып кетесіз» деп ұрандататындары көп. Оларға төтеп беру үшін сұрақ қоя білу керек. Мәселен, қарапайым ғана Ұлттық банктен лицензиясы бар-жоғын тексеру керегін де азаматтарымыз білмей жатады. «Ол қазақстандық компания ма, әлде шетелдік пе, қожайыны кім, арнайы Қаржылық қадағалау агенттігінен лицензиясы бар ма?» деген сауалдарды көбінесе халқымыз қоя бермейді. Жалпы осындай сауалдар қаржылық алаяқтарды біраз састырады. Сондықтан осындай дүниелерді ескеру қажет», – деп кеңес берді сарапшы.

 

26.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15881
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15752
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30906
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29543
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33116