Өңірлерді дамыту − ел еңсесін көтерер ауқымды бастама. Тың жоба. Халыққа жұмыс, жастарға қолдау! Өңірлерді дамыту − Үкіметтің басым бағыттарының бірі.
Елордамызда Мемлекет басшысының Өңірлерді дамыту тапсырмасына сай атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Сондай-ақ бас қаламызда әртүрлі салаларда орын алып жатқан дамушылықтардың өзге аймақтарға үлгі боларлықтай тұстары бар екендігін баса айтқан жөн. Қазіргі таңда Астана қаласында көптеген ірі жобалар жүзеге асырылып, инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қарыштап дамып келе жатыр.
Таяуда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге қаладағы салынып жатқан мектеп, балабақша, Оқушылар сарайы, медицина орталығы, спорт залы сынды бірқатар маңызды нысандарды аралап көріп, ризашылығын білдірген еді.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен игі істер жайлы қысқаша шолу жасап өтіпті. Шаһар басшысы ең әуелі бірнеше жылдан бері тұрғындарға тиімділігін көрсетіп келе жатқан JOLTAP жобасына тоқталып өткен екен.
«Осындай жобалардың бірі – JOLTAP, ол елордада 2023 жылдың күзінде бастау алды. Бұл жоба азаматтарға жаңа мамандықтарды тегін меңгеруге, өз ісін ашуға, жұмыс табуға және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алуға мүмкіндік береді. Осы кезең ішінде 13 мыңға жуық адам оқудан өтті. Оқыту 11 жұмыс мамандығы бойынша (тігінші, модельер-конструктор, бухгалтерлік есеп негіздері, корпустық жиһаз жасау негіздері, сатушы-кассир, электргазбен дәнекерлеуші, бариста, аяқ киім жөндеу, кілт жасау және т.б.), сол сияқты 7 цифрлық дағды бойынша (SMM, веб-сайт жасау, видеомонтаж, графикалық дизайн, мобилография, базалық цифрлық дағдылар, таргет) жүріп жатыр.
Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы 2014 жылы қабылданған болатын. Оның негізгі мақсаты – урбандалу деңгейін көтеру, тұрғындардың өмір сапасын арттыру болды. 2015 жылы еліміздегі урбандалу деңгейі шамамен 56% болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 58,2%-ға дейін жетті. «Қолжетімді баспана − 2020» бағдарламасы 2017 жылға дейін жеке бағдарлама ретінде іске асырылған болатын, ал қазір ол «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына кіріктірілген. Сонымен қатар, биылғы жылға дейін өңірлерді сумен қамту мәселесі де осы бағдарлама арқылы шешіліп отырды. Ал 2020 жылдан бастап бұл мәселе де «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылатын болады. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының қорытындысы бойынша, қалаларды сумен қамту мәселесі 94,5%-ға дейін жетті, ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 60%-ға жетіп отыр. Жаңа бағдарламада алдыңғы бағдарламаның негізгі бағыттары сақталып қалады, тек индикаторлары өзгереді.
2025 жылы бұл мақсаттарға 7,4 трлн теңге бөлінген. Аталған қаражат есебінен халықты орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті қамтамасыз ету, жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 51%-ға дейін төмендету, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде 18 көлік инфрақұрылымы нысаны, 33 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және 91 әлеуметтік нысанды жаңғырту бойынша 51 515 адам мен 3 ауылдық елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сондай-ақ 2025 жылы экономиканың нақты секторын қолдауға 2,1 трлн теңге қарастырылған. Басым бағыттардың қатарында: агроөнеркәсіп кешені, көлік инфрақұрылымын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау бар.
Осы жерде айта кетуіміз керек, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы Қазақстан Республикасы өңірлерінің индустриялық-инновациялық даму мониторингін қоса алғанда, елдің өңірлік даму мәселелері бойынша жұмысты, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі саласында мамандануды одан әрі дамыту және тереңдету және өңірлердегі кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеуді үйлестіреді.
QazIndustry сондай-ақ Қазақстан Республикасының кластерлік даму мәселелері бойынша жұмысты ұйымдастыруға және үйлестіруге, оның ішінде кластерлердің жай-күйіне кейіннен мониторинг жүргізе отырып, кластерлік бастамалардың тізілімін жүргізуге уәкілетті.
QazIndustry өңірлерді қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатын қалыптастыруға және оны өңдеу өнеркәсібі саласында іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысады.
Қазақстан өңірлерінің ресурстық әлеуетін ескере отырып, өңірлерді дамытудың ағымдағы жағдайын, перспективаларын, мүмкіндіктерін зерделеу үшін талдамалық зерттеулер жүргізеді.
«Өңірлерді дамытудың жаңа бағдарламасының нәтижесінде 3,5 мың ауылдық елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымы жаңғыртылады» дейді Ұлттық экономика вице-министрі Е. Алпысов мырза.
Вице-министрдің айтуынша, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт бойынша Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе сынды ірі төрт агломерацияның маңайы қамтылады. Одан кейін екінші деңгейдегі қалалар, яғни 13 облыс орталығы мен Семей қаласын осы бағдарлама шараларымен қамту көзделген. Сондай-ақ 18 урбандалу орталығы және жоғарыда аталған 3,5 мың ауылдық елді мекенде бағдарламаны іске асыру жалғасады. Аталған бағыттардағы жұмыстарды жүзеге асыруға бюджет қаражатымен қатар, жеке инвестициялар да тартылатын болады.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК