«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған...»

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,  өлмейтұғын артына сөз қалдырған...»

Ұлы ақын Абай  Құнанбайұлының  180 жылдық мерейтойы бүкіл түркі халықтарында, елімізде,  туған жері – Абай өңірінде дүркіреп өтті

 

«Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында. Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді. Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатынан

 

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, Абай бабамыздың 180 жылдық мерейтойы шынында да есте қаларлықтай дүркіреп өтті. Жер-жерде үлкенді-кішілі ұйымдар жыл басынан бері ұлы ақынның тойын хал-қадірінше кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай етіп әдемі кештер, отырыстар өткізді. Еліміздің картасын көз алдыңызға елестетсеңіз, мың сан Абайдың шырақтары жылт-жылт жанып тұрғандай бейне. Әсіресе мерейтой болар күн жақындаған сайын жүректі тербейтін бұл шырақтар шоғыры қалыңдай түсті. Біздің газетіміз де осы көш керуеннен қалыспай «Абай жолы – қазақ жолы» деген айдар аясында көптеген ұлағатқа толы мақалалар жариялап отырдық. Ұлы ақын, ойшыл, кемеңгер, ағартушы Абай бабамыздың бұл мерейтойы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің ортақ тойы, қуанышы әрі мәдени-рухани маңызы зор әлемдік тарихи оқиға десек, қателеспейміз.

Абай – көш керуенінің барар жері, тоқайласар жері. Әрине, ақынның кіндік қаны тамған қасиетті Семей өңірі, киелі Қарауыл, Жидебай, яғни Абай елі екендігі бесенеден белгілі. «Абай өңірінде бабамызға арналған ұлан-асыр той болады. Оны көрген де арманда, көрмеген де арманда» деп атой салып шақырған шабармандар үні, дабылы әрбір қазақтың жүрегіне жып-жылы тиіп, сол дүбірлеп өтер мерейтойға жақсыны көрмек үшін баруға тырысты. Бара алмағандары арайлы да шырайлы шығысқа көз тікті, назарларын аударды. Бұл той өзгелерден өзгерек дегендей өткен нөмірімізде оның форматының ерекше жасалғанын сөзімізге тиек еткенбіз. Той кестесін сараптан өткізіп алдық та, біз де «Семей, қайдасың?» деп тартып отырдық. Тойға деп «Қалың елім қазағым, қайран жұртым!» деген бас тақырыппен әдіптеп, кестелеп, айшықтап шығарған газетіміздің бір будасын шашу етіп шашпаққа қоржынымызға салуды да ұмытқан жоқпыз. Алғашқы шашуды бізді құрметпен қарсы алған газетіміздің «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясының белді мүшесі, серіктесіміз «АMANAT» партиясының сол өңірдегі филиалының төрағасы Айдар Садырбаев пен оның ұжымына шашып, қызылды-жасылды арнаулы газет нөмірін тарту еттік. Осы жерде іліп  айтып  кететін нәрсе – Айдар Садырбаев – осы өңірге телегей теңіз еңбегі сіңген, туған ауылынан бастап, аудан,  облыс  әкімдіктерінде  елеулі қызметтерде  болған  алғыр да білімді азамат.  Туған  жерінің, қазақтың тарихын, салт-дәстүрлерін көкірек сарайына молынан жинақтап, ол қазынаны қызметіне де, халқына да терең сіңіріп,  қолданысқа енгізіп жүрген Абайшыл  хас  шебер, шешеннің нақ өзі.

Онкүндік мерейтойды толыққанды тойланудың рәсімін осы он күнге сыйғызуға тырысып, кестесін жасаған семейліктер шынында да біраз тер төккенге ұқсайды. Себебі облыс басшылығына жаңадан келген, талай өңірлердің әкімшілігінде, Президентіміздің жанында жүріп тер төгіп, қомақты тәжірибе жинақтаған Берік Уәлидің талабы да таудай екендігінде сөз жоқ. Әп дегенде келе салып іскер әрекетімен, жылуымен жергілікті халықты өзіне қарата білген өңір басшысы бұл таңғажайып, ғаламат ұлан-асыр тойды есте қаларлықтай өткізбесе, өзіне де, еліне де зор сын екенін жақсы білді. Басты мақсат – ақын тойын тек тойлап қана қоймай, келген көпшілікті ойлауға да мәжбүрлеу. Осы діттеген мақсаттың үдесінен шыға алдық па?

