БҰЛ ФОРУМ БАСҚА ФОРУМНАН ӨЗГЕРЕК...

БҰЛ ФОРУМ БАСҚА ФОРУМНАН ӨЗГЕРЕК...

Биылғы халықаралық Digital Bridge 2025 IT-форумы  2-4 қазан аралығында Астанада өтті. Форумның тақырыбы – «Generative Nation». Бұл Қазақстанның озық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген білім қоғамын құруға бағытталған стратегиялық бағытын бейнелейді.

Түсіндіре кетейік, Digital Bridge 2025: Generative Nation – бұл жай ғана пікір алмасу алаңы емес, бұл – Қазақстанның жаһандық цифрлық экономикадағы жаңа болашағын құру жолында технология көшбасшыларын, кәсіпкерлерді және мемлекеттік институттарды біріктіретін өзгерістер катализаторы.

 

Халықаралық EXPO көрме орталығының алаңдарында цифрлық индустрия, венчурлық капитал, ғылым және білім салаларының әлемдік көшбасшылары басын қосты.

 Биыл Digital Bridge 30-дан астам елден келген  30 мыңнан астам қатысушыны, 100-ден аса инвестор мен бизнес мамандарын, 400-ден астам спикерді, сондай-ақ 130-дан аса стартап пен IT-компанияларының шеберлігін шыңдады.

Дәстүр бойынша Digital Bridge-тің ашылуы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, әлемдік компания басшыларының, халықаралық және отандық IT-қоғамдастық өкілдерінің, технологиялық алпауыттардың негізін қалаушылардың, жетекші ғалымдар мен инвесторлардың қатысуымен өткен пленарлық отырыс форматында өтті. Форумға құрметті қонақ ретінде Венгрия Президенті Тамаш Шуйок қатысты.

Digital Bridge форумы IT саласындағы ең ірі оқиғаға айналып отыр. Оны Қазақстанның ғана емес, бүкіл өңірдің IT-қоғамдастығы асыға күтуде. 6 жыл ішінде Форумды 100 елден 67 мыңнан астам адам тамашалаған, оның алаңында 550 қатысушы мен 1000-нан астам спикер сөз сөйлеген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Digital Bridge форумының ашылуында сөйлеген сөзінде Жасанды интеллектке тағы да тоқталды.

«Еліміздегі ұлттық компаниялар, отандық кәсіпорындар осындай инновациялық жобаларды белсенді түрде қолдануы керек, өйткені озық технология дәуірінде түбегейлі өзгеріске дайын болу өте маңызды. Онсыз даму болмайтыны анық. Тағы бір мәселе. Озық технологияларды қолдану, бір жағынан, пайдалы және тиімді болғанымен, екінші жағынан, сын-қатері де аз емес. Сондықтан Жасанды интеллектіні пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру – аса өзекті міндет. Бұл бағытта біраз жұмыс істелді, әлі де істеліп жатыр», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент осы саладағы заңға тоқталды. «Осы саладағы негізгі құжат – Цифрлық кодексті жедел қабылдау үшін нақты шаралар жасалуда. Кодексте экономика, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларын жаппай цифрландыру жүйесі айқындалады. Жалпы, Цифрлық Кодексті асығыс қабылдай салуға болмайды, бұл – шын мәнінде жауапты, күрделі жұмыс», – деді Тоқаев.

Айтуынша, сол себепті Парламентте сарапшылардың, құзырлы мекеме өкілдерінің қатысуымен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі бойынша арнайы тыңдаулар өткізілді.

«Бір апта бұрын Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» Заңды екінші оқылымда қабылдады. Расында, бұл уақытылы қабылданған заң болды. Шетел мамандары да мұны еліміздің тұрақты цифрлық экожүйесін құру жолындағы маңызды қадам деп бағалап, жақсы пікір айтуда», – деді Мемлекет басшысы.

Форум алаңы әлемдік IT-сарапшыларды, технологиялық алпауыттардың өкілдерін, табысты өнімдер мен стартаптардың авторлары мен негізін қалаушыларын, сондай-ақ осы саланың инвесторлары мен жаһандық көшбасшыларын жинайды.

Форум аясында  халықаралық alem.ai жасанды интеллект орталығында AI жобаларының тұсаукесері өтті. Ең үздік жобалар өз жұмыстарын Мемлекет басшысының және жасанды интеллект саласындағы беделді тұлға – IT-кәсіпкер, информатика ғалымы, инвестор және жазушы Кай-Фу Лиге таныстыру мүмкіндігіне ие болды.

