24 мамыр күні Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жартыжылдық қорытындысы бойынша Алатау ауданын дамыту туралы» баспасөз конференциясы өтті. Конференция спикері Алатау ауданының әкімі Малыбаев Талғат Жанболатұлы болды. Жиынға «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Нұржамал Әлішева, «Вечерний Алматы» тілшісі Наталья Глушаева, «Азаттық рухынан» Яна Мазуренко тағы басқа бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Айта кету керек, 2008 жылы 4 шілдеде құрылған Алатау ауданы – Алматының ең үлкен ауданының бірі. Алатау ауданы қарқынды дамып келеді. Аудан экономика, инфрақұрылым және әлеуметтік салада оң нәтиже көрсетіп отыр. Аудан әкімі Малыбаев Талғат Жанболатұлы кездесу барысында жартыжылдық жұмысты қорытындылап, болашаққа арналған жоспарларды айтты. Ауданды құрудағы басты мақсат – қала төңірегіндегі көптеп бой көтерген шағын аудандардың инфрақұрылымын көтеру, күрделі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу, заңсыз жер басып алуды тоқтату болатын. Бұл мақсат жыл санап жүзеге асып келеді.
Алатау ауданы – қаладағы ең жылдам дамып келе жатқан ауданның бірі. Қазір мұнда құрылыс қарқыны еселеп өскен. Әсіресе салынып жатқан мектептің көптігі бірден көзге түседі. Өңірлік коммуникациялар орталығында Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев осылай деді.
Қазір аудандағы 31 мемлекеттік, 12 жекеменшік мектепте 61 095 оқушы білім алып жатыр. Олардың 57 814-і мемлекеттік мектепке, 3 281-і жекеменшік мектепке барыпты. Дегенмен, тұрғындардың саны өскендіктен, мектепке сұраныс артып, биыл шамамен 6 мың орын жетіңкіремей тұрғанын айтады. Алатау ауданы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында осы мәселені шешіп, енді 13 250 оқушыға арналған сегіз мектеп салмақ. Самғау, Теректі, Қарасу аудандарында екі мың орындық үш мектеп салынып бітті. Ақбұлақ ықшамауданында 1500 орындық тағы бір мектеп бітуге шақ тұр. Алдағы қыркүйекте Айгерім ықшамауданында екі мың орындық жаңа білім ордасы пайдалануға берілмек. Алғабас пен Ғажайып ықшамауданында да екі мектептің құрылысы басталған, оларды 2026 жылы қолданысқа бермек болып отыр. Бұдан бөлек, Зерделі ықшамауданында да 2026 жылы ашылатын 550 орындық екі мектеп тағы салынып жатыр. Әкімдік білім беретін мекемелерден бөлек, кәсіби және қосымша білім беруге де көңіл бөліп отыр. Мәселен, Алғабас ауданында 720 орындық Инновациялық техникалық колледж салына бастады. 7,4 млрд теңге кететін бұл жаңа нысанға 2026 жылдың қаңтар айында кіре бастамақ. Саялы ықшамауданында Инновациялық шығармашылық орталық ірге көтереді. Бұл нысан келер жылы қолданысқа беріліп, балалар мен жасөспірімдерді қосымша оқытатын үлкен орталыққа айналады, – деді Талғат Малыбаев. Осылайша, Алатау ауданы балалардың жағдайын жасап, оларға сапалы техникалық білім беру бағытында өнімді жұмыс істеп жатыр.
Алатау ауданында тұрғындар үшін жайлы қалалық орта құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы аудан әкімі Талғат Малыбаев Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді. Оның айтуынша, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мен дамыту – ауданның басым бағытының бірі. Өткен жылы Қарасу шағынауданында 10 гектардан астам аумақта сквер мен жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылды. Онда шағын архитектуралық формалар, жаңа көше жиһаздары, демалуға арналған орындар орнатылып, жарықтандыру және көгалдандыру жүргізілді. Жобаның жалпы құны 760 млн теңгені құрады. Мысалы, «Дарабоз» шағынауданында мешіт маңында 6,2 га аумақты қамтитын саябақ салынды. 2024 жылдың қыркүйегінде Боралдай өзенінің 24 гектарлық жағалауын абаттандыру жұмыстары аяқталды. 2025 жылдың қыркүйегінде Өжет шағынауданындағы (16 га) тоғанды көгалдандыру, спорт және балалар алаңымен қамту жобасы аяқталмақ. Бұдан бөлек, 2023 жылы жөндеу аясында 6 қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 2 автоматты суару жүйесі орнатылған. Жобаның жалпы құны – 2,6 млрд теңге.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2024 жылы 2,5 млрд теңгеге 45 жоба жүзеге асырылды: 24 қоғамдық кеңістік, 10 аула, 5 жарықтандыру жобасы және 2 жер учаскесіне автосуару жүйесі орнатылды. Биыл тағы 2,5 млрд теңге бөлініп, тұрғындар ұсынған 570 ұсыныстың ішінен іріктелген 50 жобаны іске асыру жоспарланған.