Рас, қандай той болсын ән-күйсіз, шоусыз өтпейді. Айтыс, мүшәйра, бәйге, байқаудың неше түрі ұлттық тұрғыда өтті. Республиканың түкпір-түкпірінен келген сан түрлі өнер иелері, үкілеп қосқан мықтылардың сайыстарын, жарыстарын әлемнің алыс шалғайларынан келген қонақтар тамашалап, риза болысты, жақсы бағасын беріп жатты. Осы жерде мына бір шуақ шашқан эпизодты айтпай кетуге болмайды. Ақын Жүрсін Ерманды ел айтыс өнері арқылы жақсы біледі. Соңғы кездері ол кісі ауырып арбаға таңылды. Айтыс сайысы басталар шақта ақын ағасының арбасын облыс әкімі Берік Уәлидің өзі итеріп келе жатқаны кімді де болсын толқытқаны сөзсіз. Мұны ағаға деген інісінің қылаусыз әрекеті деп ұқтық. Тағы бір жан дүниемізді қозғаған оқиға – алқара түнде мыңдаған семейліктер, қонақтар Абайдың әнін шырқады. Не деген ғажайып көрініс еді десеңші бұл! Осы онкүндікті Абай бабамызға арнайы шығарылған тың дүниелердің, кітаптардың тұсаукесерлері болды. Осы шараның жемісті тұстары конференциялармен айшықталды.

Осынау басқосуларда, әдемі кештерде, ойлы шараларда көптеген келелі пікірлер, ұсыныстар айтылды. Олар ұға білгенге ой салса, мұндай ұлы шараны ұйымдастырушыларға алдағы болар мерейтойларда ескеріп, нәтиже шығаруға тиіс. Мәселен Жамбыл облысы әкімі қызметінен кеткеннен көзге көрінбей, шетқақпайлауға ұшыраған Асқар Мырзахметовтың айтқан уәжі, пікірі көңіл аударарлық. «Абай ілімі – ұлттық идеологияның нағыз өзі» деді ол. Осындай халқына берері мол, ойлы азаматтарды ел басқарудан шеттетпей, қайта ұлы додаларға аямай салу керек екендігін осы жерде айтып өтуді жөн санадық.

Ақын тойының оныншы қорытынды күнінде көш керуен оның туған жері Қарауылға, Жидебайға – Абай ауданына ағылды. Ұшар биігіне «Абай елі» деп айшықтай жазылған Қарауыл төбенің айналасы құж-құж. Аппақ киіз үйлер сап түзейді. Қонақжай Абай өңірі келген қонақтарға құшағын кеңге жайған. Халық көңілді, шат-шадыман. Құшақтасып, қол алысып «Той құтты болсын!» деп жүрекжарды тілектерін төгіп жатыр. Тойдан бір күн бұрын осы жерге нөсер жаңбыр жауыпты. Ал бүгін көгілдір аспанда мақта тәрізді аппақ бұлттар қалқып, самал жел есіп тұрды. Тылсым бір дүние! Алланың сүйген құлдарының пейілдеріне қарай ұлы ақынның тойына деген зор сыйлық еді бұл! Сонау кең далада тұлпарлар жер тарпып тұр. Күрес майданында жекпе-жекке әзірленген түйе палуандар жүр шамырқанып. Құлаққа бәйгенің дүбірі естіледі. Абай бабамыздың бұл тойына қырық мыңға жуық халық келді дегенді естігенде бір серпіліп қалдық.

Міне, көптен күткен театрланған көрініс те басталды. Абай эпопеясынан көріністер, рухқа толы шоу. Жан дүниеңді қозғап, алпыс екі тамырыңды иітетін Абай әндері аспанда қалықтады. Көш керуен дүбірлей өтіп, сонау кәрі Тарихтың қойнауына жетектеді. Бала Абай, ұлы Абай, данышпан Абай... Бұл жай ғана шоу емес, рухқа малынған намысыңды жанитын, терең ойға жетелейтін тамаша көріністер. Мінберден Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің құттықтауы оқылды. Облыс әкімі Берік Уәли қорытынды сөзін айтты. Бір ғажайыбы облыстар Абай облысына көмек ретінде ғимараттар, басқа жайлар салып беруге ниет етіп жатқан көрінеді. Ел бұған зор қошемет көрсетті.

Бүгін біз осы онкүндікте не болып, не қойғаны жөнінде репортаждар жариялап отырмыз. Иә, ерекше форматта, көріністе өткен мерейтой халықтың көңілін көтерді, рухын асқақтатты, іскер ойларға жетектеді. Тойымыз тойға ұлассын! Ең бастысы 10 тамыз Абай күні деп белгіленіп, әр жылы 10 күн қатарынан аталып өтетін болды. Ендеше, данышпан Абайымызды оқиық. Оқиық та, үлгі-өнеге алып, өмірімізді ерекше күйге, мәнге бөлейік, ағайын!  

 

Бейбітшілік аралында этноауыл ашылды

 

Этноауыл аумағында 10-нан астам киіз үй тігілді. Жергілікті өнерпаздардың қатысуымен он күн бойы концерттік бағдарламалар мен театрландырылған қойылымдар болды. Ән шырқалып, күй күмбірлеп, ұлттық билер сахналанды. Бұл өнер мерекесі әрбір қонаққа ерекше әсер қалдыратыны сөзсіз.

Сондай-ақ  мұнда «Асыл мұра» атты қолөнер шеберлерінің облыстық фестивалі өтті. Фестиваль аясында өңірдің үздік шеберлері өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынады. Ұлттық мұраны насихаттауға, шығармашылық бастамаларды қолдауға бағытталған шара үшінші мәрте өткізіліп отыр. Фестиваль қорытындысында «Аламан құрақ-2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Облыс әкімі Берік Уәли Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай ашылған этноауылға келіп, арнайы тігілген киіз үйлерді аралап, көрмені тамашалады. Өнерпаздармен, қолөнершілермен пікірлесті.

Этноауылда 1-10 тамыз аралығында қазақ күресі, каратэ-до кекушинкай, таэквондо, садақ ату, қол күресі, дойбы, тоғызқұмалақ, турникке тартылу, гір көтеру, асық ату сынды ұлттық және заманауи спорт түрлерінен ашық қалалық чемпионаттар өтті.

 

Энциклопедиялық порталдың тұсаукесері 

 

Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Abai akademiasy» атты энциклопедиялық порталдың тұсаукесері өтті. Абай шығармашылығына арналған тұңғыш энциклопедиялық порталдың таныстырылымына облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар қатысты.

«Abai akademiasy» жобасының жетекшісі Айжан Тәбаракқызы жиналғандарға порталды таныстырды.

«Abai akademiyasy» порталы – Абай мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттайтын, ақын туралы толық мәлімет ұсынатын ғылыми-танымдық дереккөз. Платформада ақынның әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері текстологиялық сараптамамен, түрлі форматта жинақталған. Материалдар Абай институттары, ғылыми орталықтар, архивтер мен мұражайлардан алынып, цифрлы түрде енгізілген. Сондай-ақ теле-радио хабарлар мен деректі фильмдер де қамтылған.

Энциклопедиялық порталдың тұсаукесерінде сөз сөйлеген аймақ басшысы сөз сөйледі. 

– Абай тойының өңірімізге ең басты сыйлығы – Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы. Хакімнің тойында еліміздің әр өңірі жаңадан құрылған облысымызға бір нысаннан салып беретін болды. Маңғыстау «Достық үйін», Шымкент шығармашылық орталық, Түркістан көрме орталығын, Астана Жайлы мектеп, Ақтөбе жекпе-жек орталығы, Павлодар облысы Үстел теннис орталығын салуға, Шығыс Қазақстан Ертіс жағалауын жасап береміз деп отыр. Өзге өңірлер де хабарласып, ықылас-ниеттерін білдіріп жатыр…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты» деп, Абайдың мұратын, мақсаты мен арманын жіліктеп айтып, бүгінгі қазақ баласына ой салған болатын. Демек, бүгін көпке жол тартатын Абайға арналған энциклопедиялық портал, хакім мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау жолында негізгі бағдаршам болмақ. Сондай-ақ Абай туралы ақпарат іздеген адам «Abai akademiyasy» порталы арқылы толыққанды қол жеткізе алады. Ең бастысы бұл портал Абайдың 180 жылдық мерейтойынан кейін де өз жұмысын тоқтатпай, жұмысын жалғастыра береді, – деді аймақ басшысы.

Шара барысында абайтанушы Арап Еспенбетов, «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиев, әдебиеттанушы, PhD докторы Қарлығаш Әубәкір энциклопедиялық портал туралы пікірлерін айтты.

 

«Көңілге түрлі ой салар» атты авторлық көрме

 

Онкүндік аясында ұйымдастырылған танымал суретші Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар» атты авторлық көрмесінің мақсаты – ұлы ойшылдың терең толғамдарын бүгінгі ұрпаққа көркем тілмен жеткізу. 

– Экспозицияға 1,5 жыл дайындалдым. 58 жұмысымда ақын көтерген өзекті тақырыптарды бейнеледім. Әр туынды алдында Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін қайта оқып, мағынасына терең үңілдім, – деді Аңсаған Мұстафа.

Көрмеде ақыл, жүрек пен қайрат теңдігі, ар-ождан, еңбек, талап, мақтаншақтық пен рухани кемелдік секілді тақырыптар көркем образ арқылы өрілген. Әрбір туындының жанында Абай шығармаларынан алынған нақыл сөздер мен үзінділер ұсынылған.

Аңсаған Мұстафаның арт-пластика жанрындағы туындылары осы уақытқа дейін әлемнің 30-дан астам елінде өткен 155 көрмеге қатысқан. Олардың қатарында Корея, Түркия, Аргентина, Мексика, Италия, Франция, АҚШ, Жапония, Иран, Польша, Үндістан және басқа да мемлекеттер бар.

Қасиетті Түркістанның тартуы

 

Семей қаласындағы «Арена» мәдени-спорттық кешені аумағында Түркістан облысының мәдени күндері қос облыс арасындағы ынтымақтастық негізінде оңтүстік өңірден тойға тарту ретінде ұйымдастырылды.

