Иран мен Израиль: он екі күндік соғыс болашаққа мина алаңын қалдырады

Иран мен Израиль: он екі күндік соғыс болашаққа мина алаңын қалдырады

Израиль ядролық бағдарламасын жою мақсатында Иранға қарсы соғыс бастады. Иран Израильдің негізгі нысандарын көздей отырып, қарсы жауап берді. Алайда Израиль көздеген мақсатына жалғыз өзі жете алмай, АҚШ-тан көмек сұрады, нәтижесінде Америка әскерилері Иранның бірнеше ядролық нысандарына әуе шабуылдарын жасады.

Ақырында, Катардың делдалдығы арқасында екі тарап бітімге келгендей болды, бірақ оның түпкі себептері толығымен шешімін тапқан жоқ. Тіпті бұл соғыс болашақта қайтадан басталуы мүмкін деген қауіп те жоқ емес...

«Әл-Жазира» арнасының зерттеу орталығы «Иран соғысы: соғыстың келесі раундына жол ашатын атысты тоқтату» атты сараптамасын жариялады. Аталмыш зерттеу бұрынғы Таяу Шығыс соғыстарынан ерекшеленетін бұл соғысты түсіндіруге тырысады. «Сондай-ақ  неліктен бұл соғыс тараптар арасындағы тепе-теңдікке байланысты болды? Атысты тоқтату туралы келісім соғыстың біржолата аяқталуына жол ашты ма, әлде басқа жолмен жалғасуы мүмкін бе?» деген сұрақтар төңірегінде ой өрбітеді.

 

АҚШ-тың қатысуы: соғыстың парадокстары мен бұрылыс нүктелері

 Америка Құрама Штаттары 2025 жылы 22 маусымда аяқ астынан Иранның Натанз, Исфахан және Фордо ядролық нысандарына нысаналы соққылар жасау арқылы соғысқа тікелей араласып кетті. Бірақ оның мақсаты Израильді қолдаудан әлдеқайда көп сияқты. Бір қызығы, бұл қатысу АҚШ-тың толық ауқымды соғысты емес, Израильдің қауіпсіздік артықшылықтарына негізделген жағдайды түзету стратегиясын және Иранмен тікелей әскери қақтығысты білдірмейтінін көрсететін атысты тоқтатуға жол ашқандай болды.

Иран мен Америка Құрама Штаттарының дұшпандығы 1979 жылғы Иран Ислам революциясынан басталғандығына қарамастан, бұл шабуылдар Американың мүдделеріне нақты қауіп төнбей тұрып, АҚШ-тың Иран аумағына тікелей шабуыл жасауы болды. Екінші жағынан, бұл шабуылдар Израиль әскери күштерінің Иранның нығайтылған ядролық нысандарын жоюға қабілетсіздігінің орнын толтырды әрі Израильге ашықтан-ашық стратегиялық қолдау көрсетуі болды.

 

Иранның сақтықпен жауап беруі

және орынды түрде шегініс жасауы

 АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең ірі әскери базасы Әл-Удейд әуе базасына Иранның жауабы символдық мәнге ие болды. Шабуыл база эвакуацияланғаннан кейін бір аптадан соң жасалды. Катардың әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі зымырандардың көпшілігін сәтті түрде қағып түсіргенімен, Иран АҚШ-тың шабуылына жауап беру арқылы өз абыройын сақтауға, шиеленісуден аулақ болуға және өз халқына адал болуға, сонымен бірге атысты тоқтату келісіміне жол ашуға тырысты деуге болады.

Сарапшылардың пайымдауынша, атысты тоқтату туралы келіссөздер Иран жауап бермей тұрып-ақ басталып кеткен және бұл шабуылды шайқастың «соңғы соққысы» деуге болды. Бұл Иранның абыройын сақтап қалған әрекет есептелді және АҚШ-қа жағдайды біртіндеп жеңілдетуге мүмкіндік бергендей болды.

 

«Алыстағы» соғыс

Таяу Шығыстағы бұрынғы соғыстардан айырмашылығы, бұл соғыс бір-бірінен шалғай аймақтарда орын алды. Сондықтан озық технологияларға, әсіресе ұшқышсыз ұшақтар мен дәл басқарылатын зымырандарға сүйенді. 13  маусымда Израиль Тегерандағы Иран төңкеріс сақшыларының қолбасшысы мен қолбасшылық орталығын нысанаға алып, бірқатар шабуылдар жасады, ал Иран ұзақ қашықтықтағы зымырандарымен жауап беріп, Израильдің стратегиялық маңызды нүктелеріне соққы берді. Алайда екі жақ оқ жаудырған сайын әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің тиімділігі бірте-бірте әлсіреп бара жатқандай болды. Бастапқыда Израиль өз аумағына кірген зымырандардың 80%-ын қағып түсіріп отырған еді, алайда бірнеше күн ішінде бұл көрсеткіш 50%-ға дейін төмендеді. Соған ілесе Иран зымыран ұшыру базаларынан бірте-бірте айырыла бастады. Бұл оның толық ауқымды шабуылдан гөрі ұзаққа созылған соғысқа қатысу ниеті бар екенін көрсетті.