2025 жылдың наурызынан қыркүйегіне дейін 31 қоғамдық кеңістік, 16 аула аумағы, 3 көше жарығын жаңарту жобасы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, маусым-қыркүйек аралығында 12 гектарды қамтитын Қарасу көлі мен Момышұлы көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2025 жылы Рысқұлов даңғылы мен Сағи Ашимов көшесі қиылысында жаңа сквер, сондай-ақ Райымбек пен Рысқұлов даңғылдарының арасындағы Үлкен Алматы арнасы бойында жасыл аймақтың құрылысы басталады. Құрылыс-монтаж жұмыстары шілдеде басталып, жыл соңына дейін аяқталады.
«Мақсат – тек аумақты жаңарту емес, адамдар қайта-қайта келгісі келетін, барлық буын өкілдеріне жайлы болатын кеңістіктер құру», – деп атап өтті Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев.
Алматы қаласының Алатау ауданы инженерлік инфрақұрылымды салу мен жаңғырту жағынан қарқынды түрде жаңарып келеді. Сапалы коммуникациямен қамтамасыз ету жұмыстары бұрын қалаға қосылған аумақтарды қоса алғанда, барлық ықшам ауданды қамтып отыр. Бұл аудандарда тұрғындар ұзақ жыл бойы орталықтандырылған жүйенің болмауына байланысты септик пен құдықтарды пайдалануға мәжбүр болған. Бұл туралы Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
2024 жылы Алғабас және Саялы ықшам аудандарында маңызды жобалар аяқталды: 48,6 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері, сондай-ақ Өжет ықшам ауданында кәріздік сорғы станциясы (КНС) салынды. Жұмыстардың жалпы құны – 3,5 млрд теңге. Осы жобалардың арқасында 5 мыңнан астам тұрғын алғаш рет орталықтандырылған ауызсу мен кәріз жүйесіне қол жеткізді.
2025 жылдың желтоқсан айында Боралдай, Ақбұлақ, Шапағат, Болашақ және Рахат-Мәдениет ықшамаудандарындағы 23 мың тұрғынға арналған 270 шақырым инженерлік желіні салып бітпек. Сонымен қатар, Айгерім ықшамауданында жаңа кәріздік сорғы станциясы пайдалануға беріледі. Бұл жобалардың жалпы құны – 15,5 млрд теңге.
Теректі ықшамауданына ерекше көңіл бөлінген, мұнда 2025 жылғы шілдеде 10,9 млрд теңгелік ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырыла бастайды. Биылдың өзінде 4 млрд теңге бөлініп, 90 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу жоспарланған. Бұл жүйелер 9 мыңнан астам тұрғынды сумен, кәрізбен қамтамасыз етпек. Жұмысты 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Биылғы тамыз айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін 13 және 14-территория, Болашақ, Қарасу, Айгерім-1, Айгерім-2 ықшамаудандарында және «Өжет» кәріздік сорғы станциясында 60 шақырым инженерлік желінің құрылысы басталады. 6,6 млрд теңгеге бағаланған бұл жобалар 2026 жылдың қарашасында аяқталады.
2025 жылдың ақпанында Шаңырақ-1, Шаңырақ-2 және Қарасу ықшам аудандарында 18 кәріздік сорғы станциясы салынып бітті. 2025 жылдың қыркүйегіне дейін бұларды толық қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2025 жылдың қарашасында Өжет пен Самғау ықшамаудандарында 2,1 млрд теңгеге тағы 5 сорғы станциясын салып бітпек.
Ең үлкен жобаның бірі – «Батыс кәріз коллекторының» құрылысы. Стратегиялық маңызы бар бұл нысанның құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпанында басталды. Ұзындығы – 34,9 шақырым, инвестиция көлемі – 37,2 млрд теңге. Бұл жоба Алатау мен Наурызбай аудандарының 130 мың тұрғынын және Алматы облысындағы Іле ауданының Аманат ауылын орталықтандырылған су бұру жүйесімен қамтамасыз етеді. Жоба аясында Алғабас ықшам ауданында кәріздік сорғы станциясы да салынады. Барлық жұмыстар 2026 жылдың қарашасына дейін аяқталады.
Сонымен қатар, электр желілері де жаңартылып жатыр. 2025 жылы «АЖК» АҚ Шаңырақ-1, Айгерім-1, Айгерім-2, Ұлжан-2, Ақбұлақ, Алғабас, Теректі, Өжет және Қарасу ықшам аудандарын қамтыған 10 ықшам ауданда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіледі. 170 шақырым желі жаңартылып, тағы 28,5 шақырым желі күрделі жөндеуден өтпек. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Шаңырақ, Ұлжан және Өжет аудандарын қамтитын 8 ықшам ауданда иесіз 73,5 шақырым желі қайта жаңартылып, 33 трансформаторлық қосалқы станция орнатылады. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Жаңа өнеркәсіптік және саяжай аймақтарын электрмен жабдықтау да назардан тыс қалған жоқ. Биыл Индустриалдық аймақ пен Теплоэнергетик, Энергетик массивтерінде 9,3 шақырым жаңа желі салынып, оған 325 млн теңге бөлінді. 2025 жылдың мамырынан бастап Алатау ауданындағы 255 көше мен қоғамдық кеңістіктерде 2 900 бағана мен 3 500 шам орнатуды көздейтін ауқымды жоба басталды. Жобаның жалпы құны – 2,6 млрд теңге. Осылайша, Алатау ауданы Алматы қаласындағы ең қарқынды дамып келе жатқан ауданның біріне айналып отыр. Мұнда салынған әрбір теңге ондаған мың тұрғынның өмір сапасын арттыруға бағытталған. Алатау ауданында көпбалалы отбасылардан бастап, зейнеткерлер мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға дейінгі түрлі санаттағы тұрғындарды қамтитын кешенді әлеуметтік қолдау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Әкімнің айтуынша, ауданның Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы өмір сүру сапасын арттыру мен қиын жағдайда қолдау көрсетуге бағытталған 13 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олардың қатарына тұрғын үй көмегі, сауықтыру мен оңалту төлемдері, сондай-ақ коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты берілетін өтемақылар кіреді.
Биыл:
• 93 отбасыға жалпы 3,3 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегі көрсетілген;
• 461 отбасы 157,1 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алған;
• 651 зейнеткер жалпы сомасы 17,9 млн теңге болатын әлеуметтік көмекке ие болған. Қарт адамдар мен мүгедектігі бар азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатына ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл 350 зейнеткер мен 592 мүгедек азаматты курорттық емдеуге жіберу жоспарланған. Бұл мақсатқа 323 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, төтенше жағдайдан зардап шеккен бір тұрғынға 786 мың теңге көлемінде бір реттік көмек көрсетілген. Коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты өтемақы төлеу де маңызды бағыттардың бірі. Бұл көмекті 15 589 адам алған. Жалпы 152 млн теңге бөлінген. Ардагерлер де назардан тыс қалған жоқ:
• Ақпан айында 464 ауған соғысы ардагеріне 46 млн теңге;
• 9 мамыр күні 895 ардагерге 94,3 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау бағытында да ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр:
• 127 адамға жалпы 26 млн теңгеге қоларбалар берілді;
• 394 адам 49 млн теңге көлемінде протездік көмек алды;
• 2 522 адамға тегін гигиеналық құралдар таратылып, оған 490 млн теңге жұмсалды;
• 334 адам техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етіліп, бұл бағытқа 56,6 млн теңге бөлінді.
Бұған қоса, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесетін 1 000 жеке көмекшінің еңбекақысына аудан бюджетінен 500 млн теңге бөлінген. Осылайша, Алатау ауданы өз тұрғындарына нақты қамқорлық көрсетіп, әлеуметтік қолдауды жүйелі түрде жүзеге асырып отыр. Алатау ауданында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мен халықтың әлеуметтік осал топтарын кешенді қолдау негізгі бағыттың біріне айналды. Аудан әкімдігі жаңа медициналық нысандар ғана салып қоймай, отбасыларды, қарттарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдайтын әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға да ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл туралы аудан әкімі Талғат Малыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді. 2024 жылдың желтоқсанында Қарасу шағынауданында бір ауысымда 200 адам қабылдай алатын алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының құрылысы аяқталды. Бұл нысан шалғайда орналасқан тұрғындарға қолайлы болды. Тамыз айында Саялы шағынауданында дәл осындай тағы бір орталықты салып бітпек. Тәулігіне 200 адам қабылдайтын жаңа нысанның құрылысына 2,1 миллиард теңге бөлініпті. Медициналық инфрақұрылымды дамытумен қатар, ауданда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әлеуметтік жобалар да қаржыландырылып жатыр. «Бақытты отбасы» отбасын қолдау орталығы көпбалалы және аз қамтылған әйелдерге ақпараттық көмек көрсетіп, отбасы әл-ауқатын нығайтуға бағытталған тренингтер мен курстар өткізеді. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қарт адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
«Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы егде жастағы тұрғындарды қоғамдық өмірге араластыруға көмектесіп, олардың көрген-түйгенін көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан бастауыш сынып оқушыларына жеткізуді жоспарлаған. «Ten Qogam» орталығы мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істеп, олардың өмір сапасын жақсартуға және кәсіби әлеуетін ашуға жәрдемдеседі. Тағы бір жоба – дәстүрлі қолөнерді дамыту орталығы – әлеуметтік осал топтағы әйелдерге қолөнерді үйретуге кірісті.
Кездесу соңында Алатау ауданының әкімі Малыбаев Талғат Жанболатұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына толыққанды жауап берді.
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА,
Алматы қаласы