Мәдени күндер аясында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Түркістан өңірінің табиғи әрі сапалы өнімдері нарықтағыдан төмен бағамен саудаланды. Жәрмеңкеге Түркістан облысынан 540 тоннадан асатын, 40-қа жуық өнім түрлері жеткізілді. Оның ішінде 194 тонна картоп, 81 тонна бау-бақша өнімдері, 71 тонна жеміс-жидек, 167 тонна сүт өнімдері, бал, шырын, шұжық, жұмыртқа сынды жергілікті қайта өңделген өнімдер бар. Әсіресе дәмі тіл үйіретін Мырзашөлдің қауыны мен Шардараның қарбызына сұраныс көп болды.

Түркістан облысының мәдени күндері аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі де ашылды. Мұнда ағаштан, киізден, қыштан жасалған бұйымдар, тоқыма кілемдер, зергерлік әшекейлер мен түрлі кәдесыйлар жұртшылық назарына ұсынылды.

Сондай-ақ мәдени күндер аясында киелі Түркістаннан арнайы келген «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі, «Фараб» би ансамблі, «Сарын» тобы мен Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның әншілері жәрмеңке мен көрмеге жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Түркістан облысының мәдени күндері аясындағы ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Берік Уәли келіп, жәрмеңке мен көрмені аралап, өнерпаздардың өнерін тамашалады. Абай облысының тұрғындары атынан Түркістан облысының басшылығына, ұйымдастырушыларға, барлық қатысушыларға алғысын жеткізді.

Жәрмеңкені ұйымдастырушылар өнімдерге халық тарапынан сұраныстың жоғары болғанын айтты.

– Абай өңірі, Семей халқы бізді жылы қабылдап жатыр. Талай жәрмеңкелерді ұйымдастырып жүрміз. Бірақ халықтың мынадай ықыласын бірінші рет көріп тұрмыз. Таңғы сағат 7-ден бастап жиналып, өнімдерімізді алып жатыр, – деді Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ермұхамбет Құралбеков.

 

 «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны 

 

Шараның мақсаты – жастардың білімге деген қызығушылығын арттыру, Абай мұрасын заманауи форматта насихаттау және қазақ тіліндегі зияткерлік ойындарды кеңінен дамыту.

Зияткерлік сайыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.

– Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен, 10 өңірден келген 180 команда, 1080 зияткер азаматтың қатысуы – Қазақстанның интеллектуалды ойындар тарихындағы ерекше оқиға. Бүгінгі «Абай QUIZ» – тек білім сайысы ғана емес, жас буынның ұлттық танымын, ой-өрісін кеңейтетін, интеллектуалды әлеуетін арттыратын бірегей және дәстүрлі алаңға айналатынына сенеміз. 

Облыстық Жастар мәселелері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен, Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен шараға еліміздің 10 өңірінен 1 080 адам қатысты. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл және Абай облыстарынан 180 команда өзара бақ сынады. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейде ұлттық рекорд ретінде Қазақстан рекордтар кітабына ұсынылады.

Зияткерлік сайыс 7 кезеңнен тұрды. Әр кезеңде Абай мұрасы мен әртүрлі салаларға байланысты тақырыптар қамтылды. Ойын барысында қатысушылар ой ұшқырлығы мен білім деңгейін сарапқа салды. Сайыстың жалпы жүлде қоры 4,7 миллион теңгені құрады. Жүлделі 1 орынды «Brainstorm» (Астана), 2 орынды «Алматы Микс» (Алматы), 3 орынды «Тұрақсыз тіркестер» (Семей) командасы иеленді.

Жеңімпаз командаға 1 млн теңге берілді. Сонымен қатар, үздік өнер көрсеткен командаларға түрлі номинациялар бойынша марапаттар табысталды.

«Абай әлемі» атты әдеби-сазды танымдық кеш 

 

Абай театрында өткен әдеби-танымдық кеш барысында көрермендерге Абайдың рухани мұрасы мен терең философиялық ойлары дәстүрлі өнер арқылы ұсынылды. Сахнада қазақтың дәстүрлі ән өнерінің майталмандары өнер көрсетіп, Абай шығармаларын ән мен күй арқылы жеткізді.

Кешке ҚР халық әртісі Рамазан Стамғазиев, мәдениет қайраткерлері Толғанбай Сембаев пен Еркін Шүкіман, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Клара Төленбаева және Гүлмира Сарина сынды танымал тұлғалар қатысып, көрермендерді рухани байытып, ерекше әсерге бөледі.

 

Кітапхананың жаңа ғимараты пайдалануға берілді

 

Семей қаласында көру қабілеті шектеулі азаматтарға арналған арнайы кітапхананың жаңа ғимаратының ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов қатысты.

