Әлгі, төрге шапанын іліп қойған Аязби секілді құдайыңды ұмытқың келмей, күнде тәубеңе келіп, сәл қапылып қиналып қалсаң, сол зұлмат жылдар еріксіз есіңе оралып «Тәубе! Шүкір! Бақыт деген осы емес пе, БОСТАНДЫҚ! БОСТАНДЫҚ! БОСТАНДЫҚ!» деп ішіңнен 99 рет қайталап айта бересің.
Адам көргенін, түйгенін айтады. Салыстырасың. Сөйтесің де дәл қазіргі өтіп жатқан қиындық, кедергілер өткеніңнің қасында «ойнамай» қалады екен.
Көбімізде сабыр жоқ, иман жоқ, тағы рух жоқ... Пендешіліктің «құлы» болып кеткен. Жолдарында еш кедергі болмау керек. «Алма піс, аузыма түстің» кері.
Сәл қиналып қалса өмірден түңіліп, ауыздарынан «ақ ит кіріп, көк ит шығып» елдің бәрін кінәлап, жауапкершіліктен безіп шыға келеді.
Себебі, иман әлсіз. Ауыздары «Алла» дегенімен жүректері қаралыққа толы. Сүрінген мен бүлінгенді аңдып, жандарын жаралап, жүректерге қаяу түсіруге шебер.
Өздері «аппақ, мінсіз», айналасының бәрі «сорлы, ақымақ»... Амал жоқ, үнсіз жеңесің... «Сенікі дұрыс» дейсің... Өйтпесең, сен де ақымақ, топас, соның деңгейіндегі бейбақ боласың да қаласың. Бір кем дүние...
Қазақи болмыс қашаннан парасатты, сабырлы, иманды, рухты, жанашыр, жомарт болып келетін. Жатты бауырына тартып, өсіріп-өндіріп тұтас әулетке айналдыратын.
Ал қазір... Қазір өлтіріп, өртеп, өшіріп, соттатып, көзін жойып, шамасы жетсе тұқымымен құртып жіберуге дайын боп тұрмыз. Өкінішті. «Қара аспанды жауға алдырғым» келмейді... Бірақ, ақиқат солай. Өлім жасарды. Жастар көп кетуде. Бұл – Алланың ескертуі. Тәубеге шақырып, иманға бастауы... Мейірім мен адамгершілікті оятуға белгі деп білемін. Солай бас аман, ел іргесі бүтін болсыншы!
Сандуғаш ЖҰМАБЕК