Президент тапсырмасы бойынша бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілді

Президент тапсырмасы бойынша бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту, саланың инфрақұрылымын жетілдіру және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті спортшыларды даярлау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Соның нәтижесінде дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың саны артып, спорттық инфрақұрылым кеңейіп, қазақстандық спортшылар әлемдік ареналарда тарихи жетістіктерге қол жеткізуде. Қазіргі таңда елімізде халықтың 44,5 пайызы дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысады. Балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығы да артып келеді. Бүгінде олардың 34,6 пайызы жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Мемлекет балалардың спортпен тегін айналысуына ерекше көңіл бөліп отыр. Қазір 4 пен 17 жас аралығындағы 228 мыңнан астам бала еліміз бойынша жұмыс істейтін 7 мыңнан астам спорт секциясына тегін қатысады. Осы бағытты қаржыландыруға жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі арқылы 50 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар республикадағы 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 400 мыңнан астам жас спортшы дайындықтан өтуде.

Президент тапсырмасына сәйкес спорт саласы үшін білікті мамандар даярлау ісі де жаңа деңгейге көтерілді. Осы мақсатта жаттықтырушылық қызмет, спорттық медицина, спорттық аналитика және спорт менеджменті бағыттары бойынша мамандар даярлайтын Қазақ ұлттық спорт университеті өз жұмысын бастады. Бұл оқу орны спорт индустриясының кәсіби әлеуетін күшейтіп, халықаралық талаптарға сай мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі уақытта елімізде 26,5 мың спорт нысаны жұмыс істейді. Биылдың өзінде 34 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілсе, оның 21-і ауылдық жерлерде орналасқан. Жыл соңына дейін тағы 87 спорт нысанының құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл ауыл тұрғындарының да спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Бұқаралық спортты дамыту жоғары жетістіктер спортының да негізгі тірегіне айналып келеді. Биыл қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда бірқатар тарихи нәтижелерге қол жеткізді. XXV Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан тарихтағы алғашқы алтын медалін жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 19-орынға тұрақтады. XIV Қысқы Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшы биатлон мен шаңғы жарысынан алтын және қола медаль иеленді. Әлемдік ареналардағы жетістіктер мұнымен шектелген жоқ. Қазақстандық теннисші  Australian Open  турнирінің әйелдер арасындағы жекелей сынында чемпион атанса, стенд атудан Әлем кубогында әлемдік рекорд қайталанды. Ал қазақстандық шахматшы Norway Chess Women 2026 беделді халықаралық супертурнирінің жеңімпазы болды.

Жыл басынан бері қазақстандық спортшылар 11 әлем чемпионаты мен 26 Азия чемпионатында барлығы 152 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 99 алтын, 33 күміс және 20 қола медаль бар. Сонымен қатар еліміз семсерлесу, стенд ату және бочча спорт түрлерінен Әлем кубогы кезеңдерін, IBSA JUDO GRAND PRIX ASTANA халықаралық турнирін және дзюдодан Grand Slam жарысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, халықаралық спорттық іс-шараларды өткізу әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жалпы, Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бастамалар бұқаралық спортты дамытуға, жастардың спортқа қолжетімділігін арттыруға және ұлттық құрамалардың халықаралық деңгейдегі нәтижелерін жақсартуға бағытталған. Спорт инфрақұрылымының кеңеюі, салалық мамандарды даярлау жүйесінің жаңаруы және балалар спортына көрсетіліп жатқан қолдау Қазақстанның әлемдік спорт кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыруға негіз болып отыр.

Елқуат Елтөре

20.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27082
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26553
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43882
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39674
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44232