Жылына 15 мыңнан астам келушіні қабылдайтын жаңа инклюзивті кітапхананы «Самұрық-Қазына» қорының Абайдың 180 жылдығына Абай облысының тұрғындарына жасаған ерекше сыйлығы деуге болады. Жоба Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қайырымдылық қорының қолдауымен 410 млн теңгеге қаржыландырылды. Бұл – мәдени-әлеуметтік мекеме еліміздегі өңірлік деңгейдегі ең ірі және заманауи инклюзивті кеңістік.

Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 852 шаршы метр. Нысан зағип және нашар көретін жандардың қажеттіліктеріне бейімделген. Тифлотехнология кабинеті, брайль жүйесімен оқу-жазу бөлмесі, дыбыстық әдебиеттер қоры, коворкинг пен оқу залдары, библиографиялық ақпараттар бөлімі, әдебиеттерді өңдеу және толықтыру бөлімі орналасқан. Ерекше азаматтардың еш кедергісіз еркін кіріп-шығуы үшін арнайы тұтқалармен жабдықталған және білім алуына барлық жағдай жасалған. Келешекте кітапхана базасы электронды каталогқа көшіріледі. Кітапхананың кітап қоры 40 мың дана кітаптан тұрады.

Семей қаласы әкімдігі ғимарат маңайын толық абаттандырып, шырша отырғызып, кіреберіс жолдарға асфальт төседі. Кітап қоры толық көшіріліп, кабинеттер мен сөрелер ретке келтірілді.

Аймақ басшысы бұл нысанның маңызы зор екенін атап өтіп, ғимаратты салған «Самұрық-Қазына» қорына алғысын жеткізіп:

– Бұл жаңа кітапхана ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың білімге құлшынысы мен ізденістеріне тиісті жағдай жасауда айрықша маңызға ие. Олардың білім алу, шығармашылықпен айналысу, мәдени және рухани даму мүмкіндіктерін кеңейтуде ерекше рөл атқарары сөзсіз. Кітапхана заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда Брайль қарпіндегі әдебиеттер, дыбыстық кітаптар, арнайы техникалық құрылғылар мен сандық ресурстар кеңінен қолжетімді. Кітапханада 41 000-нан астам кітап қоры бар. Мұның барлығы инклюзивті қоғам құру жолындағы нақты әрі маңызды қадам болып саналады, – деді. 

–  «Самұрық-Қазына» қоры соңғы бес жылда Абай облысында білім, спорт және әлеуметтік осал топтарды қолдау бағытында жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 14 жобаны жүзеге асырды. Қазіргі таңда облыс әкімдігімен бірлесіп Семейдің Ұшақтар шағын ауданында спорт сарайының құрылысы жоспарлануда. Мұнда 4 мыңға жуық адам спортпен шұғылдана алады. Бұл – қор тобының аймақтық инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік қолдауды кеңейтуге бағытталған бастамаларының бірі, – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

«Ес-аймақтағы» тамаша рухани кеш 

 

Семей қаласындағы «Ес-аймақ» рухани орталығында ерекше. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Асқар Алтайдың «Абай жолы» энциклопедиясының және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, қаламгер Бағашар Тұрсынбайұлының «Абай Құнанбайұлы кім?» атты кітабының тұсаукесері өтті. Қос туынды – ұлы ақын Абайдың рухани әлемін тереңнен тануға, оның мұрасына жаңаша көзқараспен үңілуге мүмкіндік беретін құнды еңбектер. Энциклопедиялық және танымдық сипаттағы бұл кітаптар әдебиетсүйер қауымға арналған маңызды рухани олжа.

Бұл тұсаукесер ұлы Абайдың шығармашылығына арналған іс-шаралардың жарқын жалғасы ғана емес, сонымен қатар ұлт руханиятына қосылған сүбелі үлес болды.

Тұсаукесерде облыс әкімі аппаратының басшысының орынбасары Ербол Алшынбай аймақ басшысы Берік Уәлидің құттықтауын жеткізді.

 

«Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы 

 

Онкүндіктің  сегізінші күнінде Семей қаласындағы Абай атындағы театрда «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды.

Өнер додасына еліміздің әр өңірінен келген он екі айтыскер ақын қатысты. Олардың қатарында «Айтыстың ақтаңгері» Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Сұлтанхан сынды 6 «Алтын домбыра» иегері бар. Бұдан бөлек Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, «Асыл домбыра» иегері Айбек Жеңісқазин, Серік Қуанған, Қуандық Кенжебекұлы, Өміржан Көпбосынов секілді ақындар сөз сайысының көрігін қыздыруда. Айтыс жүргізушісі – белгілі айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев. Қазылар алқасының төрағасы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман. Республикалық айтыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, айтыскерлерге сәттілік тіледі.

