ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛДІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ

ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛДІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ

Астана қаласында «Еңбек адамы» концепциясы аясында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, адал еңбекті дәріптеуге және өскелең ұрпаққа үлгі көрсетуге бағытталған мәдени  іс-шаралар өте көп өтеді. Бұл бағытта қалада түрлі форумдар, кәсіби байқаулар мен патриоттық шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Құрылысшы, дәнекерлеуші, ұста, мұғалім және дәрігер секілді күнделікті маңызды кәсіп иелері қоғамда құрметке ие. Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы пен Астана қаласының мансап орталығы азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту жұмыстарын жүргізеді. Жастар арасында еңбек идеологиясын насихаттау мақсатында колледждер мен оқу орындарында түрлі шығармашылық байқаулар да өткізіледі.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елімізде еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білікті кадрларды дәріптеу, нарыққа қажет мамандарды насихаттау бағытында біршама жұмыстар атқарылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады» деген болатын.

Астанадағы Сервис және туризм колледжінің 700 студенті еңбек идеологиясын дәріптеу мақсатында Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Еңбек адамы» әніне бейнебаян түсірді.

Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «... біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деген. Осы орайда, Астана қаласы әкімдігінің Сервис және туризм колледжінің 700 студенттерден құрылған хор және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Мәдениет саласының үздігі» Арайлым Рахым ерекше әлеуметтік жобаны жүзеге асырып, колледждің гимніне айналған «Еңбек адамы» әніне бейнебаян түсірді. Әннің сөзін Қуат Ежембек, ал музыкасын Арман Қуандық жазған. Жобаның мақсаты – жастар арасында еңбек адамының идеологиясын ұлықтау, еңбекқорлық пен кәсіптік құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы маңызын насихаттау болды. Бейнебаян колледждің шеберханаларында, колледж жанында орналасқан жылыжайда түсірілді. Бұл бейнебаян – еңбек адамына арналған шынайы құрмет! «Еңбек адамы» – әр күнін адал еңбекпен, жауапкершілікпен және табандылықпен өткізетін қарапайым мамандардың рухын ұлықтайтын ән. Бұл клиптің мақсаты – жастар арасында еңбек идеологиясын дәріптеу, кәсіптік және техникалық мамандықтардың қоғамдағы рөлін айшықтау, еңбекқорлықты тұлғалық басты құндылық ретінде көрсету. Клипке қатысқан әр студент – болашақ шебер, болашақ маман, болашақ еңбек иесі. Бейнебаян – бірлік, рух, жігер және кәсіби мақтаныштың айқын көрінісі.

Қазақ халқы ежелден «Еңбегімен ер сыйлы» деп еңбекпен есейген адал еңбек иесін құрмет тұтады. «Жалқаудың жаны тәтті, еңбектің наны тәтті» деп, ұрпаққа еңбекпен келген нанның киесін ұғындырады. Бабадан балаға жалғасқан еңбектің қадірін әспеттейді. «Еңбек түбі – береке» деп ырыздық-несібенің адал еңбекпен келгенін құптайды. 

Астанада өткен Жұмысшы мамандықтары жылының қорытынды іс-шарасында бірқатар азамат еңбегінің өтеуіне бұйырған құрмет пен қошеметке кенеліп, мемлекеттік награданы кеудесіне тақты. Іс-шараға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, «Аmanat» партиясының, жергілікті атқарушы органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жұмысшы мамандықтары жылын қорытындылау шеңберінде еңбек ұжымдарының үздік өкілдері мен  белсенді жұмысшы жастарға құрмет көрсетілді. 

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин еңбек адамдарына құрмет әрдайым жалғасын табатынын, еліміздің әлеуетін нығайтуға әр салада тер төгіп жүрген жандар зор үлесін қосқанын атап өтті. 

– Біз жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған форумға жиналып отырмыз. Бұл жай ғана күнтізбелік жылдың аяқталуын білдірмейді, адал еңбекті әлі де дәріптейтін, еңбек адамын одан әрі құрметтеуге шақыратын бірегей іс-шара. Бүгінгі айтылатын әңгіме де, құрмет те ел дамуының негізгі қозғаушы күші – сіздерге арналады. Биылғы жыл еліміз үшін табысты болды. 11 айдың қорытындысында экономикамыз 6,4% өсім көрсетті. Отандық зауыттарда 147 мың автокөлік құрастырылды. 17 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Денсаулық сақтау саласында 219 жаңа нысан бой көтерді. 130 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңадан 173 өндіріс іске қосылып, 22 мың жұмыс орны құрылды. Диқандарымыз екінші жыл қатарынан рекордтық көлемде – 27 млн тонна астық жинады. 13 мың шақырым жол реконструкцияланып, жөндеуден өтті. Ұзындығы 836 шақырым «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Мұның барлығы құр ақпарат, жай статистика емес. Артында мыңдаған адамның орасан еңбегі тұр. Олар – қарапайым жұмысшылар, инженерлер, механизаторлар, құрылысшылар, энергетиктер, технологтер, диқандар, басқа да салада еселеп еңбек еткен азаматтар. Барша жетістік ел азаматтарының көзге көрінбейтін күнделікті ортақ жұмыстарының жемісі, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

20.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27082
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26553
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43882
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39674
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44230