 

Нақты нысана және нәтиже

Соғыстың бірінші күні Израиль өз мақсатының Иранның ядролық бағдарламасын жою, Иранның ядролық қаруға ие болу мүмкіндігін тоқтату және қазіргі билігін жанама түрде әлсірету екенін жариялады. Ал Америка Құрама Штаттары өз әрекетін Иранның үш негізгі ядролық нысанын жою деп анықтады. Америкалық қайраткерлер Иран режимін құлатуға тырыспағандарын, бірақ Иранның келіссөз үстеліне қайта оралуын қалайтындарын ашық айтты.

Америка Құрама Штаттарының қолдауымен Израиль шабуылы Иранның кейбір нысандары мен ғалымдарына, әсіресе Арак, Натанз және Исфахандағы маңызды нысандарға үлкен зиян келтірді. Дегенмен, өзге жерлердегі нысандар мен онда қызмет істеп жатқан жүздеген ғылыми зерттеушілер аман қалған. Ал, Фордо атом электр станциясына келетін болсақ, оның тағдыры Иран мен АҚШ арасындағы даулы тақырып болып қала береді.

 

Израильдің табысқа жетуінің себептері мыналар болуы мүмкін:

Біріншіден, соңғы жиырма жылдың көлемінде Израиль Иранның барлық жерінде ядролық нысандар, олардың орналасу ерекшеліктері мен қызметкерлері туралы маңызды ақпараттармен қамтамасыз ететін, сонымен қатар зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтарды қолдану арқылы операциялар жүргізетін агенттер желісін сәтті жинап, ұйымдастыра білген.

Екіншіден, Израиль Иранның әскери және ядролық нысандарының нақты (жан-жақты болмаса да) картасын жасау үшін әртүрлі барлау әдістерін (агенттерге сүйеніп және Батыс барлау агенттіктерімен бірлесіп) сәтті қолданды.

Үшіншіден, Израиль әуе күштерінің артықшылығы айқын көрініс тапты.

Тағы бір қырынан көз салсақ, Иранның жауабы Израиль шабуылына қарағанда жойқын емес болса да, Израильдің ондаған жылдар бойы ғылыми зерттеулерінің мақтанышы болған Вейзман институты, Биология институты, Хайфа мұнай өңдеу зауыты және Бен Гурион әуежайы сияқты Израильдің аса маңызды нысандарын сәтті жойды. Иран зымырандары сонымен қатар Тель-Авив, Хайфа және Беер-Шебадағы кейбір тұрғын аудандарды қиратып, Израиль экономикасына ауыр шығындар әкелумен қоса Израильде қоныс аудару толқынын тудырды. Иранның қарымта шабуылдарының сәттілігі мен өнімділігі туралы баға беру қиын, оның басты себебі – Иранның зымырандық нысаналары өте құпия орындарда болғандығында еді.

 

Нақты жеңімпаз анықталған жоқ

 Бұл соғыстағы фактілер екі жақтың да өз мақсаттарына толық жете алмағанын көрсетті.

Израиль: Ол Иранның ядролық бағдарламасын күйрете алмады, Иран режимін де шайқалта алған жоқ. Тіпті Иранның зымырандық немесе ұшқышсыз ұшақтарының мүмкіндіктерін толығымен жоя алған жоқ.

Иран: Қарсы жақтан төнген жойқын шабуылдың алдын ала алмады, бірақ бұрын-соңды болмаған қарымта шабуылды жасай алды және Израиль аумағына соққы беру қабілетін көрсетті.

АҚШ: Америка Құрама Штаттары Израильді сәтті қолдап, жаңа қызыл сызықтарды белгілей отырып, нәзік тепе-теңдік әрекетіне түсіп қалды, бірақ ол Таяу Шығыста АҚШ-та, әсіресе ұлттық қауіпсіздік емес, одақтастардың мүдделері үшін кезекті әскери араласуды қабылдамайтын Трамп жақтастары арасында кеңінен қарсылыққа ұшыраған жаңа қақтығысқа түсті.

 

Атысты тоқтату: соғыстың уақытша аяқталуы немесе жаңа раундының басы ма?

 Екі ел арасындағы атысты тоқтату туралы келісім жазбаша түрде қол қойылған келісім емес еді. Сондай-ақ қақтығыстың негізгі себептерін толығымен шеше алған жоқ. Ол Иранның ядролық бағдарламасы мен АҚШ ортаға қойып отырған, жоғары байытылған уранды АҚШ-қа беру шарттарына келіскендігін білдірмейді. Бұл мәселелерді шешпей тұрып, келіссөз үстеліне отыру дегеніңіз ескі әңгімеге қайта оралу сияқты. Екі жақ та артықшылықтар мен кемшіліктерді таразылап, өз мүмкіндіктерін қайта бағалайтындықтан, басқа жолмен болса да, соғыстың келесі раундының пайда болуы тек уақыттың еншісінде дер едік... Екі елдің арасындағы бұл шайқас жай ғана әскери қақтығыс емес, ұзаққа созылатын соғыстың жаңа тарауы іспетті. Ендеше, екі тарап уақытты ұтымды пайдалануы және стратегиялық төзімділікті сақтауы керек.

Дереккөз: Al Jazeera зерттеу орталығы

Аударған: Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

 

05.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15118
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15023
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30159
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28777
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32345