– Абай қазақ ренессансының, яғни қайта өрлеуінің басында тұрған қазақ. Сол ренессанстың шарықтау шегі – алаш қайраткерлері. Абай елі, Семей жері – тұңғыштар мекені. Қазақ даласындағы тұңғыш театр, тұңғыш баспа, тұңғыш футбол клубы, тұңғыш телеграф, тұңғыш банк, тұңғыш цирк Семей жерінде дүниеге келді. Қазақтың тұңғыш кәсіби әншісі Әміре Қашаубаев Семей топырағынан түлеген. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған Абайды да тұңғыш деуге толық қақымыз бар. Сондықтан тұңғыштар жеріне қош келдіңіздер. Бұл жолғы айтыс бұрынғы айтыстардан өзгерек. Олай дейтініміз, мықты ақындардың барлығы ортамыздан табылып отыр. Алдарыңызда тұрған 12 ақынның алтауы «Алтын домбыра» иегері. «Айтыстың ақтаңгері» Айбек Қалиев те ортамызда. Мұндай айтыс Семей жерінде көптен бері өткен жоқ, – деді аймақ басшысы.

Айтыс барысында «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталып, өңірдің бірнеше ақыны айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшелігіне қабылданды. Айта кетейік, қала тұрғындары айтысты емін-еркін тамашалауы үшін Абай театрының алдына лед-экран қойылды.

Жүлде қоры аясында бас жүлде  автокөлік Мақсат Аханов, I орын – 3 млн теңге Рүстем Қайыртайұлына, II орын – 1,5 млн теңгеден Мейірбек Сұлтанхан мен Айбек Қалиев иеленсе, III орын – 1  млн теңгеден Жансая Мусина мен Әсел Ережеқызы алды. Қалған қатысушыларға 500 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары табысталды. Айтыс барысында «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі беріліп, өңірдің бірнеше ақыны айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшелігіне қабылданды. 

 

«Жеті қазына» республикалық фестивалі 

 

Абай ауданындағы «Жеті қазына» республикалық фестивалінің ашылу салтанаты Қарауыл ауылындағы Абай саябағында өтті.

Үш күнге созылатын шара аясында «Ер жігіт», «Сұлу әйел», «Ілім-білім», «Қыран бүркіт», «Жүйрік ат», «Құмай тазы», «Берен мылтық» сайыстары ұйымдастырылады.

Қазіргі уақытта Қарауыл ауылындағы Абай саябағында қазақ қызының көркі мен нәзіктігін паш ететін «Сұлу әйел» сайысы өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 25 ару қатысуда. Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған ақын мұрасын дәріптеуге арналған «Ілім, білім: Абай оқулары» байқауында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 25 үміткер Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан бәсекеге түсіп жатыр. Сондай-ақ, бүгін «Ер жігіт» сайысының бірінші кезеңі басталды. Қатысушылар теңге ілу, қазақ күресі, қой көтеру сынды ұлттық спорт түрлері бойынша сынға түсті.

Прокурорлар сыйға тартқан мүсін

 

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы Абайдың 180 жылдығына орай Семейдегі Абай музейіне тамаша тарту жасады. Бас Прокуратураның Аппарат басшысы А.О.Мұхаметжанов бүгін Бас Прокурор Б.Н.Асылов музейге арнайы тапсырыспен жасатқан Абай Құнанбайұлының мүсінін сыйға тартты.  Сонымен қатар, музей ұжымына Бас Прокурордың құттықтау хаты табысталды.

Шараға қатысқан облыс әкімі Берік Уәли арнайы сыйлық үшін ризашылығын білдіріп, бұл құнды жәдігердің Абай мұрасын дәріптеудегі маңызын атап өтті.

 

– Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік аясында Бас прокуратура атынан үлкен сыйлық келіп жатыр. Біз мұны музейімізге берілген құнды жәдігер деп бағалаймыз. Осыдан тура 140 жыл бұрын Абай Құнанбайұлы Қарамола деген жерде төбе би сайланып, қазақтың ескі заңдарын сол заманға лайықтап, 73 баптан тұратын дала заңын қолданысқа енгізген болатын. Халық ақынды ойшыл, ақын, гуманист ретінде танығанымен, заңгерлік қырын көп біле бермейді. Абай музейіне осындай құнды жәдігерді сыйлаған Берік Ноғайұлы бастаған ұжымға Абай елі атынан алғыс айтамыз! – деді аймақ басшысы.

 

«Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» конференциясы

 

Тоғызыншы күні Семейдегі Шәкәрім университетінде «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. 

Оған Түркия, Нидерланды, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді алыс-жақын шетелдерден және еліміздің әр өңірінен абайтанушылар мен әдебиеттанушылар, философтар мен тарихшылар қатысты.

Облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мұхтар Әуезовтің немересі, түркітанушы ғалым Зифа-Алуа Мұратқызы, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов конференцияның ашылуында құттықтау сөз сөйледі.