AI Movement шарасының алдын ала іріктелген қатысушылары өз идеялары мен инновациялық әзірлемелерін ұсына алды. Бұл сессия тек технологиялық жетістіктерді көрсетуге арналған платформа ғана емес, сонымен қатар ұлттық және жаһандық деңгейде шешімдерді кеңейтуге қолдау алуға мүмкіндік болмақ.

Alem.ai жасанды интеллект саласындағы зерттеулер, стартаптар мен халықаралық ынтымақтастық үшін басты платформаға айналмақ. Орталық қазақстандық AI шешімдерінің экспортын арттырып, технологиялық және экономикалық өсудің жаңа толқынын бастайды, Астананы Орталық Азиядағы зияткерлік орталыққа айналдырады.

Пленарлық отырыста Telegram негізін қалаушы әрі бас директоры Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01ai компанияларының бас директоры Кай Фу Ли, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері және Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Стэнфорд профессоры Илья Стребулаев және hi-tech индустриясының өзге де өкілдері сөз сөйледі. Модератор ретінде Solana Foundation Президенті Лили Лиу қатысты.

Өз сөзінде Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстанның цифрлық технологияларды дамытудағы зор әлеуетін атап өтіп, ел мен аймақ үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын бірлескен бастамалардың маңыздылығына тоқталды:

«Былтыр Қазақстанда алғашқы аймақтық кеңсемізді аштық және нәтижелерге өте ризамыз. Бүгін Alem.ai ғимаратында жасанды интеллектінің арнайы зертханасын ашып отырғанымызды қуана хабарлаймын. Ең алдымен біз Telegram мен Жасанды интеллект министрлігі іске қосқан Қазақстанның суперкомпьютерлік кластерінің бірлескен жобасын жүзеге асырамыз. Бұл технология миллиардтан астам адамға жасанды интеллект функцияларын құпия түрде, ашық әрі тиімді форматта пайдалануға мүмкіндік береді. Біз Қазақстанның суперкомпьютерлік кластері осы желі үшін есептеу қуаттарының алғашқы ірі жеткізушісі болады деп үміттенеміз», – деп ойымен бөлісті Павел Дуров.

Сонымен қатар ашылу рәсімінде оқушылар, студенттер, стартаптар мен ғылыми командаларды біріктірген ұлттық AI SANA Generative Nation байқауының жеңімпаздары марапатталды. Олардың жобалары Қазақстанда IT және AI таланттарының жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын нақты көрсетті.

«Алдымызда тұрған стратегиялық міндет – өз технологияларымызды дамыту, жоғары білікті мамандарды даярлау және жасанды интеллектіні елдің барлық негізгі даму салаларына жан-жақты енгізу. Digital Bridge осы мақсаттарға қол жеткізудің практикалық алаңына айналды. Биылғы форумның күн тәртібі Generative Nation ұғымын қамтиды – бұл білім қоғамын құруға бағытталған, технологиялар мен адами капиталды дамытуға негізделген концепция. Үш күн ішінде форум 30 мыңнан астам қатысушыны жинайды, 120 панельдік сессияда әлемдік және отандық көшбасшылар сөз сөйлеп, ғаламдық трендтер мен практикалық шешімдерді талқылайды», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі – Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиев.

 

***

PS: Digital Bridge 2025 кульминациясы – тарихта алғаш рет жасанды интеллект көмегімен жасалған AI-манифестің жариялануы болмақ. Құжатта жаңа технологиялық дәуірдің негізгі қағидалары: этика мен сенім, ашықтық пен ынтымақтастық, инновация мен көшбасшылық, тұрақтылық және цифрлық егемендік бекітілген.

Ұйымдастырушылар – Astana Hub халықаралық инновациялық кластері, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және Астана қаласының әкімдігі.

Биылғы форум серіктестер мен демеушілердің қолдауының арқасында ұйымдастырылды. Барлық шығындар демеушілік қаражат есебінен жабылды. Форумның бас серіктесі – Freedom Bank Kazakhstan. Алтын серіктестер – Kaspi.kz, Yandex Qazaqstan және «Қазақтелеком» АҚ. Күміс серіктес – «Транстелеком» АҚ. Қола серіктестер – BI Group, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ, Еуразиялық банк, Ozon, «Теңізшевройл» ЖШС. Инновациялық серіктес – InDrive. Ақпараттық серіктестер – CITIX, Musan Group, EcoGenMedia, MYD, Visit Astana.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
09.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

Иран МАГАТЭ-ні неге айыптады?
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 09.10.2025 47
ЖЕҢІМПАЗҒА КӨЛІК сыйға тартылды
Нұрсайын ШӘРІП, Солтүстік Қазақстан облысы - 09.10.2025 44

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18472
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18336
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33519
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 32069
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35837