Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сәйкес, биыл МӘМС аясында медициналық көмек көрсетуге 1,3 трлн теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл қызметтерге не кіретінін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметкерлері түсіндірді.
Еліміздегі барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) базалық пакетін пайдалана алады. Яғни, кез келген ҚР азаматы сақтандырылмаған болса да жедел жәрдем шақыру, учаскелік дәрігерге бару, шұғыл жағдайларда, жарақаттарда, күйік шалғанда, улану кезінде де көмек ала алады. Қажет болса шұғыл операция да жасалады.
Ал МӘМС – медициналық көмектің кеңейтілген пакетін, жоспарлы медициналық көмекті көздейді.
«Мәселен бұл пакетке мынадай қызметтер кіреді: бейінді мамандардың (кардиологтар, эндокринологтар, офтальмологтар және т.б.) кеңесі, зертханалық талдаулар, аспаптық диагностика (КТ, МРТ, УДЗ, рентген және т.б.). Сондай-ақ МӘМС аясында емдеу немесе операция жасау үшін күндізгі және тәуліктік стационарларға жоспарлы түрде жатқызу, соның ішінде жоғары технологиялы көмектер де бар. Яғни, сақтандырылған азаматтар қажетті медициналық көмекті МӘМС жүйесі есебінен, медициналық көрсеткіштерге сәйкес, төлеген жарна сомасына қарамастан ала алады», – деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Светлана Пономарева.
Бұл ретте, Бірыңғай медициналық көмек пакеті енгізілуіне байланысты ТМККК және МӘМС тізбелерінде өзгерістер көзделген. 2025 жылдан бастап МӘМС пакетіне: консультациялық-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, динамикалық бақылауға жататын 12 созылмалы ауру бойынша жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек қосылады.
2026 жылдан бастап қалған созылмалы және әлеуметтік мәні бар аурулар, сондай-ақ амбулаториялық гемодиализ МӘМС пакетіне енгізіледі.
«Пациенттің МӘМС жүйесіндегі маршруты учаскелік дәрігерден басталады – бұл бастапқы кезең. Әрі қарайғы емдеудің бағыты соған байланысты. Дәрігер пациенттің жағдайын бағалайды, алдын ала диагноз қойып, әрі қарайғы консультациялық-диагностикалық қызметтерге жібереді. Қажет болған жағдайда пациентті стационарға емдеуге жатқызады немесе операция тағайындалады. Кейін амбулаториялық бақылау жүргізіледі. Белгілі бір уақыт өткен соң медициналық оңалту тағайындалуы мүмкін», – дейді Қор өкілі.
Айта кетейік, МӘМС аясында келесі қызметтер көрсетіледі:
1. Амбулаториялық жағдайдағы медициналық көмек (ТМККК аясында көрсетілетіндерден басқа):
- профилактикалық медициналық тексерулер (ТМККК-дегі қызметтерден басқа);
- бейінді мамандардың қабылдауы және кеңестері (ПМСП дәрігерлерінің жолдамасы бойынша);
- созылмалы аурулары бар тұлғаларды бейінді мамандардың динамикалық бақылауы;
- белгілі бір санаттағы азаматтарға шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсету;
- диагностикалық қызметтер, оның ішінде бекітілген тізім бойынша зертханалық диагностика;
- белгілі бір санаттағы азаматтарға стоматологиялық қызметтер;
- тізім бойынша өзге де процедуралар мен манипуляциялар.
2. Мамандандырылған, соның ішінде жоғары технологиялы, медициналық көмек стационарды алмастыратын жағдайларда (ТМККК аясындағы ауруларды емдеуден басқа). Сондай-ақ елдегі эпидемиологиялық жағдайды нашарлататын немесе күдік тудыратын аурулар кезінде үйдегі стационарлық көмек қызметтері.
3. Жоспарлы түрде стационарлық жағдайда көрсетілетін мамандандырылған, соның ішінде жоғары технологиялы, медициналық көмек (ТМККК шеңберіндегі ауруларды емдеуден басқа).
4. Шұғыл түрде стационарлық жағдайдағы мамандандырылған көмек. Оның ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін стационардың қабылдау бөлімінде диагноз қойылғанға дейінгі емдік-диагностикалық іс-шаралар (ТМККК аясындағы ауруларды емдеуден басқа).
5. Медициналық оңалту.
6. Патологоанатомиялық диагностика.
7. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дайындау.
8. Дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету:
- стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда көрсетілетін мамандандырылған, соның ішінде жоғары технологиялы, медициналық көмек кезінде денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес;
- амбулаториялық жағдайда көрсетілетін бастапқы медициналық-санитарлық және мамандандырылған медициналық көмек кезінде өкілетті орган бекітетін тізімге сәйкес белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттары үшін.
Редакциядан:
МӘМС-ке қарапайым халықтың өкпесі қара қазандай. Бізге ол жөнінде, емханаға қабылдау рәсімінің тиімсіздігі жайлы шағымдар көп түседі. Мәселен дәрігердің қабылдауына барғанда МӘМС-ке төлеген жарнаны тексереді. Егер соңғы айда жарна төленбесе, бітті, өліп бара жатсаң да сені дәрігер қабылдамайды. Бұрынғы төлемдер ескерілмейді, бұқара осыған наразы. Шынында бұл дұрыс емес қой, осы аралықта, Құдай бетін әрмен қылсын, науқас бір нәрсеге ұшырап қалса, кім жауап береді, дәрігер ме, МӘМС пе?
Дайындаған – Күміс ҚАЛТЫКЕЙ