Конференцияда Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бираз, Нидерландыдан келген түркітанушы Роберт Эрмерс, филология ғылымдарының докторлары Тұрсын Жұртбай, Арап Еспенбетов және басқа да ғалымдар баяндама жасады.

Ерекше атап өтерлігі, конференция аясында 9 бірдей кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Соның бірі –  белгілі әдебиеттанушы ғалым, Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов құрастырған «Абай шығармаларының үш томдық академиялық жинағы». «Абай» баспасынан ақынның мерейтойына орай бұрын-соңды жарық көрмеген бірнеше кітап таныстырылды. Ғалым, мәдениеттанушы Базарбек Атығайдың «Абайдың аударма мектебі» монографиясы, Шəкəрім туралы естеліктер мен жаңа деректерді қамтитын «Шейіт» жинағы, Ақберен Елгезек, Мерей Қарт, Жанна Əділбекқызының құрастырған Ахат Шәкəрімұлының «Жалынға малған жүрегін» жинағы, Әсет Медеуханұлының «Халиолла» хикаяты, Даниял Ысқақовтың шығармалары, Шәкәрім университетіндегі «Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығының мамандары дайындаған AR «Қарасөз» кітабы оқырманға жол тартты. Бұл туындылар алғаш рет көпшілік оқырманға ұсынылып отыр.

«Абайға құрмет» акциясы аясындағы маңғыстаулықтардың сыйлығы

 

Абай облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталған болатын. Бүгін ақын мерейтойына арналған онкүндіктің тоғызыншы күнінде акция аясындағы алғашқы нысанның құрылысы басталды. Маңғыстау облысы Семей қаласына Достық үйін салып бермек. Нысанның іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбаев бастаған делегация қатысты.

Жаңа нысан 75 мың тұрғынға арналған «Semey Smart City» шағын ауданында бой көтереді. Этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың басын қосатын, 3 қабатты көпфункционалды мәдени кешен бірнеше функционалдық блоктан тұрады. Кітапхана, қолданбалы өнер мұражайы, фотозертхана, көркемөнер және қалпына келтіру шеберханалары, кинозал, конференция залдары қарастырылатын болады.

Ғимараттың іргетасын қалау рәсімінде Қоғамдық келісім орталығы-облыстық үйінің директоры Надежда Шарова мен Абай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми сараптамалық тобының төрағасы  Айрат Базенов Маңғыстау жұртшылығына өңір тұрғындары атынан алғыс айтты.

 

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» атты халықаралық поэзия фестивалі 

 

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» атты «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының және Михай Эминеску атындағы Халықаралық поэзия академиясының қолдауымен халықаралық поэзия фестивалі өтті. 

Шараның басты мақсаты – Абай Құнанбайұлының өлеңдерін әлемнің 15 тіліне аудару арқылы оның рухани мұрасын жаһандық деңгейде кеңінен таныту.

Фестивальге Түркі әлемі жазушылар одағы мен Конго, АҚШ, Мексика, Италия, Швеция мемлекеттерінің ақындары мен жазушыларымен қатар отандық әдебиеттің көрнекті өкілдері қатысты.

Шараның ашылу салтанатында ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы, Қырғызстанның халық жазушысы Сұлтан Раев сөз алып, екі ел достығына тоқталып, ұлы Абай мұраларының күллі әлемге ортақтығы жайында сөз қозғады.

Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ербол Алшынбай фестивальге қатысушыларға аймақ басшысы Берік Уәлидің құттықтауын жеткізді.

Шара аясында «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» атты дүниежүзілік поэзия антологиясының (қазақ және ағылшын тілдерінде), Ион Диаконескудің «Ол құс – Мен» романы (қазақ тілінде), Ұлықбек Есдәулеттің «Ақыннан сағат сұрама» атты румын тіліндегі кітабының, Сауытбек Абдрахмановтың «Алып Абай» кітабының тұсаукесері өткізілді.

Абай ауданында өткен салтанатты шара

 

«Абай күніне» арналған салтанатты шараға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация Абай ауданына келді. Мәулен Әшімбаев күніне арналған салтанатты шараның ашылуында сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мерейтойға арнаған құттықтау хатын оқып берді.

«Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында. Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді. Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық» делінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында.

Бұдан кейін сөз алған облыс әкімі Берік Уәли жұртшылықты айтулы күнмен құттықтап, Абайдың 180 жылдығы биыл алғаш рет онкүндік ретінде аталып өткенін айтты.

Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталды. Еліміздің әр өңірі жаңадан құрылған облысымызға бір нысаннан салып береді. Маңғыстау «Достық үйін», Шымкент шығармашылық орталық, Түркістан көрме орталығын, Астана Жайлы мектеп, Ақтөбе жекпе-жек орталығы, Павлодар облысы Үстел теннис орталығын салуға, Шығыс Қазақстан Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр.

«Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Этно ауыл Жидебай» кешені бой көтереді. Абай ауданының тумасы, меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен жүзеге асатын, 60 гектар аумақты қамтитын кешен өңірдегі туризмді дамытып, рухани-мәдени мұраны дәріптеп, Жидебайды халықаралық туристік бағыттардың біріне айналдырады.

Сонымен қатар Жидебай мен Бөріліде антенна-діңгекті құрылғы орнатылып, интернет қосылды. Осылайша, Абай тойы қарсаңында Абай ауданы 100 пайыз интернетпен қамтылды.

Мерейтойға келген құрметті қонақтар «Бала Абайдан – дана Абайға» атты театрландырылған тарихи қойылым мен «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты концертті тамашалады. Концертте Секен Тұрысбек, Досхан Жолжақсынов, Майра Ильясова, Нұрлан Өнербаев, Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Қаракөз Сүлейменова, Ерлан Рысқали, Айгүл Елшібаева, Гүлмира Сарина, Айбек Бекбосын,  сондай-ақ «Тараз» триосы мен «Алатау серілері» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Парламент Сенатының төрағасы бастаған құрметті қонақтар Қарауыл ауылындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Бәйге, күрес және спорт түрлерінің жеңімпаздары

 

Онкүндік мерейтойлық шаралар легі ақынның туған жері – Абай ауданында түйінделді.

 Қарауылтөбеде ұлттық спорттың бірнеше түрінен сайыстар ұйымдастырылды. «Жеті қазына» фестивалі аясында жорға жарысы, сондай-ақ топ бәйге (16 шақырым) мен аламан бәйге (25) өтті. Қазақ күресінен «Түйе палуан» (90 келіден жоғары) мен «Өгіз палуан» (74 келіге дейін) анықталды.

Жүлделі орындарға ие болған спортшыларға облыстың демеушілері атынан жалпы саны 90 бас жылқы мен 10 автокөлік сыйлық ретінде берілді.

Ерекше атап өтерлігі, ұлы Абайдың жақсы көрген ойыны тоғызқұмалақ сайысы мен 180 шақырымдық ултьрамарафонға еліміз бойынша тұңғыш рет автокөлік сыйға тартылды. Семей мен Қарауыл арасын 19 сағат, 9 минутта жүгіріп өткен Баубек Ильясов (Батыс Қазақстан облысы) жарыс жеңімпазы атанды. Тоғызқұмалақ сайысында шымкенттік Ғалымжан Темірбаев бірінші орынды иеленді. «Түйе балуан» сайысында маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов, «Өгіз палуан» сайысында алматылық Жігер Еркінұлы қарсылас шақ келтірмеді. «Топ бәйгеде» Алматы облысының, «Аламан бәйгеде» Павлодар қаласының, жорға жарысында Қырғызстанның жүйрігі топ жарды. Жүлдегерлердің барлығы көлікті болды. «Жеті қазына» фестивалінің жеңімпаздары жүлдеге жылқы алды.

Он күнге созылған хәкім тойы Қарауылтөбеде «Желсіз түнде жарық ай» гала-концертімен түйінделді.

«Абай елі» стелласы пайдалануға берілді 

 

Абай ауданының Қарауыл ауылы маңындағы Қарауылтөбеде «Абай елі» стелласы пайдалануға берілді. Мерейтой аясында ескерткішке апарар баспалдақ салынып, абаттандырылды.

Ескерткіш төрт тұғырлы. Бірінші тұғыры: қауырсын қалам немесе «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы». Екінші тұғыры: Қалқан – кешегі ел қорғаған батырлар мен бүгінгі ерлеріміздің ерлік айбары. Үшінші тұғыры: Домбыра – Абайдың жаны мен әнінің өзегі. Төртінші тұғыры: ұлыларды тудырған ақбесік. Ескерткіштің ең басы, шарықтау шегі – ғаламшар мен оны айнала қалықтаған тыныштық пен тұрақтылықтың символы – қарлығаш құс.

Аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен бой көтерген ескерткіштің авторы – мүсінші Нұрбол Қалиев.

 – Ел-жұрттың береке-бірлігінің арқасында республикалық деңгейдегі тойды ойдағыдай өткіздік деп ойлаймын.

Басқа облыстан делегациялар келіп, қолдау көрсетті. Бір-бір нысаннан салып бермек.

Мұның бәрі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауы. Абай елі –ақындар елі, батырлар елі. Бүгін үлкен мерейтой аясында Қарауыл ауылында мән-мағынасы өте терең ашылды, – деді аймақ басшысы.

Бұл нысан аудан қонақтары үшін ауылдың көркем келбетін биіктен тамашалауға мүмкіндік беретін ерекше көрікті орынға айналмақ.

 

Мерекелік репортажды жүргізгендер:

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ,

Саруар ҚАБДОЛЛА,

Алматы – Семей – Қарауыл – Алматы

 

14.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16486
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16339
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31512
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30133
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33722