Психологиялық қолдау – жастарды жамандықтан қорғау

Психологиялық қолдау –  жастарды жамандықтан қорғау

Астанадағы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің оқушылары қалалық «Психологиялық қолдау орталығы» мамандарымен кездесу өткізді.

Айта кетейік, Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен ашылған «Психологиялық қолдау орталығы» елорданың мемлекеттік білім беру ұйымдарында психологиялық қолдау көрсету бағытында жұмыс істейді.

«Астананың 5 ауданында психологиялық қолдау кабинеттері бар. Орталық кеңсемізге де балалар ата-аналарымен бірге келіп, сұрағына жауап ала алады. Мектептер қабырғасында түрлі семинар-тренингтер және жеке консультациялық кеңестер ұйымдастырылады. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде 1-сынып оқушыларын сабаққа бейімдеу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. «Қауіпсіздік сағаттары» кезінде оқушыға қауіпті жағдайда жылдам әрекет етуге, өмірде кездесетін әртүрлі жағдайдың шешімін табуға үйрететін сынып сағаттары өтеді.

Жеке тұлғаның өмірге құштарлығының артуы, болашағына сеніммен қарап, нақты шешімдер қабылдауы мектеп қабырғасынан бастап қаланады. Психолог мамандар әрбір оқушының жан-дүниесіне үңіле біліп, көңілдеріне сенім ұялатып, қуаныш сыйлауы тиіс. Қазіргі таңда жеке консультациялық көмекке жүгінетін оқушылар ата-анамен қарым-қатынасты нығайту, балалар арасындағы буллинг және өзіне деген сенімділікті арттыру бағытындағы сұрақтар бойынша келеді», – деді орталық басшысының орынбасары Марал Ибрагим.

Бұл орталықтар қорқуды, қобалжуды басатын жаттығу іспеттес. Психолог әңгімелесу арқылы оқушының көңіл күйіне дөп түседі. Сөйтіп сыр суыртпақтап, мазасын қашырған жағдайды анықтайды. 

Элеонора Көшеналиева, психологиялық қолдау орталығының бөлім басшысы: 

– 313 жеке кеңес бердік. Оның ішінде ата-ана және балалар 845 мектеп оқушыларына арналған қауіпсіздік сабақтарын өткіздік. Ол – 5, 6, 7-сынып аралығындағы балаларға арналған бағдарлама. Сондай-ақ ата-аналарға мектепке бейімділікке қатысты семинар-тренингтер өткіздік. Олардың саны – 334.

Қазір баланың ата-анамен қарым-қатынасы немесе олар ажырасқанда аңтарылып қалу мәселесі өзекті. Әлімжеттік те әлі бар, – дейді психологтар. Енді Президент атаған қоғамға қауіпті 5 кесел бойынша әдістеме әзірлеп, мамандар даярланады. Арнайы орталық қызметкерлері талдау, зерттеу жұмыстарын мектептегі педагог-психологтарға табыстап отырады. 

Психологтармен кездесуге келген оқушылардың қатарында №76 мектеп-лицейінің оқушысы Олжас Әлен бар.

– Мен 8-сыныпта оқимын. Қазіргі кезде маған өзімнің психологиялық тұрғыдағы болмысым қандай деген сұрақ қызық. Ол үшін психолог маман маған арнайы диагностика жасап, жетілдіру керек қабілеттерімді анықтап берді. Мектебімізге психолог мамандар апта сайын келіп, қолдау көрсетіп отырады. Бұл бағыт кез келген оқушыға қажет деп ойлаймын, – деді оқушы.

Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев  арнаулы кабинеттер Қаланың әдістемелік орталығы, «Ұстаздар үйі», №22, №54, №88 мектептер базасында құрылғанын тілге тиек етті. 

– 2024 жылдың басынан бастап 336 бала мен 377 ата-ана кеңес алды. Қазіргі уақытта қалалық психологиялық қолдау орталығын ашу жұмыстары жүргізілуде. Орталық базасында диагностикалық, түзету-дамыту, консультациялық, психопрофилактикалық қызметтер жүзеге асырылатын болады, – деді ведомство басшысы.

Қазіргі уақытта елорданың білім беру ұйымдарында буллингке қарсы бағдарлама іске асырылуда.

Ол үшін пилоттық жобаға 5 мектеп (Алматы ауданының №72 мектебі, Байқоңыр ауданының №16 мектебі, Нұра ауданының №79 мектебі, Есіл ауданының №24 мектебі, Сарыарқа ауданының №6 мектебі) енгізілді.

– Осы бағдарлама аясында қорқытудың алдын алу және азайту, буллингтің анықталған жағдайларын шешу бойынша іс-шаралар жүргізілетін болады. Сондай-ақ мұғалімдерді оқушылардың жай-күйінің дәрежесін анықтау дағдыларына оқыту жоспарланып отыр. Елорданың бес мектебінде оқушылар арасында қорқытудың алдын алу мақсатында (№ 4, №24, №25, №72, №74) пилоттық режимде Оқу-ағарту министрлігінің «ДосболLike» бағдарламасы іске асырылып жатыр, – деді Қасымхан Сенғазыев.

 

Нағашыбай Қабылбек
08.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16249
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16105
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31273
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29905
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33471